• Руханият
  • 20 Мамыр, 2010

Ұлт рухының көне бастауы. Байрағымыз – бөрі, ұранымыз – Алаш, салтымыз – қазақ

d0bad0b0d181d0bad18bd1801ҚАЗ. ҚАЗАҚЫЛЫҚ. ҚАЗАҚ. Кез келген қазаққа бөрілі байрақтың жорыққа шық­қанда көтерілетіні, жауға шапқанда «Алаш» деп ұран салатыны әбден таныс һәм белгілі. Ал оқырман тарапынан ұлт этнониміне айналған «қазақ» сөзінің салтқа қандай байланысы бар деген сауал туындауы әбден мүмкін. Сондықтан сөзіміздің арқауын «қазақ» ата­уын ашуға айшықтап отырған салмағы ауыр сауалдарды тудыратын «салт» сөзінің «тіркемелік» мағынасын анықтаудан бастауды жөн санап отыр­мыз. «Қазақ» этнонимінің эти­­мо­логиясы тура­лы ғылымда сан ал­уан пікірлер бар. Солардың ішінде қазақ халқының ғасырлар бойы тұ­тынған тұрмыс салтының көрінісін, өмір сүру менталитетінің ноба­йын бейнелей алатын пікір – қазақ атауының орнығуына «елден бөлек кетіп, еркін, азат өмір сүру» деген мағынаны байланыстыратын, жарыс­тыратын таным. Өткен ғасырдың 80-жылдарында қазақтың талантты ғалымы Қ.Өмірәлиев «қазақ» ата­уын көне түркілік «қаз» етістігінен шығарып, оның мағынасын «өз бетінше күн көру» деген ұғымға сай келетінін жазған болатын. Ғалымның пікірі өте орынды айтылған еді. Өкінішке қарай, қайсыбір зерттеу­шілердің қазақ этнонимін сақ дәуірінен тарата келіп, «нағыз сақ» деген мағына беретін «қайсақ» («қай» сұрау есімдігінен «нағыз» деген ма­ғынаның қалай қиысатынын түсіну өте қиын!) атауынан туған деген сияқты «әсірешілдіктерінен» ол пікір әрі қарай өз өрісін кеңейте алмады. «Қайсақ» – қазақ атауының қалмақ-ойрат тілдеріндегі дыбысталуы. Бұл атау қалмақ-ойрат информаторларынан орыс, қытай деректеріне түскен. Жоғарыда аталған «қаз» етістігі­не қатысты Қ.Өмірәлиевтің дәйегі көне түркі жазба ескерткіштері мен түркілерге қатысты араб-парсы жазба деректерімен сусындаған еді. Ғалым көне түркі жазбаларында кездесетін «қадақ будун» тіркесіндегі «қадақты» бүгінгі «қазақ» сөзінің көне түбірі деп санайды. Онда «д» дыбысы «з»-ның баламасы. Қазақ тілінде «д, з» дыбыстарының өзара ауысуы түбір сөздерде жеке-дара сақталған. Мысалы, «қада қағу» мен «қазық қағу» немесе «қадалып сұрау мен қазбалап сұрау» деген тіркестердің мағыналары қазақ үшін бір-бірінен алыс емес. Көне түбір сөздегі «д» дыбысының «з» сыңарындағы жаңа баламасы ХІІІ ғасырдан бастап түркі тіліне әбден орнығады. Себебі ХІІІ ғасырда жазылған араб-қыпшақ сөздігінде «қазақ» атауы «ел-жұртынан айырылған, жалғыз қалған кісі» деген мағынада тіркелген. Олай болса, көне түркілердегі «қадақ» пен орта ғасырлардағы қыпшақ түріктеріндегі «қазақ» атауының алғашқы мағыналары «еркін, өз бетінше күн көру» деген ұғымда сақталған. Қазақ, қазақылық – «қаз» етістікті түбірден өрбиді. «Қаз» түбірінде «бөлек кету, бөлек шығу» деген ұғымдарды беретін халықтың көне дүниетанымының іздері әлсіз болса да сақталып жеткен. Салыстыруға дәйек ретінде талай ғасырлар асуынан асып жеткен, өзгеріске өте баяу бой беретін халықтың көне наным-сенімдері, түсініктері жинақталған отбасының ғұрыптық құбылыстарынан парал­лель іздеуге болады. Мысалы, халқы­мыз дүниеден озған кісіні «қаз+а болды» деп санайды. Мұнда «қаз+а» сөзі марқұмның бұл дүниеден о дүниеге (басқа, бөлек дүниеге) кетіп бөлінгенін білдіріп тұр. Бұл қазақ халқының дүниетанымына ғана қатысты ұғым емес. Дүниежүзі халықтарының көне мифологиялық дүниетанымын салыстыра қарастырған ғалымдар жер жүзінің әр тарапынан табылған мысалдар арқылы ертедегі адамдар дүниені, соның ішінде өлімнің өзін де мәңгілік өмірдің өзгеше түрленген жалғасы деп танығанын жазып жүр. Дәстүрлі дүниетаным бойынша, өлім – бір түрден екінші түрге ауысудың немесе бір дүниеден екінші бір бөлек дүниеге көшкен керуен. Мұндай мифтік түсінікті хал­қымызда ежелден келе жатқан тұсаукесер ғұрпынан да көруге болады. Жаңа туған бала дүниеден қайтқан ата-бабаларының рухы ар­қылы келеді немесе өлген адам жаны басқа түрге еніп, қайтып оралады деген түсінік көптеген халықтардың дүниетанымында бертінге дейін сақ­талған. Мәселен, Ш.Уәлиханов жазып алған «Өлі мен тірінің достығы» атты қазақ ертегісінде: «Аспанда да адамдар өмір сүреді. Олар белдікті тамағына тағынады, жерде, ортада өмір сүретіндер біздер белімізді буынамыз, өздерінің біздегідей күн мен айы, жұлдызы бар жер астындағылар белдікті аяқтарына байлайды», – деген түсінік бар. Қайтқан кісінің жаңа жалғасы жас нәрестенің аяғын апыл-тапыл басып, өз бетінше тұрып-жүруге ұмтылғанын ырымдайтын рәсім – тұсаукесер ғұрпы. Сол ғұ­рып үстінде орындалатын жырда тұрақты қайталанатын «Қаз, қаз, қаз балам// Қадамыңа мәз болам» деген жолдардағы ақ тілекте өз бетімен жүруге талпынған сәбидің талабына қуану сезімі «қаз» етістігімен берілген. (Бізде тұсаукесердегі «қаз» етістігін қазақ арасына кейін ауысқан асыранды құстың бір түрі қаздың жүрісіне балау орын алған. Қазақтар қазды асыранды құс етіп бақпаған. Біз үшін қаз – «аспанда әуелеп ұшқан» жыл құсы). Жас сәбидің алғашқы ұмтылысына риза болған бұл қуаныш сезімінде «қаз» етістігінің орын алуы тегіннен-тегін емес, өйткені бұл дүниеге тылсым күштердің қолдауымен ке­ліп, алғашқы қадамын тәй-тәй бас­қан сәби халық танымында бөтен дүниеден бергі дүниеге (бұл дүниеге) өтті деген қуанышты білдіреді. Осындай түсініктің негізінде халқымыз қаза болған ата-бабасы жаңа туған нәресте арқылы қайтып оралады деп санап, қайтқан кісінің артында атқарылатын рәсімдер (қырқы, жылы) жаңа туған баланың өсу жолында (қырқынан шығару, тұсаукесер) қайталанып отырған. Ал сол бала ержетіп, балиғатқа толған уақытта «азамат» болды деп, үйлендіріп, бөлек шығарады. Аталмыш мысалдар ғұрыптық салттарды «қаз» етістігін қазақ эт­нониміндегі «бөліну, өз бетінше күн көру, еркін жүру» сынды мағынаны сақтап қалған көне сауыт немесе құты деп тануға болатындығын ұғындырады. Бөлектік мағына беретін «қаз» етіс­тігі Қазақбай, Қазыбек, Қазыбай, Қазымбек, Қаз+туған деп келетін кісі есімдерінде орын алып отырады. Бұл есімдерді ата-ана баласына «еркін, азат болып өссін» деген ниет­пен қойған. «Қазақбай, Қазыбек, Қазтуғандардың» қазіргі күндегі баламасы – «Еркін, Ерік, Азат» деп келетін есімдер. Өткен тарихта өз есімімен ер­кіндік символындай болған тұлға –Қазтуған жырау. ХҮІ ғасырдан бас­тап отырықшы Ресей патшалығы басып алып, жаппай қала, бекініс салып орналаса бастаған Еділ бойындағы қоныстардан: Мен салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге Менен қалған мынау Еділ жұрт, – деп, өзге өлкеге қоныс аударып, еркін, азат өмір сүруді қалаған атақты жырау Қарғалыбойлық («Қарғалы» –Ақтөбе өлкесіндегі өзен атауы. Қарғалы+бойлық сөзі біріккенде «лы» қосымшасы түсіп қалып, жырау «Қарғабойлық» деп атанып кеткен. Салыстырыңыз: Сырбойлық, Жембойлылық, т.б.). Қазтуғанның есімі де оның қоныстан, жұрттан бөлек кетуі іс-әрекетіне байланысты қойылған лақап есім болуы да ғажап емес. Қарғабойлылық Қазтуған туралы батырлық жыр да оның осы әрекетін дәріптейді. Ноғайлы зерттеушілерінің көрсетуінше, Қазтуған – Үлкен Ноғай Ордасынан (Еділдің сол жақ беті) Кіші Ноғай Ордасына көшіп, Кавказ етегіне қоныстанған жұртты билеген кісі. «Қаз» түбірі топонимикалық атау­ларда да бар. Айталық, Кавказдағы таулардың бір бөлігін «Қазбек» деп атайды. Бұл атау таудың орналасу сипатына байланысты қойылуы да әбден мүмкін. Сондай-ақ қазақтар дауласушы кісілер келіп жүгінетін, дауға қатысы жоқ бөлек кісіні «қазы» деп атайды. «Қаз» етістігінен «қазақ», «қа­зақылық» сынды атау есімдері туын­даған. Қазақылықтың түп бас­тауы көне ру-тайпалық қоғамдағы ер кісілердің алғашқы қосындар құрып, әскери демократия құндылығын қа­лыптастырған кезеңге бойлайтыны сөзсіз. Мысалы, әлдебір топтың елден бөлініп шетке шығып, әскери қосын құру көріністері көне Түркі қағанатының жазба ескерткіші Ор­хон-Енисей жазбаларындағы жыр жолдарына да кестеленген. Онда Білге қаған мен Күлтегіннің арғы аталары елден бөлінген ерлердің басын қосып, үлкен әскери қосын жасақтап, түркі халықтарын қайта ел қылғаны жырланады. Жазба деректер көздеріне сүйенсек, түркілік кеңістікке қа­зақылық ХІҮ-ХҮІ ғасырларда әлеу­меттік институт болып орныға бастайды. Аталмыш ғасырларда жазылған тарихи жазба еңбектерде «қазақ» атану немесе «қазақылық құру» елден бөлініп кетіп, әскери қосын құрып ешкімге бағынбай жеке тіршілік кешу салтын білдіретін мағынаға ие бола бастағаны айқын көрінеді. Мысалы, толық күйреуге бет алып, бірнеше ұлысқа бөліне бастаған Алтын Орданың бір пұшпағы көшпелі Өзбек ұлысынан «қазақ шығып», көршілес Шағатай ұлысының шекарасына шабуыл, жорықтар жасаған әскери қосындар туралы деректер ХҮ ғасырдың орта шенінде тимуридтер тарихшыларының жазбаларына тіркелген. Айталық, Әмір Темірдің баласы Шахрухтың қызметінде болған Абд ар-Раззак ибн Исхак Самарқани­дің баянында 1440-1441 жылдары Өзбек әскерінен «қазақ шығып» кеткен топ Темір иелігінің шеткері аймағы Мазандаранға шабуыл жасағандығы туралы оқиға тіркелген. Шахрух бұл өлкені қорғау үшін жыл сайын түмен (он мың) басқарған әмірлерді ұстап, сол жақта қыстап шығып отыруға мәжбүр болады. Сонымен қатар орта ғасырларда «қазақ» атауы немесе «қазақылық ету» жекелеген кісілердің іс-әре­кеттеріне де қолданылатын болған. Айталық, көшпелі Өзбек ұлысының негізін қалаған Шайбан Әбілқайыр хан тағына көтерілгенге дейін өзін қолдаған бір топ әмір-билермен қазақылық өмір кешеді. Моғолстан хандарының ішінде «шын пейілді мұсылман, отаншыл, іскер және ер­жүрек» қасиетімен ерекшеленген Уәйіс хан әкенің тағына отырған немере ағасы Шир Мұхаммедпен бақталас болып, ақырында ағасының жанынан кетіп, қазақылықты серік қылады. Оның жанына өздерін батыр (баһадүр) санаған моғол ұлысының жастары қосылады. Қосыны көбейген Уәйіс хан өзіне тиесілі мұрагерлік хан тағын өзіне қайтарып алады. ХҮІ ғасырда өмір сүрген Әмір Темірдің ұрпағы атақты Бабыр да біршама уақыт қазақылық етеді. Олай болса, орта ғасырлық көшпелілердің арасында еркін, азат, тәуелсіз тірлік баламасына бағаланған қазақылық өмір сүру салтының орны ерекше болған. Сол салтқа құрмет пен сүйіспеншілікті ХІХ ғасырға дейін үзбей сақтаған бірден-бір халық – қазақ. Мұны кезінде ғалым Ш.Уәлиханов ерекше атап өткен болатын. «Кочевой степняк, для отличия от своих городских родовичей-соседей, узбеков и ногайцев, гордился именем казака – свободного степняка, кочевого человека», – деп жазады ол. «Қазақ» атауында «еркін жүрген, тәуелсіз ел деген» мағына барлы­ғын оқымысты ақын Шәкәрім Құ­дайбердіұлы да атап өткен: Құралған әр рудан қазақ басы, Анда боп қан қосылған қа­рындасы. «Ел болып, өз еркімен еркін жүрген» Деген сөз қазақтықтың мағынасы, – деп жазады шежіреші ақын. Қазақылыққа деген құрмет туыс­қан ноғай халқында да сақталған. Оларда «қазақылық» бақытты сырт өлкеден іздеу, қысастыққа кек алу деген ұғымды береді. Тіпті ноғайлардың ауыз әдебиетінде арнайы сала болып қалыптасқан «қазақ жырлары» деген жыр шоғыры (циклі) бар. Онда адам бойындағы тәкаппарлық, қорқақтық, сараңдықтар сыналып, әділетті, еркін өмір, бірсөзділік сынды қасиеттер айрықша дәріптеледі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, біздің халқымыздың да жеке ұлт болып қалыптасуына ата-бабаларымыздың кең даланы меридиан бойынша жаз жайлау (солтүстік), қыс қыстау (оңтүстік) арасында еркін көшіп-қонып, азат ел болуға ұмтылған қазақылық салт-санасы әсер еткен. Тарихтан белгілі, ХҮ ғасырдың орта шенінде Керей мен Жәнібек хандар басқарған ру-тайпалар Жошы ұлысындағы көшпелі Өзбек ұлысынан бөлініп, Шағатай ұлысындағы Мо­ғолстан жерінде жеке хандықтың негізін қалайды. Ел-жұрттан бөлініп кеткен бұл тайпалар одағына «қазақ» деген лақап атау тағылады. Бұл дерек М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде тайға таңба басқандай жазылған. Ол былай деп жазады: «Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар азғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. ...Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп жырылып қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан, оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды». Демек, тарихи жазба дерек көздері мен аңыздар мазмұнының тоғысатын жері деп қазақ халқының жеке ұлт болып қалыптасуына азат, тәуелсіз, еркін тірлікті қалаған «қазақылық салт» тікелей әсер еткен деген уәжді ауыз толтыра айтуға болады. Еркін­дік, азаттық – қазақ этнонимінің си­нонимі. Біз табиғатымыздан ер­кіндікті аңсап туған жұртпыз. Мұны ұлт рухының басты діңгегі деп санауға болады. Ал қазақылық салт негізінде басы құралған жұрттан жеке мемлекет құра білген Шыңғыс хан тұқымдарының (Керей-Жәнібек, Қасым-Есім, Тәуке, Әбілқайыр, Абылай хандардың) саяси қызметтерінің орны өзінше бөлек бір әңгіме. ТОТЕМ БАБА. БӨРІ. БАЙРАҚ. Қандай іс немесе бастама болсын алдымен идея түрін­де пайда болады. Қазақылық салт та белгілі бір идеологиялық шатыр­дың астында өсіп-өнгені, дамығаны сөзсіз. Ол шатырдың қазығы терең, діңгегі мықты болуы тиіс еді. Далалық өлкелерде тәуелсіз, еркін өмір сүру салтын қалаған қазақылық мүддеге қызмет ететін идеологиялық құралды тотем бабаларға деген наным-сенім атқарды. Түркілердің тотемі далалық өңірдегі ең жыртқыш, азулы әрі азатшыл аң –қасқыр. Қасқыр тотемі туралы әңгімелер ғұндар, көк түріктер, үйсіндер, оғыздар сынды ежелгі халықтардың көне мифтерінде сақ­талған. Мысалы, көшпелі ғұн тай­паларының тарихы баяндалған Қытай жазбаларында сақталған ғұн мифінің бірінде ғұндар – хан қызы мен қас­қырдан тараған ұрпақтардан өсіп-өнген халық. Қытай жазбаларының ендігі бір тұсында қасқыр – ғұндар жаулап ал­ған көне Үйсін елі билеушісінің баласын емізіп, құтқарып қалған киелі аң. ҮІ ғасырда тарих сахнасына дүркірей көтерілген көк түріктер де өздерін ғұн тайпасының ханзадасын асырап алған қаншық қасқырдан тараған Ашина тайпасының ұрпағымыз деп санаған. Ашина тайпасы түркілердің билеушілер династиясы болған. Л.Гумилевтің жазуынша, «Ашин» сөзі екі түбірден тұрады. «А» түбірі – қытай тілінде құрметтеу префиксі. Екінші түбір «шина» – моңғолша «шоно, чино» сөзі. Бұл қасқыр дегенді білдіреді. Демек, «Ашина» – «қадірлі бөрі» дегенді білдіреді. Көк түркілер қасқырды ерекше құрмет тұтқан. Мысалы, Құтылық қа­ғанның әскери гвардиясы «бөрілер» деп аталған және олардың жау келгенде көтеретін байрағына да алтынмен зерленген бөрінің басы бейнеленген. Түрік қағанаты тұсында тастан қойылған Бугут қорымындағы белгіде (стела) қасқырдың бейнесі бедерленіп, оның бейнесі көркем жыр жолдарына түседі. Бұл поэтикалық образды Орхон-Енисей жазба ескерткішінде­гі Күлтегін жырынан көруге болады. Жырда түркілердің әскері бөріге теңеледі: Әкем қағанның әскері бөрідей бопты, Жаулары қойдай бопты. Қазақтың батырлық жырларында «бөрідей тиді», «бөрідейін түн қатып» деген жолдар жиі кездеседі. Тіпті атақты Қарақыпшақ Қобыланды батырдың жары, қамқоршысы Құрт­қаның есімінде қасқыр атауының жүруі кездейсоқ емес. Қасқыр тотемінің бейнесі түр­кілердің бір бұтағы оғыздардың да фольклорлық мұраларында сақ­талған. Мысалы, оғыздардың көне жыры «Оғызнамеде» қағанды жеңіс­ті жорықтарға бастайтын аң – көктен түскен көкжал. Ежелгі қып­шақтардың да қорғаушы бабасы – қасқыр. Жорыққа аттанар алдында қыпшақтар бөріден көмек тілеп, жалбарынады. ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы қыпшақтардың арасында ел билейтін хандар шығып отырған Елбөрі атты мәртебесі жоғары тайпа болған [Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. Алматы, 1999, 279-б]. Қасқыр тотемінің бейнесі көшпелі башқұрт халықтарының мифтік әңгі­мелерінде, шежірелік аңыздарын­да сақталған. Онда қасқыр бірде башқұрттарды жаңа қонысқа бастап келген киелі аң болса, енді бірде қаншық қасқыр сұлу қызға айналып, аңшы жігітке тиеді. Одан туған бала Башбөрі атанып, сол рудан башқұрттар тарайды. Қасқыр тотемі башқұрттың ру атауларына да енген. Башқұрт арасындағы Күдей Орман руының арғы атасы Көкбөрі деп те аталады [Башкирские предания и легенды. Уфа, 1985. 71-83-б.]. Түркі халықтарының дала жырт­қышы қасқыр (бөрі) бейнесі қазақтың жауға шапқанда жауын­герлік рухын оятатын байраққа бедерленген: Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерілсе, Қозып кетер қайдағым, – деп жырлайды атақты Сүйінбай ақын. Көшпелі тірлік құрған жауынгер, азатшыл түркі халқының бір ұрпағы қазақтардың байрағына бөрінің басы рәміз ретінде алынуы – көне рухтың белгісі. Ол рух «біз көк бөрінің ұр­пағымыз» деген ұғымды береді. Ғалым Қ. Өмірәлиевтің «көне замандардан «алтын бөрі бас» ту ұстап, «көк бөрі» ұранын ұстанып, «тутуң будун», «қадақ будун», «қазақылық» сынды әскери қызмет атқарған жұрттың қазақ халқына тікелей қатысы бар» деп жазуы – ғылыми қуатты пікір. Қазақ – көне түркілердің елдің рухын жігерлендіретін бөрілі байрақ рәмі­зін сақтап қалған халықтың бірі. Жоғарыда келтірілген мысалдар мен талдаулар Сүйінбай ақын жырына бөрі бейнеленген байрақтың не себептен кестеленгенін анық ұғындырады деп ойлаймыз. Ендігі кезекте жауға қарсы бөрілі байрақ көтерілгенде жалаудың бойына жан бітіретін ұран «Алаш» сөзінің мағынасын ашуға кірісеміз. ҰЛЫ ЕНЕ. ТОТЕМ БАБА. АЛАШ. Түркі тектес ха­лықтардың арасына кең тараған таным бойынша Алаш – ортақ ұран және түпкі баба. Ұран мен ұлы баба халықтың тотемдік наным-түсінігіне байланысты қа­лып­тасатыны белгілі. Бөрілі бай­рақ­тың тотемдік сипаты сурет арқылы анық болса, сөзбен жеткен «Алаш» ұранының түпкі мағынасы өте көмескі. Байрақтағы бөрі басында қандай көнелік сипат болса, ұранға айналған «Алаш» ұранында да сондай белгі бары анық. Мұны алғаш тілге тиек еткен Алаш көсемі Ә.Бөкейхан еді. Ол ХІХ ғасырдың соңында Алаш қазақ руларының ортақ ұраны екенін айта келіп: «...Ни один из этих родов не отказывается от подчинения, кроме своего родового частного «урана» (боевой клич), общенародному «алаш» обязываещему каждого киргиза беспрекословно идти на помощь обиженному собрату, забывая даже междоусобицы и хотя бы в виду сильного неприятеля и неминуемой от него смерти. Эта-то своеобразная и интересная жизнь киргизов отразилась, как в зеркале, в их разнообразной и богатой устной поэзии. Многие из этих произведений носят на себе следы глубокой древности и печать отдаленного прошлого жизни, быта и верований киргизов», -деп жазады. «Ажал кебінін киетін қауіпке қарамастан алаш ұранының соңына еретін қазақтың» көне дүниетанымында «Алашқа» қатысты көмескі таным бар екендігін М. Дулатов та атап өтеді. Ол былай деп жазады: «Қазақтың не себептен алаш, не себептен қазақ, үш жүз атағанын баяндайтын бұлардан басқа да ертегілер бар… Бірақ мұндай ертегілер қа­зақтың аты, тегін зерттеушілерді ойға қалдырарлық жері бар. Мәселен, қазақ, я Алаш, қалай да болса, бір кісі емес екені рас-ау, әйтпесе біріне-бірі қайшы келе берсе де, көптеген халық аузында сөйленіп ертегі болып жүргеніне қарағанда, «қазақ», «Алаш» сөздерінің түбінде бір көмескілік бар ғой дегізетін. Тарихшылар мұндай ертегі сөздерді де ескерусіз қалдырмай, түбінде салыстыра, қорыта келе бір дәлелді мағына шығаруға болар деген үмітпен жинап жазады. Бірақ әлі күнге шейін ондай сөздерді қолданып, бір нәтиже шығарған жоқ». ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Алаш зиялыларының тарапынан қо­йылған бұл мәселе әлі күнге де­йін өз маңызын жойған жоқ. Біздің­ше, Алаш ұранын жалпыхалықтық дүниетаныммен, атап айтқанда, түркі-моңғол кеңістігіндегі халықтардың тотемдік наным-сенімімен және көшпелілік таныммен байланыстыра зерттеген дұрыс. Өйткені «Алаш» – қырғыз, қарақалпақ, ноғай, өзбек сынды көшпелі түркі халықтарына да ортақ ұран. Тіпті Г.Потанин­нің айтуынша, «Алаш» ұранын моң­ғолдар да қолданады. Қазақ тарихшысы М.Тынышбаев қырғыз бен қарақалпақтар қазақтармен жүз ар­қылы емес, ортақ «Алаш» ұраны арқылы бірігетінін атап өтеді. Түркі-моңғолдық туысқан халықтарды Алаш ұғымы арқылы жақындатып тұрған басты нәрсенің бірі – тегі мен тілі бір туысқандық қана емес, көшпелі тұрмыс-тіршіліктен туындайтын дү­ние­танымның бірізділігі. Дүниетанымның бірізділігі көш­пелі халықтардың сыртқы жауға бірге тізе қосып күресу үміті мен тілегіне де сүйеу болады. Көшпелі түркі халықтарын, яғни «Алашты» бір шаңырақ астына біріктіруге ұмтылу көрінісі қазақ тарихында бірнеше рет орын алған еді. Айталық, ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегінде хандық билік пен отаршылдық езгіге қарсы көтерілістің жетекшісі Сырым батыр көшпелі тіршілік ететін алты алаш халқын – қарақалпақ, сарт, өзбек, қазақ, түрікмен, естектерді (башқұрт) орыс үкіметіне қарсы бірігіп кү­ресуге шақырғандығы туралы аңыз сақталған. Ол: «Мы – каракалпаки, сарты, узбеки, казахи, туркмены и эстеки – все эти шесть народностей должны объединиться и выступить войною против русского царя, иначе он поодиночке разобьет каждого из нас», – деген үндеу тастаған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары да көршілес қырғыз халқын Ресейдің отарлау саясатына қарсы көтеруге ұмтылғаны тарихтан белгілі. Олай болса, қазақтарда Алаш ұғымына қатысты дүниетаным өзге түркі тектес халықтарға қарағанда тереңірек сақталған. Қазақтың шежіресі де Алаштан таратылып, алғашқы ханның есімі де Алаша. Алаш туралы шежірелерде көшпелі халықтардың (өзбек (қазіргі өзбек халқы емес, көшпелі көне өзбек), қарақалпақ, түрікмен) аттары аталса, Алаша хан туралы аңыздарда далалық өлкеде еркін көшіп-қонып жүрген, ержүрек тәуелсіз көшпелі тұрмыс ардақтау сарыны басымдылық танытады. Көшпелі, еркін тұрмысты аңсау сарыны Мәшһүр Жүсіп жазбаларына тіркелген аңыздың мазмұнынан ай­қын көрінеді. Оның қысқаша мазмұ­ны мынадай: «Бұқара ханы (назар аударыңыз:отырықшы өлкенің ханы – А.Ә.) Қызыл Арыстанның анадан ала туғандықтан Сырдариядан әрі өткізіп (далалық өлкеге – А.Ә.) қуып жіберген баласы Алаша уақыт өте келе ел болып қатты күшейеді. Оны естіген хан Қотан, Қоғам, Қондыгер, Қобан, Майқы билерге елші жіберіп, баласын қайтаруды сұрайды. Билер өз тарапынан жүз жігітті жіберіп, «қайтсын» деген хан тілегін жеткізгенде, Алаша хан маңындағылар: «Аты бестісінде қартаятын, Жігіт жиырма бесінде қартаятын, Көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, Еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын, Тымақты тақияға айырбастайтын, Пышақты қасыққа айырбастайтын, Тары мен бидайдың нанын жегенге, Жаумен көженің суын ішкенге құтыратын, Бөдененің бір санын жегенге күпті болатын сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасығаннан басқа қызығы жоқ жерде не ақыларың бар?» – деп жауап қатып, отырықшы өмірді жақтырмайтынын жеткізеді. «Біз енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік» деп Алашаны Ұлытаудың басында хан сайлайды». Аңыздың соңы көшпелі қазақтарға билік құрған Алаша ханның тұсы халық тұрмысының бағы жанып, татулығы жарасқандығын мәтел сөзбен жеткізеді: «Кеше Алаш, Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, Үйіміз ағаш болғанда, Ұранымыз Алаш болғанда, Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!» Аңыздағы «үйіміз – ағаш» деген тіркес – көшпелі тұрмыстың басты символы киіз үйдің бейнесі. Ал «Ұранымыз Алаш болғанда //Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деген жолдар «Алаш» ұраны арқылы көшпелі қазақ руларының Үш жүз болып біріккендігінен хабар беріп тұр. «Қазақ халқының, – деп жазады Қ.Халид, – «ұран» дейтін сөзі бар. Қыздыру, жиналу, қайрат беру мағынасында айтылады. ...Әр рудың өзіне тән ұраны болады. Егер өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыс бола қалса, «Алаш, Алаш» деп шақырады». Алаш ұраны, сөз жоқ, «өзге тайпалармен ұрыс-қақтығыста» шақы­рылатын «бүкіл әскерге ортақ ұран». Соғыс, ұрыс үстінде жауласушы жақтар ұран сөзі арқылы өздеріне жәрдемге, көмекке келетін тотем бабасын, аруақ иелерін, әулие-әнбиелерді, пірлерді шақырады. «Алаш» – я тотем баба, я құдіретті аруақ иесі. «Алаш» ұранында қалмақ, моңғол тіліндегі «кісі өлтіргіш», «жан алғыш» деген мағына бар екендігі белгілі. Бірақ ол қалмақ, моңғол тілдеріне қалай орныққан. Біздіңше, ол көш­пелілердің «бөрі, қасқыр» деген ұғымынан алынған. Алаш – жырт­қыш қасқырдың атын тура атамай, тұспалдап атайтын көп атауларының бірі. Мысалы, қазақтар қасқырды «бөрі», «ит-құс» деп те атайды. «Алаш» сөзінің қасқыр ұғымын беретін мағынасының түзілуіне көшпелі түркі-моңғол тектес ха­лықтардың көне мифтік түсінігі арқау болғанға ұқсайды. Бұл түсініктің қалыптасуына Шыңғыс ханның арғы шыққан тегін баяндайтын көне аңыздың тікелей әсері бар деп есептейміз. Ол – моңғол тектес тайпалардың шығу тегін баяндайтын Алаң-Қоғаның (сұлу) тағдыры мен бес ұлы жайлы болып келеді... Қазақ фольклорының материал­дары бойынша, Алаш – түрлі тай­палардың одағынан құрылған «Үш жүз Қазақ» атты саяси бірлестіктің жалпыхалықтық ұраны. Қазақ аңызы: «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда «Алаш, Алаш» деп шабыңдар. «Алаш, Алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты», – дейді. Демек, Алаш ұраны – әке орнынан да жоғары ұғым. Себебі ол түпкі – тотем баба. Қорыта келгенде, көшпелілерге «Алаштың» ұран болып жүрген себебі бірнешеу. Біріншіден, ол – Еуразия кеңістігінде ХІІІ ғасырдан бастап тұтас дүниетанымға айналған шыңғысизмнің бастау арнасы. Екін­шіден, Алаш – бір ана мен бір атадан (тотем бабадан) тараған ұғымның түсінігі. Үшіншіден, Алаш – бірліктің символы. Ата-бабаларымыздың бөрілі байраққа қаны қалай қызатын болса, «бөрінің ұрпағымыз» деген мағына білдіретін «Алаш» ұранына да солай қаны тулайтын болған. Дала жыртқышы, азатшыл қасқыр бейнесін байрақ пен ұранға арқау етіп тәуелсіз, еркін, азат тірлікті қалаған қазақылық салтқа жебеуші етіп алған біздің бабаларымыз кең далада көшпелі тіршілік кешкен. Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің Алтайдан Атырауға, Сыр бойынан Сібір өлкесіне дейін созылған кең-байтақ жерге ие болып қалуына ата-бабаларымыздың көшпелі, қазақылық салтты ұстануы да өз септігін тигізген. Азатшылдық ұғымы сіңген қазақылық салтты мұрат тұтып, соның негізінде тарихта бірнеше рет жеке мемлекет құрған бөрі тектес қазақ ұлтының шын мәніндегі азат, тәуелсіз тірлігі бүгінгі таңда жүзеге асуда. Сондықтан біздер ҚАЗАҚ дегеннен еркіндікті, азаттықты, АЛАШ дегеннен бірлікті тануымыз қажет. Сол мұраттарды интеллектік(ақыл-ой) басымдылық, экономикалық үстемдік талас-тартысы қатаң жүріп жатқан жаңа заман талабына сай үйлестіре білу, оны сақтап, ардақтап, дамыта білу – әр қазақтың басты парызы.

Алмас ӘБСАДЫҚОВ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы

12350 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы