• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2009

Білге Қаған да бетқалқа киген

Мамыражай – Ерсайын Жапақтың ең сүйікті сөзі. Өйткені сурет көрмелерінің аты да, кітабының аты да осы атаумен аталған. Өзі де мамыражай азамат қазақтың «жігітке жеті өнер де аз» дейтін қағидасын берік ұстанып, журналист, ақын, сазгерлігімен қоймай, кейінгі жылдары талантты суретші екендігін де дәлелдеп жүр. Тіпті үйінде көне жәдігерлерден тартып, көп адамның назарына іліге бермейтін бүгінгі қолөнер бұйымдары да самсап тұрады. Бар-жоғы бір бөлмелі үйін кішігірім өнер музейіне айналдырып отырған Ерсайын Жапақтың «ерлігіне» таң қаласыз. Есіктен кіргеннен «Ұлы көсем» Лениннің неше түрлі бас мүсінінен тартып, социализмнің сан алуан белгі-белестері суреттелген картиналар қарсы алады. Кеңес одағын бір еске аласыз да, ары қарай үй толы көне заттарға көз тоқтатасыз. Солардың ішінде ең таңғалдыратыны – бет алдыңызда тұрса безірейіп, жоғары тұрса жымиып қарап тұрғандай болатын «бетқалқалар» (маскалар). 1995 жылдан бастап сурет салуға біржола бет бұрған мамандығы журналист ағамыз бетқалқа жинауды да сол кездерден бастапты. Бетқалқа дегенде «Менің де атым Қожадағы» Қожаның достарын қорқытатын бетпердесі деп ойлап қалмаңыз. Мұнда тұрғандар ағаштан, темірден жасалған өнер туындылары. – Көбінде жол-жөнекей кездесіп қалған жерден сатып аламын. Жалпы 30-ға жуық бетқалқа жинадым. Соның 19-ы талантты скульптор Самат Нұрсапанікі. Фархад Камаловтың әл-Фарабиді кескіндеген бір бетқалқасы бар. Ал квабра ағашынан жасалған, африкалық шеберлердің қолынан шыққан екі бетқалқаны өнер бұйымдарын сататын бір салоннан кездейсоқ тауып, 150 доллардан сатып алдым. Ең көп бетқалқаны Қазақстан суретшілер одағының мүшесі болған Серенжап Бальданоның Алматыда көрмесі болғанда көрдім. Көрмені ұйымдастырған Нұрлан Смағұлов («Астана моторс» компаниясының бас директоры) Серенжап жасаған бетқалқалардың альбомын шығарып берумен бірге оларды түгелдей сатып алды. Менде авторы белгісіз бетқалқаларда бар. Сенбі, жексенбі күндері таң атысымен базар аралап кетемін. Адамдар өздері қажетсінбей қалған заттарын жайма базарға әкеліп сатып тұрады. Соларды аралап жүріп, шөп арасынан ине іздегендей ескілік бұйымдарды тауып аламын. Бұл – «антикварщиктердің» (жәдігершілердің) кәсіби ауруы. Ерсайын ағаның бұл сөздерінен асықтың неше түрін жинайтын балалық шақтың риясыз тазалығын, бір нәрсеге кіршіксіз құлай берілетін адалдықты көресіз. Самат Нұрсапа деп отырғаны Шежінде тұратын үлкен шеберханасы бар скульптор. Тапсырыспен балбалтастар, бетқалқалар жасайды. «Онда бетқалқаның неше түрі кездеседі. Темірден жасағаны да бар. Қалай болса солай жасамай, образын береді. Мысалы, өнерден, эстетикадан бейхабар шаруаның қорасында жатқан күрек, қайла, тағалар Саматтың шебер қолынан неше түрлі бетқалқаға айналады. Тағаны пайдаланып жасаған маскалардың ырымдық негізі де бар. Адамдар кездейсоқ тауып алған тағаны байлық келсе тоқтатып қалады деп екі ұшын жоғары қаратып ырымдап іліп жатады. Ал Самат жасаған бетпердедегі екі тағаның біреуі төмен, біреуі жоғары қарап тұр. Төмен қарап тұрғанын мұртқа ұқсатып жіберген. Көрдің бе, қияқ мұрты үстіңгі ернін жапқан, қараторы адамның бейнесі бұл» – дейді Ерсайын Қайырлыұлы. Сол бетқалқаны Ерсайын аға төріне қойыпты. Бірен-саран темірден жасалғаны болмаса, жалпы ағаштан жасалынған «бетқалқалар үйге жылылық пен энергия бөліп тұрғандай әсер етеді». Өйткені ол табиғаттың таза материалы. Мысалы, Самат Нұрсапа қызыл түсті бетқалқаны жасағанда, оны ағаштан ойып, сонан кейін қынаны, шие, бүлдірген шырындарын, сондай-ақ, қойдың құмалағын езіп, сонымен қызартады екен. Шындығында ғажап! Даланың таза өнер туындысы. Ерсайын ағамыз шығармашылық адамдарының, әсіресе, қолөнер шеберлерінң бір қызғылықты құпиясын ашқандай болды: – Самат көбіне бетпердені алма, қайың, емен ағаштарының бұжыр бұтақтарынан жасайды. Тастан, мрамордан, ағаштан нақыштаған скульптуралары да бар. Оның граниттен жасаған балалы ананың бейнесі сомдалған балбалтасын 300 долларға сатып алғанмын. Самат кейде өз туындыларын қимай, менен қайта алғысы келеді. Ондай мінез өзімде де бар. Кезінде ақын Өтежан Нұрғалиевке сыйлаған «Жанның мәңгілігі» деген картинамды қайтадан сатып алдым. «Үйдегілер түсінбейді» дейді Өтежан ағамыз. Бетін матамен жауып қойыпты. Олай тұрғанша, өзімнің көрмелерімде болсын деп қайтадан алдым,– дейді ол. Суретшінің айтуынша бетқалқа жиюға қызыққаны – онда скульптуралық элементтер бар екен. Африкада жасалған бетқалқалар магияға, құпияға толы болса, Саматтың жасаған бетперделері адам мінез-құлқының айнасы секілді. Осыдан алты-жеті жыл бұрын суретші-график Саламат Өтемісов пен Самат Нұрсапаның «Ұлар» галереясында көрмесін өткізіпті. Ағамыздың ендігі арманы – қырық жыл ұстаз болған әкесі Қайырлының атындағы жеке меншік мұражай құру. Бірақ жомарттың қолын жоқ байлаған мына заман оған мүмкіндік бермей тұр. Бұл жөнінде Ерсайын ағамыз: – Музей ашу үшін жер қымбат, қаржы қат. «Іздегенге сұраған» дегендей, жақында елімізге танымал скульпторлардың 56 жұмысын таптым. Олар да музейдің үлкен экспонаттары болуға лайықты. Қазіргі қазақ суретшілері Мәлік Қайдаров, Алпысбай Қазғұлов, Нұрбазар Қожин, Рашид Нұрекеев, Мәжит Бәйтеновтің де картиналарын жинаймын. Біреулер 3000 піл мүсіншесін жинаған екен. Мен 11 пілдің басын құрадым. Өткен ғасырда Тула фабрикасынан шығарылған самаурыннан үшеуін қолға түсірдім. Өнер дегеннің уақыт өткен сайын құны артады. Атақты орыс суретшісі Грачевтың туындысын 2000 долларға сатып алдым. Жиналған 300-ге тарта картинамен бірге өзімнің 80 картинам бар. Осы жылы маусым айында Латвияда өтетін жәрмеңкеге дайындалып жүрмін. Жас ұрпақ өткен өмірді көріп, тарихи таным алуы керек. Бұл жағынан музейдің жас ұрпаққа тәрбесі зор деп білемін, – деп ағынан ақтарылды. Ерсайын Жапақ тарихта түркі халықтарында да бетқалқа болғанын айтады. Тоныкөк, Білге қағандар жаумен айқасқанда қарсы жақ танып қоймауы үшін алтынмен апталған, күміспен күптелген бетқалқа киіп шығады екен. Тіпті мініс аттарының басын да тұмшалайды-мыс. Бірақ мұны дулығамен шатастырмаған жөн сияқты. Өйткені дулыға негізінен басты қорғау үшін киілсе, бетперде адамның жүзін жасыру үшін қолданылған. Сол негізде суретші Досбол Қасымов Күлтегіннің, Білге қағанның бетқалқа киген портреттерін жасаған екен. Орыстар жаңа жылдық мейрамда «маскарад» ұйымдастырады. Үлкен ойын-сауық бал кештерінде бір-бірін танымау үшін сакральды, мистикалық, құпия түрде бетперде киеді. Африкалықтардың да бетқалқа киіп, боянып, жүздерін көрсетпей, өзгеше бір ән-жырға басатыны бар. Ал қазақта бұл салттың ауылы алшақтау. «Әр елдің салты басқа...». Дегенмен, Ерсайын Жапақтың жиған бетқалқаларының сәніне қызығасыз. Ал мәнін соны киіп көргендер түсінер... Біләл ҚУАНЫШ

4704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы