• Тарих
  • 19 Мамыр, 2010

Ақбөкені жосатын Арқа, аман бол!

Қазыналы қаласы бұл қазақтың...

Бір жер бар Қазақстан даласында, Құрбыжан, апарайын, барасың ба? Арқаға Алатаудан ақ иықтай, Бір ұшсам, болат топшым, таласың ба? Қасым Аманжолов

Бұл жырласа – әнге, шерткенде күйге ұласқан Сарыарқа ғой! Арқа дегенде алдымен көз алдымызға не келеді? Асан қайғы «жерұйық» деп тапқан, Абылайды ақ киізге көтеріп хан сайлаған, барлық үш жүздің басын қосқан көне тарихтың куәсі – «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» дегізген қарт Ұлытау ма? Аты аңызға айналған Алашахан, Жошыхан, Едіге батырдай алыптардың бүгінге дейін сақталған мазарлары да сол күндердің айғағындай. Әлде «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» деп жалғыз Мәди емес, бар қазақ әнге қосқан жыр елі Қарқаралыны айтарсыз ба? Сарыарқаның саясындағы бұл өңір табиғатының әсемдігі, ел ішін­дегі алтын кенішінен бөлек, заманында Абайға Ділдадай аруын ұзатып, даңқы шық­қан. Мүмкін кезінде даласында жезкиік жосып жүретін, қойнауы әлемге таңдай қақтырған мысты байлыққа толы Жезқазғанды алдымен аузыңызға алар­сыз. Ал тарихтан ойып орын алған Бал­қаш аштық жылдарында қалың бұқараны балығымен өлім аузынан алып қалып, көлінің етегіне паналатқан. Бұлардан бөлек тоғыз жолдың торабы тоғысатын көмірдің ордасы Қарағанды қаласы туралы не білесіз? Көмірлі алқап келбеті Қарашы Қарағанды күмбезіне, Бойлаған мұнарасы күн көзіне. Құрбыжан, қасиетті ол бір қазына, Қуантып, тартпас, сірә, кімді өзіне. Қасым Аманжолов Қарағандының тарихы жайлы сөз қозғай қалсақ, алдымен қазақ әдебиетінің дарабозы Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романы еске түседі. Романдағы: «...Игіліктің қойын бағып жүріп, Бай­жанның баласы Аппақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Салпақтатып суырын, қойнына толтырып тас көмірін әкесіне әкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, ар жағы сіресіп жатқан тас көмір екен» деген жолдар Қарағанды тас көмірінің алғаш қалай табылғанынан мағлұмат береді. Барлық жолдың бағыты түйісетін орталық өңірдегі бүгінде алып шаһарға айналған қаланың бір адым артқа шегініс жасап, тарихына тоқтала өтейік. Қарағандының даму тарихына үңілер болсақ, қадау-қадау іргелі істердің куәсі боласың. Аймақтың шапшаң игерілуіне бірден-бір себепкер болған оның мол табиғи байлықтары еді. Сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдарда Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, М.Русаков тәрізді есімдері бүгінде кеңінен танымал геологтар Орталық Қазақстан аймағының кен байлықтарын зерттеді. Деректер Қарағанды өңірінің азғана уа­қыт ішінде адам нанғысыз қарқынмен дамығандығын көрсетеді. Айталық, 1931 жылдың басында Қарағанды кенішінде 5600 жұмысшы мен қызметші болса, 1935 жылдың қаңтарында олардың саны 22 мыңнан асқан. Шамалы уақыт ішінде жұмысшы поселкесінің орнына 70 мыңға жуық адамы бар қала орнады. Атап айтқанда, 1934 жылы ақпанда кеншілердің жұмысшы поселкесі Қарағанды қала дәрежесін алды. Қазіргі Қарағандының Жаңа қала деп аталып жүрген орталығын салу сол кезде қолға алынған. Ал бүгін ше? Бүгінде Қарағанды күн санап қарыштап қанат жайып, қарқынды дамып келе жатқан қалалардың санатында. Бір жағынан, Елордамыз Астанамен іргелес орналасуы, екі қаланың арасына жаңа Алматыдан кейінгі үлкен екінші мегаполистің құрылуына жол ашқандай. Келген мейманға бұл жақта «Қарағанды» кәмпиттерін, тек бізде емес, шекара асып талайларды тамсандырған тәттілерін алдыңызға тосады. Қазақстанның экономикасын төрт қабырғалы үйге теңер болсақ, соның бір қабырғасын Қарағанды ұстап тұр десек, артық айтқандық болмас. Қаланың тізе берсе көрер, қыдырар жері көп, бірақ, ең бастысы, кешке жаңадан бой көтерген Сәкен Сейфуллин атында­ғы драма театрына соғуды да ұмытпаңыз. Айта кетер бір қызық жайт, Қараған­ды кеншілердің құрметтеріне қойылған ескерткіштің көптеп кездесуімен ерек­шеленеді. Одан бөлек «Кеншілер», «Шах­терлер» атымен аталған сарайлар мәде­ни-қоғамдық іс-шаралардың негізгі ордасына айналып отыр. Қырандар қанат қаққан Ол жердің тоңы алтын, түгі торқа, Қанша алсаң қазынасы түспес орта. Өшпейтін өміріңе от береді, Жігіті Қарағанды, салсаң қолқа. Қасым Аманжолов Жақында қалада осы облыстан шыққан атақты адамдардың суреттері қойылған “Виват Қарағанды” галереясы ашылды. Портреттерде қаланың барлық беткеұстар тұрғындары бейнеленген. Мұнда Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров, тұң­ғыш ғарышкер қазақ Тоқтар Әубәкіров, Ар­мия генералы Мұхтар Алтынбаев, дирижер Фуат Мансұров пен пианист Жәния Әубәкірова, бокстан екі дүркін Әлем чемпионы Серік Сәпиевтің және тағы да басқа елімізге белгілі тұлғалардың суреттері бар екен. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» Иә, Қарағанды тек көмірді емес, елімізге елеулі азаматтарды да «өндіріп» шығаруда. Қазақ телевизиясы­на еңбек сіңірген Камал Смаилов, «Тағамта­ну» ассо­циациясының президенті Төрегел­ді Шарманов, жезтаңдай, күміс көмей әнші Қайрат Байбосынов, белгілі жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбекұлы, «Айтысты» өткен ғасырдың аяғында алғаш теледидарға әкелген Жүрсін Ерман, «Айгөлек» журналымен қазақ баласына ұлттық тәрбиемізді сіңіріп келе жатқан Қымбат Әбілдақызы, «Ұлытау» тобы арқылы қазақты бар әлемге паш еткен Қыдырәлі Болманов, ақын Серік Ақсұңқарұлы секілді тағы да өзіндік орны бар дара тұлғаларымен бүгінде тек Қарағанды емес, барлық қазақ елі мақтанады. P.S. Қазақ елінің қақ ортасында қарапайым ғұмыр кешіп жатқандай көрінгенімен, Қарағанды – қайтпас қажыр мен қажымас қайраттың қаласы. Еленуі тиіс ерлік пен еңбектің елі. Бейбіт күнде боздақтарынан айырылып, боздап қалған кезі де болған бұл қаланың. Қырықтан астам кеншісінен қапыда айырылып, қара жамылған да Қарағанды еді. Бірақ бұның бәрі бүгін – тарих. Ал қарағандылықтар болса, жұртына жылу жеткізу үшін «қара алтын» қазынасын игеруден жалыққан емес. Асқарбек ҚАЗАНҒАП

19038 рет

көрсетілді

59

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы