• Тіл
  • 08 Қаңтар, 2009

Бұл қай бал қаймақ?

Жуырда телеарналардың бірінде бүлдіршіндерге «Аяз ата кім?» деген сауал қойылған екен. Әрине, олар бір- бірімен жарыса жауап бере жөнеледі. Осыны тыңдап тұрған кішкентай қатысушылардың бірі: «Аяз ата жоқ! Ол – ойдан шығарылған өтірік!» демесі бар ма? Мұндайды күтпеген ұйымдастырушылар жауап таппай абдырап қалса керек. (Бәлкім, осы жерде заманауи психолог отырса, «Мына баланың психикасы бұзылған» деуден де тайынбас па еді?) Иә, кеңестік идеология бізді Алла Тағалаға емес, Аяз атаға сенуді үйретті. Сол кеңестік қамыттан әлі күнге арыла алмай келе жатқанымыз тағы шындық (Себебі, сәби-көңіл жалған сөйлемейді). Сондықтан болар, отандық телеарналар да 31 желтоқсанға келгенде аяқтарынан тік тұрып, алты ай бұрын дайындалады. Қала мен ауылда алқа таққан шыршалар анадайдан көзге ұрғаны аздай, телеарнадағы бағдарлама арасындағы үзілістерде де мерекелік ағаш түрлі ойыншықтармен безендіріліп, қасқайып тұрады, оған қосақталған «Жаңа жылыңызбен!» деген жарқыраған құттықтаулар да қиялды қытықтайды. Тіпті «Жаңа жылға дейін бәленбай уақыт қалды» деп күн, сағат, минут санайды. Сізді де бірге санатады. «Сағына күткен» отыз бірі келгенде, әй, бір думандатады-ай. Тіпті «Қазақстан» ұлттық арнасындағы дәстүрлі әндер бағдарламасы – «Дала думан» да Жаңа жыл деп ән айтады, Жаңа жыл деп би билейді. Дәл осы күні «Хабар» телернасында да таңғалдырған оқиғалар тіркеледі. Орыс әншісінің басынан өткен шытырман қазақ өнер жұлдыздарының өмірінен жалғасын тауып жатса, әрине, «таңғалмасқа» шара бар ма? Осы орайда «31-ін 31-телеарнада» өткізейік деп ұрандатқан арнаның елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму көрсеткіштерін қорытындылауда әр саланың көшбасшыларына диктор орынтағын беруі үйлесімді шыққанын атап өту керек. Бірақ «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» дегендей, бағдарламаларын тегіс «жаңа жылдық» леппен дайындаймын деп жүріп, ең нәзік мәселеге келгенде аталған арнаның сүрінбек түгіл, жалпасынан құлағанын қайтерсіз? Бұлай дейтініміз, «Замандастар» бағдарламасында «Аяз атамыздың» ортаға шығып алып: «Ішіп алдым соншама, түк болған жоқ оншама», «Аргентина, Торғайға, 100 грамсыз болмайды, ә?!», сосын қасындағы Ақшақарын «байға тиіп кетіпті, и..., и.!» деп, ресейлік «Дискотека Авария» тобының әніне салып секеңдеуі қай сасқаны? Теледидардың миллиондаған көрермені барын ескерсек, жастарды салауатты өмір салтына шақырып жатқанда, кері кеткеннің кейпі ғой бұл! Осындай әзіл, осындай сатирасымақ та болады екен-ау?! «Астана» телернасы да отыз бірін күткендей орысшаны ашқарақтана опырды! Бір үйді мекендеген сан түрлі отбасының өмірін көрсеткен болып, көңіл үшін арасына қазақшаны қыстырып қойып, тіпті Сейфуллин Жолбарысқа орысша ән айтқызып, ресми тілде рахаттана тойлатып жатты. Иә, осылай Батыстың бабын табам деп жүргенде, Шығыстың шырайлы мерекесі – жыл басы Наурыз аттың жалында, түйенің қомында өтеді де кетеді. Эфирдің уақытын тұсаукесер, беташар, қыз ұзату, тағы басқа салт-дәстүр жайындағы тізесі жұқарған бейнетаспалармен толтырып, халықтың қағанағын қарқ, сағанағын сарқ еттім деп ойлайды-ау. Ойламайды, емізік беріп алдайды. Теледидарға телмірген жұрт бір жыл күткен мейрамында мағыналы, мәнді, сәнді хабарлар іздеп дал болады. Осы орайда Елбасының былтыр зерлі құндыз шапан киіп, халықты жыл басы Наурызбен құттықтап, алдағы уақытта аталған мерекенің маңызы арта түсетіндігін айтқаны еске оралады. Ал қоғамдық пікір қалыптастыруда, мерекелік көңіл-күй орнатуда телеарнаның маңызы зор екендігін ескерсек, олардың алдында Жаңа жылды жарқырата атап өту міндеті тұрғандығы белгілі. Иә, біз Наурызды айтып отырмыз. Осы орайда ағылшындардың 31 желтоқсанға пысқырып та қарамай, Рождествоны тойлататынын неге еске алмаймыз? Оларға «біздің жаңа жыл» Рождествоның жалғасы ғана іспеттес. Осы орайда Құранда Алла Тағала кек алу, соғыс, басқа кикілжіңдерге тыйым салған қасиетті төрт айдың бірі ретінде айтылатын Мұхаррам айы қадам басқанын айтпай кету орынсыз болар. «Мұхаррам – Алла Тағаланы ұлықтау айы» деген емес пе еді Құранда. Ал біз Аяз атаны сұраймыз баламыздан. Біле білсек, биыл 28 желтоқсан – хижра жыл санауы бойынша жаңа жылдың басы. Бұл қасиетті Мұхаррам айының алғашқы күні Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдинаға көшуіне арналып, мешітте дұға оқылады. 622 жылы болған нақ осы оқиғадан мұсылман күнтізбесі бастау алады. Мұсылмандар жаңа жылдың алғашқы айын қалай өткізсе, жыл да солай өтеді деп сенеді. Біз қалай өткізіп жүрміз? Мұхаррам айы Египет, Ливан, Түркияда мереке ретінде аталып өтеді. Ал аталған айдың оныншы жұлдызы – қасиетті Құранға сәйкес Аспан мен Жер, періштелер мен Адам Ата пайда болған, Ақырзаман келетін Ашур күні, Марокко, Алжир, Тунис, Ливия мемлекеттерінде дәстүрлі халықтық мейрам. Ендеше, барша мұсылмандарды алдымен хижра бойынша 1430 жылдың елімізге аяқ басуымен құттықтайық. Иә, отарлық саясат ұлтты жүнін жұлған тауықтай қылды. Содан болар, отандық телеарналар да бағдарламалардың «май балқаймағын» ұсынып отырғандығы. Отыз бірінің ойыншық мейрам екенін ойыншық ойнайтын бала да біледі. Оны қанға сіңген әдеттен арылғанша, жылжабар, қорытындылау уақыты ретінде ғана атап өтуге тұрарлық. Ал нағыз Жаңа жыл – Наурыз! Айтарым бар Назым Басқынбаева, «Хабар» телеарнасының продюсері: 31 желтоқсан «Хабар» телеарнасының кешкі эфирінде «Таңғалдырған хикая» музыкалық фильмінің екінші бөлімі, «Жаңа жылдағы ескі оқиғалар» музыкалық бағдарламасы және «Звезда со звездою говорит» атты шоу бағдарламасы және оған қосымша бірнеше клиптер, бейнероликтер, құттықтау сөздері жазылған қысқа метражды сюжеттер ұсынылды. «Таңғалдырған хикая-2» фильмінде «Звери» тобының клипі, «Тақиялы періште», «Қыз Жібек» кинотуындыларының сюжеттері пайдаланылғандығы белгілі. Осы орайда Америка, Ресей прокаттарында ең танымал кинолар мен клиптерге түсірілген римэйк сынды оқиғалар орын алғанын жақсы білеміз. Ал бұл ненің көрінісі? Біріншіден, қоғамға қажет дүние өте көп. Бұған қоса сіз шетелден, Ресейден келіп жатқан өнімдерге есік-терезеңізді жауып алып, шектеу қоя алмайсыз. Сол себептен оны қазақыландыру, қазақ тілінде сөйлету екінші мақсат болды. Сондықтан бұл жерде қалай қабылдау керек деген сұрақ туындайды. Егер біз оны дұрыс қабылдап, дұрыс жеткізе білсек, одан еш жаманшылық көрмейміз деп ойлаймын. Келесі бір бағдарлама –«Жаңа жылдағы ескі оқиға». Бүгінде көрермендер қызықты, сапалы дүниелер күтеді. Сондықтан әншілерді бірінен соң бірін шығарып, тізімдегенше, бір оқиға желісіне бағындырып әрі қарапайым халыққа теледидардың беймәлім ішкі жұмысын, яки «асханасын» көрсетуді жөн көрдік. Яғни телеарнадағы продюсер, оның көмекшісі қандай қызмет атқарады, әншілер қалай дайындалады дегендей кейбір сырлар ақтарылды. Мұнда сонымен қатар бірнеше оқиға қатар жүріп отырды. Мысалы, еден жуушы болып жүрген Айгүлдің қас-қағым сәтте тележүргізушіге айналуы, тек кәсіби өсуді мақсат ететін кербез журналистің өз махаббатын табуы, бір-бірімен бәсекелес екі министрдің студияға жете алмай, бұзаумен бірге лифтіде қалып қойып, тәубелеріне келіп, елдік мақсат-мүдде жолында бірге қызмет ету керек деген ойға келуі. Көрермендер көптеп хабарласып, бағдарламаның көңілдерінен шыққандықтарын айтып жатыр. Демек, аудиторияның деңгейі, талғамы өсті. Бұл бізге де үлкен жүк артады. Қазіргі таңда халыққа 60-70-жылдардың, тіпті 90-жылдардың өнімін ұсынуға қақымыз жоқ. Сондықтан Батысқа, Ресейге еліктейміз бе, көшіреміз бе, өзіміз жаңадан ойлап табамыз ба, бастысы, ұлттық дінімізге, тілімізге лайықтап, жаңа сапада ұсынғанымыз маңызды емес пе? Ал 31 желтоқсанды Жаңа жыл деп тойлауға келсек, «Хабар» арнасы, біріншіден, мемлекеттік арна, екіншіден, мұндағы шығармашылық ұжым елдік пен теңдікті, патриотизмді, ұлтжандылықты жоғары дәріптейтін болғандықтан, әрбір мемлекеттік мерекені тыңғылықты дайындықпен атап өтеді. Мейлі ол Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні Наурыз, 1 мамыр, 9 мамыр – Жеңіс күні, Тәуелсіздік күні болсын, әр атаулы мереке ұжым назарынан тыс қалып көрген емес. Осы орайда мерекенің ешқайсысын да бөліп-жарудың қажеті жоқ ығар, өйткені олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар.. Әзірлеген Жанар Елдосқызы

4321 рет

көрсетілді

46

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы