• Мәдениет
  • 15 Қаңтар, 2009

Перудiң перi әншiсi

— Дүниеде не болып жатқанын бiлесiңдер ме?! — дедi бөлмеге асыға кiрген Ш.Аламба — Шоқан Әлiмбаев. Оның орысша жазған ғылыми-фантастикалық шығармаларының көпшiлiкке әлi мәлiм бола қоймаған, дәлiрек айтсам, соларды ендi-ендi толғатып жүрген әбiгерлi шағы болатын. Оның мiнезiне әбден қанық мен халықаралық жағдай туралы: «Жер жүзiнде әзiрге тыныштық» деп, бiрдеңелердi әдейi мiңгiрлей бастадым. Ол өзiнен-өзi ызаға булығып: «Әй, шаруа, мен мәдени өмiрде не болып жатқандығын сұрап тұрмын ғой!» — деп тарпа бас салды. — Көктегi емес, жердегi жаңалықтарды қара шаруа, мына бiздер жасаймыз, керемет өлең жаздым, жаңалық сол! — Қандай артта қалған аборигенсiңдер! Алматыға әлемге әйгiлi әншi Има Сумак келе жатыр. Перуден! Оның дауысы — табиғатта аса сирек кездесетiн теңдесi жоқ құбылыс! Қазiр радиодан ол туралы танымдық хабар берiледi, бiр сөзiн де қалт жiбермей тыңдайтын болыңдар! — Неменеге бүлiнiп тұрсың, мистер Ш, ол менен артық абориген бола қоймас, байқа. — Сөздi қой, радио тыңдайық. Има Сумак, шынында да, ғажайып әншi екен. Неше түрлi құстардың, сан алуан аңдардың дауыстарына қоса табиғаттың бiр-бiрiне мүлде ұқсамайтын құйтырқы дыбыстарын айнытпай салады. Және оларды бей-берекет қалыпта емес, белгiлi бiр сюжетке бағындырып, композициялық көркем шешiмiн тапқан күрделi құрылымда аса шебер орындайды. Оны тыңдап отырып, бейкүнә, бейғам джунглидiң iшiн аралап келе жатқандай күй кешедi екенсiң... Осындай таң-тамаша қалпымызды Шоқанның өзi бөлiп жiбердi. — Мен бұл концертке қайтсем де баруым керек. Әттең, билеттер күнi бұрын сатылып кетiптi. Қолдағы билеттер тым қымбат. Күн өткен сайын, бұрынғыдан да бетер қымбаттап барады. Концерттiң болуына бар-жоғы алты-ақ күн қалды, не iстеуiм керек?! — Оны радиодан естiгенiң де жетпей ме? — Қандай қарабайыр жансыңдар! Оу, мен оны өз көзiммен көрiп, өз құлағыммен естiп, мүмкiн боп жатса, оның тiрi денесiне өз қолымды тигiзiп, сезiмiмдi дiр еткiзбесем, менiң жазғалы жүрген шедеврлерiм жансыз күйiнде қалады емес пе, соны неге түсiнбейсiңдер, түге?! — Ендеше, өзiң бiл. Бiздер реалистермiз. Пiшту, бiр билетi — бiздiң екi стипендия. Ертең тамақ iшпей, бармақ сорамыз ба? Әдiрем қалсын, сен-ақ соған барып, рухани байы! Бiзге өзiмiздiң Роза мен Бибiгүл де жетедi. Ол тосылып қалды. Сәлден кейiн қайта өршелендi. — Жiгiттер, менiң басыма керемет бiр идея келдi! Осы бөлмедегiнiң бәрi шетiмiзден талантты жандармыз, күнi ертең-ақ алдыңғы қатарлы азамат болғалы тұрмыз. Сондықтан, мына бiз, әлемдiк деңгейдегi осы сынды мәдени шарадан шет қалуға тиiс емеспiз. Бiрақ, бұл концертке бәрiмiз бiрдей бара алмаймыз, қаражат жоқ. Оның есесiне, бiзде қандай да болмасын қиындықты жеңетiн ауызбiрлiк бар, — дей бергенде, мен оның баяндамасын әрi қарай iлiп әкеттiм. — ...Сол ауызбiрлiкпен, ортамыздан бiраз ақша шығарып, соған қанша тұрса да, бiр билет сатып алып, iшiмiздегi ең озық ойлы бiреуiмiздi Има Сумакқа өкiл ғып жiберейiк. Оған болашақ фантаст досымыздың өкiлеттiгi дәл келiп тұр! «Ойымды қалай дәл таптың!» дегiсi келген Шоқан маған құшағын жая тұра ұмтылды. Мен оның құлашын қағып жiбердiм. — Сен осындай «қулықтарыңды» қашан қоясың? Жұрттың бәрiн өзiң сияқты аңқау көретiнiң не? Баяғы қазақтар жоқ, оңайлықпен бiздi түсiре алмайсың, жолдас Шоқангауэр! Ол маған өзiнiң орыс тiлiнде оңдырмай бiр сөз айтты да, керуетке сылқ етiп отыра кеттi. Арада бiраз уақыт өткен соң, ол тағы да «Идея!» деп айқай салды. Ендi бiз оның «идеясына» пәлендей қызығушылық таныта қоймадық. Осыны сезiнген ол әлгi арынынан басылып: «Махамбет «алтын малта» деп ненi айтқан? Малта дегеннiң өзi не?» дедi даусын саябырлатып. — Ол кеше ғана Төленнiң үйiнен келген сәлемдеменiң iшiндегi сығынды құрт, — дедiк ешнәрсенiң байыбына бармастан. — Маған соның алтауы керек. — Алтауын емес, бәрiн ал! — Жоқ, бәрiнiң керегi жоқ. Маған алтауы ғана керек. Шоқан алты малтаны санап алды. «Неге?» деп сұраған бiз жоқпыз. Арада бiрер күн өттi. Шоқанымыз жоқ. Оның үйi Жамбыл қаласының түбiндегi Дунгановка селосында. Үйiне жиi қатынап тұратын. Сабақтардың саябырсыған кезi ғой, сонда кеткен шығар дедiк те, онша жоқтай қоймадық. Аттай алты күн өткен соң, түс әлетiнде бөлмеге арып-ашып Шоқан кiрдi. Үстi-басы алқа-салқа, әбден шаршаған. «Мiне билет!» дедi ол қолындағысын үстел үстiне сарт еткiзiп. Бәрiмiз жапырыла кеп қарасақ, пәлi, мынауың, Има Сумактың концертiне билет! Алдыңғы қатардағы орындардың бiрi! Ал, керек болса, ойнайсың бiздiң Шоқанмен... Кейiн бiлсек, оқиға былай өрбiптi: Бiздiң Шоқан алты күн бұрын опера және балет театрында жүрiп жатқан кезектi бiр қойылымға арзан билетпен кiредi. Бұдан былай басқа спектакльдердiң жүрмейтiнiн бiлiп алған ол, сол кiргеннен қайтып шықпай, бiрнеше күн бойы театр iшiнде түнейдi. Жасырынады. Барлық амалды қарастырады. Аузына бiр тамшы су да алмайды. Қалтасындағы алты малтаның күнiне бiреуiн ғана сорып, қорек етедi. Үй сыпырушылардың көзiне түспеуге тырысады. Олар бiр қапталды реттей бастағанда, бұл екiншi қапталға, орындықтардың астымен еңбектей қашады. Бұқпантайлап, көшiп-қонып уақыт өткередi. Әзiрге байқай қойған ешкiм жоқ тәрiздi. Има Сумактың концертi басталар күнi таңертең театр даярлығын тексеруге шыққан директор көрермендер залын аралайды. Сол кезде үй сыпырушы әйел ағынан жарылады: — Менiң бiр күдiгiм бар. Алты күн болды көз алдымнан бiр елес кетпейдi. Мен оң қанатқа келсем, ол сол қанатқа қашады. Сол қанатқа келсем, оң қанатқа қашады. Бәлкiм, галлюцинация. Өз көзiме өзiм сенбеймiн. Айтуға ұялып жүр едiм, өзiңiз келген соң, амалсыздан айтып тұрмын. Мәртебелi қонағымыз тым қасиеттi жан дейдi ғой, бәлкiм, соның киесi болар... — Қайдағыны айтпаңыз, кәнi, қайда өзi? — Анау партер жақта... Директор түйiлген жұдырықтай боп: «Кiм болсаң да, шық бермен, көрiн көзiме, әйтпесе... атам!» деп айқайға басады. «Атам!» деген қорқынышты сөздi ести сала, басқа амалы қалмаған Шоқан сүрiне-қабына, алты күнде әбден кiрлеп бiткен ақ киiмдерiмен, ұп-ұзын бойымен ирелеңдей сүйретiлiп, орындықтардың астынан арса-арса қалпында бой көтередi, тура тiрi аруақ сияқты. Жаңа ғана батырсынып тұрған директор қапелiмде не дерiн бiлмей, бiлсе де бiлгенiн айта алмай, тiлi күрмеледi де қалады. Бұны дер кезiнде байқаған Шоқан өзiн-өзi тез қолға алып: «Мен болашақта аты әлемге әйгiлi болатын жазушы Шоқан Әлiмбаевпын, сондай керемет тұлғаны атып өлтiретiндей-ақ, өзiңiз кiмсiз соншама?!» деп, едендi теуiп-теуiп жiбередi. Жанталаса шыққан айқай зал iшiн жаңғырыққа толтырды. Сол сол-ақ екен, бұлардың үстiне министрлiк жақтан бiраз адамдар да сау етiп келе қалады. Олар да мына қарбаластың анық-қанығына жетуге асығады. «Әруақ па, елес пе?» деп естерi шыққан олар, алдарында тұрған өзiмiздiң Алматымыздың тұрғыны, қатардағы студент екендiгiне көздерi әбден жеткен соң: — Оу, шырағым, алты күн бойы арып-ашып, осыншама азапқа түскенше, бiзге келiп: «Ақшам жоқ едi, кейiпкерiмдi көруге жәрдем жасаңыз» дегенiңде, сөзсiз көмектесушi едiк қой. Өнерге осыншалық құштар жанды бұрын-соңды ешқайдан көрген де, естiген де емеспiз! Ондай жалғыз экземпляр тек бiздiң қаламызда ғана бар және оның өзi — бiздiң театрымыздың көрерменi! — десiп, әрi таңданады, әрi табынады. Жүрегi орнына түскен директор: «Өзiңе қанша билет керек?» дегенде, қуанып кеткен бiздiң Шоқан: «Бiр билет, бiр билет» деп театрды басына көтередi. — Қап, неге екi билет демедiм екен?! Ол өкiнiшпен мен жаққа бұрылды. — Мен бәрiбiр бармас едiм! Шоқан маған соншалықты таңырқай қарады. Мейлi, қарай берсiн. — Әттең, сен менiң ең алдыңғы қатарда, қала басшыларымен бiрге әйгiлi Има Сумакты қалай берiле тыңдап отырғанымды көрмейтiн болдың-ау... — Подумаешь Има Сумак, и над яркой звездой рождаются звезды, — дедiм орысшалап. Ол менiң жаныма батырып бiрдеңе айтқысы келдi-ақ, бiрақ оңтайлы ештеңе таба алмады.

3204 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы