• Әдебиет
  • 08 Қаңтар, 2009

Ең бастысы — қажеттiлiк

Қазақ тiлi әлi өз тұғырына көтерiле алмай отыр. Бұл жағдайды кеңес уақытында өзгелерден көрсек, ендi егемендiк алғанымызға 17 жыл өткеннен кейiн кiмнен көремiз? Әлде қазақтың ұлттық рухы өлiп қалды ма? Бауыржан Момышұлы сол кездегі зиялы қауымды (әрине бәрін емес) және олардың ұрпағын «өлі ұрпақ» деп есептеген. Бұл ащы шындық еді. Сол уақытта бұл сөзді тек Бауыржан ағамыз ғана айта алатын. Ендi тағдырдың қазаққа жасаған тәлкегiн қарашы. Қазiр қазақтарды сол «өлi ұрпақтар», яғни мәңгүрттер мен космополиттер басқарып отыр. Сондықтан, олар отырғанда қазақ тiлiнiң өркендеуi қиын. Қазiргi билiкте жүргендер халыққа, Президентке жиналыстарда, телерадио хабарларда тiлдi дамытамыз, оған жағдай жасап жатырмыз деп уәде бередi де, бiрақта iс жүзiнде бәрiн керiсiнше жасап отыр. Мысалы, Ақтөбеде киоскiлерде қазақ газеттерi өте аз сатылады. («Ана тiлi», «Алтын орда», т.б. болса тез таусылып қалады). Ал орыс тiлiндегi газет-журналдар толып тұрады. Осы жағдайды көргенде мен қай мемлекетте өмiр сүрiп жүрмiз деп ойлап қаламын. Үкiметтiң қазақ тiлiн дамытуға берген қаржысы орыс, ағылшын тiлдерiн өркендетуге жұмсалып отырған сияқты. Бөлiнген қаржы құмға сiңген су сияқты, жоқ болып жатыр. Мен жоғары оқу орнын кеңес армиясының қатарында болып, борышымды өтеп келгеннен кейiн, Ташкент қаласында оқып бiтiрдiм. Бұл оқу орнын Сұлтанбек Қожанов ағамыз құрған болатын. Орталық Азия политехникалық институты деп аталады. Ол кезде Ташкент қазақтардың қаласы едi. Ташкентте 7 жыл тұрдым, оқыдым, жұмыс iстедiм. Өзбек, орыс тiлдерiн ешкiм үйретпей-ақ өзiм үйренiп алдым. Себебi менiң өмiр сүруiм үшiн керек болды. Ал өзбектер болса, сол кеңес үкiметiнiң уақытында-ақ тiл мәселесiн шешiп қойған болатын. Сол уақытта студенттер ұлттық топ, еуропалық топ деп екiге бөлiнiп оқытылатын. Ұлттық бөлiмде (яғни, өзбек тiлiнде) студенттер екi есе көп оқитын. Өз тiлдерiнде емтихан тапсырып, институтты өзбек тiлiнде бiтiретiн, тiптi кандидаттық диссертацияны өзбекше қорғайтын. Бiз қазақтар осындай жағдайға қашан жетемiз деп армандайтынбыз. Ал Қазақстандағы жағдай, мүлдем бөлек, қарама-қарсы едi. Қазақстанда жоғары оқу орындары студенттердi орысша оқытатын, қаншама қазақ балалары оқи алмай шығып кеттi. Сөйтiп Қазақстанда кеңес кезiнде орыстандыру саясаты қарқынды дамыды. Ал бiздiң басшыларымыз болса, өздерi қазақ тiлiнде сөйлеуге арланды, сөйтiп өздерi орыс болуға тырысатын. Неге?! Себебi, қорқып қалған, ұлттық рух өлген. Қазақтың әрбiр отбасында уақытында зардап шеккендер, қайғы-қасiрет көргендер көп болды. Ұлттық рухты өлтiрген кеңестiк зымиян саясаты едi. Бiздiң халқымыздың тұлға болатын азаматтарын бiр-бiрiне айдап салып, «халық жауы» деп қырып салды. Қалған ұрпақтың үркек болуының себебi, елдiң қаймағын қалқып алып, қырып тастағаннан кейiн қалған «тобырлар», ал оларға не амал жасаса да бола беретiн едi. Қазiргi бiздi басқарып отырған шенеунiктердiң денi өз тiлiн бiлмейтiн, тiптi өзiнiң қазақ болып туғанына арланатын, бiрақ та қазақтың арқасында шенеунiк болып отырғанын әдейi түсiнбейтiн, космополиттер. Бұларды Бауыржан айтпақшы «өлген қазақтар», — деп есептеймiн. Ендi не iстеу керек? Бұл сұрақты талай адам қойған. Тiлдi үйрену үшiн бiрiншi керегi — қажеттiлiк. Бұл жағдай бiзде жоқ. Себебi барлық жерде: қоғамдық орындарда, автобустарда, тiптi көшеде де жастар орысша сөйлеседi. Менiң ұсынысым: «Қазақстан» телеарнасын және Қазақ радиосын 24 сағат қазақ тiлiнде сөйлету керек. Бүкiл қоғамдық орындарда жұмыс iстейтiн қызметкерлер қазақ тiлiнде сөйлеулерi тиiс. Осылай нұсқау беру керек. Егер сөйлемесе айыппұл салу керек. Соның iшiнде қазақтарға екi есе артық салынсын. Бұл жағдайда үкiмет ешқандай шығынданбайды, қайта пайда табады. Соның арқасында нағыз қазақ тiлдi қоғам қалыптасады. Осыны қазақпын дейтiн әрбiр қазақ қолдаса. Мұхамбетәли Нұртазаұлы АҚТӨБЕ

3364 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы