• Руханият
  • 23 Маусым, 2010

Абай – Астана төрінде

d0b0d0b1d0b0d0b93

Күн өткен сайын сәніне сән қосып көркейген Астанада ұлы даналарымыздың ескерткіші және бір өнер жетістігімен толықты. Елорданың туылған күні қарсаңында Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысындағы ҚР Туризм және спорт министрлігі ғимаратының нақ алдынан ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Салтанатқа ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысып, ұлы ақын ескерткішіне гүл дестесін қойды. Ескерткіштің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді:

– Бұл – халқымыздың біртуар ұлы перзенті, дана Абайға бас иіп, құрмет көрсету ғана емес, барлық қазақстандықтардың рухын көтеретін салтанатты күн. Ұлтымыздың рухани ағартушысы, халқына мәңгі өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан, майталман классигіміз Абайға тағзым ету – біз үшін аса жоғары мәртебе. Ке­меңгерлік пен даналықтың символы Абай Құнанбайұлына Елордамыздың төрінен қойылған осы ескерткіш бүгінгі еңсесі биік, мерейі үстем, бе­реке-бірлігі жарасқан халқымыздың ба­йыпты мақтанышы болмақ. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған Абай шы­ғармашылығы – ұлттық әде­биет пен мәдениеттің ауқымынан ана­ғұрлым асып түсетін ғажайып құбылыс. Абайдың ойға алған бар асыл ниеті халық игілігі және ел мұраты еді. Ол – бүкіл саналы өмірін өз елінің жарқын болашағы үшін арнаған, мыңмен жалғыз алысқан ұлы тұлға. Ол халқының мұңын жоқтап, жоғалтқанын жаңғыртып түгендеді. Абайдың зары да, мұңы да елінің бірлігі мен берекесі болды. Рас, біз Абай арқылы өзімізді білдік, Абай арқылы өмірді сараптадық, сол ғұлама ойшылымыз арқылы дүниені та­ныдық. Демек, Қазақстан – дана Абай армандаған болашақтың нақты көрінісі. Өз сөзін ұлы ақынның «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел. Берекелі болса ел, Жағасы жайлы ол бір көл. Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы – сол» деген бір шумақ өлеңімен қорытқан Сенат спикері: «Тәуелсіз еліміздің көк байрағы биіктен желбірей берсін, ағайын! Астананың келбетін көріктендіре түсетін Абайдың еңселі ескерткішінің ашылуы құтты болсын!» – деп ағынан жарылды. Еңселі ескерткіш стилобаттан, тұ­ғыр мен мүсіннен тұрады. Монумент­тің жалпы биіктігі – 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі – 7,550 метр. Таза қо­ладан құйылған мүсіннің салмағы – 10 тонна. Айта кету керек, ескерткіш авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов. Ескерткішті жасау кезінде мүсінші Абайдың азаматтық ұстанымы мен имандылығын, даналығын, оның сөз өнерін шебер меңгергендігін және соңына қалдырған әдеби мұрасын халық қаншалықты бағалайтынын көрсетіп, ақын тұлғасын асқақтатуға ерекше тырысқан. Газетіміздің алдыңғы сандары­ның бірінде біз Елордада Абай ескерткіші ашылатыны жөнінде жазып, бұл игілікті іс қалалық мәслихаттың бір топ депутаттары мен зиялы қауым өкілдерінің Астана қаласы әкіміне жазған хатының негізінде іске асқалы тұрғанын, келешекте сол маңай ақынның руханият мекені, Абай алаңына айналуы да мүмкін екенін айтқан едік. Абай ескерткішінің алды енді қала тұрғындарының демалып, серуен құратын сүйікті алаңына айналмақ. Және ақынның туған күніне орай жыл сайын бұл жерде Абай оқулары өткізіледі. – Абай – қазақ халқының көсе­мі, қазақ халқының бет-бейнесі, қазақ халқының төлқұжаты. Бүгінгі егемен еліміздің бүкіл идеологиясы Абайдың өсиетімен, ақылымен, арманымен жүруі керек. Ескерткіш көңілімнен шықты. Нағыз Абай атамды өзінің халқыменен бірге келе жатқанын көргендей әсерде болдым, – дейді ескерткіштің ашылу рәсіміне арнайы келген Абай атамыздың жиені Балтабек Ерсәлімов қуанышын жасыра алмай. Осы жерде есімізге түскені, кезінде Астанада орын тепкен Абай ескерткішінің сәтсіздеу мүсініне көңілі толмаған көрнекті ғалым, абайтанушы, марқұм Рымғали Нұрғали аға­мыз: «Еңселі еліміздің елдігін ай­қындайтын Абай ескерткіші Елорданың төрінде тұруы керек», – деп, Елорда төрінен ас­қақ­тап тұрған Абайды көргісі келіп еді. Бүгін сол арман орындалды деп нық сеніммен айта аламыз.

4891 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы