• Тарих
  • 13 Мамыр, 2010

Мұстафа Шоқайдың адал достары немесе Алманияда басталып, Түркияда қайта тоғысқан тағдырлар

d188d0bed0bad0b0d0b9Түркі дүниесінің рухани көсемі Мұстафа Шоқайдың (1890-1941) өз Отанынан кетіп, саяси күресін сыртта жалғастыруға мәжбүр болғаны белгілі. Осы мақсатпен Мұстафа Шоқай 1929 жылдың желтоқсанынан 1939 жылдың тамыз айына дейінгі аралықта (яғни екінші дүниежүзілік соғысқа дейін) Париж бен Берлинде «Яш Түркістан» («Жас Түркістан») журналын шығарды. Журнал, негізінен, Берлинде шығып тұрды, ал Мұстафа Шоқай бас редактор ретінде оған Парижден басшылық етті. Қажет кезде ол Берлинге барып-келіп тұрды. Журнал мақалаларының көбін, әсіресе, бас мақалаларды Мұстафа Шоқайдың өзі жазды. «Яш Түркістан» – сол кездегі Түркістан хақындағы ең маңызды басылым (бұған дейін де, бұдан кейін де Түркістанға арналған басқа басылымдар болған). Онда саяси, экономикалық, мәдени тақырыптардағы мақалалармен қатар әдеби шығармалар да жарияланып тұрды. Журнал материалдары Түркістан халықтарының тұрмыс-тіршілігі туралы ащы шындықты баяндап, отаршыларға қарсы ұлт-азаттық бағытындағы күресте түркістандықтарға рух беріп отырды, түркі бірлігі мұраттарын насихаттады.

Барлық түркістандықтарға түсінікті болсын деген мақсатпен журнал шағатай тіліне ұқсас түркістандық жергілікті тілде шығып тұрды. Шындығында, оны оқу сол кездегі өзбекке де, қазаққа да, қырғызға да, тіпті түрікмен мен Түркия түріктеріне де (негізінен мұсылман түркілерге) қиын болмаған (1883-1918 жылдары Қырымда Бақшасарайда Ысмайылбек Ғас­пыралық – Гаспринский шығар­ған әйгілі «Тәржүман» газетін еске түсіріңіз). Тек журналдың араб жазуымен шыққаны бізге түсініксіз. Өйткені 1929-1939 жылдар аралығында Түркістандағы түркі халықтары түгелдей латын жазуына көшіп, араб графикасымен біржола қоштасқан болатын. Ал Түркияда жаңа латын әліпбиі бұдан бір жыл бұрын, 1928 жылдың қараша айының басында (Ататүрік қайтыс болардан он жылдай бұрын, Түркия республикасы жарияланғаннан кейін бес жылдан соң) қабылданған болатын. КСРО түріктері үшін Ислам өркениетімен тығыз байланысты араб жазуын бірден тікелей кириллицаға ауыстырудан сәл де болса қаймыққан Сталин уақытша латын жазуын енгізіп, 1940 жылдың басында оларды кириллицаға көшуге мәжбүр еткен-ді. Сондықтан 1929-1939 жылдар аралығында мұндай журналды бүкіл өркениетті әлемнің басым бөлігі қолданып отырған латын жазуында шығарса, құба-құп болар еді ғой деп ойлаймын. Иә, латын жазуымен шыққан жағдайда «Яш Түркістан» Түркия мен басқа түркі жұрттарының арасын жақындата түсуге күштірек қызмет еткен болар еді ғой. Бірақ, кім білсін, Мұстафа Шоқай мен оның серіктеріне бітімі сұлу, исламдық рухани мәні зор араб жазуы әлі де ерекше ұнаған шығар? Қалай десек те, «Яш Түркістан» журналы – бәріміз үшін үлкен де құнды мұра. Он жыл (1929-1939) ішінде жур­налдың 117 саны жарық көріпті. 1939 жылы 1 қыркүйекте Германияның Польшаны басып алуы­мен екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың басталуына орай журнал шығуын тоқтатты. Немістер Мұстафа Шоқайды Па­рижден Берлинге алып кетті. Екі жылдан кейін 1941 жылы 27 жел­тоқсанда ол сондағы «Виктория» ауруханасында небары 51 жасында жұмбақ жағдайда қайтыс болды. «Яш Түркістан» сол 117 санында жарияланған Мұстафа Шоқайдың өз мақалаларын теріп, қазіргі қазақ әдеби тіліне аударған абзал азамат, марқұм Айтан Нүсіпханның аса қажетті үлкен еңбегін осы арада айрықша атап өту керек деп есептеймін. Оның бәрін Алматыдағы «Қайнар» баспасы (директоры – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әл-Фараби атындағы университетте бірге оқыған замандасым, көрнекті жазушы Оразбек Сәрсенбай) 1998-1999 жылдары «Мұстафа Шоқай. Таңдамалы» деген атпен екі том етіп шығарды. Бұл екі томдықтан (екі кітаптың жалпы көлемі 60 баспа табақтай) Мұстафа Шоқайдың 225 мақаласы, «1917 жыл естеліктерінен үзінділер», «Туркистан под властью советов» деген еңбектері және Мария Шоқайдың бұл күнде көпшілікке жақсы белгілі «Менің Мұстафам» атты естеліктері орын алған. Арада содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Ол кітаптарды қазір дүкендерден таба алмайсыз. Қайта басып шығарса, артық болмас еді-ау. Тіпті Мұстафа Шоқайдың барлық мақалалары мен кітаптарын жинастырып, мүмкіндігінше толық жинағын шығаруды қолға алатын уақыт та жеткен сияқты. Мұстафа Шоқай «Яш Түр­кі­станда» жарияланған мақалаларға ерекше көңіл бөліп отырды. Оның мына пікірі осыған дәлел: – Журналист доктор Таһир Бек «Яш Түркістанның» осы санындағы бір мақаласында Түркістанды нелік­тен кеңестік Ресейдің «Қызыл отары» деп атайтынымыздың себеп­терін түсіндірді. Түркістандық ұлт­тық мүдделерді жалпы кеңестік Ре­сейдің мүдделеріне бола құр­бандыққа шалып отырған саясатты бұдан басқаша атау мүмкін емес. Ленин мен Сталиннің өздері де осыны растайды. «Бір ұлттың рухани, экономикалық мүдделері екінші бір күшті ұлттың мүдделеріне құрбан етілуі отаршылдық болып табылады» деп олар да талай рет жазған болатын. Ендеше, Ленин мен Сталиннің дүниежүзіне кеңінен мағлұм осы теориясы бойынша Түркістан кеңестік Ресейдің отары екенінде дау жоқ. Сол себепті де түріктікке, түрік тілі мен түріктік рухқа «Кеңес мойынбауы» салынып, орыс проле­тариатының қажетін өтеу үшін Түркістан түріктері шошқа бағуға мәжбүр етілуде. «Яш Түркістанның» жолы ылғи да бола бермеген. Кейбір түсінбеушілік салдарынан журналдың ел ішінде таралуына шек қойылған кездер де кездескен. Мәселен, Түркия үкіметінің 16 қазан күні шығарған қаулысымен басылым Түркия жерінде таратылмайтын болды. Сонда тағылған кінә: журнал Түркияның сыртқы саясатына сәйкес келмейтін істермен шұғылданып жүр. Бір сөзбен айтқанда түрік-орыс қатынасына байланысты кінәрат табады. Осыған орай Мұстафа Шоқай өз ойын ортаға салады. Осы сөзі арқылы басылымның да, өзінің де екі ел арасындағы қатынасқа байланысты жат пиғыл-ниет болмағанын жеткізеді. «Рас, біз түрік-кеңес қатынасы хақында жиі-жиі жазып тұрамыз. Бірақ біз дипломатиялық тұрғыдан жазған жоқпыз. Дипломат болуға ұмтылмаймыз да. Біз қашанда Түркияның мәскеулік достары жүргізген большевиктік насихаты хақында жаздық. Біз орыс большевиктерінің түрік ұлттық төңкерісі мен кемализм жөніндегі көзқарастарын жаздық. Біздің бұл жазғандарымызда шындыққа сәйкес келмейтін сынық сөз жоқ. Бәрі де большевиктердің сөздеріне сілтеме жасай отырып негізделген. Біз ешқашан түрік-кеңес қатынасын суытуға ұрынған емеспіз. Біз түрік ұлттық төңкерісін большевиктік насихаттың жаласынан қорғадық. Мұны осы күнге дейін өзіміздің борышымыз деп санап келгеніміз сияқты бұдан соң да солай ете беретін боламыз» деді. Сол «Яш Түркістан» журналын жат елде, жат жерде бірге шығарысқан, тек сол 10 жыл бойына ғана емес, өмірлерінің соңына дейін Мұстафа Шоқайдың сенімді серіктері, адал достары, айнымас ізбасарлары, мұраттас мұрагерлері болған екі аяулы азамат бар. Олардың екеуі де – бауырлас өзбек халқының өкілдері. 1922 жылы Берлинге оқуға барып, кейін сонда қалып қойғандар (КСРО-ға қайтып оралған жағдайда опат болатындары анық еді ғой). Олардың біреуін Мұстафа Шоқайдың оң қолы, екіншісін сол қолы деп атауға әбден болады. Оларға өз естеліктерінде Мария Шоқай тоқталмайды. Сатыбалды Нарымбетов бауырымыздың су жаңа екі сериялы кинофильмінен де оларды байқамадық. Енді газет оқырмандарын қысқаша сол азаматтармен таныстырып өтейік. Тайыр Шағатай Тайыр (Шәкірұлы) Шағатай 1902 жылы 27 наурыз күні Ташкентте туған. Оның әкесі Шәкір Разықбайұлы – 19-ғасырдың бірінші жартысында Ташкентте жақсы танымал болған және халықтың құрметіне бөленген әулеттің өкілі. Сол кезде бұл қалада Разықбай атындағы орам бар екен. Осы орамдағы (квартал, махалле) мешітті сол Разықбай қажы салдырыпты. Оның ұлы Шәкір де кейін әйгілі саудагер болыпты әрі әкесі сияқты қажылық сапарға барған. Тайыр бастауыш білімді жер­гілікті молдалардан алады да, кейін Мүнәууәр Қари (1878-1931) ұйым­дастырған жәдит (жаңашыл) мектебінде оқиды, сол тұста түр­кістандықтар үшін ашылған орыс мектебіне де барады. Бір топ жолдасымен бірге Уфадағы «Ғалия» медресесінің де есігін ашады. Алайда онда бір жыл ғана болады (ауа райы жақпайды). Сонан соң Бакуге барып, әзірбайжан мұғалімдер училищесіне оқуға түседі. Бакуде жүрген кезінде Тайыр Әзірбайжанның сол жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысына араласып, көтерілісшілердің сеніміне ие болады. Жаз айларында ол Ташкентке барып тұрады. Онда «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымына кіреді. «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымы жоғары білім алуы үшін 1922 жылы оны Алманияға (Германияға) жібереді. Ол алдымен Хейдельберг университетінің экономика, әлеуметтану (социология) бөлімдерінде оқиды. 1930 жылы ол «Көшпелі өмір экономикасының басты бағыттары» деген тақырыпта дайындаған диссертациялық жұмы­сымен бұл университетті бітіреді. (Кейін аталмыш еңбегі жеке кітап болып, неміс тілінде басылып шығады). 1931 жылы ол Берлинге барып орналасады. 1932 жылы Тайыр Қазан татарларынан шыққан аса көрнекті тұлға (саясаткер, жазушы-журналист) Мұхаммет Аяз (Ғаяз) Ысқақидің (1878-1954) қызы Сағадат ханымға үйленеді (оған біз сәл кейінірек арнайы тоқталамыз). Тайыр Шағатай 1930 жылдарда Берлинде Мұстафа Шоқаймен танысып, «Яш Түркістан» журналында жауапты хатшы ретінде үлкен қызмет атқарады. Өзі де журналға жиі-жиі мақалалар жариялайды. 1939 жылы күзде ол отбасымен бірге Түркияға қоныс аударады. Онда ол алғашында бірнеше жыл банк саласында қызмет жасаған соң 1948 жылдан Анкара университетінің тіл, тарих және жағырапия факультетінің социология кафедрасында сабақ бере бастайды. 1953 жылы доцент, 1962 жылы осы кафедраның профессоры болған ол 1972 жылға дейін бұл кафедраны басқарады, сөйтіп, шын мәнінде, аталмыш факультеттегі социология пәнінің негізін қалаушылардың біріне айналады. 1984 жылы шілдеде 82 жасында Бурса қаласында қайтыс болады. Тайыр Шағатай – неміс, түрік тілдерінде жазылған жиырмаға жуық кітаптың авторы. «Яш Түркістан» журналында да оның көптеген мақаласы жарық көрген. Тайыр Шағатай еңбектерінің бір­қатары экономика, социология мә­селелеріне арналса, біразы түркішілдік мәселелерін сөз етеді. Ол да басшысы әрі ұстазы Мұстафа Шоқай сияқты нағыз түркішіл жан болатын. Осы жерде Тайыр Шағатай кітаптарының кейбіреуін атап өтейік: «Көшпелілер экономикасы» (кандидаттық диссертациясының негізінде жазылған монография), «Түркістанның мақта шаруа­шы­лығы», «Түркістанның ұлттық әде­биеті және әдебиетшілердің қа­сіреті», «Түркістанның ұлттық мұ­раты және Әлішер Науаи», «Қазіргі отбасы және әлеуметтік мә­селелер», «Кеңестік Ресейде ұлттық мәселелер шешілген бе?», «Түркістанның ұлт-азаттық қоз­ғалысына қатысты оқиғалардан сахналар», «Түркістандағы түркішіл­дік пен халықшылдық» (екі кітапша), «Қызыл империализм» (жеті кітапша), т.б. Әбдүлуақап Оқтай Ол – «Яш Түркістан» журналын шығарысқан үшінші кісі. Бұл да – өзбек азаматы. 1904 жылы Ташкентте туған. Бастауыш және орта білімді ол да Ташкент пен Бакуде алған. Жоғары білім алу үшін Әбдүлуақап Оқтайды да «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымы 1922 жылы Алманияға жібереді. 1929 жылы ол Хейдельберг университетінің медицина факультетін бітіріп, әйел ауруларын емдейтін дәрігер-маман (гинеколог) болып шығады. Бірер жылда ол да ғылым кандидаты атанады. 1933 жылы Әбдүлуақап Оқтай сол Алманияға биология бойынша кандидаттық диссертация дайындау үшін барған өзбек қызы Саида Шермұхаммет ханымға үйленеді. 1939 жылы «Яш Түркістан» журналының жабылып қалуына байланысты Әбдүлуақап Оқтай мен Саида Шермұхаммет те бірінен соң бірі Түркияға қоныс аударады да, өмірлерінің соңына дейін Ыстамбұлда тұрып, еңбек етеді. Әбдүлуақап Оқтай да «Яш Түр­кістан» журналына көп ма­қала жазған. Оның сондай-ақ «Түр­кістанның ұлт-азаттық қозға­лысы және Мұстафа Шоқай» атты кітабы да жарық көрген (Ыстамбұл, 1950). Бұл кітап Мұстафа Шоқайдың 60 жылдығына арналған. Әбдүлуақап Оқтай 1968 жылы 12 шілдеде қайтыс болады. Сол Ыстамбұлда жерленген. Сағадат Шағатай Сағадат Шағатай (1907-1989) Қазан маңындағы бір ауылда туған. Жоғарыда айтқанымыздай, ол – белгілі татар қайраткері, саясаткер, жазушы-жур­налшы Мұхаммет Аяз Ысқақидің (1878-1954) қызы. Сағадат алдымен туған ауылында (Йевширмеде), сонан соң Қазанда бас­тауыш, орта білім алады. 1917 жылы сынақты сәтті тапсырып, Морунски гимназиясына оқуға түседі. 1922 жылы Сағадат әкесінің көмегімен алдымен Финляндияға, одан Алманияға барады. Жекеше мектептерде оқып, неміс тілін үйренеді. 1927 жылы Берлин университетіне оқуға түсіп, 1932 жылы атақты неміс түркітанушысы, профессор В.Бангтің жетекшілігімен «Түркі тілдеріндегі зат есімнен жасалған етістіктер» деген тақырыпта да­йындаған диссертациясы арқылы ғылым кандидаты дәрежесінде университетті бітіріп шығады. Сол 1932 жылы Тайыр Шағатаймен тұрмыс құрады (Тайыр Шағатай туралы да жоғарыда айтқанбыз). 1933 жылдан бастап Сағадат Шағатай (аңғарылып тұрғандай, ол күйеуінің фамилиясына көш­кен) бес жыл бойына әкесімен бірге «Ұлттық жол» журналын шығарысады. Студент кезінде бірнеше рет Түркияда болады. 1939 жылы күйеуімен бірге Түркияға қоныс аударады да, 1940 жылы Анкара университетінің тіл, тарих және жағырапия факультетінде сабақ бере бастайды (күйеуі де сәл кейінірек сол факультетте қызмет жасайтын болады). 1943 жылы доцент, 1953 жылы профессор атанады. 1977 жылы зейнеткерлікке шығады. 1989 жылы 82 жасында қайтыс болады (ері Т.Шағатай да 82 жаста қайтыс болған болатын). Татар, орыс, неміс, түрік тілде­рімен қатар тағы да бірнеше Еуропа және Шығыс тілдерін білген Сағадат Шағатай ханым үлкен түркітанушы-лингвист ғалым болады, бұл салада көптеген мақала, бірнеше кітап жариялайды, бірқатар халықаралық филологиялық қоғам­дар мен ұйымдардың, ғылыми инс­титуттардың мүшелігіне қабыл­дан­ған, әлденеше конференцияларда баяндамалар жасаған. Кітаптарының кейбіреуін атап өтейік: «Түркі тілдеріндегі зат есімдерден жасалған етістіктер» (неміс тілінде, 1953), «Шора батыр» (1935), «Түркі тілде­рінен мысалдар» (1-том, 1963; 2-том, 1977), «Қазақ мәтіндері» (1961), «Түркі тілдері бойынша зерттеулер» (1978), т.б. Сағадат ханым күйеуі Тайыр Шағатай «Яш Түркістан» журналында қызмет атқарып жүрген жылдарда оған көп көмектескен. Қайтыс боларынан біраз бұрын Сағадат Шағатай «Тайыр – Аяз атындағы Еділ-Орал-Түркістан» қо­рын ұйымдастырып, өзінің ғылыми еңбектері (монография, мақалалары) мен аудармаларын түгелдей сол қорға өсиет етіп қалдырған (Бұл қор қазір де бар)... Ақыры, өкінішке орай, 1939 жылы «Яш Түркістан» журналы жабылып қалады да, Тайыр Шағатай мен Сағадат Ысқақи Шағатай және Әбдүлуақап Оқтай мен Саида Шермұхамметқызы Оқтай біржола туысқан Түркияға барып қоныстанады. Олардың тағдырлары Түркияда қайтадан тоғысады. Ғылым және түркілік идеология жолында адал қызмет істеген олардың әрқайсысы артына едәуір мұра қалдырды. Ұстаздары әрі басшылары Мұстафа Шоқай салып берген сара жолдан, сілтеген идеялық бағыттан, түркілік мақсат-мұраттардан олар ешқашан айныған емес. Мұстафа Шоқай туралы мақалалар мен кі­таптар жариялап, оны еске алуға арналған жиындар мен кештер ұйымдастырып тұрды. «Адамдарды ең алдымен идея, мұрат достастырады» деген нақылдың жарқын дәлелі, міне, осы ғой! Сондықтан Мұстафа Шоқай бастаған бұл тамаша топтың артына, бүкіл түркі әлеміне қалдырған ең маңызды, ең ұлы мұра – «Яш Түркістан» журналы. Ол ешқашан ұмытылмайды, ескерусіз қалмайды. Ол – біз үшін мәңгілік ескерткіш! Оның 117 санында жа­рық көрген мақалалар, айтылған ой-пікірлер өткен ғасырдың 30-жылдарында қалай қажет болса, бүгін де, ертең де дәл солай қажет! Өйткені КСРО құлағаннан кейін түркішілдік идеясының, түркі бірлігі мұратының маңыздылығы қайтадан арта түсті. «Яш Түркістан» журналының рухани жалғасы ретінде марқұм Батырхан Дәрімбет басқарған Ал­матыдағы Мұстафа Шоқай қоғамдық қоры 1998 жылдың көктемінен 2003 жылдың күзіне дейін таза қазақ әдеби тілінде «Жас Түркістан» атты тарихи-танымдық, ғылыми-көпшілік ой-пікір журналын шығарып тұрды. Оның 30 санында да өте құнды көп материал бар. Сонда жарияланған Мұстафаның «Түркістан жастарына» үндеуі оның ел болашағы, ұлт ертеңі – жастардан көп үміт күтетінін аңғартады. «Түркістан жастарына! Бүгін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Тү­рікменстан һәм Тәжікстан деп, жат үкімет күшін алты жұмһириетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айырылмас бір өлке. Халқының қаны бір, діні бір, мақсаты бір. Түркістанның мақсаты – өзінің құрылысы – миллет үкіметін құрып, дербес боп, өз алдына бір үкімет болып тұру. Халқы көптен бұл жұмысқа алысып, шалысып, қан төгіп, соғысып келеді. Үмітіміз зор, мемлекетіміздің келешегіне иланамыз. Түркістан жастары айрықша бұл мақсатымызға жеткізуге таласып, тырбасып жатыр. Біздің мақсатымыз – жалғыз Түркістанның ғана емес, бүтін түрік өлкелерінің, бүтін түрік халқының дос болып, өзара бірлік-пірадарлықпен жасап, сырт­қы дұшмандарға қарсы өзінің то­лықтығын, үкіметінің толықтығын білдіріп қою. Ойымызға жетеміз, та­лабымызды орнына келтіреміз деген иманымыз зор, күшті. Хал­қы­мыз үстіндегі жат үкіметтің күші не қадар ауыр болса, біздің оған қарсы шығысымыз о қадар үзім, о қадар күшті болмақ. Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап, Ауропаның әр тара­бында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың – еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар! Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат, уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, Түрік халқы – арыстан ер халық. Кімнен таяқ жегендей Біздің Түріктің баласы. Алдырып жүрген дұшманға Ауызының аласы. Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз, босып кетеміз. Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін – күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздің күніміз қараң. Мұны ұмытпау керек! Түрік баласы, ұмытпаңдар, бастарыңдағы бөтен елдің үкіметін шығарып тастауға, аударып тастауға тырысыңдар! Берлин, 1936 жыл». Арамызда жоқ ардақтылары­мыз­дың бәрінің жаны жаннатта болғай! Фадли Әли, түркітанушы

9345 рет

көрсетілді

260

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы