• Әдебиет
  • 24 Қараша, 2016

Ұстаз ұлағаты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен 2016 жылғы 18 қараша күні әл-Фараби кітапханасында қоғам қайраткері, республика жоғары мектебінің көрнекті өкілі, ғалым-педагог Қабижан Пангерейұлы Құсайыновтың туғанына 90 жыл толуы­на арналған «Жомарт жүрек» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға Хабижан Құсайыновпен бірге қызмет атқарған әріптестері, шәкірттері мен туыстары қатысты. ­Хабижан Пангерейұлы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жыл оқытушылық қызмет атқарған, саналы ғұмырын журналист кадрларын даярлауға арнаған ұлағатты ұстаз болды.

Ол кісінің тәрбиелеген шәкірттері елі­міздің баспасөз саласында жемісті еңбек етіп келеді. Жайдары мі­не­зімен, жанашыр қамқорлығымен есте қал­ған аяулы ұстаздарын қазақ журна­листикасының бірнеше буын өкілдері құрметпен еске алады. Осындай қазақ журналистикасындағы белгілі тұлға, білім-қабілеті мен саналы ғұмырын журналистика кадрларын даярлауға арнаған Хабижан Құсайыновты еске алуға арнаған дөңгелек үстелді ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлы жүргізді. Хабижан Құсайыновтың өмірі мен қызметі туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор Гүлжиһан Нұрышева мазмұнды баяндама жасады. Университет басшылығы атынан философия ғылымының докторы, профессор Ақмарал Сырғақбаева сөйлеп, ұстаз ту­ралы ойын ортаға салды. Хабижан Құсайыновтың туған інісі, еңбек ар­дагері Олжабай Нұрышев та ағасы туралы естеліктерімен бөлісті. Ұлағатты ұстазбен кезінде университетте бірге қызмет атқарған осы оқу орны филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы, қаламгер-ұстаздар Мамытбек Қалдыбай, Қожаберген Ахметов, Клара Қабылғазина, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, бұл күнде баспасөз саласында жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттері Аршакүл Тойбаева, Балжан Хабдина, Жетпісбай Бекболатұлы ұстаз жөнінде естелік айтты, ал Хабижан Құсайыновтың қыз­дары, әке жолымен ғылым саласында еңбек етіп жүрген Майра, Альнара, Ғалия, күйеу баласы Абдол Боранбаев­тар әкелері туралы ойларын ортаға салды. Kyzdary Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Ха­бижан Пангерейұлы Құсайыновты еске алуға арналған дөңгелек үстелден ке­йін танымал тұлғаның соңында қал­ған ұрпақтары әкелерінің рухына арнап ас беріп, құран оқытты. «Орнын­да бар оңалар» дегендей, жиында бас қос­қан жұртшылық қарындасы Гүл­жиһан Нұрышева бастаған Хабижан Панге­рей­ұлының бауырлары мен ұрпақтарына ризашылық сезімдерін білдірді. Хабижан Құсайынов 1926 жылы 7 наурызда Атырау облы­сының ­Исатай ауданындағы Кетешағыл ­ауы­лында (­Нарын құмы) дүниеге келді. Орта мектептен соң 1950 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітіріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебіне оқытушы болып еңбек жолын бастайды әрі аспирантурада сырттай оқиды. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы — «Социалистік Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойын­ша меншікті тілшісі болып істеп, журналистік қызмет сатысынан өтеді. 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін 30 жылдан астам өзі бітірген Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметті абыроймен атқарды. Ұзақ жылдық жемісті еңбегі орынды бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» меда­лімен марапатталды.

Өтеш ӨТЕУІЛҰЛЫ

17063 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы