• Руханият
  • 13 Мамыр, 2010

Бердіқұлов бәсекесі немесе Жеңіс күнгі жеңістер

d184d183d182d0b1d0bed0bb-1

Жылына бір рет жылы бөлмені жасыл алаңға, қауырсын-қаламды ала допқа алмастырамыз. Дәстүрлі түрде. Өйткені әр жыл сайын журналистер арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы мини-футболдан жарыс өтеді. Айтары жоқ, Бердіқұлов бәсекесі – қаламгерлердің ең қуанышты, қызықты сәттерінің бірі. Бұл – біз үшін той. Өзара әңгіме-дүкен құруға, бар дүниені ұмытып, тек теңбіл допқа телміруге, іштегі кері эмоциядан арылуға таптырмайтын құрал.

Аруақ алдындағы адалдық

Әңгімеміздің әлқиссасын адал­дықтан бастадық. Неге? Жасыратын түгі жоқ, кейінгі жылдары Бердіқұлов турнирін журналистер бизнеске айналдырып алып еді. Бірінші жүлде үшін министрлік тарапынан қомақты қаржы бөлінетін. Одан бөлек бұл, бүгінгі тілмен айтқанда, тап-таза тегін PR-дың бір түрі. Өйткені жарысқа барлық БАҚ өкілдері қатысады. Әгәрәки, додада топ жарып жатсаңыз, сол ақпарат құралдарының бәрі сізді жамырай жарнамалайды. Заманның өзі «тазы болып шалуға» үйретіп тұрғанда мұндай тегін пайда мен жарнамадан кім бас тартсын? Сондықтан Бердіқұлов бәсекесінде журналистер емес, таза «футболистер» ойнауды шығарды. Шығарды дейміз-ау, теңбіл доптың тарландарын өзіміз қолдарынан сүйреп, мәйкісін кигізіп, арқасынан қағып алаңға жіберіп, мәз-мейрам боламыз. Футболшылар ала-өкпеге түседі, атақ бізге қалады. Шындығы солай. Биыл үшінші рет бұл жарысты Спорт және туризм министрлігі өткізіп келеді. Жарыстың басы-қасында министрліктің өкілі, өзіміздің әріптесіміз Ардақ Тоғымов деген азамат жүреді. Ардақ ә дегеннен-ақ жарысты таза өткізуге ниет білдірді. Бірақ адам бір нәрсеге үйреніп қалса, одан айықтыру оңай шаруа емес қой. Сондықтан мойнымызды бұлғақтатып, біраз қиқар мінез таныттық. Тізеге салып еді, футболшыларға жалған құжат дайындай бастадық. Тіпті зейнетақы қорынан құжат әкелетіндер пайда болды. Енді не істемек керек? Мәңгілік сұрақ біздің де алдымыздан шықты. Турнирдің туы көтерілмес бұрын жеребе тарту рәсімі өтеді. Жарысқа қатысатын командалардың өкілдері осы рәсімге толықтай қатысады. «Хабардағы» Жандос Айтбайұлы, «СТВ» телеарнасындағы Ақын Ордабайұлы және пақырларыңыз ақылдаса отырып, жеребе тарту рәсімінде «жалған журналистерді» жарысқа қатыс­тыратын командаларды Бердіқұлов бәсе­кесіне жібермеуге уағда байладық. Оған не түрткі? Айтайық. Алдымен аруақ – алдындағы адалдық. Тірі күнінде әділетке ғана арқа сүйеген Сейдағаң тіріліп келсе, бізге не дер еді?! Осы ойдың өзі санаға үлкен салмақ салды. Мұнан кейін аға ұрпақ журналистердің турнир туралы жылы естеліктерден тұ­ратын тәтті сөздері де түрткі болды. «Ой, кілең шалды алаңға шығарып, ана команданы ойсырата жеңіп кеткенімізді айтсайшы?!». «Министр болса да, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың өзі келіп доп тебетін еді ғой». «Нұртөре қолын сындырып еді, Шәмші шыбығын тайдырып алған-тын» деген әдемі әңгімелер бізді де елітіп әкететін. Байқап қарасақ, арада аз уақыт өткеннен кейін біз ағаларымыз сияқты естелік те айта алмайтын сияқтымыз. Өйткені өзіміз ойнамаймыз, өзгенің ойынын қызықтаймыз. Сонымен таза ойнауға бел будық. Ойынға дейінгі ой Біз ҚазМҰУ-дың қабырғасында жүргенде осы турнирді сабақтан қашып келіп тамашалайтын едік. Сол кезде атағы дардай жазушылар мен бас редакторлардың, өзіміз мақалаларын жата-жастанып оқитын журналистердің, өлеңдері күн аралатып әр газетте жарық көріп жататын ақындардың доп теуіп, алаңсыз асыр салып жүргенін көретінбіз. Алаңдағы айқас, алаң сыртындағы айқай – бәрі-бәрі көз алдымызда. Жанарынан от шашып, сұлу мұрты сыланып, бойынан сал-серіліктің нышаны байқалып тұратын Несіп аға Жүнісбаев зыр жүгіріп жүретін. Ұстазы Сейдағаңның аруағы үшін табанынан тозатын. Бірнеше жылдың жүзі болды, Несағаң жарыстың айналасында көрінбейді. Ұйымдастырушылар тарапынан шақырылмай ма, әлде өзі сырт қалғанды қалай ма, белгісіз. Дегенмен біз бала кезде көңілде қалған көріністің қайталанғанын, жарыстың ұйымдастыру жұмыстарында Несіп Жүнісбаевтың жүргенін қалаған болар едік. Кейінгі кездері бұл жарысқа бас редакторлардың өзі аракідік қатысатын болып жүр. Журналистердің мейрамы болғаннан кейін бас редакторлар да осы жарыста жүрсе деген ой бар. Әрине, барлық бас редакторлар тас бүркеніп жатыр дей алмаймыз. Кешегі жарысқа «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, «Каламгер медиа» орталығының директоры Жанарбек Әшімжан, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, «Ақиқат» журналының бас редакторы Мұхитдин Салқынбаев, «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы Юлдаш Азаматов мырзалар қатысты. Бірақ төрт көзі түгел емес. Төр­теу түгел болса деген ой көңіл түкпірін­де жатқанын жасыра алмаймыз. Бұл жарысқа министрлер қатысатын деп айттық. Қазір министрлер де келмейді. Қайбір жылы Ермұхамед Ертісбаев алаңға шыққан. Сонан кейін жарыстан министр көрмейтін болдық. Биылғы жарысқа Спорт және туризм министрлігі Штаттық-ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының басшысы Қайыргелді Жанпейісов қатысты. Министрліктен келген ақ жағалы адам осы кісі ғана. Мұның өзі жарыс деңгейінің жылдан-жылға жо­ғарылағанын көрсетпесе керек. Кезінде Қалтай Мұхамеджанов, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза секілді қазақтың марқасқа азаматтары осы жарысты арнайы келіп тамашалап, талай сырлы сөздің тиегін ағытып, ағалық ақылдарын айтып отыратын. Қазір Бердіқұлов бәсекесінен ақсақалдар да көрінбейді. Тек екі күн бойына Ғазизбек Тәшімбай мен Рабат Жәнібеков секілді ардагер қаламгерлерді ғана көрдік. Қысқасы, Сейдахмет Бердіқұлов атын­дағы журналистер арасындағы мини-футбол жарысы кейінгі жылдары қаламгерлердің көз қуанышына ай­на­лудан қалып бара жатқандай. Өзі жур­налистердің басын бейресми бір рет қана қосатын, бүкіл жұмысты ұмытып, жеке бас­тың реніштерін әдірем қалдырып, тек тең­біл допқа телміртіп қоятын шара еді. Оның өзі мән-мағынасын жойып бара жатыр... Жарыстың алғашқы күні Ала доптың оқуын тауысқандар алаң сыртында қалып, таза журналистер доп қуатын болғаннан кейін көптеген командаларға бірігуге тура келді. Себебі әр ұжымда доп тебетін санаулы ғана адам бар. Соның салдарынан «Хабар» агенттігі мен «Жас қазақ» газеті, «Егемен Қазақстан» мен «Қазығұрт» бас­пасы, «КТК» телеарнасы мен «Караван» газеттері бірігіп бір команда құрды. Ал біз «Қаламгер медиа» орталығымен одақтасып, бір команда жасақтадық. Солайша алаңда «Қазақ газеттері – Қаламгер» командасы болып ойнадық. Біздің команда «В» тобына түсті. «Қазақ газеттері – Қаламгермен» бірге бұл топта «Алаш айнасы», «Алматы», «СТВ», «Таң» секілді командалар бәйге бәсекесін қыздырды. Біздің алғашқы ойын «Алаш айнасы» газетімен өтті. Жыл бойына кабинетте қамалып, калам мен қағаздан бас­қа дүниенің барлығы ұмыт бола бастаған біздер допты кәдімгідей жатырқап қалыппыз. Төреші ысқырығы естілісімен-ақ қарсыластар шабуылға иек артты. Оның үстіне «Алаш айнасы» аптадағы бір күнді ала допқа арнап, жаттығу өткізетін еді. Әзиз Жұмаділ, Жарқын Түсіпбекұлы секілді шабуылшылар пақырыңыз қорғаған қақпаға әлсін-әлсін екі өкпесін қолына алып жетіп келеді. Абырой болғанда, біздің тас қамал қорғаушы Жанарбек Әшімжан төнген қауіптің бетін алдын ала қайтара білді. Осыдан бірнеше жыл бұрын допқа «біртүрлі» қарайтын Айдын Қаба футбол снарядын асықша үйіріп жүр. Біздің жігіттер алаңға біршама денелерін үйреткеннен кейін шабуылды да қолға алды. Қос команда бір-біріне тәп-тәуір қарсылық көрсетті. Қауіпті сәттер де аз болмады. Дегенмен ойын тең аяқталды. Қарсыластар қақпадан саңылау таба алмаған күйінде тарқасты. Келесі қарсылас – «Таң» телеарнасы. Шыны керек, сирақтары сидиған, бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен, өзімізге бейта­ныс адамдардан құралған командаға үлкен күмәнмен қарадық. Айналамыздағы адам­дар бұлардың барлығы «Таң» телеарнасында жұмыс істейтінін айтқаннан кейін лажсыз иланып, алаңға шықтық. Күнара доп теуіп жүргендері бірден көзге ұрады. Бірін-бірі түсінісіп, алаңда еркін жүр. Дегенмен алғашқы допты біздің жігіттер соқты. Ойда-жоқта есепті еселеп алғанымызға іштей ризашылық ниетте болсақ та, босаңсуға болмайтынын әлдебір түйсікпен сезінеміз. Бірінші тайм аяқталар тұста «Қазақ газеттері – Қаламгер» командасы тағы бір допты қақпаға сүңгітіп жіберді. Екінші тайм қарсыластардың басымдығымен басталды. Алдында бізді қалпақпен соғып алатындай болып жүрген қарсыластар енді шын жанталаса бастады. Жанталастары жеміссіз болмай қалмады. Есепті бір допқа қысқарта алды. Ал біз осы есепті ұстап тұруға тырыстық. Дегенмен «құрқылдаған тауық тумай қоймайды» демекші, олар екінші таймның соңғы секундтарында есепті теңестіріп кетті. Сонымен ойын 2:2 есебімен аяқталды. 3 ұпайды уыста ұстап тұрып, айырылып қалдық. Өзімізге де обал жоқ, енді біздің топтың фавориті «Алматы» арнасы мен осы турнирдің алдыңғы жылғы жеңімпазы «СТВ» телеарнасы бізді шайнамай жұтатын шығар-ау... «СТВ» телеарнасын өзіміздің Ақын Ордабайұлы бастап шықты. Алаң сыртында дос-жаран, бауыр болғанмен, ойын барысында сен қарсылассың. Олар да оңайлықпен үш ұпайды бере салмайды. Қайта біздің есебімізден ұпайларын түгендеп кетуді қалап тұр. Ойын басталды. Біздің жігіттердің қайдан қуат алғанын білмеймін, үздіксіз шабуылға иек артты. Соның арқасында алғашқы болып есепті де біз аштық. Қызық болғанда, экс-чемпиондар бізге қарсы амал-айла, тәсіл таппады. Қайта біз олардың осал тұстарын дөп тауып, есепті еселей бердік. Төрешінің ойынды аяқтаған ысқырығы естілгенде біз 5:0 есебімен жеңіске жеттік. Қоржында 5 ұпай бар. Енді «Алматы» арнасының ебін тапсақ, 8 ұпайға қол жеткіземіз. Бұл – турнирдің екінші күніне алып шығатын жолдама. Не бел кететін, белдік кететін тұсқа келгендейміз. «Алматы» арнасы қарсыластарының барлығын қақырата жеңіп, жеңілістің не екенін білмей келе жатқан. Бізді қою шаңның арасында қалдырып кетуге қауқарлары толық жететіндей. Жанарбек Әшімжан тактикалық тұрғыдан сауатты ойнасақ, жеңетінімізді айтты. Бәріміз сол сөзге иланып, додаға жұмыла кірістік. Алғашқы күнгі ең соңғы ойын бол­ғаннан соң барлық командалар біздің ойынды тік тұрып тамашалады. Обалы қане, жігіттер барын салды. Кездесу өте жоғары деңгейде өтті. Алма-кезек шабуыл да болды, тас-түйін қорғанысты да көрдік. Нәтижесінде жеңіс туы біздің ығымызға жығылды. Осыған дейін ешкімді бетіне келтірмеген «Алматы» арнасын біздің команда 4:2 есебімен ұтып кетті. Сын сағаты Әдетте Бердіқұлов бәсекесінің екінші күні олимпиадалық жүйе бойынша өтетін. Жеңілген команда ойыннан шығады, жеңгендер – турнирді әрі қарай жалғастыра береді. Бұл жолы олай болмады. Жарыстың екінші күнінде өткен алты команда өзара тағы доп тебетін болды да, ұпай бойынша жеңімпаздар анықталады деп шешілді. Біз бірінші күні «Алматы» арнасымен ойнап, жеңіске жеттік. Сол бойынша екінші күні олармен кездеспейміз. Есесіне, кешегі жеңістің арқасында біздің қоржында үш ұпай бар. Ақтық сынның алғашқы ойынын «Егемен Қазақстан» командасымен өткіздік. «Егеменнің» екінші күнге шығуы да қызық болды. Ол топтан негізі «КТК – Караван» мен «Шаһар» командалары ақтық сынға жолдама алған. Дегенмен «шаһарлықтардың» құжаттары толық болмай, ойыннан шығып қалды. Топтық кезеңде үшінші сатыдан көрінген «Егемен» солайша «Шаһардың» орнын басты. Бұл кездесу «Қазақ газеттері – Қаламгер» командасының басымдығымен өтті. Ә дегеннен-ақ қарсыластар қақпасын дәлдеп көздеп, есепті ашып алдық. Сонан соң үстін-үсті гол соғыла берді. Нәтижесінде біз 7:2 есебімен алға оздық. Келесі қарсылас – «Хабар – Жас қазақ» командасы. Срайыл Смайыл мен Аман­гелді Сейітхан тандемі жарыс көшбас­шыларының бірі екені айдан анық еді. «Үмітсіз – шайтан». Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Оған да шүкіршілік еттік. Дегенмен екінші таймда қарсыластар екі доп соғып кетті. Сөйтіп, біз бұл жарыста алғашқы жеңілістің кермек дәмін таттық. Ойын барған сайын қиындап, азулы қарсыластарға жолыға бердік. Оның үстіне өзіміз де әбден шаршадық. «Қазақстан» телеарнасы – кезекті қарсылас. Оларға қарсы қояр да амал болмады. «Қазақстан» арнасы бізді айқын басымдықпен ұтты. Есеп – 3:0. Екінші күні қатарынан екі жеңіліске ұшырасақ та, үшінші жүлделі орыннан үмітіміз бар. Қанжығада 6 ұпай байлаулы тұр. «КТК – Караван» командасымен тең ойнасақ та, 7 ұпаймен үшінші сатыға көтеріліп кетуге болады. Тек жеңілмеу керек. Алғашқы голды қарсыластар соқты. Бірнеше қауіпті сәттің бетін қайтарға­ны­мызбен, қорғаныс сәл босаңсыған тұста «КТК – Караванның» ойыншылары допты қақпада ала тайдай тулатып кете барды. Екінші тайм басталысымен біз есепті теңестіріп үлгердік. Енді уақыт ұту керек. Мұндайда айналдырған он минут сағызша созылып кетеді. Секундтар сіресіп, минуттар мысықтабандап қалған тәрізді. Ал қарсыластардың жеңіске деген жігері сұмдық. Қақпаға қарай доп­ты қайқайта тебеді. Ол жарықтық асау тайдай жетіп келеді. Әйтеуір, саңылау табар емес. Шабуылға әбден иек артып алған қарсыластар қорғанысты мүлдем ұмыт қалдырды. Сондай оңтайлы сәтте біздің жігіттер есепті 2:1-ге жеткізді. Екінші голды абайсызда жіберіп алып, әбден есі кеткен «КТК – Караван» командасы 5 ұпаймен соңымызда қалды. Біз Бердіқұлов бәсекесінің 3-жүлделі орнына табан тіредік. Ал бұл жолғы чемпиондық атақты 11 ұпаймен «Қазақстан» арнасы жеңіп алды. 10 ұпайды еншілеген «Хабар – Жас қазақ» командасы екінші орынға тұрақтады. Сонымен Сейдағаң атындағы биылғы турнир өз мәресіне жетті. Жарыс болғаннан кейін жеке-дара көзге түскен үздіктердің болатыны да заңды. Биылғы жылдың «үздік қақ­па­шысы» атағын арнайы Астанадан ат тер­летіп келген «Егемен Қазақстан» ко­мандасының мүшесі Асқар Тұрапбайұлы еншіледі. «Үздік шабуылшы» «Хабардың» аймаңдай азаматы Жандос Айтбайұлына бұйырды. Ал турнирдің «ең үздік ойыншысы» атағын «Қазақстан» телеарнасының команда капитаны Шоқан Маханов иеленді.

Жарысты ұйымдастырушы Спорт және туризм министрлігі дедік. Министрлік осы жарысқа байланысты үлкен жоспар жасап отырған көрінеді. Алдағы уақытта Бердіқұлов бәсекесі журналистер арасындағы спартакиадаға айналуы бек мүмкін. Спартакиаданың барысында спорттың бірнеше түрінен сайыс болатыны белгілі. Ендеше, бұл – барлық журналист жарысқа түседі деген сөз. Әңгімемізді адалдық туралы бастадық. Енді сонымен аяқтайық. Биылғы турнир қанша күш салғанымызбен, 100 пайыз таза өтті деуге келмейді. Арасында бірді-екілі «жалған журналистер» де алаңға шықты. Дегенмен алға жылжу бар. Келер жылғы Бердіқұлов бәсекесінде тек қаламгерлер ғана доп тепсін. Бүгінгі байлам – осы...

Ержан БАЙТІЛЕС

3440 рет

көрсетілді

77

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы