• Руханият
  • 03 Маусым, 2010

АЛПАМЫСТЫҢ АРЫ немесе сұлу айдай, емген тайдай – Гүлбаршын

Батырлар жыры – мұрасы бай қазақ халық ауыз әдебиетінің алтын діңгегі деп айтсақ, қателікке ұрынбасымыз анық. Ел қорғау жолындағы ерен ерлік пен қасиетті мекенді қасық қаның қалғанша қас дұшпанның езгісінен сақтай білу – қаһармандық дастандардың басты арқауы. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген қазақтың мәтеліне сүйенсек, еркеккіндікті азаматтар – халықтың тыныштығын күзетуші, отбасын асыраушы биік қорған, сонымен қатар түз кезіп, жаумен алысқан қаһарман. Ежелден келе жатқан салтымыз бойынша ер – даланың адамы, жанұяның асыраушысы болса, әйел – ошақ қасындағы отбасының ұйытқысы, берекелі шаңырақтың сүйеніші. Халықтық қиссалардың ішінде ең көнесі саналатын «Алпамыс батыр» жырындағы әйел бейнесі қандай? Туған елі үшін қан кешіп, жаумен жаға жыртысып айқасқан, ержүрек Алпамыстың адал жары Гүлбаршын жырда қалай көрінеді?Жыр қалай өрбиді? Әдеттегі фоль­клордың үрдісі бойынша басты кейіпкер – ерен тұлға, ол – батыр, халықтың мұңын жоқтаушы. Дүние есігін ашып, өмірге келуінің өзі – үлкен процесс. Алпамысты ата-анасы әулиелерден тілеп, хақ Құдайға жалбарынып жүріп, әрең қол жеткізеді. Бұл мезетте бұрыннан құдандалы болуға уағдаласып қойған Сарыбайдың отбасында да қуаныш орнайды: Гүлбаршын атты ай десе, аузы, күн десе, көзі бар сұлу қыз дүние есігін ашады. Алайда қыздың сараң әкесі күйеу баласының жалғыздығынан сескеніп, жазатайым болып кетсе, құбыжық тәріздес Ұлтанға әмеңгерлікке берілетін қызын аяп, қиян шетке көшіп кетеді. Өрмек тоқушы кәрі кемпірдің баласын байқаусызда өлтіріп қойған Алпамыс өзіне тиесілі қыздың алғашқы сипатын былай естиді: Шекті деген елінде Сарыбай деген бай еді. Жалғыз қызы Гүлбаршын, Он бесте туған ай еді. Жасыңнан саған айттырған Гүлбаршын сұлу жар еді.

Қарт ана батырға көрінген­нің перзентін жазатайым етіп, қарғысқа қала бергенше, ер­мі­нез­ділік танытып, атастырылған сұлу жарды еншілеп қайтуға ұсыныс жасайды. Қабырғасы қатпай жатып, батырлығымен көзге түскен Алпамысқа Гүлбаршындай сұлу­дан қол үзіп, қарап отыру – үлкен намыс әрі қайсарлығына сын. Анасынан анықтап білген ол еш ойланбастан Сарыбайдың еліне аттанады. Гүлбаршын – жырдың басты кейіпкері Алпамыстың сүйеніші. Қазақ халқында қыздың жолы жіңішке, қыз қылығымен сүйкім­ді. Ақылымен дара. Көркімен көрнекті. Ер адамды қорғанышым деп біледі. Отбасының береке­сін кіргізуші, қолы алтын нәзік жан. Жаугершілік замандағы қайсар әйел өзінің парасатты мінезімен, ар мен ұят алдындағы жауапкершілігімен ерекшеленіп, инабаттылықты мықты ұстанса керек. Гүлбаршынның бойынан барлық ізгі қасиеттерді кездестіруге болады. Қалмақ жеріне тоңмойын мінезімен көш түзеген Сары­байдың бақытқа кенелгені шамалы. Ауылдың асқан сұлуы әрі көріктілердің алды саналатын Гүлбаршынның обалына қалады. Алайда қыз тағдырдың басқа салғанына табандылық танытып, Құдайдың сынағындай қабылдап, барлық қорлыққа шыдас береді. Қазақ әйеліне тән сабыр мен Аллаға қашанда шүкірлік қылып отыру жас қыздың өне бойында тұнып тұрады. Ол Алпамыс­тай алып батырдың мынадай қорлықтан құтқаратынына толық сенімді. Осы жолмен жүрсе деп, Алпамыс жалғыз келсе деп, Жазған хатты көрсе деп, Тасқа қалам басады. Алпамыс деп ат жазып, Өзінің атын қосады. Көрген күнім осы деп, Көзінің жасын шашады. Бұл – нәзік жанды қыздың қауіпке толы өз үйінен қашып шығып, Алпамыспен іштей тілдескені тәрізді. Хат арқылы болса да, жүректе қайнап жатқан зарын жеткізгісі келеді. Батырдың қорғансыз әйел жанын, оның қиын сәтке тірелген отбасын құтқаратынына үміті мол. Біз бұл жерден әйел затының тым әлсіздігін байқап отырған жоқпыз. Керісінше, табиғатынан өзінің әйелге тән нәзіктігімен таныла білетін қайсар қызды көреміз. Осындай сұлуды зар илетіп, дұшпанның қолында мазаққа қалдырса, Алпамыстың батырлығы түкке қажеті жоқтай. Ер – езілген халықтың панасы. Еңіреген жесірдің қорғанышы. Гүлбаршын үшін Алпамыс бәріне дайын. Жалғыздығы есіне түссе де, бір Алладан басқа сенері де, сиынары да жоқ. Бар мұңын шағып, көз жасын көл етіп жазып қалдырып кеткен хатты оқып, батыр намысқа шабады. Қызыл найза қолға алып, Әбжыландай толғанып, Шұбардың басын төгеді. Ұйып жатқан қалмақты Көзіменен көреді. Жердің жүзі қайысқан, Есепсіз қалмақ көп еді. Алпамыс қырғын салады. Олай етпеске еш амал да жоқ тәрізді. Себебі етегі жасқа толған Гүлбаршын тұр. Батырдың адал жары, қасындағы сенімді серігі мен шынайы тілекшісі. Шалғайда шайқас салып жатса да, сұлу қыздың жүрегі батырмен бірге соғып, жаны үндестік тапқандай. Бойындағы батырға деген мөлдір махаббат жас жүректі елжіретіп, тынышын кетіргендей. Көңілін қуаныш сезімі баурап алған. Күркіреген күндей боп, Алыстан келген тілдей боп, Алпамыстың айқайы Құлағына келеді. «Кепті ғой!» – деп Гүлбаршын Көзінің жасын төгеді. «Тілегіңді берді деп, Алпамысың келді», – деп, Әкесі мен шешесі Бетінен келіп өбеді. Қалың қолынан айырылып, әскерінің оба тигендей жусап жатқанын көрген Қараман ашуға мінеді. Әрине, Алпамыспен жекпе-жекке шығатын қалмақтың батыры да осал емес. Тау тұлғалы, күші бойына сыймаған, «тізесін мүжіген» долы, аруақты қолбасы. Бұғанасы бекімеген Шұбар атты баламен айқасқа ұмтылады. Қал­мақтың Қараманы қарулы екенін сезген Гүлбаршын бұл жерде де Алпамысқа тілекші болып, кенеттен келетін қаза құшағынан жүрексініп, жылай береді. Гүлбаршын сұлу жылайды, Көзінің жасын бұлайды. Жад қылып, жалғыз жаппарды Баланың жанын сұрайды. Алпамыс ақылына көркі сай Гүлбаршын кербездің Алладан жәрдем тілеп, жылап тұрғанын жақсы түсінсе де, әйел зарына ләм деп ауыз ашпайды. Себебі оның алдында сындарлы уақыт менмұндалап шақырады. Қарсы бетте аузынан ажал оғын шашқан Қараман келеді. Бірақ Баршын сұлулығына мастанған ару емес, ол тапқыр. Алпамыстай баланың қамын ойлап, ерте жастан мерт болғанын қаламай, қашып кетуге кеңес береді. Басқаша айтсақ, қыз өзін Алпамыс үшін құрбандыққа шалмақшы. Оған батырдың аман­дығы, бақытты өмір сүргендігі қажет. Гүлбаршын Алпамыстай ерен батырға лайықты жар, адал серік, рухани сүйеніш болып жырланады. Талай тағдырдың тезінен сүрінбей өтіп, биік шыңдарды бағындырып, қол ұстасып, мөлдір махаббаттың алауына мас болған екі жас сондай жарасымды. Гүлбаршын сұлу айдай боп, Қысыр емген тайдай боп, Оң жағына барды енді. Ғашық оты жағылып, Абыройы жабылып, Оң қолтыққа алды енді. «Алпамыс батыр» жырында қазіргі қазақ әйеліне тән имандылықтың қайнар көзін көруге болады. Ұлтымыздың асыл мұрасына айналған салт пен дәстүрдің бір ұшы ауыз әдебиетімен тығыз байланыс­та жатыр. Гүлбаршын бейнесі отбасының ұйытқысы, ер адамның сүйеніші, адал серігі бола білудің жаңаша көрінісі іспеттес. Ол қа­шанда жарының қамын ойлайды. Отағасының амандығы мен бақытты ғұмыр кешуін бірінші орынға қоя біледі. Жанұзақ ӘЛІМГЕРЕЙ

19403 рет

көрсетілді

46

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы