• Тарих
  • 13 Мамыр, 2010

Биоаллергендер ғылымының білгірі

Қай жылдары осы қаршадай қыздың кейін қазақ ғылымының жүгін қара нардай сүйрейтін ғалым боларына ешкімнің сенгісі жоқ-ты. Тек бұл жас­тан үміт күтіп, болашағын бағдарлаған Хамза Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор ұстазы М.Нұрғалиқызы мен жетекшісі, профессор Р.Ермекова алғаш рет зертханаға келген жас қыздың алғырлығына сүйсініп, елгезектігінен елдің ертеңін көргендей еді. Үміт алдамапты. Сол балауса бойжеткен – кейіннен медицина ғылымдарының докторы, профессор атанған Гүләйім Сейдахметқызы Әбдірәсілова еді.

Адамзаттың өміріне арашашы болып, қарлығаш-қанатымен су сепкен сол қаршадай қыздың да өмірден өткеніне биыл 5 жыл толады екен. Елдің емдеу ісіне ерен еңбек сіңірген сол бір елгезек жастың кезінде Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылы­ми-зерттеу орталығынан зертхана көлемінде кішігірім өндіріс ашып, аллергендік препараттың отыз төрт түрін шығарғанын Сіз білесіз бе? Олардың барлығы да жеке патенттерге ие болып, Қазақстан Республикасының емдеу орындарына толық енгізілген-ді. Медицина ғылымдарының док­торы Гүләйім Сейдахметқызы – республикамыздағы аллергендерге қарсы осынша препарат шығарған бірден-бір ғалым. Ол жетекшілік еткен зертхананы алғаш аллергиялық аурулардың негізін қалаған академик Н.Беклемишев ұйымдастырып кеткен болатын. Бұл Орта Азия мем­лекеттері арасында аллергендерге қарсы препараттар шығаратын бірден-бір мекеме де болды. Зертхана ұжымы адам денсаулығын нығайтуға бағытталған көптеген жұ­мыстар атқарды. Осындай елеулі табыстары үшін 1980 жылы академик Н.Беклемишев бастаған про­фессорлар: В.Машкевич, Р.Ермакова, Г.Суходаева, В.Ле­бедевалар Қазақ КСР-ның Мем­лекеттік сыйлығына ие болған еді. Профессор Г.Әбдірәсілова осы зертхана жұмысын одан әрі жалғастырды һәм жандандырды. Одан әрі жетілдіріп, аллергендерге қарсы дәрі-дәрмектер шығаратын іргелі өндіріс орнына айналдыр­ды. Осы зертханада ұйымдастырыл­ған өндіріс орнында шығар­ған препараттар өз елімізде ғана емес, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбек­стан мемлекеттерінде де үлкен сұранысқа ие болған-ды. Профессор Г.Әбдірәсілованың басқа әріптестерінен бір артық­шылығы – ол қыс, көктем, жаз, күз айларында аллергендер қоз­дыр­ғыштарының қайдан шыға­ты­нын, қалай пайда болатынын және оларға қарсы тұрудың жолдарын кешенді зерттеп, жоғарыда ай­тылғандай, оларды жоюға қарсы препараттардың отыздан аса түрін шығарды. Бұдан бөлек Алматы қаласы мен Алматы облысы табиғатының болмысы негізінде ауа қабатындағы биоаллергендер мониторингінің ғылыми негіздерін қалады. Өсімдік тозаңдары мен саңырауқұлақ спорларының ауада, тұрғын үйлерде, қар жабындысында сақталатынын, олардың адамдарға әсерін ғылыми дәлелдеді. Алғаш рет елімізде ауа қабатында кездесетін биоаллергендердің жылына үш рет көтерілетінін анықтады: көктемде ағаш тұқымдас өсімдіктердің гүл­деуіне, жазда астық тұқымдастары мен жусан тозаңдарының, ал күзде арам шөп тозаңдарының көбеюіне байланысты болатынын дәлелдеп, аоллинез ауруының этимологиясын жасаған да Гүләйім болатын. Сөйтіп, ғалым адам бойында болатын аллерген ауруларының алдын алуға, оларға қарсы күресуге кең жол ашты. Өкініштісі сол, Гүләйім Сей­дахметқызы аз уақыт қана ауырып, өмірден озды. Ғылымға деген жанкешті махаббатымен жұ­мыстарын аяқтауға көп уақытын бөліп, сырқатын асқындырып алса керек. Оның ауыр науқас екенін етжақын бауырлары ғана емес, сырлас дос-құрбылары да білмеген көрінеді. Адам өмірін ұзартам деп жүрген ғалымды ажал аяқастынан алып тынды. Ол осынау саналы ғұмырында сексеннен аса ғылыми мақаланың, үш патент, үш әдістемелік құрал мен үш нормативтік-техникалық құжаттардың авторы атанды. Оның ашқан ғылыми жаңалықтары бүгінде тек әріптестері арасында ғана емес, алыс, жақын шет мемлекеттер­дің ғалымдары арасында да кең қол­дау тапса, қазір елімізде бірнеше жас ғалымдар профессор Гүләйім Сейдахметқызының нақты­лап, тұжырым жасап кеткен ғылыми еңбегін одан әрі дамытуға бар біліктіліктері мен тәжірибелерін жұмсап, күш жұмылдырып, ізденіп жүр. Біз осындай артында өшпес із – құнды ғылыми еңбек қал­дыр­ған Гүләйім Сейдахметқызы Әбді­рәсілованың есімін ел есінде қалдыру үшін аудандағы жиырма мектептің біріне Гүләйім Сейдах­мет­қызы Әбдірәсілованың есімі берілсе, оның ел ғылымына сіңірген еңбегінің еленгені болар еді деген ойымызды жеткізгіміз келеді. Марат ҚАШҚЫНБАЕВ Алматы облысы, Бақанас ауылы

2758 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы