• Ақпарат
  • 08 Қаңтар, 2009

Тағдырластар «Тағдырда» табысты

Дүйсенбі күні Ұлттық баспасөз клубында «Тағдыр» қоғамдық қорының президенті Армангүл Қапашева мен канадалық кәсіпкер Адонис Дербас баспасөз мәслихатын өткізді. Кәсіпкер қордың мүшелігіне қабылданғанын, бұған дейінгі мәлімдемелерінде қарама-қайшы пікірлер болса, оның бәрі Рахат Әлиевтің қысымынан болғанын мойындап, енді оған қарсы ашық күреске шыққанын мәлімдеді. Адонис Дербас кезінде Қазақстанда бизнеспен айналысып, салықтан жалтарды деген айыппен қуылған еді. «Рас, мен кейде шарасыздықтан Р.Әлиевтің айтқанына көнуге мәжбүр болдым. Алайда ол екеуміздің «достығымыздың» маған тигізген зардабы ол адамға мүлдем сенуге болмайтынына көзімді жеткізді» деген ол: «Мен сіздің елге саясатпен айналысу үшін емес, таза бизнеспен айналысу үшін келгенмін. Өздеріңізге мәлім, ол кезде Рахат Әлиев барлық шетелдік инвесторларды «крышавать» еткен тұсы ғой. Ол мені серіктес болуға шақырып, менің барлық жұмыс тәжірибемді пайдаланып, ақшамды алып тайып тұрды. Мен онымен қоян-қолтық араласып, тіпті оның осындағы, Автриядағы, Мароккадағы үйінде Мұсаев бәріміз талай қонақ болғанбыз. Егер мен шындығында құбыжық адам болсам ол мені өз үйіне жіберер ме еді. Бүгінде мен оның ұяттан жұрдай алаяқ екенін білдім. Соның кесірінен мен бизнесімнен, бар ақшамнан, достарымнан ғана емес, мен үшін бәрінен қымбат отбасымнан да айырылдым. Мені сазға отырғызып кетті. Маған террорист деген жала жабылды. Түрмеде отырдым. Осының бәріне Рахат кінәлі. Ал маған әлі күнге қысым жасап отыр»,– деді. «Қандай жолмен?»,– деген журналистің сауалына ол: «Сіздіңше, дәл Жаңа жыл қарсаңында 30 желтоқсан күні «Адонис, сен кез келген уақытта о дүниеде болып үлгересің...» деген хабар алсаңыз, бұл қысым емей немене. Рахаттың адамдары менің аузымды жабуы үшін отбасымның да көзін құртатынын айтып қорқытуда. Соның бірін Аман Макашев деген қазір шетелде тұратын Қазақстанның азаматы жасап отыр. Мен тіпті оның қорқытып айтқан сөздерін де дәлелдей аламын»,– деп жауап берді. Канадалық кәсіпкерге «Сізге ірі көлемде ақша ұсынып осының бәрін айтқызып отырған біздің билік емес пе, сіз Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің қайда екенін білесіз бе?», – деген сауалдар тасталды. А.Дербас : «Ал Рахат одан да көп сома ұсынған. Мен қордың ұсынысымен өз еркіммен келдім. Рахаттай адамы бар елде жұмыс істеу үшін келген жоқпын. Ал, өкінішке қарай, маған жоғалған жандар жайында ештеңе белгісіз»,– деді. Оның айтуынша, енді ол «Тағдыр» қорының жұмысына араласып, Рахат Әлиевке қарсы белсенді күреске шықпақ. «Рахат секілді адамдарды тек қана Заңның күшімен, принциптік іс-әрекеттермен жеңуге болады»,– дейді канадалық кәсіпкер.

3118 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы