• Әдебиет
  • 15 Қаңтар, 2009

Абылай хан арандатудың құралына айналмайды

«Ана тiлi» газетiнiң 2008 жылғы 18 желтоқсандағы № 51 (940) санында жарияланған тарих ғылымдарының кандидаттары Бейбiт Қойшыбаев пен Самат Өтениязовтың «Шын Абылайды бiлемiз бе?» деген мақаласын оқып, жаным түршiктi, ұйқым қашты, ерiксiз қолыма қалам алдым. Себебi, аталмыш мақала тарихқа терең бойлап, шын Абылайды бiлуге емес, шындық пен әдiлдiк туын көтерген болып, ұлы тарихи тұлғаны қаралап, ел iшiне жiк салу үшiн жазылған сияқты әсер қалдырды маған. Сондай-ақ, аталмыш мақаланың екi авторы да тарих ғылымдарының кандидаты деген атақты иеленiп жүргенiмен, тарихшыларда болуға тиiстi қарапайым тарихи ұғым, объективтiлiк, тарихилық принцип дегендерден жұрдай екендiктерiн осы мақаласынан байқап, түңiлдiм. «Абылай сұлтан» деп басталатын мақалада авторлар ә дегеннен Абылай туралы алғаш қалам тербегендерге қатты шүйлiгедi. «Абылай туралы шындықты бұрмалап жазу сонау ХIХ ғасырдан басталған. Оған Алексей Левшин ерекше көп еңбек сiңiрген едi. Патша үкiметi тұсында Абылайды дәрiптеу тек Левшинге емес, оның шөбересiне де – қазақтың асқан ғұлама ұлы ғалымына да тапсырылған тәрiздi», – деп Левшин мен Уәлихановқа соқтығады. Бiрақ олардың тарихи шындықты бұрмалап жазғандығын айғақтайтын бiр сөйлем жазба дерек келтiре алмайды. Сондай-ақ, олар шын Абылайды бiлуге оқырмандарды жетелейтiн бiрде-бiр тың дерек немесе жаңа көзқарас ұсынбайды, керiсiнше, кеңестiк кезеңде көп айтылатын сыни материалдарды қайталап келтiрiп, Абылай тұлғасын аласартып көрсетуге тырысады. Осыған қарағанда, олар соңғы жылдары елiмiзде Абылай ханға қатысты баспадан шығып жатқан архивтiк құжаттар мен зерттеу еңбектерiнен мүлде бейхабар сияқты. Осыған орай мен бұл арада мақала көлемiнiң шектеулi болуына байланысты тек өте маңызды деген жинақтарды ғана атап кеткiм келедi. Белгiлi қаламгер Қойшығара Салғараұлының құрастыруымен «100 құжат (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар)» атты деректер жинағы (176 б.) «Санат» баспасынан 1998 жылы шықты; белгiлi тарихшы, этнограф Ж.О.Артықбаев құрастырған «Материалы и истории правящего дома казахов» (204 с.) «Ғылым» баспасынан 2001 жылы жарық көрдi; Зарқын Тайшыбайдың баспаға дайындауымен Абылай ханның өмiрi мен қызметiне қатысты орыс тiлiндегi құжаттар мен материалдар жинағы қазақ тiлiнде «Абылай хан» деген атпен (478 б.) «Астана» баспасынан 2005 жылы жарық көрдi; «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемесi. III том. Цин патшалығы дәуiрiнiң мұрағат құжаттары» атты (қытай тiлiнен аударып, түсiнiктемелерiн жазған Б.Еженханұлы, ғылыми редакторы М.Қ.Әбусейiтова, 292 б.) көлемдi құжаттар жинағы 2006 жылы «Даик-Пресс» баспасынан шықты. Бұл құжаттар мен материалдар жинағына енген ХVIII ғасырдағы қазақтың тарихына қатысты Абылайдың өмiрi мен қоғамдық қызметi туралы жазылған мәлiметтердiң барлығын жап-жаңа деректер деп айта алмаймын. Өйткенi олардың көп бөлiгi қазiрге дейiн де ғылыми айналымға түскен, ХVIII ғасырдағы Қазақ хандығының қоғамдық-саяси жағдайын зерттеуге, Абылай ханның Қазақ мемлекетiн дамытуға, әлеуметтiк алға басуға сiңiрген еңбегiн бағалауға, оның қазақ тарихындағы тұлғалық орны мен жетекшiлiк рөлiн анықтауға негiз болған-ды. Дегенмен бұл жинақтардағы құжаттардың ерекшелiгi – мәлiметтер мәтiнiнiң толық берiлуi мен жүйелi түрде жинақталуында деп санаймын. Осы құжаттар жинағын «Шын Абылайды бiлдiргiсi» келген авторлар бiр оқып шыққанда, осындай нашар, тiптi зиянды мақала жазудан қаймығар ма едi? Әй, қайдам. Олардың бұл мақаласынан тарихшы-ғалымдарда болатын, болуға тиiстi шындықты iздеу, ақиқатқа көз жеткiзу, тарихи тәжiрибелердi ғылыми түрде тұжырымдап, қазiргiге сабақ ету, қоғамдық тарихтың даму заңдылығын ашуға құлшынудың нышаны байқалмайды. Ең болмаса, жай бiр гуманист қаламгерде болатын, болуға тиiстi бейбiтшiлiк пен жарасымдылықты жақтайтын түсiнiктiң түйсiгi де бiлiнбейдi. Әйтпесе, олар тарихтану ғылымының, тарихи тұлғаларды зерттеудiң қалыптасқан қарапайым әдiстерiне аз да болса жүгiнген болар едi-ау. Бұлай айтудағы негiздерiм: 1. Аталмыш мақала авторлары Абылай хан туралы жазылған тарихи құжаттарға ғылыми тұрғыдан деректану әдiстерi бойынша сараптама жасамаған. Тiптi ол жөнiнде жасалған ғылыми сараптамаларды көрмеген, яки көрсе де пайдаланбаған. Мысалы, авторлар «Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов материалдарының iшiнде аса құнды мәлiметтермен қатар тарихи дәлдiкке жауап бермейтiн тұстары бар» дейдi. Бұған негiзiнен келiсуге болады, әрине. Бiрақ жалпы мәтiннiң контексiнде саралау арқылы ондай мәлiметтердi ұлы ғалым қандай жағдайда жазғандығын тарихи тұрғыдан талдап көрсету қажет. Бұл жөнiнде белгiлi ғалым, ҚР ҰҒА академигi Оразақ Смағұлов өзiнiң «Абылай хан» атты ғылыми тарихи-антропологиялық зерттеу еңбегiнде тамаша түсiндiрген-дi. Ол Абылай туралы жазба материалдар жазған А.Левшиннен кейiнгi екiншi ғалым Ш. Уәлиханов екендiгiн, оның жазбаларының ғылыми және деректiк құндылығын жоғары бағалай отырып, кейбiр тұстарын амалсыздан сол кездегi билiк талабына бейiмдеп жазуға мәжбүр болғанын атап көрсетедi. Мысалы, ол: «Шоқан Абылай ханның қазақ ордасында жүргiзген саясатының кейбiр қырларын, әсiресе, оның жеке басқаруын, қазақ елiнiң егемендiгiн сақтап қалудағы iс-әрекеттерiн де сынап отырды. Шоқан барлық жағынан көзi ашық қайраткер және ғалым бола тұра, қазақ елiнiң ХVIII – ХIХ ғасырлардағы мұңы мен зарын Абылай атасындай түсiне алмады деуге әсте болмайды. Арыстандай арпалысып, түлкiдей әккi саясат ұстаған Абылайдай атасына бүйрегi бұрып тұрса да, патша үкiметiнiң цензурасынан сескенген Шоқан амалсыз әлгiндей әрекеттерге барды. Атасы туралы ең асыл ойларын патшалық цензурадан өткiзу үшiн, арасына сыни пiкiрлердi сыналауға тура келген. Шоқанды сол орыс билiгi жүрген ХIХ ғасыр биiгiнен бағалауға тиiспiз. Қазiргi еркiндiк алған ХХ ғасыр аяғындағы ой-сана тұрғысынан Шоқанды кiнәлау орынсыз сияқты (аталған еңбек, «Атамұра», 1999, 19-б.)» деген едi. Академиктiң бұл еңбегiн онымен бiр институтта жұмыс iстеген С.Өтениязов оқымады деуге болмас. Ол оны оқыған, оқығандықтан да ол Шоқан Уәлиханов еңбектерiндегi әлгiндей тұстарын iздеп жүрiп, үзiп-жұлып, мақаласына келтiргенi байқалып тұр. 2. Аталмыш авторлар Абылай хан туралы ғылыми-зерттеу еңбектерге талдау жасаудан тайсақтап, қазiрге дейiн отандық тарих ғылым саласында да, көркем әдебиет кеңiстiгiнде де ғылыми тұжырым болып қабылданып кеткен тарихи қорытындыларға негiзсiз шабуыл жасайды. Мысалы, аталмыш мақала авторлары: «Абылай хан туралы жазылғандардың көпшiлiгi, тiптi түсiрiлген фильм де тарихи шындық пен әдiлдiк тұрғысынан сын көтермейдi», «Қысқасын айтқанда, осы күндерi «Қазақстанның басын бiрiктiрген – Абылай», «Қазақ елiн қорғаған – Абылай», «Дипломат Абылай», «Абылай қазақ елiнiң сыртқы дұшпандарымен шайқасып өттi» деген сияқты шындыққа аса сәйкес келе бермейтiн қиял-жорамалдардың көп айтылатыны сондай, соңғы кездерi қазақ елiнде одан басқа хан, әлде батыр болмаған-ау деп ойлайтын жағдайға жеттiк...» деп соғады. Мұнда олардың ойы түсiнiктi, Абылайдың жоңғар батыры Шарышты жекпе-жекте жер қаптырған ерлiгiмен елге танылып, қолбасшыға айналғанын, Абылайдың сол ерлiгiнiң өзi бүкiл қазақ халқының жiгерiн жанып, рухын көтерiп, жауынгерлiк қуатын асырып, жоңғар шапқыншыларына қарсы күресте қазақ жасақтарының ырықсыздықтан ырықтылыққа өткен тарихи бұрылыс кезеңiн де олар ешқандай негiзсiз «тарихи шындық пен әдiлдiк емес» дейдi. Мiне, мақала авторларының «әдiлшiлдiгiнiң» кейпi осы. Тарихи тұлғаларды зерттеудiң ең қарапайым қағидасы – оларды өздерi өмiр сүрген тарихи қоғамдық-саяси жағдаймен тығыз байланыстыра отырып, олардың жалпы қоғамдық iс-әрекетiне жүйелi түрде жан-жақты ғылыми талдау жасау. Ал аталмыш мақала авторларына бұл сынды жалпыға бiрдей принциптiң керегi де жоқ сияқты. Олар: «Шоқанның жазбаларында жаңсақтық кеткен. 1740 жылға дейiн Абылай ел басқарған жоқ. Оның билеушiлер қатарында жүруi Орта жүзде 1738-1771 жылдары хан болған туысы Әбiлмәмбетке байланысты екенi ешкiмге құпия емес. Әйтсе де, Абылайды 1743 жылдан бастап бүкiл қазақтың ханы болды деген жалған дерек талай жерде жазылды. Шындығында, ол тек 1771-80 жылдары Орта жүздiң ғана ханы болды. Соның соңғы екi жылында ол хандық дәрежесiнен iс жүзiнде айырылып, оңтүстiкке көшуге мәжбүр болған-тын. Турасын айтқанда, Абылай хан болып соншалықты биiк абыройға ие болмады», – дейдi. Осы сөзден-ақ мақала авторларын ХVIII ғасырдағы қазақ қоғамының саяси жағдайын мүлде түсiнбейдi немесе тарихи шындықты қасақана бұрмалап отыр деуге болады. Өйткенi ол кездегi қазақ қоғамының ең басты саяси мiндетi – жоңғар шапқыншыларына қарсы тұру болған. Сондықтан бүкiл ел жасақтары жұдырықтай жұмылып, жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқасқа шықты әрi көп соғыстарда жеңiске жетiп отырды. Сол сұрапыл соғыстарда қазақ жауынгерлерiне қолбасшылық жасаған көрнектi тұлғаның бiрi Абылай екенiн қалай жоққа шығаруға болады? Мақала авторларының ойынша, 1731 жылы Шарышты жекпе-жекте жеңген ұлттық батыр Абылай бүкiл ел болып жоңғарға қарсы жан алып, жан берiп, соғысып жатқанда 1740 жылға дейiн үйiнде ұйықтап жатады екен. Бұған тарихи деректер не дейдi, қарап көрейiк. Үмбетей жыраудың Абылайға арнаған: «Жиырма жасың толғанда, Қалмақпен соғыс болғанда, Алғашқы бақыт тапқанда, Шарыштың басын қаққанда, Қанжығаға бас байлап, Жау қашты деп айғайлап, Абылайлап шапқанда, Сол ерлiкпен хан болдың Барша әлемге даң болдың», — деген жыр жолдары шындықтан алынған емес пе?! 1738 жылы 10 тамызда Әбiлқайыр ханның Ресей патшасына жазған хатында: «... Орта жүздiң сұлтаны Әбiлмәмбет пен Абылай бұл күнде қазақ даласында көшiп жүр. Жер шалғай болған соң, ант беру рәсiмiнен өткен жоқ...» («Казахско-русские отношения в ХVI-ХVIII веках /Сборник документов и материалов /А., 1961 г. № 68. С 130-133. – Абылай хан /Өмiрi мен қызметiне қатысты құжаттар мен материалдар/ 80-б.); 1740 жылғы 19 тамыз – 1 қыркүйекте Кiшi жүз бен Орта жүз қазақтарының Орынбор қаласына келген өкiлдерiмен В.Урусов жүргiзген келiссөздiң хаттамасында: «Кешке қарай генерал В.Урусов Әбiлмәмбет хан мен Абылай сұлтанға тiлмаш Максутов арқылы бiр үлкен шатыр жiбердi...» (Казахско-русские отношения в ХVI-ХVIII веках /Сборник документов и материалов/А.; 1961 г. № 70. С 134-135. – Абылай хан /Өмiрi мен қызметiне қатысты құжаттар мен материалдар/ 81-б.); 1740 жылғы 8 қыркүйекте Орынбор комиссиясының бастығы В.Урусовтың Сыртқы iстер алқасына мәлiмхатында: «Сыртқы iстер алқасынан биылғы 3 мамырда маған Орта жүздiң билеушiлерi Әбiлмәмбет хан мен Абылай сұлтанға тапсыру үшiн грамота жiберiлген едi. Грамотада олар ел ағалары деп аталған. Ал ежелгi хан тұқымдарынан шыққан Әбiлмәмбет пен Абылай қашаннан сұлтан деп аталатын көрiнедi. Мына Әбiлмәмбет бұл күнде халықтың сайлауымен Орта жүздiң ханы болып отыр...» (Казахско-русские отношения в ХVI-ХVIII веках /Сборник документов и материалов/А.; 1961 г. № 73. С 169-170. – Абылай хан /Өмiрi мен қызметiне қатысты құжаттар мен материалдар/ 96-97-бб.). Егер «1740 жылға дейiн Абылай ел басқарған жоқ» болса, онда патшалық Ресей үкiметi неге оған хан Әбiлмәмбетпен бiрдей мәмiле жасап отыр? Жоғарыдағы құжаттар iс жүзiнде Абылайдың Орта жүзде Әбiлмәмбет ханнан кейiнгi немесе сол сияқты беделдi де ықпалды басшы болғанын айғақтайды. Абылайды 1743 жылы Орта жүздiң ханы болды деген көзқарасты ең алғаш айтқан мен болатынмын. Мен Қытайдың Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясында ғылыми қызметкер болып iстеп жүргенде, Абылайға қатысты жазылған қытай жазбалары, қазақ ауыз әдебиеттерi, Шоқан Уәлихановтың еңбегi, А. Левшиннiң «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» атты кiтабының (1832) француз тiлiне аударылған нұсқасынан қытай тiлiне аударылған нұсқасын және басқа да еңбектердi пайдалана отырып, Абылайдың бүкiл өмiрiн жүйелi түрде қарастырып, оның атқарған қоғамдық қызметiнiң бiрнеше сатылы кезеңдерiн анықтап, қытай тiлiнде «Abulai yan jiu» («Абылай туралы зерттеу») деген мақала жазып, оны академиядан қытай тiлiнде шығатын «Zhong ya yan jiu zi liao» («Орталық Азия зерттеу материалдары») деген журналда (1984, №3, 34-42-бб.) жарияладым, кейiн оны өзiм қазақшаға аударып, «Мұра» журналына (Үрiмжi, 1987 , №1, 60-71-бб.) шығардым. Шындығын айтқанда, бұл жалпы қазақ тарихын зерттеу саласында Абылай туралы жазылған тұңғыш ғылыми мақала болатын. Менiң бұл мақалам сол кезде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына жеткен екен, сол кездегi институт директоры Рамазан Сүлейменовтiң тапсырмасымен ол мақаланы Мәмбет Қойгелдиев орысшаға аударып, ғылыми айналымға қосқанын кейiн естiдiм. Әрине, қазiргi деңгеймен қарағанда, ширек ғасырдың алдында Қытайда жазылған ол мақаладан тарихи саяси шектемеге ұшырағаным анық байқалады. Бiрақ ол мақалада Абылайдың атқарған қоғамдық қызметтерiн тарихи кезеңдерге бөлiп көрсетуiмнiң ғылымилығы мәңгi жойылмайды деп кесiп айта аламын. Егер сөзiме нанбасаңыз, осы мақала енгiзiлген ғылыми мақалалар жинағым «Тарихи зерттеулердi» («Жалын» баспасы, 1994, 57-73-бб.) оқуыңызға болады. Онда мен Абылай – Шарыш жекпе-жегiнен кейiн Әбiлмәмбет ханның көзiне түсiп, сұлтандық мәртебеге ие болып, оның сенiмдi сардары ретiнде Орта жүз жасақтарына қолбасшылық етiп, жоңғар шапқыншыларына қарсы күрестi сәттi жүргiзiп отырды, сондықтан жоңғарлар Абылайды тұтқындап, қазақ қарсылығын доғартпақ болды. Сонымен олар Абылайды қапияда тұтқындады. Абылайдың араға жыл салып, тұтқыннан босап келуi оның абыройын тiптi де асқақтата түстi, Әбiлмәмбеттiң де сенiмiнен шықты. Сонымен Әбiлмәмбет хан үш жүздiң ұлықтарын шақырып, үлкен ас берiп, өзiнiң қартайғандығын ескертiп, хандық тағын Абылайға тапсыратынын мәлiмдеп, өзi қасиеттi Түркiстанға көшiп кеткенiн пайымдаған едiм. Бұл тұжырымды растайтын және екi үлкен жайтты естерiңiзге сала кеткiм келедi. Оның бiрi — егер Абылай 1743 жылы Орта жүзiң ханы болмаған болса, 1745 жылы Жоңғар ханы Қалдан Серен өлгеннен кейiн, хандық таққа таласқан жоңғардың нояндары кезек-кезек келiп, Абылайдан көмек сұрамаған болар едi. Абылай осы орайды пайдаланып, ата жауының әлсiздерiне болысып, күштiлерiн әлсiрету, яки жоңғарларды өздерiн өздерiмен тоздыру саясатын қолданбаған болар едi. Бұған мынадай деректi келтiре кетейiн. Абылай хан 1754 жылы Жоңғарияның орталық өңiрiне дейiн iшкерiлеп барып шабуыл жасағанда, оның әскери қимылын қадағалап, бақылап отырған Чиң империясының Әскери кеңесi: «...Қазақ әскерлерiнiң Дауашқа жорық жасауына қарағанда, Дауаштың күшi әлсiреп, жоңғарлар күйрейiн деген екен. Ендi бiз (жоңғарларға) жедел әскер аттандырмасақ, қазақтардың көлденең олжаға ие болып кетуi сөзсiз» («Чиң патшалығы Гао зүң патшаның орда күнделiгi», 483 т., 4-б. – Н.Мұқаметханұлы, «Абылай ханның мәмiлегерлiк саясаттары» //Қазақ тарихы. 2000, №3, 3-7 бб.; №5, 3-8-бб.), — деп императорға ұсыныс жасауы сондай жағдайды аңғартады. Оның екiншiсi – Қытай Чиң (Цин) империясы жоңғарларды жою қарсаңында және Әмiрсана көтерiлiсiн жаныштау барысында жазылған қытай мәлiметтерiнде қазақтардың да, Чиң патшалығының да Абылайды «хан» деп атағаны және Чиң патшалығының Абылайды бүкiл қазақтың өкiлi ретiнде қарағандығы. Ендi бұл сөзiмiзге де дәйек келтiрейiк. Чиң патшалығының сардары Бандидiң 1756 жылдың 25 жұлдызы күнi патша ордасына жолдаған құпия мәлiметiнде: «қазақтардың елшiсi Өмiр: Өз кезiнде Даваци мен Әмiрсана екеуi өте тату-тәттi қарым-қатынаста болған, тiптi ант суларын iшкен. Кейiн келе екеуi өштестi де, бiр-бiрiне шабуыл жасай бастады. Ал бiздiң қамқорлығымызда болған Батыма-церин мен Ерицин, мiне, бiзге опасыздық жасап жатыр, бұлар ылғи да осылайша жақсылыққа жамандық қайтарады... Бiздiң Абылай ханымыз Ерициндi қуып кеткендiктен, осы рет сый-сияпатымен келiп, сiздермен сәлемдесуге ыңғайы келмей қалды...» («Қазақстан тарихы туралы қытай деректемесi. III том. Цин патшалығы дәуiрiнiң мұрағат құжаттары», 26-б., №1 құжат.), – деген сөздерiн келтiрген. Мiне, бұдан қазақ халқының өзi сол кезде Абылайды «хан» деп атайтындығын бiлуге болады. Және де, Әмiрсананы тұтқындау үшiн қазақ жерiне баса-көктеп келген Чиң империясы қалың қолына Абылай бiр емес, үш бағытта тойтарма шабуыл жасайды. Осы оқиғаға байланысты Чиң империясының әскери шонжарларының патша ордасына жолдаған мәлiмдемесiнде: «Әмiрсана өткен жылы қашып келгенде, жол бойында отырғандар бұл ахуалды Абылайға мәлiмдемептi» (Н.Мұқаметханұлы «ХVIII-ХХ ғасырлардағы Қазақстан-Қытай байланыстары», «Санат», 1996, 36-б.) деп жазады. Бұдан да Абылайдың ең жоғарғы билеушi екендiгiн аңғаруға болады. Алайда Абылай шығыстан қаптап келген қалың қолды қарумен емес, дипломатиялық жолмен керi қайтаруды жөн көрiп, оларға елшi жiберiп: «Бiздiң әскер бастап шығуымыз әсте iрi елмен жауласу емес едi, қалың қолдарың бiзге шабуыл жасады» деп оларды кiнәлайды. Сондай-ақ, елшiсi арқылы: «Таяуда ойраттар тоз-тоз болып кетiптi деген хабарды естiп, олардың мал-мүлкiн аламыз деп кетiп бара жатқанда, аяқ астынан қалың қолдарыңмен қақтығысып қалып, екi жақ бiрдей арандалдық. Бүгiн, мiне, ат тарту етiп, кешiрiм сұрап отырмыз» («Чиң патшалығы Гао зүң патшаның орда күнделiгi» 543 т., 4-б. – Н.Мұқаметханұлы. «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» /1860-1920/, «ҚазАқпарат», 2000, 50-б.) деген дипломатиялық сөздi айтқызады. Әмiрсана оқиғасына байланысты бiр мезет Чиң патшалығының әскери штабы мен Абылай хан ордасы арасында елшiлер сапырылысып, саяси арбасулар жүрiп жатты. Сол тұста Абылай ханның елшiсi мiндетiн абыроймен атқарғандардың бiрi Жауғаш Қырбасұлы болған. Бұл туралы менiң «Жауғаш батырдың елшiлiк миссиясы және қазақ-қытай қатынастарының қалыптасуы» (ҚазҰУ Хабаршысы, 2006, №3, 11-19-бб.) атты мақалам жарық көрген едi. Егер Қытайдың абсолюттi феодалдық дипломатиялық заң ережесiнде жазылған императордың елбасыларының елшiсiнен басқаны қабылдамау принципiн ескерсек, Чиң империясының 1750 жылдары Абылайға хан дәрежесiнде мәмiле жасағаны өзiнен-өзi айқындалады. Шоқан Уәлихановтың сөзiмен айтқанда: «Чиң патшалығы (қазақтың) хан билiгi үшiн ешқандай қатерлi емес» болғандықтан, Абылай хан олармен тiкелей қатынас орнатуға шешiм қабылдады, олардың жiберген елшiсiн қабылдап, Чиянлүң (Цияньлун) императорға 1757 жылы бүкiл қазақ халқы атынан хат жолдаған. Онда орыстың Қатын патшасымен (Екатерина II-нi айтып отыр) байланыста екендiгiн, ендiгi жерде Боғда хан Цин империясымен де қарым-қатынастар жасайтындығын бiлдiредi (хаттың төл нұсқасын Б.Еженханұлы мен С.Сұңғатайұлы 2004 ж. Қытай мемлекеттiк бiрiншi мұрағатынан көрген. Жақында жарияланады). Соған орай Чиянлүң патшаның Абылайға жiберген грамотасында: «... Өзiң тегiңнен хан екенсiң, патша хандығыңды бекiттi, бұл саған артық емес. Егер өзiң тiлеген мансабың болса, хат жолда, патша оны да қабыл алады. Бiрақ оны өзiң мәлiмдеуiң керек... Сендер әлi де бұрынғы салттарыңда (қоғамдық жүйеде – Н.М.) бола берiңдер. Алым-салық беру-бермеу еркiндiгi өздерiңде. Егер елшi жiберiп жатсаңдар, патша сендерге ерекше сый-құрмет көрсетедi» («Чиң патшалығы Гао зүң патшаның орда күнделiгi», 543 т., 16-17-бб. – Н.Мұқаметханұлы. «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы» /1860-1920/, 51-б.) деп жазған. Бұл арада айта кетуге тиiстi екi нәрсе бар. Бiрi – Қытай Чиң патшалығы өздерiмен қарым-қатынаста болған көршiлес елдердiң барлығын өздерiне «Gui fu» («қараған»), «Wai fan» («сырттай ел болған»), «Fan shu cuo» («сырттай тәуелдi болған елдер») деп жазатын. Орталық Азиядан олар қазақтарды, қоқандықтарды, қырғыздарды және бадақшандықтарды осылай атаған. Бiрақ iс жүзiнде Чиң патшалығы оларға дербес мемлекет қатарында мәмiле жасап, олардың iшкi-сыртқы iстерiне араласқан жоқ. Екiншiден, Чиң патшалығының Абылайдан бастап қазақ хандарын өз грамотасымен нақтылап отыруының бейне қазiргi замандағы тәуелсiз мемлекеттердiң жаңа президенттерiнiң халықаралық ұйымдар жағынан мойындалуы сияқты маңызы болған. Қазақ хандарын билерi сайлап, ұсынады, оларға Чиң патшасы өз грамотасын және сәлем-сауқатын жiберiп отырды. Жоғарыда келтiрiлген деректер Абылайдың ХVIII ғасырдың орта шенiнде ол Орта жүздiң сұлтаны емес, қазақтың ортақ ұлы ханы болғанын анықтап көрсетiп тұрған жоқ па? Сондықтан Абылай 1775-76 жылдары Ұлы жүздi шапқан қырғыздар мен өзбектерге пәрмендi соққы берiп, елiн барымталағаны баршаға аян оқиға ғой. Бiрақ менiң бұл көзқарасым көркем әдебиет саласына еңбегiм арқылы емес, көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, үлкен жазушы Әбiш Кекiлбаевтың «Абылай хан» атты спектаклi арқылы қабылданды деп ойлаймын. 1997 жылы күзде мен сәтi түсiп, Әбiш Кекiлбаевтың қабылдауында болдым. Сонда ол кiсiге жоғарыда аталған кiтаптарымды сыйлаған едiм. Кейiн ол кiсi жазған «Абылай хан» спектаклiн барып көрдiм. Сонда ол кiсi Абылайдың Орта жүзге хан болған уақытын сол мен анықтаған жылға туралағанын байқап, Әбекең менiң көзқарасымды қолдаған екен ғой деп, өзiмше қуанып қалдым. Кейiн ол «Көшпендiлер» фильмiне де арқау болды. Бiрақ бұл көзқарас әлi жұртшылыққа сiңiскен жоқ. Өйткенi, бiздiң халыққа гуманитарлық ғылым саласы бойынша ұлттық мүддемiзге үйлесетiн жаңа ғылыми қорытынды тұжырымдарды саналы түрде қабылдату өте қиын, оның әкiмшiлiк тетiктерi әлi жасалған жоқ. Сондықтан көпшiлiк зиялыларымыз колониалдық ұстаздары үйретiп кеткен алғашқы ұғымынан айналсоқтап шыға алмайды. Тiптi бүгiнге дейiн солардың ойлау жүйесi бойынша ойлайды. Олар халқымыздың ар-намысына тиетiн, ұлы тұлғаларымыздың бетiне шiркеу болатын қауесеттердi қаусай беруге құмар. Бұған мысалды аталмыш мақаладан келтiруге болады: «Абылай хан тұлғасы бiздiң елiмiзде тоталитаризм құрсауы қақырасымен айрықша дәрiптеле бастады. Мұндай ахуалға екi нәрсе әсер еттi. Бiрi – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатынан кейiн жүргiзiлген Отан соғысындағы бiрiккен қазақ қолының бас қолбасшысы Әбiлқайыр ханды, тарихқа сiңiрген еңбектерiн жасырып және бұрмалап, «қазақ елiн Ресейге бодан еттi» деп нақақтан-нақақ қаралау бағыты болса, екiншiсi – тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары көп таралыммен шыққан бiр кiтапта (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзiме дейiн» атты кiтабын айта алмай отыр – Н.М. ) Абылай ханды Төле бидiң заңсыз туған баласы етiп көрсеткендiк» дейдi. Зиялыларымыздағы тұрпайылық деген осы болар, сiрә. Мен таңғаламын, бiздiң қаламгерлер ұлы тарихи тұлғалардың анасының жатырындағы ұрық кiмнен құйылған деген мәселеге қатты қызығады, оны талқылаудан ұялмайды да шаршамайды, қазақ тарихында ең өзектi мәселе сол сияқты. Аталмыш мақаланың ең сорақысы сол, Едiл бойындағы қалмақтар «1771 жылы Қазақстан арқылы шығысқа көшкенi белгiлi. Сол шақта Кiшi жүз ханы Нұралы және де басқа да батырлар қалмақтарға әлденеше рет соққы бердi. Көп ұзамай Нұралының iнiсi, Әбiлқайыр ханның баласы Ерәлi сұлтан басқарған Ұлы жүз қазақтары Балқаш түбiнде қалмақтарды ойсырата талқандайды. Осынау тарихи шайқас жайлы А.И. Левшиннiң жазғандарына мұқият қарасақ, Орта жүз ханы Абылайдың қазақтарға емес, қалмақтарға жанашырлық көрсетуге тырысқанын көремiз...» деп, Абылайды қараламақ болады. Бұл сөзден мақала авторларының мәселенiң сипатын айырмайтыны, соғыстың характерiн түсiнбейтiнi анық байқалады. Бiздiң ұлттық батырларымыз қазақтың қасиеттi жерiне аяқ басқан жаулаушыларға, қазақты құл етуге, отарлауға келген шапқыншыларға қарсы күрескендiктен, қан төгiп, жан бергендiктен, батыр болып танылып, ұлы болып ұлықталып отыр емес пе?! Ал торғауыттың Үбашы (Убаши) бастаған Едiл қалмақтары — қазақ даласын басып алу үшiн емес, шығыстағы атамекенiне қайту үшiн көшкендер. Бiрақ тарихи өшпендiлiктiң себебiнен қазақтар оларды тұс-тұстан шабуылдап, барымталады. Соның салдарынан (әрине, басқа да себептерден) алғаш жолға шыққан «33 мыңнан аса отбасы, 169 мыңнан аса адамнан Iлеге жеткенi тек жартысы ғана болды» деген қытай деректерiне, «Шығысқа кеткен қалмақтар 15793 түтiн, 66073 адам» деген орыс құжаттары (Ма Рухың, Ма Дачжын «ХVII-ХVIII ғасырдағы торғауыт моңғолдары», Бейжiң, «Қытай Қоғамдық ғылымдар баспасы, 2003, 191-б.) сәйкес келедi. Осыдан-ақ олардың қаншалықты шығындалғаны байқалады. Халқымызда «Көшкен елдiң бұқасын iргелi елдiң тайыншасы қорқытады» деген мақал бар. Бейбiт көшiп бара жатқан қалмақтарға «соққы» бердi деп, тарихи тұлғаларымызды мақтаймын деп үшiншi бiр елге жауыз, қарақшы етiп көрсетiп алғанын авторлар байқамаса керек. Егер Абылай торғауыттардың шапқыншылыққа ұшырауына жанашырлық бiлдiрсе, онда оның ұлы гуманист болғаны. Бұл Абылай ханның абыройын асқақтата түсетiн фактi болып табылады. Мақала авторлары: «Қазақ тарихындағы билер институтымен Абылай араз болған. Демек, оны қазақ билерi хан сайлады деген аңыздың өзi шындыққа келмейтiн сияқты. Ол билiктi күшпен, әлде басқа бiр жолдармен (мысалы, Ресейдiң көмегiмен) алған ба дейсiң. Яғни Абылай қазақ тарихында билерге бағынбаған бiрден-бiр диктатор», – дейдi. Ғылыми зерттеудiң басты бiр мiндетi – күмәндi нәрселердi айқындау болса, бұл авторлар анық нәрсенi – Абылайдың билiк басына келуiн күмәндi етiп, бұлыңғырлатып көрсетуге тырысады. Абылайдың билер институтын әлсiретiп, билiктi өз қолына шоғырландырғаны шындық. Бiле бiлсек, бұл — Абылай заманында қазақ қоғамының саяси жүйесiнiң күшейгендiгiн, феодалдық қатынастың дамығандығының көрiнiсi. Мейлi, Шығыста болсын, әлде Батыста болсын, абсолюттi феодалдық мемлекеттердiң патшалары қашанда ордадағы император Кеңесiн ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстаған, тiптi өздерiн заңнан да жоғары қойған болатын. Бiр қызығы сол – мақала авторлары Абылайды «билерге бағынбаған бiрден-бiр диктатор» деп кiнәлайды да, «Абылай хан болып соншалықты биiк абыройға ие болмады»; «... Соның соңғы екi жылында ол хандық дәрежесiнен айырылып, оңтүстiкке көшуге мәжбүр болған-тын» деп, өз сөзiне өздерi кереғар пiкiр айтады. Бұның өзi оларға ойдың логикалығынан гөрi ұлы тұлғаға жағылатын қара бояудың қалыңдығы қажет болғанын байқатады. Бiз айтар едiк, егер Абылай «биiк абыройға ие болмаса», «хандық дәрежесiнен айырылған» болса, онда 1779 ж. 4 қазанда Орынбор әкiмшiлiгiне жолдаған патша Жарлығында: «Ордадағы Абылай ықпалын әлсiрету мақсатында онымен тайталасқа түсе алатын адам табуды» (Ж.Қасымбаев, К.Есмағамбетов. «Абылай» //Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. 1998, 1-т., 47-б.) неге тапсырады? Патшалық Ресей үкiметi қазақ арасынан «Абылайдың ықпалын әлсiрететiн» адам таппай кеткен едi, тәуелсiздiк заманында оның беделiн түсiруге тырбанатын адамдардың табылғаны қалайша жаныңды түршiктiрмейдi?! Мақала авторларының осы өтiрiгiне қарсы Бұқар жыраудың: «Хан Абылай атандың, Дүниеден шықпай мiнiңiз. Алтын тақтың үстiнде Үш жүздiң басын құрадың. Жетiм менен жесiрге, Ешбiр жаман қылмадың. Әдiлдiкпен жүрдiңiз, Әдептi iске кiрдiңiз», — деген жырларын келтiруге болады. Ал Абылайдың өмiрiнiң соңында оңтүстiкке бет алуы – қазақ хандарының дәстүрi бойынша қасиеттi Түркiстанға оралуы болып табылады. Оның үлкен рухани-мәдени мәнi бар. Оны «арғындар қуып жiберген» болса, оның баласы Уәли арғындарды 38 жыл бойы басқарып тұрмаған болар едi. Өтiрiктi де «қисынына сенетiндей» айту керек қой. Аталмыш мақала авторлары Абылайды «Хан Абылай «өзiнiң Орта ордасын» «бұзық қазақтардан» қорғау үшiн орыс генералдарынан өзiне «мың немесе бес жүз, тiптi үш жүз болса да» қарулы жауынгер жiберудi өтiнедi» деп жазғырады. Бiрақ олар Әбiлқайыр ханның да Ресейден зеңбiрек және зеңбiрекшi сұрағанын ескермейдi. Абылай ханның Цин империясынан да екi мәрте қару сұратқаны және екi мәрте қазiргi Қытайдың құрамындағы Тарбағатай мен Iленi қазақтың атамекенi едi, «патша жарылқап, қайтарып берсе» деп өтiнiш айтқаны тарихи деректерде хатталған. Бұндай ахуалды мен елбасылардың шетелдiң озық әскери қаруымен өз жасақтарын жабдықтау, шетел қарулы күштерi арқылы өздерiнiң әскерлерiн жаттықтыру үшiн жасаған құлшыныстары деп түсiндiремiн. Әйтпесе, патшалық Ресей мен Цин империясы ол өтiнiштердi неге қабылдамайды? Неге олардың өтiнiшi бойынша сол кездiң өзiнде-ақ қарулы күштерiн жiберiп, Қазақ хандығын басып алмайды? Өйткенi олар хандарымыздың ниетiн сiздерден жақсы түсiнiп қойған-ды. Мақала авторлары «Абылайды орынды-орынсыз мақтаушылар оның дипломатиялық қатынастардағы рөлiне көп тоқталады. Мұнда да шикiлiктер бар екендiгiн айтуға мiндеттiмiз. Ол хандық дәрежеге қол жеткiзу үшiн, Қайып, Барақ сұлтандар секiлдi Ресей мен Қытайға кезек жалтақтады... Әрине, Қытай соғыс ашқан жоқ. Егер ондай бола қалса, Абылайдың қай жаққа шығарын кiм бiлсiн, өйткенi ол Ресейге де, Қытайға да бодан болуға уәде берiп, ант iшкен-дi. Соның бәрi елден гөрi, өз қара басының ғана қамын ойлау әрекетi десе болатындай» деп, Абылай ханға жала жауып, қаралауды шегiне жеткiзедi. Осылайша авторлар Абылай тұлғасын аласартамын деп, елiмiздiң тәуелсiздiгiне өте зиянды пiкiрлер айтуға дейiн барғанын өздерi де сезбей қалғандай. Бұл арада академик Манаш Қозыбаевтың: «Дербес мемлекет құру, қазақ халқының егемендi ел болуы – Абылай өмiрiнiң түп қазығы» (Абылай және Кенесары. «Ғылым», 1993, 26-б.) – деген тұжырымының дұрыс екендiгiн қайталап айтқымыз келедi. Баршаға аян, Абылайдың саяси саханаға шығуының Ресейге де, Қытайға да еш қатысы жоқ. Ол жөнiнде жазылған тарихи деректердi қайталап жатудың қажетi жоқ шығар. Атап айтқанда, Абылай — сол кездегi қазақ қоғамының ерекше саяси қажеттiлiгiне сай жарыққа шыққан ұлы тұлға. Ол — Ресей және Қытаймен қарым-қатынасты дұрыс жолға қоя отырып, қазақтың этнотерриториясын қалпына келтiрiп, әлеуметтiк дамуын iлгерiлетiп, мемлекеттiгiн күшейтiп, халықаралық бейбiтшiлiктi сақтап, төңiректегi елдермен экономикалық сауда байланыстарын кең қанат жайдырып, халықтың тұрмыс деңгейiн көтерген ерекше басшы. Осыған орай сол кезде қазақ даласын барлаған қытай қаламгерiнiң мына сөзi еске түседi: «Қазақ – Iленiң батысындағы iрi мемлекет. Қазiргi олардың патшасының аты — Абылай. Елiндегi адамдар оны «Абылай би» деп деп те атайды. Жерi ұлан-ғайыр дала, халқы өскен, малдары мыңғырған. Байларының жылқы, сиырлары он мыңдап саналады, қойларында сан жоқ... Тойға түйе, жылқы, қой сояды, қымыз құяды, ыдыс-аяқтары ағаштан жасалған, байлары қола, күмiстен жасалған ыдысты пайдаланады. Киiмдерi көбiнесе өте көркем келедi» ( Chun Yan. «Wai fan ji lue – Сыртқы бұратаналар жөнiнде қысқаша дерек. III бөлiм. Қазақтар». Қол жазба нұсқасы). Мақала авторлары отандық тарих ғылымындағы олқылықтарды Абылайдан көредi. Олар: «Тарих сахнасында тұңғыш рет қазақтың өз атымен ұлттық мемлекет құрған Керей, Жәнiбек хандардың, Қазақ мемлекетiн күшейткен Қасым, Ақназар хандардың, Тәуекел, Есiм, Жәңгiр, Тәуке сынды жауынгер хандардың орнын бұл күнде жасанды тұғырға қойылған бiр Абылай басты» деп түсiндiредi. Сондай-ақ, олар «Әбiлқайыр 1710-1748 жылдары Кiшi жүздiң ханы болды, Абылай 1771-1780 жылдары Орта жүзде хан болды... Мiне, осы қайраткерлер хақында ақиқатты бүгiп, өтiрiктi шындай етiп аңыз құрау арқылы бiрiн орынсыз төмендетiп, екiншiсiн асыра мақтауға жол бердiк... Ендi соны түзету лазым» деп сөз түйiндейдi. Бұл — ешқандай қисынға сыймайтын, құдайшылыққа жатпайтын, барып тұрған жалақорлық. Өйткенi өлi Абылай тiрi жандардың ғылыми зерттеуiне кедергi келтiре ала ма? Оның үстiне, билiк тарапынан да тарихты зерттеуге ешқандай шектеу қойылып отырған жоқ. Менiң ойымша, Абылай хан әлi өз деңгейiнде зерттеле қойған жоқ, бiрақ зерттелу үстiнде, болашақта абылайтану ғылымының дами түсетiнiне менiң сенiмiм кәмiл. Дегенмен мен 2011 жылы Абылайдың туғанына 300 жыл толуына орай Үкiметтен Халықаралық конференция өткiзудi өтiнемiн. Жалпы алып қарағанда, аталмыш мақала авторларының iшiнде бiр тар өрiстiлiктiң қыжылы байқалады. Ашығын айту керек, олар төре әулеттерiн өздерiнше жүздерге, руларға «жекешелендiрген» сияқты. Өлшемдерi де өте қарапайым, өте тұрпайы – өз елiн басқарған болса жақсы, өзге елдi билеген болса жаман. Ұлттық деңгейде, мемлекеттiк өреде ойлану жоқ. Соған қарамастан халқымыздан шыққан халықаралық деңгейдегi тарихи тұлғаны қаралауға келгенде сөздерi мiрдiң оғындай. Сәке (Самат Өтениязов), ендi азырақ қазақы сырласайықшы. Өзiң Абылай ханның шөбересi – Шоқан Уәлихановтан кандидаттық диссертация қорғап, тарихшы атандың, әр жердегi жауапты мiндеттерден босап қалғаныңда, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тiлдерi университетiне айналып соғып, нәпақаңды айырып жүресiң. Сөйте тұра, Абылай ханға Шоқанды қосып қисынсыз, негiзсiз шабуыл жасайсың. Сонда Абылайдың әулетiнен бұл өмiрде не жамандық көрдiң? Абылайдың шапағаты саған ғана емес, жалпы қазақ халқына тиген, бүгiнгi күнi ол бiзге қалдырып кеткен кең-байтақ даланың негiзiнде мемлекеттiк территориямыздың шебiн анықтап, жердiң асты-үстi байлығының игiлiгiн көрiп отырған жоқпыз ба?! Әбiлқайыр мен Абылай бiр-бiрiне сiз бен бiзден жақын тұқымдас туыстар, тiрлiгiнде олар өзара араздасып, түс шайысып көрмеген. Абылай қолды болғанда Әбiлқайыр хан оны құтқаруға Ресейден көмек сұраған. Ал сiз бүгiнгi күнi ол екi ханды қисынсыз бiр-бiрiне қарсы қоясыз. Қазақ хандарының бәрiнiң де тарихта өзiндiк орны бар. Ел билеушiлерiмiздiң тарихқа сiңiрген еңбектерiн жөнсiз жоққа шығара беру кiмге тиiмдi? Сәке, сiз Қарақалпақтан, мен Қытайдан ұлт болып ұйысайық, ел болып өсiп-өнейiк деп, Отанға оралдық қой. Олай болса, Сiздiң ғылымға жанаспайтын, береке-бiрлiктi жарастырмайтын осындай мақала жазудағы ойыңызды өзiңiзбен көп жыл бiр институтта жұмыс iстеген әрiптесiңiз ретiнде мен түсiнбедiм. Бұған не уәж айтасыз? Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетiнiң профессоры

9893 рет

көрсетілді

108

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы