• Тұлға
  • 13 Мамыр, 2010

Реформамен жұмыс істеп, машықтанып та қалдық...

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Мұның бәрі – еліміздегі салауаттылықты түбегейлі қалыптастыруға жасалып жатқан талпыныс. Десе де, бұл реформалар орталықтардан бөлек, алыс облыстар мен ауылдарға қалай жетуде? Мәселенің бұл жағы ойландырмай қоймайды. Осы орайда біз Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар аудандық орталық емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сәлима Оразбай ханыммен жүздескен едік.– Әуелі, өзіңіз туралы біле кетсек. Дәрігерлік еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз? – 1989 жылы Алматы медици­налық институтын бітіріп, осы Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының емханасына жолдамамен келіп, қызметке тұрдым. Отырар аудандық орталық емханада жұмыс жасап жатқаныма биыл жиырма бір жыл. Ширек уақыт бір орында учаскелік терапевт болып жұмыс істедім. Биыл бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Осы емханада абыроймен жұмыс жасап келе жатырмыз. – Қазіргі кезде қолданысқа енген «қалаған дәрігерге емделу» бастамасы туралы не айта аласыз? – Бірыңғай жүйеге көшіп жа­тырмыз. Мұнда үлкен өзгерістер­мен қатар қиыншылықтар туындап жатыр. Себебі қалаларға, басқа елді мекендерге көрінем деген науқастар «код» алуы керек. «Код» дегеніміз – емделушіге берілген жолдамамен (выписка) ауру тарихының көшірмесі туралы мәліметтер сақталған ны­сан. Соған орай науқастың өзінің қалаған ауруханасына, қалаған бө­лі­мінен орын алып береміз. Ол облыс орталығында бір-ақ жерде болады (бюрогоспитализация). Ал дәрігерлерді таңдау дейтін болсақ, ол – әркімнің өз құқығы. Әрине, әркім-ақ тәжірибелі дәрігерге, өзінің қаралып жүрген дәрігеріне көрінгісі келеді. Бұл түсінікті болса керек. Аздап болса да реформамен жұмыс істеп, машықтанып та қалдық. – Осы Отырар ауданындағы емде­лушілердің дәрі-дәрмекпен тегін қам­тамасыз етілуі қалай? – Бұл туралы айтар болсақ, осы­ған байланысты арнайы шығарылған бұйрықтар бар. Аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсету кезінде қолданылатын дәрі-дәрмектер негізгі және тиімді пайдалануды қадағалау үшін 673-ші және 762-ші бұйрықтары күшінде. Біз көптеген бұйрықтарға сүйене жұмыс жасаймыз. Емханада емделетін науқастарға берілетін тегін дәрі-дәрмектер тізімі де жасалған. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 376-шы бұй­рығы бойынша 2007 жылдың 21 маусымында шыққан осы бұйрыққа сүйене отырып, бізде тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Өзінің жекелеген ауруларына байланысты тегін дәрі­лер қарастырылады. Олар, әсіресе, жүкті әйелдер, темір жетіспеушілік науқастарға темір жетіспеушілікті жою үшін берілетін дәрілер, одан қалса, көбінесе тегін берілетін дәрілер: демікпе, «бронхтық астма» және бізде 50 пайыздық жеңілдікпен берілетін дәрілердің де тізімі бар. Оларға қан қысымы аурулары жатады. Жүрек аурулары (стенокардия дейміз), асқынған обструктивті бронхит (бұл да демікпенің бір түрі), қарын мен асқазан жарасы және т.б. аурулармен ауыратын науқастарға беріледі. – Жалпы, ауданда аурулардың алдын алу туралы қандай шаралар қолданылып жатыр? – Былтырғы 607-ші бұйрық бо­йынша «профилактикалық байқау» деген жұмыс жүргізіліп тұрады. Аудан тұрғындарын былтырғы 2009 жылдың 10 қарашасында шыққан 607-ші және биылғы 685-ші бұйрықтар бойынша мақсатты топтардың медициналық профилактикалық байқаудан өткізу тәртібін бекіттіру туралы бұйрығын орындау мақсатында қазір жұмыс істеп жатырмыз. Осы профилактикалық байқауда біз барлық науқастарды тауып, емдеп жазуға тырысамыз. Бұнда ең бірінші назарымызды аударатын дерттер – жүрек-қантамыр аурулары, әйелдерде болатын көптеген аурулар, одан кейін жатыр мойны жарасы, сүт безі ісігі және де тағы басқа аурулар. Міне, осы жолда аянбай жұмыс жасап жатырмыз. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Ерболат МАМЫРАЙХАН

1866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы