• Тіл
  • 10 Ақпан, 2009

«ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ ҚҰРЫЛДЫ

    2002 жылы мемлекеттік  тілде  іс қағаздарын  жүргізуге көшкен санаулы әкімшілік аймақтардың бірі Атырау облысы екенін  атап өткен абзал.  Солай бола тұрса да,  тұрғындарының  90 пайызын жергілікті ұлт өкілдерінің құрайтындығына қарамастан,  қазақ тілінің кежегесін кейін тартып, әлі де  жоғары жақтың дүмпуі мен жұлқуын күтіп жүрген мекеме, кәсіпорындар  облыста  жетіп-артылады. Бір өкініштісі, аузын айға білеген осынау құзырлы басқармалардың  басшыларының басым бөлігі – өзіміздің қандастарымыз.

   Бастығы соқыр болса, бір көзін қысып сөйлеуді «дәстүрге»  айналдырған  қарамағындағылардың  «көкесінің» көңілін табуға тырысып, орысша  шүлдірлейтіндіктері де сондықтан.  «Басы ауырмастың қасында жаны ашымас» демекші, өз бауырың өз тіліңді өгейсітіп, өңменіңнен итеріп отырғанда  өзгелерге өкпелеудің де жөні жоқ сияқты...

  Жақында Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау мемлекеттік  университетінде өткен  Халықаралық «Қазақ тілі»  қоғамының облыстық конференциясында қазыналы түбектегі қазақ тілінің  қазіргі жай-күйі  тіл жанашырларының  ортақ әңгімесіне айналды. Жоғарғы жақтың көңілін табу үшін  жауырды жаба тоқитын жалған  ақпарат бергеннен гөрі, ащы шындықтың бетін ашып  көрсетуді мақсат тұтқан, елінің ертеңіне елеңдейтін  ұлтжанды азаматтар көкіректерінде қордаланған көптеген сауалдарға нақты жауап та алды.

   Конференцияның жұмысына  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Қазақстан Республикасы  Ұлттық Ғылым академиясының  академигі  Өмірзақ Айтбайұлы, М.Әуезов атындағы  Әдебиет институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  вице-президенті, филология  ғылымдарының кандидаты  Ғарифолла Әнес, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры  Серік Кеңесбаев, Атырау облыстық  тілдерді дамыту басқармасының бастығы  Хабиболла Қуанышқали, университеттің профессор-оқытушылар  құрамы, облыстың  тіл жанашырлары мен БАҚ өкілдері қатысты.

  Атырауға қызмет бабымен ат басын тірейтін меймандар  жетерлік. Бал татыған балықтың сорпасын ішіп,бағыланның басын мүжіп кететіндерден қандай қайыр бар екенін қайдам, ал, тіл мәселесіне байланысты  қос бірдей академиктің ат арытып келіп, алқалы жиын өткізуі – облыстың мәдени-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Сондықтан да болар, бір апта бойы қабағын қарс түйген ауа райы да  күрт өзгеріп, Жер-Ана  жіпсіп сала берді. Құтты қонақ келсе қойының  егіз табатынына  ырым  ететін ел емеспіз бе, мәртебелі  меймандардың осы жолы  облыста тіл мәселесін түбегейлі болмағанымен,түбінде шешілетін күрмеуін босатып кететіндеріне  күмәніміз болған жоқ.

 Конференцияда алғашқылардың бірі болып сөз кезегін алған  облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы  Х.Қуанышқали аталмыш  басқарма құрылғаннан бергі атқарылған  істерге кеңінен тоқталды. Еліміз егемендік алып, тілімізге мемлекеттік мәртебе берілсе де іс қағаздарын  қазақша жүргізуге  көшу әлі де өз дәрежесінде емес екендігін, әсіресе  шет елдік компаниялар мен бірлескен кәсіпорындардағы жағдайдың ешқандай  сын көтермейтінін тілге тиек етті.Облыс басшылығы тарапынан мемлекеттік тілдің  мәселесін шешуге қыруар қаржы бөлініп отырғандығын, Президент Әкімшілігіне жөнелтілетін іс қағаздарының 87 пайызы, Премьер-министр кеңсесіне жіберілетін іс қағаздардың 85пайызы қазақша  толтырылатынын айтып, бұл көрсеткішіті әлі де көтере түсуге мүмкіндік мол екендігіне тоқталды.

  Өкінішке орай,   ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілер бүйректен сирақ шығаруларын  әлі де тоқтатар емес.Министрлікке бағынышты  оқу орындары мен мектеп жасына дейінгі  балалар мекемелеріне жіберілетін іс қағаздары  түгелге жуық  орыс тілінде келеді. Еліміз егемендік  алып, өркениет көшіне бет  түзеген уақытта, кеңестік кезеңнің сұрқия саясатының жал-құйрығына жабысып, айырылғысы келмей жүргендердің бұл әрекеттерін қазақ тілінің тағдырын   төрге емес, көрге сүйреу деп бағалаған дұрыс.

  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті , академик Ө.Айтбайұлы облыстық тіл басқармасының  бүгінгі таңда атқарып отырған жұмысын оң бағалады.

      «Кейбіреулер бәлкім, осыншама  қазақ қоныстанып отырған  Атырау өңірінде қазақ тіліне қатысты тағы бір қоғам құрудың не қажеттілігі бар деп те ойлайтын болар. Бұл – түбірінен қате түсінік. Миллиондаған, миллиардтаған  халқы бар Ресей, Қытай елдері тіл туралы мәселе қозғалған кезде  жарғақ құлақтары жастыққа тимейді. Осыншама жанашыры бар бұл елдерде, ойлап қарағанда,  тіл проблемасы  болмауы керек қой. Соған қарамастан елінің келешегін, тілінің тазалығын, ұлт болашағын ана тілімен байланыстыратын азаматтар қаржылық дағдарысты емес, рухани дағдарыстың қауіпті екендігін анық аңғаруда.  Тіліне, діліне, мәдениеті мен тарихына  бей-жай қарайтын  халықтың түбінде  құрдымға кететінін  жете сезініп, осы бастан дабыл қағуда.Біз әлі самарқаумыз.Сондықтан да облыста «Қазақ тілі» қоғамын құру  қажет.Екеуіне де жұмыс жетеді», – деп тілді, Отанды сүюді  отбасынан  бастау қажеттігіне тоқталды

  Келесі сөз кезегін алған академик С.Қасқабасов республика бойынша қазақшылығы  басым деп есептелетін Атырау  облысында әлі күнге дейін «Қазақ тілі» қоғамының  құрылмай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Әдемі сөйлеп, ойын өрнекті жеткізе білетін, сауатты жазып, атадан балаға  мирас болып келе жатқан шешендік өнерден сусындаған  қазақ балаларының  өз  ана тілін ғана емес, өзге  тілдерді де терең  меңгеретінін, сол арқылы ұлтжанды азамат болып қалыптасатынын айтты. Мемлекеттік  тілдің өрісі кеңейіп, билік тіліне, бизнес тіліне айналуы  үшін  заңымызға  пәрменділік   керек. Ол үшін өзіміз өзгелерге үлгі көрсетуіміз қажет.

  Егерде мемлекеттік қызметте отырып, мемлекеттік тілді меңгеруге мойыны жар бермейтін шенеуініктерге белгілі бір уақыттан кейін қызметтен босатылатыны туралы заңдастырылған қатаң талап қоюға мүмкіндік туғызылса жағдайымыз қазіргі кезден анағұрлым жақсы болар еді деген  пікір айтты. «Әсіресе шет елге  іссапармен  жиі шығатын  шенеуініктердің  мемлекеттік тілде сөйлеуін заңдастырған дұрыс. Басқасын былай қойғанның өзінде түгелге жуық жергілікті ұлт өкілдерін құрайтын кейбір мекемелер  іс қағаздарын қазақшаға аударатын  аудармашы  ұстап  отыр. Бұдан асқан сорақылық бар ма? Мұндай  «кеселдің» тамырына балта шабу  керек», – деп нақтылады.

 Конференцияда Атырау мемлекеттік университетінің ұстазы, филология ғылымдарының докторы  Қ.Жүсіп, осы оқу орынының профессоры Қ.Шәукенов,  ардагер журналист Т.Жауыров  және басқалары сөйлеп, тіл тағдырына қатысты өз ойларын ортаға салды.

  Күн тәртібіндегі  мәселе бойынша арнайы қаулы қабылданып, Халықаралық «Қазақ тілі»  қоғамының  Атырау облыстық филалының  төрағасы болып журналист  Әбілхан Төлеуішов сайланды.

 

Боран-Ғали ҚҰЛЖАН

 

Атырау облысы

4499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы