• Тіл
  • 08 Қаңтар, 2009

Сөз қадірін кетіріп алмайық

Ғұсман Жандыбаевтың апталық бетінде «Тілге достың мұңы жоқ тілден басқа» атты айдармен шыққан «Қисынға келетінімен келіссек» атты мақаласында, негізінен, сөз табиғаты, оның ішінде термин сөздердің пайда болуы мен қызметі турасындағы ой-пікірлері беріліпті. Автор «термин» ұғымының сөздіктерде көрсетіліп жүрген түсініктерінен бастап, өзінің көңіліндегі бірқатар жайларды ашып салған екен, сол жайлар біздің де көкейдегі көп ойдың көркін бір шолып өтуімізге себепкер болып отыр.  Кезінде кең тараған Ф.Энгельстің уәжін алға тарта отырып, автор: «Адамда сананың (ойдың ) пайда болуы тілмен, сөздің пайда болуымен тікелей байланысты деген қорытынды шығарамыз» – деп түйеді. Әрине, біздің Энгельс шалда шаруамыз жоқ, бірақ автордың онан алып отырған осы пікірінің қарапайым логикаға да қисыны келмейтінін кешегі кеңестік кезеңде айта алмай қыстығып келгеніміз, сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында студенттік аудиторияларда ғана «сонда қалай, тіл дегеніміз ойлаудан тууға тиіс емес пе, ойлай білмейтін адамда тіл қайдан болушы еді?, т.т.» тәрізді өзара пікір таластырып қана қойып, бірақ онан әрі баруға сол заманның қатыгез пысы басып жібермей жүретініміз еске түссе, бүгінгі еркіндік кеңістігінің құдыретіне іштей мың ризашылығымызды білдіретініміз бекер емес. Автордың айтпағы – қазіргі ғылыми терминдеріміздің ішінде әлемдік аренада танымал болған қазақы (түркілік) тілді термин сөздердің жоқтығы екен және мұның себебі «ұлт топырағында ғылым мен техниканың туып, дамымағандығы, сондай-ақ халықаралық кеңістіктегі орнымыздың төмендігі, өркениетті ұлт ретінде мойындалмағандығымыз» тәрізді. Осыдан түйілген түйін: «Ұлттық ұстынымыз жоққа тән» - болып шығыпты. Ия, біз де автордың: «Ұлт мерейі үстем болмай, тіл мәртебесі көтерілмейді.» - деген пікіріне қосыла отырып, дегенмен, халықтың ұлттық намысын жани түсетін қара қайрақ та керектігін түсіне тұрсақ та, өзіміз өзіміздің мәртебе-мерейімізді соншама тұқырта құлдыратқаннан ұтарымыз не? – деген де ойға келеміз. Егер шындығына келсек, біздің қазақтың (жалпы түркінің) рухани дүниесіндегі хал-жағдайы сонша мүсәпір де емес. Мәселе, сірә, өзімізді өзіміздің әлі де тереңдей танып-түсіне білмеуімізде жатса керек. Халық даналығы «Өзін өзі жеңген – қаһарман, өзін өзі түсінген - данышпан» - дейді ғой. Бұл тек жеке адамға ғана емес, тұтастай ұлтқа, халыққа қарата да айтылуға тұратын ұлағатты ой. Мысалы, біз автордың: «Ана тілімізде терминдер жоқ па?» деген сұрақ ойлантады. Біз үшін бұл өте ауыр сұрақ. Өйткені қазір қолданылып жүрген термин атаулының ішінен бір де бір қазақ сөзін, тіпті түркілік иісі бар сөзді таппайтынымыз рас» - деп ауызды қу шөппен сүртуіне осының ақ-қарасын әлі де ашып бере алмай отырған тіл ғылымы кінәлі шығар, бәлкім, деп те ойлаймыз. Ақиқатында, қазіргі халықаралық термин ретінде танылып жүрген көптеген сөздердің түп-тамырында жусанның жұпарындай болып, қазақы (түркілік) «йіс» аңқып тұр. Ертеректе, сонау бала шақта, әкеме еріп қалың қыс ортасында қырға мал қарап шыққанымыз бар. Марқұм әкем Сырдарияның жағасындағы бір жерге келгенде, атынан түсіп, үйме қардың күртігін саптама етігінің тұмсығымен теуіп-теуіп жіберіп еді – қалың қардың астынан жап-жасыл болып жатқан құртқашаш сияқты әлдеқандай шөптің жапырағы жайнап шыға келмесі бар ма? Сенерімді де, сенбесімді де білмей, таңырқай сұрағанымда, ол «Е, жарықтық, жатыр екен ғой» - деп, әлденені күбірлей сөйлеп, шапанының шалғайына жабысқан қарын қолымен қаққыштай тұрып, әлгінің сырын баян еткен. «Осындай бір текті шөп бар, қыста да осы қалпында жатады, жарықтық, өзі бүкіл осы өңірде бір ғана түп», - дегені ғана есте қалыпты, өкінішке қарай, аты есімде қалмапты. Ия, осы бір оқиғадағы тәрізді, біздің тіліміздің де небір кереметтері уақыт пердесінің қалың қатпарларында жұпарын шашып (Тыныштықбек айтпақшы), көгімен жатқанына біздің еш күмәнымыз жоқ. Біздіңше, қазірде халықаралық деп танылып жүрген мына тәрізді терминдердің түркілік қаны ап-айқын. Мысалы: генетика – қантаным. Мұндағы ген – қан. Ал -етика тұлғасы математика, кибернетика, информатика, т.б. тәрізді көптеген сөздердің құрамында келіп ұғу, түсіну (ет+ұқ), яғни ғылым, таным мағынасын беретін өз сөзіміз. Бұл қосымша, сондай-ақ, тіл білімі ғылымының термині фонетика сөзінің құрамында келіп үн (фон) таным түрінде танылса, сондай-ақ басқа да көптеген сөздердің құрамында да осы мағынада қолданылады. Ғалымдар тіл білімінің грамматика терминін гректің gramma «буква» сөзінен шығарып, «первоначально: искусство читать и писать буквы» (Словарь-справочник лингвистических терминов, А., 1988) деп түсіндіреді. Бірақ бұл ғылымның (грамматиканың) әріппен, жазумен еш тікелей байланысы жоқ, ал бола қалса, ол әріпті құрау, яки жазу сипатында ғана болуы мүмкін. Ал грамматиканың объектісі жазу емес қой. Бұл ғылымның негізгі зерттеу обьектісі – морфология мен синтаксис болса, бұлар енді тікелей осы «құрау» мәселесімен байланысты: морфология түбір мен қосымшаларды құрастыруды қарастырса, синтаксис сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді құрастыру мәселелерін зерттейді. Сондықтан да біз бұл терминді «құраматика» деген қазақ сөзі деп тануымызға толық хақымыз бар. Ал графит тасына байланысты жазу мүмкіндігі ескеріліп, осыдан пайда болды делінетін «графема» «графика» терминдерін гр (қыру, жыру, жазу) + аф/ап «жазу, әріп» + ика «ұғу» түріндегі қазақ сөзі деп білеміз. Мұндағы ап түбірінің жазу, әріп мағынасын білдіретіні көне түркідегі бәдіз (бә/әп/ап), арабтың алиф (иф), кітап (ап), орыстың буква (бу), писать (пи) немістің das Buch (bu), жапонның мондзи (мо/оп/бу), т.б. сөздерінде тұр. Жоғарыдағы грамматика сөзінде де оны жазумен байланыстырушы ғалымдар осы граф/грамм түбірлерінің сыртқы дыбыстық ұқсастықтарына қарап, оларды орынсыз түрде алмастырып алып отыр. Әрине, біз бұл пікірлерімізді ойдан алып, тек олардың сыртқы дыбыстық ұқсастықтарына қарап қана айтып отырған жоқпыз. Қазірде кейде осылайша алып, сөзінің астарын сықаққа, мысқылға, әзілге айналдырып жіберетін жайлар да жоқ емес, олардың жөні бір басқа. Ал біздің бұл пікірлеріміз - тіл табиғатын тереңнен зерттей отырып, әр тілдік негіздің (тілдік негіз элементтердің) түпкі табиғаты мен ішкі астарын, дүниетанымдық негіздерін аша отырып, соларға сүйеніп айтылған пікірлер (Ш. Бекмағамбетов. Тілдік таным негіздері және тілдік символдар. А., 1999). Мұнда да кейбір тұстарда интуитивтік болжамдарға орын берілуі заңды, бірақ олар қалайда нақты фактілермен байланысты болатыны айқын. Біздіңше, энергия сөзінің түбірі қазақтың нұр сөзі, яки бұл дегеніміз нұр+ағыны (энэр+ағын) деген сөз. Тілдік деректер нұр, нәр сөздерінің ішкі қуатты, ядролық сипаттағы қуатты білдіретінін, айқын аңғартатынын аталмыш еңбегімізде дәлелдеп көрсеткен болатынбыз. Сондай-ақ медицина сөзін мед (ем+ет) түріндегі қазақ сөзі демеске шара жоқ. Араб тілінің таб (табибун-дәрігер) сөзінде бұл та (ет-етістігі) + аб (ем) түрінде көрінеді. Мұндағы ем түбірі аптека сөзінде ап түрінде келіп, тека / ток «жиын, жинақ» сөзімен бірігіп тұр. Ал ипотека сөзіндегі ип түбірі көне түркідегі үй мағынасындағы еб/ев сөзі екені даусыз. Қазіргі түрік тіліне бұл сөз эв түрінде Ататүрік реформасы кезінде енгізілді. Қазақ тілінің үй сөзінде бұл заңды түрдегі б>й ауысуы түрінде көрінеді: еб > ей /үй дыбыстық ауысулары -тілдік заңдылықтар негізіндегі өзгерістер нәтижесі. Жоғарыдағы сөздердің бірқатары тілімізде бір кездері қолданылған, ал негізгі іздері бүгінгі тілімізде де қолданылып отырған өз сөздеріміздің алуан түрлі себептермен өзге тілдерге ауысып, енді замана желінің ығымен, ыңғайымен өзімізге қайтып келіп жатқанына куә болар деп білеміз. Бұл ретте біз тарихи деректерде ғылым-білімнің әуелде Шығыстан бастау алғандығы туралы мағұлматтар бар екендігін, мұның өзі қазірде әбден мойындалған түсінік екенін ескереміз. Әйтпесе, біздіңше, аталмыш тілдік негіздер, олардың мағыналары жалпы адамзат тіліне ортақ негіздер болып табылады. Сондықтан да біз қазіргі кейбір өзге ұлт зерттеушілері сияқты бәрін өз ұлтының көрпесіне қарай тартып, бәрі де қазақтан басталған деп дау салуды негізсіз деп білеміз. Біз осы жоғарыдағы тәрізді сөздер қатарына қазірде жиі қолданылатын ксерокс (көшіргіш), логика (ұлық ой), сперма (өспірім), процент (пайыз), вулкан (бұлқан), / бұрқақ – су бұрқақ, яки фонтан болар/, кастрация (кестіру), / кесерево да осы негіздегі сөз/, арктика (арк «арқа» + тик «жақ, бағыт») т.б. сөздерді де жатқызар едік. Осындағы пайыз сөзі туралы баспасөз бетінде біраз пікірталас болғаны белгілі. Дегенмен, біз осы пайыз нұсқасының қазақы (түркілік) нұсқа екенін баса айтқымыз келеді: мұндағы құраушы элементтер: па (бір) + йыз (жүз) түрінде келіп, жүздің бірі дегенді білдірсе, процент сөзінде де дәл солай: про (бір) + сент (жүз). Ал қаны жағынан бәрі де бір негізден болғанымен, жақын туыстықта бізге пайыз сөзі тонның ішкі бауындай екені де айқын. Оның үстіне бұл сөз сирек қолданылатын сөздердің қатарынан емес, күнделікті өмірдің барлық дерлік саласында жиі қолданылатындықтан, ә дегенде тілге қатаңдау соғатын процентке қарағанда әлдеқайда жылыұшырап тұратыны да бекер емес. Айталық, ғарыш термині тілдегі дайын сөз негізінде жасалғанымен, ғаламтор, ғаламшар, тығырық (автокөлік қозғалысындағы қиындық: пробка), т.б. тәрізді терминдер жасанды түрде жасалғаны көрініп тұрады. Әрине, бұлайша тілдік қорды кеңейту де – тіл дамытудың маңызды бір жолы, дей тұрсақ та, тілдік негіздер арқылы термин жасаудың тәсілдерін де ескерген жөн болмақ деп білеміз. Біздіңше, «термин» деген сөздің өзінің шығу тарихы да ғылымда әлі дұрыс, ақи-тақи анықталып, тура айтылып отыр дей алмаймыз. Бүгінгі сөздіктерде беріліп жүрген «терминус – шек, шекара» - дегеннің термин ұғымына пәлендей қатысы бар деп кесіп айту да күман туғызбайды емес. Біздіңше, ол сөз «тер» (жер) + мин (бен/бон/опн «қоршау»), яки қоршалған жер, орын деген ұғымды білдіріп, тікелей территориялық ұғымға қатысты айтылған сөз. Ал оның тілдік элементке, соның ішінде ғылыми ұғымға қатысты айтылуы әлгі «шек, шекара» дегеннен мүлде басқа болуы кәдік деп білеміз. Өйткені бір сөздің тек бір ғана ұғымды емес, алуан түрлі ұғымдарды білдіре алу мүмкіндігін ескермегендіктен, бізде, жоғарыда айтып өткен грамматика терминіндегі тәрізді, сол бір ұғымды әр басқа түсініктерге бірдей таңып қою аз кездеспейді. Мына «термин» атауының этимологиясынан да біз осыны көреміз. Адамзат тілінің негіздерінде жатқан дүниетанымдық ойдың әлі ширегі де танылып болған жоқ. Қазіргі ғылымда ежелгі ең ілкі тілжасам дәуірі адамдарын жабайы, ақыл-есі аз әйтеуір бір тірі сүлделер ретінде танытушылық сарыны өте күшті-ақ. Олардың ойынша, ең керемет, білімді, ғылымды адамдар тек өздері ғана, яки қазіргі адамдар. Алғашқы тілжасам адамдарының ойлауына да шәк келтіріп, олар абстракциялы ойлау дәрежесіне көтеріле алмаған, тек нақты нәрселерді ғана ойлаған деген де пікірлерді қазіргінің айдарынан жел есетін мүйізі қарағайдай ғалымдары айтып, ал кейінгі кейбіреулер соны ессіз қайталап әуре болып жүр. Тіпте әуелде логикалық ойлау болмаған, тек мифологиялық ойлау ғана болған деп, адамзат тілінің жасалуын әлдебір беймәлім архетиптерге сілтеу сарыны да бүгінде бір көш жерге жетіп қалды. Шындығында, адамзат баласының аса қуатты қатынас құралы болып табылатын, адамның адамдығын айқындайтын, адами ойлаудың ғажайып жемісі болып түсінілетін тіл-құралды жасаған ең ежелгі ақыл-ой егесі ата-бабаларымызды осылайша пұшайман күйде елестетсек, онда біз маймылдан тарағанбыз дегенді қайтадан мойындайық та қояйық, сірә. Мысалы, қазіргі ғылымның айтуына сенсек, атом туралы болжам түріндегі ғылыми ойды б.э.д. Ү ғ.-да Демокрит айтыпты-мыс. Ал енді біз тілдік таным жүйесіндегі деректерге сенер болсақ, тілдегі нәт (нәр, нұр) сөздері (ол орыс тіліндегі основа сөзінің құрамында да тұр) тіл пайда болуымен бірге жаратылған сөз екеніне еш күмандануға болмайды. Өйткені, тіліміздегі қазіргі [Н] дыбысы деп жүргеніміз осы УН тілдік-дыбыстық негізі, яғни ол - тілдегі ең басты жеті түрлі тілдік негізэлементтің бірі. Бұл дыбыс та тіл-тілдің бәріне ортақ және бәрінде дерлік осы нәт ұғымын білдіруге қатысады. Ал қазақтың нәт (дән) сөзінің атом екеніне де ешкім күман келтірмес. Бұл ұғым нұр (УН+УР) энергия түрінде қазірде атом құрамынан бөлініп шығатын ішкі қуат көзі, атомның да ішіндегі нәт-негіздер (электрондар, протондар, нейтрондар, т.б.) түрінде тереңдей таныла бастаса, бұл дегеніңіз тілдік танымның қаншалықты тереңде жатқанын көрсетсе керек. Біз мақаламызға өзек етіп отырған пікірде автор: «Мысалы, ғылыми терминологияға бір қазақ сөзін енгізу үшін бір қазақ (не қазақстандық) ғалымы маңызды жаңалық ашуы және сол жаңалығының «есімін» қазақша атауы тиіс. Байқауымызша, бізде осы жаңалық та, оны қазақша атай қоятын тектілік пен батылдық, ынта-ықылас та жоқ сияқты» - деп өкініш білдіретіндей. Әрине, ғылыми жаңалық ашылмай жатыр деу жөн болмас, ғылымның әр саласында сан алуан жаңалықтар ашылып жатқаны бекер болмаса керек. Ал бірақ оларды қазақша атау жайына келгенде, алуан түрлі мәселелер болуы мүмкін. Осы тұста айта кететін жай - қазақ тіл білімінде қазірде кеңінен қолданылып барлық оқулық біткенде жазылып, айтылып жүрген таңба (тілдік таңба) термині туралы. Орыс тіл білімінде знак түрінде айтылып (ағылшынша: sign) жүрген осы ұғым бойынша, тіл, яки тілдік құбылыс знактар жүйесі (знаковая система) түрінде танылады. Мұның түсіндіруінше, тілдегі тілдік элементтер (дыбыстардан басқалары) – сөз де, сөйлем де, тіпті, текстің өзі де - знак деп есептеледі. Жарайды, солай-ақ болсын, біздің ол мәселеде дауымыз жоқ. Бірақ қазақ тіл білімінде осының таңба түрінде түсінілуіне жол болсын! Қазақтың танымында, жалпы түркілік дүнитетанымда таңба деп кез келген белгіні (знакты) айтпайды. Таңба – адамзаттың рулық, тайпалық дәуірдегі, ал шындығына келсек, онан да әлдеқайда алыс дәуірлердегі, біздің тануымызша, аса маңызды дүниетанымдық түсінігімен байланысты пайда болып, қазірде сакральды, киелі сипатқа ие болған, дүниетанымдық мәні мен астары өте тереңде жатқан ерекше нышандық құбылыс. Сондай-ақ, әр сөз бір таңба болса, онда тілде пәленбай мыңдаған таңбалар болар еді де, олардың таңбалық сипатының да мәні кетер еді. Оларға тағы қаншама сөйлем -таңбалар мен мәтін -таңбаларды қосыңыз. Шындығында, қазақ жиырма мың жылқысына тек бір ғана таңба басқан, қаншама түтіннен тұратын, тұтастай елді жайлаған рудың тек негізгі бір ғана таңбасы болған. Осы тұрғыдан келгенде, біз орыс және батыс тіл білімінде знак деп аталып жүрген тілдік бірліктерді қазақ тіл білімінде таңба деп атаудың өзі кезінде білместіктен, мәселенің түбін тереңнен байыптамаудан, сірә, әлі де болса тіл білімінде осы тілдік знак ұғымының жан-жақты толық айқындалмауынан кеткен үлкен қателік болған, енді сол кемшілігімізді түзетіп, қатемізді жоятын уақыт жетті деп білеміз. Өкінішке қарай, бізде жалпы тіл білімі, яки тіл теориясы мәселесімен айналысып, терең талдауларға баратын қазақы ғылыми орта жоқ. Ал таңба, яки тілдік таңбалар мәселесіне келсек, тілдік негіздерде жатқан дүниетанымдық сипаттағы таңбалар, яки нағыз ақиқат тілдік таңбалар, шындығында да бар және олар адмзат ойлуы мен тілінің негізі, қаны мен жаны болып, адамзаттың ойлауы жүйеленіп (алғашқы ойлау), тілі (тіпте ең алғашқы қол тілі кезеңінің өзінде) алғаш жаралғаннан бері адамзатқа қызмет етіп келе жатыр. Біз бұл туралы бірқатар жайларды (әлі толық болмаса да) өзіміздің аталмыш еңбегімізде айтқан болатынбыз. Ал қазірде бұл бағыттағы пікірлеріміз толысып, жетіліп отырғанын да ашық айта аламыз. Тілге тиек болып отырған мақалада автор «Ортағасырлық темір шынжырдың орынын өркениеттік термин шынжыр ауыстыруда» – деп, орынды күдік айтқанымен, өз жолымен дамитын ғылым да, ғылыми терминдер де ұлтқа да, ұлысқа да ортақ қызмет атқарса керек. Тек өзге жұрттың шаңына ілесеміз деп жалпылдай жүгіріп жүргенде, өз сөзіміздің қадірін кетіріп, қасиетін түсіріп алмайық. Термин ұғымынан қателесуге болмайды, егер ол дұрыс танылмаса, ғылымның алдағы жолы көк тұманға батары сөзсіз. Біз қазіргі қазақ тіл біліміндегі таңба (тілдік таңба) терминінің орынсыз қолданысынан осыны айқын аңғарамыз. Ал терминдердің қазақи қаны мен жаны туралы мәселеде біз, «қарасам, өзімнің тоным екен ғой» - дегендей, өз тонымызды тани отырып, сол алтын тонымыздың бабалар тері сіңген жұпар исінен рухани ләззат, оның тарихи астарынан салиқалы ой таба білгеніміз ләзім болар деп түйдік. Шанжархан Бекмағамбетов, филология ғылымдарының кандидаты ҚЫЗЫЛОРДА

7194 рет

көрсетілді

192

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы