• Қоғам
  • 15 Қаңтар, 2009

Қайран, қамсыз күндер-ай...

Бүгінгі академик те, ғалым да, өнер жұлдыздары да көктен түскен жоқ. Ол рас, бүгінгі әрбір маман бір үзім нанды бөлісіп жеп, жатақхананың есігінен шығып, тесігінен кіретін, емтиханды ойнақтап жүріп тапсыратын кешегі студент емес пе еді?! Сахна төрінде ән шырқап, әсем даусымен тыңдарманды ұйытып жүрген жұлдыздар студенттік кезеңді қалай өткерді екен? Жатақхана өмірін көрген, бар түйткілін көңіліне түйген сахна саңлағы екінші үйі туралы не айтады? Студенттердің “ұлттық тағамы” макарон дегенге қаншалықты сенеді? Сессия кезінде сағы сынған, қызық оқиғаның куәсі болған өнер иесі болды ма? Рауан Әкімбаев, продюсер: – Мен үшін «студент» деген ұғымның өзі құпиясы тереңнен ашылмай жатқан қазына іспеттес. Гүл дәуреннің барлығы да сол бір шақтан бастау алады емес пе?! Сабақ кезінде ұйықтап қалу ең қызықты сәттердің бірі деп есептеймін. Сол ұйқының кесірі бізді деканның алдына дейін алып баратын. Ал “ұлттық тағам” макарон екеніне шүбәм жоқ. Ол студент үшін, қаржы тапшылығы кезінде ас атасы наннан да қымбат болып кетеді ме деймін. Студенттік кезеңнің қызығы әсте таусылған ба?! Тобымыздағы достарымызбен сегізінші наурыз мейрамын милиция бөлімшесінде қарсы алғанымыз әлі есімде. Болатбек Досыбаев, әнші: – Өзім де студент болып, жатақханада тұрып, қайталанбас кезеңдерді бастан өткергенмін. Өмірдің ыстығына төзіп, суығына тоңып жүрсек те, алуан түрлі қызығы болып тұрады. Студенттік кезеңнің қайталанбас сәттері естен еш кетпек емес. Басты орнымыз театр болғаннан кейін ең алғаш спектакль ойнап жүрген кезіміз. Ағайымыз өте қатал кісі болатын. Басты рөлдерде ойнайтынмын. Бір спектакльде нашақорлардың бастығы болып ойнауға тура келді. Өзімнің қатарлас досым Қанат деген жігіт өте күлдіргі болатын. Сахнада мен халыққа қараймын да, ал Қанат артқа қарап тұратын болған. Яғни екеуіміз бетпе-бет тұратынбыз. Оның бар ермегі бет-әлпетін неше түрлі түрге келтіріп, мені күлдіру еді. Мен шыдап тұрамын ба, күліп жіберетінмін. Ақыр соңында ұрыс еститінмін. Ерлан Орынбасаров, әнші: – Қаланы танып болмайынша талай адасып, дәрістен кешіккен кездерім болған. Бұл адамды баурап алатын, өзіндік құпиялы кезең десем артық айтқаным емес. Үйде тұратын студенттер мен жатақхана студенттерінің айырмашылығы екі басқа әлем. Макарон студенттердің сүйікті тағамы. Онсыз студенттік өмірдің мәні де, сәні де жоқ деп ойлаймын. Шынымды айтатын болсам, 25 теңгелік атақты «Роллтонның» дәмі ауыздан әлі күнге дейін кетер емес. Бұл да болса, сол күндерден бір белгі секілді. Университетті бітіретін уақыт. Сол кездегі қызықты оқиғам әлі күнге есімнен кетпейді. Сәрсенбінің сәтті күні диплом қорғаймыз деп дайындалып жүрміз. Отызыншы мамыр, сенбі күні Тараз қаласында «Жұлдыздар нашақорлыққа қарсы» деген акция өтпек. Алдын-ала шақырылып қойғанмын. Неден қорқамын, сәрсенбі тапсырып, сосын концертке дайындаламын деп, жүрген болатынмын. Қызықты қараңыз, сәрсенбідегі диплом қорғау жұмысы, сенбіге ауысты дегенде, не істерімді білмедім. Бармаған адам, баспаған тау қалмады. Не концерт, не диплом?! Концертке бармайын десем, халыққа хабарлама жасап қойған. Неде болса, сағат ондағы емтиханға бірінші кірмек болып шештім. Топтағы студенттермен келісіп, бірінші кіріп, тапсырып шығайын дедім. Сенбі күні…Сағат он… Емтиханға бірінші болып кірдім, не айтқанымды құдай білсін, барымды салып, қорғап шықтым. Достарым «Қорықпай қалай кірдің?» деп жатыр. Сонымен концертке дәл уақытында келіп, халыққа өнерімді тарту еттім. Бір кезде топтағы басшымыз хабарласып, бес алғанымды айтқанда, қуанышымда шек болмады. Басқа салса бәріне үлгереді екенсің. Азамат Салабаев, Дархан Төлебаев, “Ергар” тобының мүшелері: – «Студент деген кім?» деген сұраққа жауап берер болсақ, қолына екі дәптер арқалаған, күннің жартысын ұйқымен, түнді күлкімен өткізетін білім майталманы деп білеміз. Студент болуға, керек десеңіз үлкен де, кіші де қызығады. Біз өзіміз үйде тұрғандықтан, жатақхана өміріне аса мән бермеппіз. Негізінде ата-анаңмен үйде тұрғанға не жетсін?! Мүмкін жатақханада тұрғанда қызықтың көкесі сонда дер ме едік. Біз үшін ол жағы екі дүрмек дүние болып тұр ғой. Студенттердің ұлттық тағамы макарон емес, нан мен майонез деп білеміз. Емтихан кезіндегі қиыншылық сәтте оқытушылар болып, декан болып, әйтеуір “Біріміз бәріміз үшін” деп алып шығатын сәттер болған. Өнердің жолы ұлы жол ғой. Қызық күндер толассыз зымырауда. Бастан өткен күлкілі сәт ойға оралып отыр. Бірде емтихан тапсыру кезінде бір бала құлап қалды. Жолда кетіп бара жатып, менен апайдың телефон нөмірін сұраған болатын. Сол сәтте ойыма бір нәрсе сап ете қалды. Апайдың нөмірінің орнына өз нөмірімді беріп жібердім. Бір уақытта хабарласып тұр. Даусымды апайдың даусына салып, «Жерұйық» кафесіне 2000 теңгеңді алып кел дедім. Айттым да, ұялы телефонымды өшіріп қойдым. Ертесі сабаққа келіп тұр, «Кеше апай алдап кетті, күтіп-күтіп шаршадым» дейді. Дайындаған Жанат Қасымбекова

6360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы