• Мәдениет
  • 08 Қаңтар, 2009

11-ші ҚАЛАМҰШ

Дарынсыз электрик Қазақ университетінің журналистика факультетіне өндірісте бірнеше жыл жұмыс істеп келмесең түсе алмайтын кездер болды. Болашақ журналистердің сол екі ортада айналыспайтын кәсібі жоқ. Біреуі — шопыр, екіншісі — токарь, үшіншісі — күзетші, төртіншісі құрылысшы... Оқуға түскенше кімнің қандай жұмыс істегені еңбек кітапшасында жазулы тұрады. Ал мектептен кейін бірден оқуға ілінген сары ауыз балапандардың бар уақыты әскерден келгендердің «майдан хикаялары» мен өндірістен келгендердің «еңбектегі ерліктерінің» жай-жапсарын тыңдаумен кетеді. Олардың арасында қайда істегенін тәптіштеп, көрінген жерде әңгімелеуге құмартпайтын да топ бар. Қарапайымдылығынан шығар дейміз де қоямыз. Дайындық курсы арқылы түсіп қойған, ала жаздай емтихан тапсырып, арамтер болып жүрген бізге шекесінен қараған жеті-сегіз ноянның бірі Талғат Батырхан да солардың қатарынан еді. Жақынырақ таныстық. Оқуға түскенге дейін екі жыл электрик болып жұмыс істепті. «О-о-о!», — дедік біз. Керемет мамандықтың иесі қасымызда жүр. Тіпті разряды да бар екен. Электр шамын ажыратып-қосуды ғана білетін біз Талғатқа қатты қызығамыз. Бір ғажабы, білікті маман электр тақырыбына баспайды. Жігерлендіреміз, электр туралы әңгіме айтып, жүрегін жібіткіміз келеді. Қабағын қақпайды. Көпен Әмірбектің «... Деп май шамды біреулер жебеп бірде, Бастық етіп жіберді электрге!», — деген өлең жолдарын оқимыз. Бала селт етпейді. «Лениннің өзі «Коммунизм дегеніміз — бүкіл елді электрлендіру!» деген» деп, саяси сезімін оятуға тырысамыз. Ленинді айтқанда маңдайы сәл жіпсігендей болады, бірақ мәселенің электрмен байланысты екені есіне түсіп, қайтадан қасарысып қалады. Бірде жатақханада электр шамы аяқ астынан сөніп қалды. Сол кезде біздің электриктің кәсіби белсенділігі онша байқала қоймады. Қыздар байғұс «бірдеңе қылсаңшы» дегендей, ортамыздағы жалғыз маманға жаутаң-жаутаң қарайды. Маман болса, түнеріп үндемейді. Содан бері электр тақырыбын қозғағанымыз жоқ. Міне, ширек ғасырдан асты, бұл мәселені әлі де жабық тақырып етіп ұстап келеміз. Бәрібір ол электрик кәсібін босқа таңдамапты. Жанындағыларға жағымды энергия тарататын қасиеті бар сияқты. Талғаттың төңірегіне жолап кеткен адам шырқ үйіріліп шықпай қояды. Электрден басқа тақырып қозғалса болды, жорғадай жосылады. Сөйлегенде ауыздыға дес бермейді. Бір бастаса біразға дейін көсіледі. Түн ортасы ауғанша жатақхананың дәлізінде сайрап отырады. Курсымыздың ақындары: Әңгіме айтса, екі қолын сермеген, Ұшып-қонған мұндай адам көрмеп ем. Керек болса, залдан ізде, сен оны, Талдыбайды таба алмайсың бөлмеден, — деп, Сәбит Дөнентаевша сілтеп, оған өлең арнайтын. «Черенков түгілі Черненко шықса да...» Айран ұрттап, қой құрттаған ауылдың баласы еді. Ауқатты отбасында өсті. Шешесі — Жетісу өңіріне белгілі атақты шопан Нұрлыхан Ысқақова. Жоғарғы Кеңестің депутаты болған, Ленин орденін иеленген кісі. Сол кісі бағып-қаққан баланың сөз өнеріне бейімі бар екені кішкене күнінен байқалды. Бірде тракторға мінем деп, терезесінен құлап, бетін әйнек жырып кетіпті. Сонда «Неге мінесің, өлейін деп жүрсің бе?!» деген үлкендерге қаршадай ғана үрпекбас бала: «Өлейін деп емес, көрейін деп жүрмін ғой!», — депті. Иегінде содан қалған тыртық әлі бар. Жетпіс екінші жылы алыстағы ауылға келген алғашқы телевизорлардың бірі осы үйге бұйырады. Арманшыл бала кітаптан қолы сәл босаса болды, сол жиырма қойдың жүнін өткізіп алған «Изумрудтың» маңынан табылады. Көшеге көп шықпайды. Таза үйкүшік. Алысып-жұлыспайды. Бала болып төбелесіп те қарқ қылмайды. Оған ықыласы да, бейімі де жоқ. Сол телевизор үйге келгеннен кейін Мюнхен олимпиадасы басталды. Оның алдында «Қайраттың» ойындарын көріп жүретін. Ордабаев пен Байшақовтардың ел аузындағы аңызға айналып тұрған кезі. Бірақ олимпиаданың жөні бөлек екен. Баскетболдан одақ құрама командасының мүшесі Әлжан Жармұхамедовтың ойынын тамашалады. Қасындағылардың татар ма, әлде қазақ па деп таңданысқаны есінде. Бойы — екі метр жеті сантиметр. Содан бастап спортқа деген құмарлығы оянды. «Қызылтаң» ауылы спортшы ауыл еді. Үйінің тура жанындағы балабақшаның спорт алаңы бар. Сонда ертеден кешке дейін ақ тер, көк тер болып доп қуалап та көрді. Футболшы болуға аңсары ауды. Сегізінші-тоғызыншы класқа барғанда тәуір спортшы болмайтынын ұқты. Себебі футболды әлдеқайда кейін бастаған балалар көп ұзамай мектеп құрамасында ойнай бастады. Содан соң алаөкпе болып жүгіруді қойды. Ауылда екі-үш адам ғана «Советский спорт» газетін, «Физкультура и спорт» «Спортивные игры» журналдарын жаздырып алатын. Бұл соның біреуі еді. Енді спорт журналисі болуға бел буды. Әйтеуір спорттың маңайында жүргісі келді. Николай Озеров, Котэ Махарадзе, Владимир Маслаченколардың репортаждарын үзбей көріп отырды. Кез-келген футбол командасының ойыншыларының аты-жөнін жатқа соғатын. Футболшының немесе баскетболшының бойының өлшемі қанша, кім қанша доп соқты, соның бәрінің деректері миында сапырылысып жүретін. Осыған таңқалатынымыз соншалық, оқуға түскен жылы оның спорт журналисі болатынына ешкімнің де күмәні жоқ еді. Оқыған-тоқығаны көп. Әдемі сөйлейді, сөздің мәйегін біледі. Журфактағы жазуға арналған тапсырмаларды шеберлікпен орындайды. «Общым, оқуға бала емес, спорт энциклопедиясы түсіпті ғой» деді бағасын білетіндер. Бірақ сол аузында дамыл жоқ, қолында қимыл жоқ «энциклопедияны» ептеген жалқаулық құртты. Басқалардай тынымсыз болған жоқ. Редакцияларға шаба бермейді. Алаш жұртын билеген аталарының дәстүрімен аспай-саспай тіршілік етті. Баппен жүріп-тұрды. Тәтті арман мен тәтті ұйқыны қатар алып жүрді. Бірде жатақханадағы күллі студент дәліздегі жалғыз телевизордан атақты «Спартактың» әлдебір шетелдік командамен жан алысып, жан беріскен ойынын көріп отырдық. Жанкүйерлердің аузынан ақ көбік ағады. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын Талғат солардың бел ортасында. Ойынның аяқталуына небәрі үш минут қалды. Үміт күткен «Спартак» жеңілгелі тұр. «Шіркін-ай, Черенков шықса екен!», — деді жігіттердің бірі. «Спартактың» ақберені сол күні запастағы ойыншылардың қатарында еді. Сол кезде Талғат: «Енді Черенков түгілі Черненко шықса да гол болмайды!», — деді ғой... Жұрт футболды жайына қалдырып, күлкіге көмілді. Бұл әбден шаршаған кезде тізгін ұстаған, қалт-құлт еткен кәрі генсек Константин Черненконың билік құрған тұсы еді. Студенттік жылдарында «Қайраттың» бірде-бір ойынын жібермей, стадионнан барып көрді. Біз, Талғат, Қайрат Әлімбеков үшеуміз жатақхананың бір бөлмесінде тұратын едік. Қайрат екеуміздің футболға аса құлқымыз жоқ. Бір күні таңертең ұйқыдан тұрып жаттық. Ертерек оянған Қайрат ақын балконға шығып, темекісін езуіне қыстырып, «Қар жауып тұр...» деп қуанып, өлең өріп жүр. Соны естіген Талғат жау тигендей атып тұрды. «Не дейсің?! Қар жауды дегенше қан жауды десеңші. Бүгінгі «Қайраттың» ойыны ойын болмайды ғой енді...». Талғат көзі ақшалаңдап, күйініп жүрсе, Қайрат: «Мағ-ған бәр-рі-бір!», — деп шиқылдап күледі... Сәтсіз сұхбаттар Талғат журналистика факультетіне барғанға дейін бала болып бір мақала жазып көрген емес. Оның есесіне күні-түні кітап кемірді. Рухани тұрғыдан дайын еді. Журфакқа құжат тапсыру үшін жарияланған дүниелердің болуы керектігінен де хабарсыз екен. Соны естіген бойда орденді кемпір бірден ауданға тартады. Газет редакциясына келеді. Күнде газеттің бетін бермейтін ол кісіні бәрі таниды. Ілгеріде «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Кәкімжан Қазыбаевтың өзі Қоянкөз жайлауында жамбастап жатып, Нұрлыхан апамен әңгімелесіп, кейіннен үлкен очерк жазған-ды. «Ойбай, апа, не ғып жүрсіз?». «Балам биыл оқуға барады. Талабы бар, мақаласы жоқ!». «Болды апа, тас қыламыз!». Редактор бұл шаруаны өзінің орынбасары Хасен Көптілеуовке тапсырады. Хасекең біздің кейіпкеріміздің атынан бес-алты мақаланы екі-үш күнде жедел жариялап жібереді. Әжесі де оларды ренжітпей, бір қойын сойып, арақ-шарабын апарып, жоралғысын жасап қайтады. Бірақ бала ол жылы оқуға түсе алмайды. Ауылға келген соң клубта болған бір концерт туралы шағын хабар жазды. Онысы аудандық газетте жарық көреді. Журналистикадағы алғашқы өз дүниесі осы еді. Журфакқа түскен соң да мақала жазып қарқ қылған жоқ. Жанығып жүретін кустастарына еріп, «Жас алашқа» барып көрді. Бірақ бір-екі нәрседен меселі қайтып, редакцияға көп жоламай қойды. Кино тақырыбын өте жақсы білетін. Сексенінші жылдарда Алматыда ірі халықаралық кинофестиваль өтті. Курстасы Аманғали Дайрабаев екеуі «ТАСС мәлімдеуге өкілетті» фильмінің режиссері Фокинге жолығып, сұхбат алды. Бірі «Социалистік Қазақстанға», екіншісі «Лениншіл жасқа» бермек. Бұл түнімен отырып «Режиссер — ең қиын мамандық» деген сұхбат жазып, редакцияға алып барды. Әдебиет бөлімінің қызметкері Жүсіпбек Қорғасбеков сұхбаттың жетпеген жерін жеткізіп, дайындап ұсынады. Соның арасында аға газетке дайындалған сұхбат жарияланып кетеді. Бөлім меңгерушісі Қамбар Керейқұлов: «Мынау кеше шыққан дүние ғой» ғой деп ысыра салады. Тіпті оқымайды да. Екінші рет сол газетке тағы бір сұхбаты өтпей қалды. Жылда одақтың 33 үздік футболшысы анықталатын. «Қайраттың» тарихында бұл тізімге алғаш рет Вадим Степанов деген қорғаушы кірген. Содан кейін еніп тұрған Евстафий Пехлеванидиді «Медеуге» арнайы іздеп барып, сұхбат алған-ды. Дүрәлі Дүйсебаев дайындап ұсынған дүниеге өзінің ең жақсы көретін Сейдахмет Бердіқұлов ағасы «Мұндай жаттанды интервьюді жариялаудың жөні жоқ» деп сол қолымен бұрыштама жазып қойыпты. Әрине, сұхбатта жаттандылық бары рас еді... Студент кезін түгелдей кітап оқуға арнады. Кеңестік киножұлдыздар Алматыға келе қалса, соларды іздеп кетеді. Бірде танымал әртіс Вахтанг Кикабидзе екеуі қолтықтасып, Республика сарайының алдында жарты сағат жүргені бар. Ұлы грузин алғашқыда мұны бала деп менсінбегенге ұқсайды. Бұл қапталдасып қоймайды. Бірақ өр мінез Вахтангтың көп білетін көкезу студентпен сөйлеспеске амалы қалмайды. Грузин фильмдерінің жай-жапсарын шемішкідей шағып тұр. Грузинің не, кеңестік киноның жайын да киносыншыдан артық білмесе, кем білмейді. Тіпті өзін елдің бәріне мәлім емес ныспысымен атап, «Буба!» деп қояды. «Әй, сен не қылған баласың?, — дейді Кикабидзе, — Жүрші былай, әңгімелесейік!». Содан түннің бір уағына дейін сұхбат жазды. Онысын сабаққа бармай, құлқынсәріден тұрып, «Лениншіл жасқа» алып кетіп еді, ағалары: «баспасөз конференциясында айтылған фактілер ғой», — деп баспай қойыпты. «Баспасөз конференциясына жолағаным жоқ, өзімен жарты сағат әңгімелесіп келдім», — десе сенбеген. Сөйтіп, қапаланып отыр екен. Байғұсты аяп кеттім. Қолымда қарабайыр ақпарат құралы бар еді — жатақхана қабырға газетінің редакторы едім. Бір сөзін өзгертпей жариялап жібердім. Мәз болып қалды. Кейін бәрібір сол Кикабидзеге Астанада жолығып, әлгі сұхбатын кеңейтіп жариялады. Өзі баяу қиылдайтын адамның осындай үш сұхбатының сәтсіз болуы жазуға деген белсенділігін азайтып жіберді. Содан соң жазумен емес, оқумен айналысты. Кейде осы сәтсіздіктерінің өзі кейінгі сәттіліктеріне жол ашқан секілді көрінеді. «Әр қызметке екі рет келем...» Бір адамдай жалқаулығы бар. Бірақ елдің жазғанын оқудан жалыққан жоқ. Қолына жаңа кітап түссе, жалқаулығы жайына қалады. Бас алмай бітіріп тастайды. Білім-білігі жағынан қатарластарының біразын жолда қалдырады. Жан баласына ұқсамайтын бір қасиеті бар. Автоқаламға жоламайды. Өмірі сиямен жазады. Жүрген жерінде қаламұш іздейді. Қазіргі журналистер не екенін білмейтін, осыдан отыз жыл бұрынғы дәуірде жазу әлемінің қаражорғасы саналған әйгілі 11-ші қаламұштың жүз данасын әлдеқандай себеппен сақтап қалған қоймадан тауып алған. Соны сиясауытқа малып алып, маржандай жазуын түзеді. Әншейінде күніге мың рет сүрініп-қабынып жүретін ебедейсіз адамның сияның бір тамшысын да төкпейтініне таң қаласың. «11-ші қаламұшпен тек Мұхтар Мағауин ағамыз екеуміз ғана жазамыз», — деп күледі. Сиямен жазатын қаламсаптардан коллекция жинайды. Талғатта қаламсаптың да, қаламұштың да жеті атасы бар. Көненің сөзін сөйлейтін өзі секілді 11-ші қаламұшты үнемі сүрткіштеп, баптап отырғанын көресің. Компьютеріңе де, интернетіңе де пысқырмайды. Миындағы мәліметін осылардың қай-қайсысына да айырбастамайды. Оқу бітіре сала өзі туып-өскен Талдықорғанға тартып отырды. Сонда практикада жүргенде әнші Татьяна Полтавскаямен сұхбаты жарияланып еді. Соның әсері болар, мұны облыстық газет редакциясы тілшілік қызметке алды. Бес жылдан соң «Халық кеңесі» газетінің Талдықорған облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Газет редакциясы бас редактордың орынбасары қызметіне қайта шақырды. Екі жылдан соң «Халық кеңесінің» сол өңірдегі тілшісі қызметіне тағы келді. «Халық кеңесі» жабылып қалған соң облыстық газетке оралып, тілші болды. Тағы да орынбасарлыққа көтерілді. Жалпы, Талғаттың журналистік қызметінде қызық бір үрдіс бар. Бәріне де екінші рет қайтып келу пешенесіне бұйырған екен. Екі рет тілші, екі рет меншікті тілші, екі рет орынбасар... Кейде белгілі бір оқиғалардың бүкіл өмір жолыңды өзгертіп жіберетін кезі болады. Бір күні аяқ астынан Талдықорған облысы жабылып қалмағанда Талғат әлі күнге дейін сол өңірде жүре беруі де мүмкін еді. Облыс жабылған соң облыстық газет те қоса жабылды. Күні кеше ғана айдарынан жел есіп тұрған бас редактордың орынбасары аяқ астынан жұмыссыз қалды. Бармаған жері жоқ. Қалалық газетке де, қалалық радиоға да бас сұқты. Орын жоқ. Қатты қиналды. Бұралып сегіз ай жатты. Шүкір, дос-жолдастан кенде емес еді. Сол жолдастарының бірі, найзағайға нан пісіріп алатын жұлымыр журналист Мұратбек Тоқтағазин Талдықорғанда жатқан жерінен жұлып алып, Астанадан бір-ақ шығарды. Жаңа астанамен бірге жаңарып жатқан «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары болып бекітілді. — Газеттің сол кездегі бас редакторы Жұмагүл Саухатқа мың да бір рахмет!, — дейді Талғат, — Досымның бір ауыз сөзіне бола сырымды білмесе де сынақ мерзімінсіз қабылдады. Бір-ақ шарт қойдым. «Қартаң әжем бар, соған жіберіп тұрсаңыз болды», — дедім. Жұмагүл әпкем сөзінде тұрды. Жылына төрт рет жіберіп тұрды. Кейде ер адамдардың бойында кездесе бермейтін ірілігін байқатып тұратын бұл кісіден көп нәрсе үйрендім. Осы газет редакторының бірінші орынбасары қызметіне кіріскен Жанболат Аупбаевпен бір бөлмеде сегіз ай бірге отырды. Жанболат ағасын жанындай жақсы көреді. Кәдімгідей еліктейді. Ол кісінің тағдыры қызық адамдардың өмірін жазу тәжірибесіне қанықты. Содан соң бұрыннан бейімі бар осындай тақырыптарға өзі де дендеп кірісе бастады. Жақаңның адамдармен қарым-қатынасы, тілшілерге тапсырма беру тәсілі ешкімге ұқсамайды. «Әртүрлі жағдай болады, ешқашан ешкімнің арына тиме, өйткені адамның ең қымбат нәрсесі сол», — деп үйретті ағасы. Онсыз да қой аузынан шөп алмайтын бұл осы кеңесті үнемі қаперінде ұстайды. Жақаңның журналистігі өз алдына, газет ісінің жай-жапсарын өте жақсы біледі. «Басылымның бау-шуын тартуды Ержұман мен Жанболат ағаларымнан артық білетін адам жоқ», — дейді Талғат. Кейін Жақаңның орнына келген Дидахмет Әшімханов газетке өткір мінез әкелді. «Астана ақшамында» қызмет істейтін жалаң аяқ, жалаң төстердің ешқайсының пәтері жоқ еді. Он төрт облыстың өкілі журналистік жұмыстың көрігін қыздырып жататын. Талғат аз жазса да саз жазады. Әріптестері: «Бұл алпыс жол мақала жазу үшін алты кітап оқиды», — деп күледі. Сирек кездесетін оқиғаларға ден қойды. Қызықты тағдырларға үңілді. Шетелдерде мәртебелі қызметтің тұтқасын ұстап отырған қазақтар туралы жазуға құмартты. Қысқасы, Жанболат ағасының жолын шындап қуды. КСРО Қорғаныс министрі болған маршал Язовтың қазақ командирі Шаймұқан Мұқанов ақсақал туралы жазды. Кейін Мәскеуге жолы түскенде Язовтың өзіне жолықты. Маршалға мақаланы көрсетіпті. Язов: «Досыма сәлем айт, ол — керемет адам!» депті. Жамбылдың жеке дәрігері болған Рахымбай Досымбеков жөнінде қалам тербеді. Осыдан төрт жыл бұрын «Литер-Media» компаниясына қарасты «Қазақстан теміржолшысы» газетінің бас редакторы әрі «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Астана бюросының жетекшісі, сайыпқыран журналист Сайын Есмағимен бірлесіп, салалық басылымға біраз жаңалық әкелді. Мектеп бітіргенге дейін пойызға бұт артып көрмеген бұл өзі өмірі қызықпайтын теміржол бойынан да тәуір деректер тапты. Павлодарға барып, сонда тұрған Сталиннің вагоны туралы жазды. Көкшетауда орналасқан медсестралардың әлемдегі жалғыз музейі жөнінде жұртшылыққа мәлімет ұсынды. Танымал фильмдерге түскен теміржолшыларды елге танытты. Куйбышев мінген «Кадилак» машинасын Көкшетаудан тапты. Әрине, аяқ астынан Америка ашу қиын. Бірақ осындай тосын тақырыптарды игеру арқылы өзінше өзгеше жол салды. Ең жақсы көретін журналистері — Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы, Тілекқабыл Боранғалиұлы. Осы үш ағасының жазған дүниесі жарық көрсе, оқып шыққанша ештеңеде шаруасы болмайды. Өз төңірегіне де жастар үйіріліп жүреді. Жандос Бәделұлы, Айхан Шәріп, Төлен Тілеубаев, Еренғайып Қуатайұлы сынды талантты тайтұяқ нояндар Талғат мырзаның шарапатын молынан көрді. Иманды журналистиканы ұнатады. Атыс-шабысқа, дау-дамайға толы тақырыптарға үйір кейінгі буынға тосырқай қарайды. Қиырдағы қазақтардың қамқоршысы Журналистік сапармен Ресейге бірнеше рет барды. Әр сапарынан олжалы қайтты. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовпен бір апта бойы әңгімелесіп, оқырманды аты аңызға айналған баскетболшының ел біле бермейтін деректеріне қанықтырды. Н.Бурденко атындағы Нейрохирургия институтының лаборатория меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, миға операция жасаудың теңдесі жоқ шебері Дулат Мұхамеджановты өз халқына таныстырды. Санкт-Петербург мемлекеттік поляр академиясының ректоры Азургет Шәукенбаева туралы мақаласы күллі жұртты елең еткізді. Азургет Тарбайқызы осы оқу орының негізін қалаған. Францияның Президенті Жак Ширакпен жұмыс барысында араласып-құраласып тұрады. Сол елдің Құрметті легион орденінің иегері. Чувашияның Экономика министрі Гүлмира Тағайқызы Акимованы (тұрмыс құрғанға дейінгі фамилиясы Әшімбаева) іздеп тапқанын айтсаңшы. Оның аты-жөнін жол үстінде кездейсоқ біреуден естиді. Содан ал кеп ізде... Чувашияға телефон соқса, Талғаттың министр құрдасы: «Мені де іздейтін адам бар екен-ау!», — деп көңілі босапты. Гүлмираның Талғатқа «Тарихи отаныммен табыстырғаныңыз үшін алғыс айтамын!», — деп арнайы жазған хаты бар. Кейін іні Талғат пен аға Талғаттың (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев) өзара мәмілесінің арқасында Азургет Шәукенбаева мен Гүлмира Тағайқызы Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына делегат болып келді. Екеуі де қазір Талғатты туған бауырындай көреді. Журналист қиырдағы қандастарын іздеуін әлі де тоқтатқан жоқ. Бір кездегі Қаз ГУ-дің физика факультетінің түлегі, бүгінгі Ресейдің бизнес-ледиі, хатшыдан өсіп басшы болған Гүлжан Молдажанова жөнінде қалам тербеді. Ресей балет академиясының көркемдік жетекшісі, атақты Мария театрының прима-балеринасы болған Алтынай Асылмұратованы іздеп барды. Жолыға алмай қайтты. Балерина Жапонияға кетіп қалыпты. Енді бұйырса, тағы да Ресейге жол тарқалы отыр. Осы елдегі үлкен әскери зауытта бас конструктор болып істейтін мықты қазақ бар. Сол жігітпен де жолықпақ. Жұмысының бәрі құпия, сол себепті әзірге аты-жөнін де құпия ұстай тұрайық. Әншейінде жағы сембейтін Талғат кейіпкерлерін қашан жұртқа таныстырғанша жарнамалай бермейді. «Бір күні Мозамбикте министр болып істейтін қазақты тауып берсем, таң қалмаңдар», — деп әзілдейді. Сондайда бір кезде электрик болып қарқ қылмаған, бейімі мен білімі жете тұра спорт журналисі болу мүмкіндігі қолынан сусып шығып кеткен әріптесім нағыз өз жолын енді тапқандай көрінеді. Тбилиси, Талғат және «Киндзмараули»... Қызметінің қай-қайсысы да екі реттен бұйырғанын айтып едік қой. Сонысы тағы да қайталанды. Талғат Батырхан былтыр «Астана хабары» газеті бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Әйгілі 11-ші қаламұшын сия сауытына малып алып, жұмысына кірісті. Баскетболдың бәйтерегі Әлжанды халқымен қайта табыстырды. Дүркін-дүркін қалам тербеп, Мәскеуді мекендейтін марғасқаға елдің назарын аударды. Қоғамдық пікірге құлақ қойған атпал азаматтар атақты спортшыны елге шақырып, сый-сияпат көрсетті. Талғаттың бастамасымен Әлжан Астанаға елден шалғайда жүрген қандастарымыздың кездесуіне келді. Бұл үш күн бойы қасында жүрді. Қазір даңқы дүние жүзіне белгілі дарабоз ұлға қазақ жұртына біржола қоныс аудару жөнінде ұсыныстар айтыла бастады. Әлжан ағасы осының бәріне разы. Өзінің белінен келетін Талғатқа мейірлене қарап, қайта-қайта рахметін айтты. Студент кезінен ен таққан ең «ежелгі» кейіпкері Вахтанг Кикабидзені іздеп, Тбилисиге барып қайтқанын айтсаңшы. Атақты актердің шаңырағында түстеніп отырып, салиқалы сұхбат алды. Миллиондардың жүрегін жаулаған Мимино маңдайы тершіп отырып, ширақ ғасырдан бері соңына «шырақ алып түсіп жүрген» қазақ жігітіне біраз әңгіме шертті. Гүржістанның кез-келген ауылы туралы азды-көпті мәліметі бар Талғатқа ықыласы түскен сері Вахтанг елдің бас сусыны — әйгілі «Киндзмараули» шарабын өзінің жертөлесінен алып шығып, ата-басынан келе жатқан жеке мүйізқұтысына құйып, білек айқастырып ішуді ұсынған екен, шарап түгілі сыраны сіміріп көрмеген шөлде өскен шүрегей секілді бұл ат-тонын ала қашыпты. Себебі, мүйізқұтыны босатпай ішу иісі грузиннің дәстүрінде жоқ. Өйткені, бұл ыдысты тігінен тік қоя алмайсың. Жантайып, құлай кетеді. Өзгеге өзін сыйлатып үйренген өр мінез Кикабидзе қазақ ішінен келген елгезек грузинтанушыға сонда да ренжімепті. Екеуі сол жолы білек айқастырмаса да, жүрек «айқастырып» қайтқан сияқты. Аз жазады, бірақ саз жазады. Бірде Талғаттың үйінен осыдан жиырма төрт жыл бұрын оған өзім сыйлаған әдемі блокнотты тауып алдым. Каз ГУ-дің елу жылдығына арнайы шығарылған осы бір дүниені университет оркестрінің мүшелеріне таратып беріп еді. Мен оны Талғатқа тарту еттім. Былай деп жазыппыз: «Жылдар өтер... Ғұмыр жетсе: Бұл күндері біздерден жоғалыпты ән, Әлі талай атады ағарып таң. Ол Талғатқа шал Талғат ұқсамайды, Не қалды екен баяғы Омаровтан?! — деп кабинетінде ыңыранып отыратын қарт журналист боларсың. Сол кезде Алматыны шарлаған сан ізімізді (мақсатты-мақсатсыз) еске аларсың деп осы блокнотты ұсындым. 12.12.84». Төртінші курста сыйлаған осы блокнотым тап-тазасымен тұр екен. «Көңілімнің тазалығындай ғой», — дейді өзі. Бәлкім, бұл да оның әр сөйлемін он ойланып, тоғыз толғанып жазатын тектілігінің белгісі шығар. Кикабидзеге тегіннен тегін үйірсектеп жүрген жоқ. Кино әлемін сұмдық жақсы көретін. Көрмеген киносы, амандаспаған актері жоқ. Кез келген киносыншымен төрт сағат тәжікелесе алады. Бала кезіндегі бір арманы кинорежиссер болу еді. Бірақ мұны ауыл баласының қолы жетпейтін мамандық деп есептеді. Бірақ бұл әулеттен киноның ауылы алыстамайтын сияқты. Сәби күнінен әкесінің әңгімесін құлағына құйып өскен қызы Ақбота кинорежиссер болуға бел буды. Басындағы білімі құлағынан ағып жүретін Талғаттың арманына айналған биіктерді бағындыру үшін ақ тұманды Альбионға аттанды. Қазір Елбасының «Болашақ» стипендиясын иеленген ол Лондондағы Сарри университетінің кинематография факультетінде оқиды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Ақбота Батырхан ұлыларға ұя болған Ұлыбританияда ұлық өнерді игеріп жатыр. Өзі жасынан шығармаларын сүйіп оқыған Оралханша айтсақ, Талғатқа тізгінін ұстатпай қойған «Тортай мінген ақбозат» өзгенің емес, өз перзентінің тақымында кетті... Тәубә! Бауыржан Омарұлы

6437 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы