• Ақпарат
  • 10 Ақпан, 2009

Кеңесші кеңесші деген сайын...

 «Я вам даю поручение внести необходимые изменения, чтобы в биометрическом паспорте национальность была. Национальность у нас никто не отменял...»

                                                                ҚР Премьер министрі Кәрім Мәсімов

                                                      (Үкімет отырысынан 19-қаңтар, 2009) «Пусть это будет единственной ошибкой премьера за два года его роботы...»

                                                        Президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев

                                                              («Свобода слова», №3. 29-қаңтар, 2009)

 

           Жаңа төлқұжат жыры жақын арада басылмайтын шығар. Өйткені, басылдырмайтындар да көп сияқты. Бұлай деп өкінішпен күрсінуімізге кейбір космополит қандастарымыз бен отандастарымыз себепкер болып отыр. Егер олардың атын атап, түсін түстеп тізімдейтін болсақ, тұтас бір баталонның есімдер тізбегі шығар ма еді, кім білсін?

Мәселе:

Жалпы, төлқұжат мәселесі өткен айдың ортасындағы премьер мәлімдемесінен кейін БАҚ үшін түгесілген тақырыпқа айналған еді. Яғни, заманауи жаңа биометриялық паспортқа «ұлты» тармағы енетін болып, ұлтжандылар жағы жеңіске жеткендей болды. Бірақ ойламаған жерден жамбасқа (күрес тәсілі) түсіп қалғанын кеш-еее аңғарған қазақстанДЫҚшыл ағайындар қарымта қайтарудың бірде-бір сәтін қалт жібермеуде деуге болады. Мұны бүгінгі күн шындығы дәлелдей түсуде. Себебі, қазір оты сөнген бастаманың қоламталанған шаласын қозғап, қайта тұтатуды көздейтіндер қатқал-қатқыл үн шығару кірісті.

Дерек:

Осынау жау кеткен соң қылышын тасқа шапқан қыңқыл мен сыңқыл конкурсында аты шулы Ермұхамет Ертісбаев бәрінен де озып кетті деуге болады. Ол анау-мынау емес, сонау Астанадағы екінші кісінің өзіне «сол жолы қате істеді» деп көзге шұқып, сүрен тастады. «Свобода слова» газетіне берген сұхбатында журналистің «сіз жаңа төлқұжатқа қатысты, әм ондағы ұлты деген тармағына  не дей аласыз?» деген сұрағына былай деп көсемсіді: «Төлқұжат деген қазақстандықтардың негізгі құжаты.  Онда ұлты деген тармақ көрсетілген. Шетелдіктердің төлқұжаттарында ол жоқ. Бұл олқылық енді біздің азаматтардың шетел сапарларында көп кедергілер тудыратын болады. Мәселен, өзіміз қатарына қосылғымыз келетін дамыған елдерде көптен бері ұлт дегенді этникалық мағынада емес, керісінше мемлекеттің бүкіл азаматтарының жиынтығы ретінде түсінеді. Олар үшін ұлт, мемлекет, азаматтық деген бір-бірінен айырмасыз ұғымдар...» деп кете береді.

Ол ол ма, енді бір жерінде тағы бір қотырлы сауалға: Мұны премьердің екі жылдық қызметіндегі бірден-бір жалғыз қателік деп есептей салайық» деп сөзін екіұштандырып, «кешірген» сыңайлы. «Тіпті, – дейді әрмен қарай, аса күрделі дағдарыс жағдайына қарамастан популистердің жетегінде кетпеу керек» деп ақылсынады.

Ой мен юмор:

Оқыдым да толқыдым деген осы болар. Көрдік те бөлістік. Егер бар ғой, осыны қазақылығынан айнымаған қара шал қарап шыққан болса, Советбек мырзаның ата-бабасын бір түгендеп шығып, мынадай үш мәселені қадап-қадап айтқан болар еді: Біріншіден, «шетелдеріңмен шейіт кет» дер еді. «Қызық. Бірнәрсе болса болды, саясаткер мен шешен атаулы пәлен елде түген, шүген елде пәлен деп, әйтеуір, біз жоқ, біз бара алмайтын, барсақ та қабыл алмайтын жердің бәрін мысал қылып шыға келеді. Орекеңдер «ұжмақ біз жоқ жерде» деп бекер айтпайды. Немене, көршімнің ер-тоқымы жоқ екен деп атқа жайдақ мінуіміз керек пе? Екіншіден, қазақ атымен бармайтын болсам, ондай алыс, шетелдік сапарларыңның құны көк тиын. Үшіншіден, тіпті, маған десе, шекарашылар паспортыңда түсініксіздік көп деп шекараларынан өткізбей жіберсін. Сондай-ақ қыр артындағы ауылда тауығын да, қазын да, итін де, битін де өзінің фамилиясымен атағанына қарап, біз де сөйтеміз бе?» Иә, иә, тұп-тура осылай деп дүңкілдеп қоя берер еді. Бірақ біздің әлгіндегідей деп батыл сөйлей алатын қазекеңдер кеңесшінің не дегенін білмей қалады-ау! Себебі де белгілі, бірі орыс тілінің, екіншісі қазақ тілінің қазағы.   Әрине, Ертісбаевтың алдына «мына айтқаныңыз бұрыс, анаусысы қырыс» деп ғылыми дәлелдер мен деректерді жаңбырша жаудыруға болар еді. Бірақ, оған «қысың не, жазың не» деген адам емес пе?

Қысқаша әдеби-саяси шолу:

Жасыратын несі бар, «Қазақстандық ұлт» идеясының шынайы өмірде жүзеге асуына барлық тараптардан идеологиялық жорықтар жасалуда. Сондағы мақсаттары қазақ халқының ұлттық сана-сезіміне «қазақстандық» деген түсініксіз, шетелдік кальканы сыналап ендіріп, бойын үйрете беру. Бірақ әзірге айтарлықтай жетістіктерге жете қойған жоқ. Оның өзінде ең алдымен қазақ ұлтының ерік-жігерінің арқасында ғана тоқырап тұр. Бүгінгі үнсіздігіне қарап, басы біржолата қақыраған екен деп қалмаған абзал. «Қазақстандық ұлт» идеясынан сомдалған идеологиялық құбыжық (төлқұжатқа қатысты) ол жолы шегінуге мәжбүр болды. Дәлірегі, бүгінгідей дағдарыс жағдайында этникалық негіздегі саяси бас ауру тапқысы келмеді, Алайда бұл идеяның басын ешкім кесіп алған жоқ. Жәй, айғалап, шулап дегендей от, тас лақтырып қуалап жібердік. Бірақ оны оралмайды деп айтуға болады ма?? Жонданып, азуы қатайып қайта соқпасына кім кепіл? Ертісбаев секілді ермелер қашан жағы семгенше оның сөзін сөйлей береді. Дәл бұған күмәніңіз болмасын.

Арман:

Кезінде мәдениет және ақпарат министрі болып нақты халық жағдайына (пікірі, көзқарасы, бағыты) қанықпаған сол бәз баяғы қалпы. Оған Шаншар театры әзілінің ізімен «телеахранитель!!!» Нұржанша: «Ермұхамет мырза, өзіңізге көп алып қойған жоқсыз ба?» деп сұрақты төтесінен қою ғана қалып тұр. Шіркін, осындай шешендерге  «УБААЗ» дейтін кім бар екен?

                                                                                       Шәмілдүр ФАРАБИТЕГІ                                                                                  

3076 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы