• Тіл
  • 10 Ақпан, 2009

Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Амангелді Айталы: Тартымды тіл – ықпалды

Елордадағы Ұлттық баспасөз клубында тілге байланысты өткен жиында қоғам қайраткері, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Амангелді Айталы мемлекеттік тілдің мәртебесі көтерілмеуінде әлеуметтік, психологиялық себептер барын айтқан еді. Біз ол кісімен хабарласып, өзі тілге тиек еткен себептердің мән-жайын түсіндіріп беруді сұрадық.

– Алдымен әлеуметтік себептің жай-жапсарына тоқталсаңыз?

– Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде заңдық негіздің де, сондай-ақ «Біз қазақ тілін білуіміз қажет. Бұл – өмір талабы» деп ұрандатып, халықты үгіттеудің де аздық ететіндігін күнделікті тіршілік барысы көрсетіп отыр.

Мемлекеттік тіл мемлекеттің басты тілі болғаннан кейін ол өте тартымды болуы тиіс. Адамдар мемлекеттік тілде сөйлеп, жұмыс істеуі, лауазымдық қызметте өсуі, қабілеті мен іскерліктерін көрсетуі, арман-мақсаттарын жүзеге асырулары қажет. Мемлекеттік тіл елімізде орыс тілінен де, ағылшын тілінен де үстем тұруы үшін мемлекеттік тілді білетін азаматтар, мамандар жоғары бағалап, олардың еңбекақылары да қомақты  болғаны жөн. Яғни мемлекеттік тілді меңгерген адам, ол қай жерде жұмыс істесе де басқа тілде сөйлейтін адамға қарағанда жоғары жалақы алуы тиіс. Сондай кезде тіл тартымды болады. Көптеген Еуропа елдерінде ағылшын тілді біл деп ешкім қамшыламайды, үгіттеп-насихаттамайды. Себебі ол тілді меңгерсе өзінің әлеуметтік жағдайының, табысының жақсы болатынын, қызметте тасы өрге домалайтынын сезеді. Орыс тілін білетіндерге немесе ағылшын тілін білетіндерге артықшылық беріп, ал, мемлекеттік тіл білетіндерге артықшылық бермесек қазақ тілінің жағдайы осы күйінде қала береді.

Балтық жағалауындағы елдер мемлекеттік тілдерін күнделікті қолданысқа енгізу үшін көп еңбек сіңіруде. Соның өзінде де қарсылықтарға тап болуда. Эстонияда тұратын орыс тілді мамандар соңғы кездері мынандай талап қойып жатыр: «Жарайды, мен эстон тілін үйренейін. Алайда 1 миллион 200 мың халық сөйлейтін эстон тілін білу үшін бұл тіл елде орыс тілінен де, ағылшын тілінен биік тұруы керек. Эстонша білгенім үшін менің лауазымым да, тұрмыстық жағдайым да, алып отыратын жалақым да жоғары болуы тиіс. Мемлекеттік тілді күшпен, заңмен таңу тиімсіз»  дейді олар. «Мұның ар жағынан жақсы өмір суруге көмегі тиер әлеуметтік, қаржылық қолдау көріп тұрған жоқпыз» дегенді айтады. Латвияда болған бір ереуілде латыш еместер мынандай ұранмен шыққан: «Люблю страну, ненавижу власть». Сонда олар  «Елді сүйемін, бірақ елдің тілін зорлап таңатын билікті жақсы көрмейміз» дегенді айтып жүр. Бұлардың да қалайтыны – тілдің өз-өзінен тартымды болуы.

Тілдің тартымды болуы жөнінде күні бүгінге дейін терең  ойлана алмай жатырмыз. Әлде мүмкіншілік болмай жатыр ма екен?

Жалпы, қай елде де мемлекеттік тілді білген адамға деген көзқарас басқаша. Алысқа ұзамай-ақ Ресейді алайық. Мұнда мемлекет тілі – орыс тілін білген адамдар жоғары бағаланады. Кеңес өкіметі кезінде де солай болған.

Қорыта айтқанда, елде өз тілімізге – мемлекеттік тілге әлеуметтік қолдау көрсете алмай жатырмыз.

– Ал, енді кедергі болып отырған психологиялық себеп жөнінде не айтар едіңіз?

– Этнолингвистер, этносоциологтар мынандай пікір айтып жүр. Мысалы, қазақ тілі, не украин, яки белорус тілі отарланған елдердің тілі. Отарланған ұлт тәуелсіздік алған күнде де кезінде отарлаушы  болған ұлт (орыс) әруақытта да өзінің артықшылығын психологиялық тұрғыдан сезінеді. Олардың санасында менсінбеушілік бар. «Орыстың тілі де, мәдениеті де жоғары...» деген сияқты. Бұл менсінбеушілік психология ғасырлар бойы бойға сіңген. Осы психологияны қалай еңсереміз? Бұл үлкен мәселе.

Қазақ тілі бүгінгі күні изоляцияда  қалған тіл. Бұл ғылым тілі емес. Қазақ тіліне қазіргі таңда әлемдегі әдебиет, ғылыми еңбектер аударылып жүрген жоқ. Тартымды кітаптар аударылмайды. Мысалы, ағылшын тілінен қазақ тіліне, испан тілінен қазақ тіліне ... Осылай, яғни шығарма орыс тілі арқылы емес сол еңбек жазылған тілден тікелей қазақ тіліне аударылса. Ғылыми еңбек пе, әлде тарихи роман бола ма тек қазақ тілінде бар екен деп кітап дүкендерінен іздеп жүрсе. Ондай жағдайда біздің тіліміздің мәртебесі көтеріле түсер еді. Басқа тілден тікелей  аудару бұл тілдің бәсекелестік қабілетінің бір көрінісі. Кім біледі, бізде ағылшын, француз, неміс және басқа да тілдерден, әсіресе, өзімізге жақын араб тілінен аударатын мамандардың болмауы  да бұл іске көлеңкесін түсіріп жатуы мүмкін.

Жалпы, орыс тілінен аударғанды қою керек. Шығарма орыс тілінен аударылса оны оқымайды. Өзі орысша білетін болса, оның үстіне оқығысы келетін дүниесі екі тілден еленіп өткеннен кейін ол дәл түпнұсқадағыдай әсер етпейді.

Менмен психологияны еңсерудің бір жолдары осындай. Бұл әлемдік тәжірибе. Тағы бір мысал. Араб тілін алайық. Ол әлемдік ғылыми тілге қалай айналды? Әлемдік маңызды дүниелер көне грек тілінен тікелей араб тіліне аударылды. Сөйтіп, араб тілі мұсылман елдерінің өркениетін едәуір көтеріп тастады.

– Мемлекеттік тіліміздің өз тұғырына көтерілетініне сеніміңіз бар ғой?

– Сенім бар. Сенім жетелейді ғой қайда да. Бірақ, біз осы тіл саясатын коньюнктуралық мақсаттарға айналдырып жібермесек. Коньюнктуралық дегенде ел ішінен ши шығып кетпесін дегендей. Жоғары деңгейдегі үлкен стратегиялық мақсат болу керек. Билік өзгерер. Елдегі басқа жағдайлар өзгерер. Бірақ стратегиялық мақсаттан ауытқуға болмайды. Премьер өзгергенде тіл саясаты өзгеріп жатса, немесе Білім яки Ақпарат министрі өзгергенде тіл саясаты да өзгеріп жатса... Бұлай болмау керек. Үлкен стратегиялық бағыттағы саясат болуға тиіс. Бұл әруақытта да артықшылық беретін сала болу керек. Осы жағы жетіспей жатыр-ау деп ойлаймын.

          – Мемлекеттік тілді жолға қоюда қай жақтың салмағы басымдырақ болу керек. Мемлекеттің бе, әлде қоғамдық пікірдің бе?

          Екі жақтың да. Бірақ бізде ұят саясатымен және тіл саясатымен Қазақстан халқы  ассамблеясы айналысуы керек деген қисынсыз пікір қалыптасқан. Содан ба бірқатар министрліктер «Бұл ассамблеяның жұмысы ғой» дейді. Бұл дұрыс емес. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі «Біз ұлт саясатымен айналыспаймыз, біз үшін маңыздысы – халықтың денсаулығы» десе  жөн бола ма екен. «Қай халықтың өмірі ұзақ?», «Қай халық ауруға көбірек шалдығады?», «Қай ұлттың сәбилері көбірек шетінейді?» деген сауалдар қойылса мәселенің ұлттық астары шыға келмей ме? Денсаулық саласында ұлттарды салыстыра отырып, өлім-жітім көп жаққа қарай қаржыны салу дегеніңіз – бұл да ұлт саясаты. Басқа салаларда да солай. Мысалы, кейбір қазақ ауылдарында неге жол жақ? Бұл мәселе қазақтарды ренжітеді. Демек, әр министрліктің ұлт саясатымен айналысуға тиіс орыны, нысаны бір. Сондықтан ассамблеяға ысырып тастаған дұрыс емес. Жалпы, ұлт мәселесі – бұл қоғамдық, мемлекеттік мәселе. Ал, ана тілін өркендетуге үлес қосу,  бұл бағытта белсенділік, жанашарлық таныту – екібастан жеке адамның ұлттық парызы.

           – Дегенмен де дәл қазіргі таңда тіл саясатында мемлекет тарапынан ықпалды әрекет болу керек сияқты.

          – Міндетті түрде. Халық ұмтылып, оны мемлекет қолдамаса тілдің болашағына сенімсіздік туады.

                                                                                    

 

Нұрперзент Домбай

 

3415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7229

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6213

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3954

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3344

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3302

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3271

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2999

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2988

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы