• Ақпарат
  • 15 Қаңтар, 2009

Балабақшадағы бір күн

Балабақшаға барып, тәрбиеші қызметінің қыр-сырымен танысу үшін Алатау ауданына қарасты Өжет ықшамауданындағы №1 балабақшаны бетке алдық. Бұл балабақшаға баруымның өзіндік себебі де бар. «Балауса» балабақшасының сыртқы көрінісіне қарап, осы бір аядай мекеменің ішкі тынысы қандай екен, балалардың тәрбиесі қай деңгейде деген сауалдар үнемі мазалайтын. Ақыр аяғы тәуекел деп балабақша табалдырығын аттадық. Барған бетте-ақ балабақша меңгерушісі Сақыпжамал Әбдірәсілқызы мұндағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, ертеңнен бастап іске кірісуіме болатынын айтты. Маған балабақшадағы мектепке дайындық тобының тәрбиешісі Гүлбаршын Тәліпбаева апайымызға көмекші болуды ұсынды. Ертегіге көңілдері ерекше Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Балалы үй базар» деп баланы бауыр еті санаған. Бала әрі болашағың, әрі өсіріп, баптап отырған бәйтерегің. Бүгінгі бүлдіршін – еліміздің байрағын желбіретер ертеңгі азамат. Бірақ бала тәрбиесі оңай іс емес. Ал сол сәбилердің қызығы мен шыжығын көріп, еркелігін көтеріп, анасындай болып жүрген тәрбиеші қауымның атқарар ісі мен көтерер жүгі ауыр да жауапты. Күнделікті таңертең әрбір ата-ана баласын балабақшаға әкелген соң тізімге қол қояды екен. Ол біріншіден баланың сақтығына, екіншіден балабақшадағы тәртіп мәселесіне әсер етеді. Балабақшаға ертеңгісін келген балалар біраз уақытқа дейін өзіндік жұмыстармен айналысып, ойын ойнап, сурет салды. Онан кейін таңғы астарын ішіп, сағат 9.30-да сабақтарына отырды. Сабақ басталмастан бұрын балалар күнделікті әдеттерімен Гүлбаршын апайларының бірнеше сұрақтарына жауап берді. – Ал, балалар, енді сабағымызға дұрыстап кіріселік. Түзу отырамыз. Өйткені сендер қандай баласыңдар? – Жақсы, – деді балалар жамырай. Мұнан кейін балаларға жыл мезгілдеріне, ай аттарына, апта күндеріне қатысты бірнеше сұрақтар қойылды. Балалардың бәрі қосылып жауап берді. Әсіресе тәрбиешінің қазақ еліне, жеріне, тіліне қатысты сұрақтарға балалар бар ықыласымен, балдай тәтті тілдерімен жауап бергендері қатты қуантты. – Балалар, біз қандай елде тұрамыз? – Қазақстанда, – деді бәрі қосыла. – Ал біздің ең үлкен, ең әдемі қаламыз қай қала? – Астана. – Онда нелер бар? – Гүлдер, үлкен-үлкен үйлер, бақшалар, Бәйтерек.... – Ал біз қай қалада тұрамыз? – Алматыда. – Алматы қандай қала? – Әсем. – Алматыда не бар? – Алма. – Яғни Алматы алма деген атпен байланысты екен, оны бәріміз білеміз. Енді мына сұраққа жауап беріңдерші, біз қандай халықпыз? – Қазақпыз. – Ал қазақ екенімізді қайдан білеміз? – Тілімізден. – Біз қай тілде сөйлесеміз? – Қазақ тілінде. – Қазақстан қандай ел? Мұнда қандай ұлттар тұрады? – Бізде орыстар, кәрістер, немістер, татарлар тұрады. Біз олармен татумыз. – Біз қандай елміз? – Бай. – Қандай байлығымыз бар? – Күрішіміз, бидайымыз, көміріміз, алтынымыз, мұнайымыз бар. Бұл күнделікті қойылатын сұрақтар екен. Осылайша түрлі сұрақтарға жауап берген соң алғашқы қарапайым математика сабағы өтті. Жаңа тақырыпты бастамастан бұрын Гүлбаршын апай балаларға алдағы сабақтарды біраз қайталатып, балалардың білімдерін сынады. Бұл күні бүлдіршіндер сандарды ретімен санау арқылы олардың көршілерін табуды үйренді. Санауға жетік балалар әр санның көршісін қиналмай-ақ тауып отырды. Бір қызығы, тәрбиешілер әрбір жаңа сабақтың өзін балаларға бала тілімен жеткізіп, солардың кейпіне ене отырып түсіндіруде. Бұрын-соңды тәрбиеші болып көрмеген мен алғашында балаларға бір нәрсені түсіндірудің өзіне қатты қиналдым. «Біздер, талай жылдан бері балалармен қалай сөйлесіп, қалай үйрету керек екенін жаттап алдық қой. Балаға зекіп, болмаса қаталдық танытып, жаза қолданып, ашумен ешнәрсе үйрете алмайсың. Ол баланың психологиясына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан баламен әркез балаша сөйлесіп, тіпті бұлардың жасына сай қылықтарды да жасап отыруыңа тура келеді. Сол себепті алғаш тәрбиеші болғандар қатты қиналады», – дейді Гүлбаршын апай. Ал бесаспап апайлары демде балалармен ойнай отырып, сабақты түсіндірді. – Балалар, қазір мынандай ойын ойнаймыз, мен мына допты лақтырамын, яғни біреуге беремін, сол балаға бір сан айтамын, ол сол санның алдындағы және артындағы көршілерін табады. Ал Әдемі, бес саны. Әдемі ойланбастан: – Төрт және алты, – деді. – Әлдос, жеті. – Алты, сегіз. Сабақ соңында тақтаға төрт киіз үй мен бес торсық ілінді. Есептің сұрағы бойынша бүлдіршіндер киіз үй мен торсықты теңестіруі қажет. Торсықтың ішіне қымыз құйылатынын, қымыздың жылқыдан алынатынын айта отырып, балалар есептің жауабын тапты. Балалардың сабақ барысында сергіп, демалуы үшін жаттығулар жасалып та тұрады. Осындай кезекті жаттығулардың бірінде басқа топтардағы сабақтар қалай өтеді екен деген қызығушылық танытып, өзге бір топтың сабағына кірдім. Бұл балабақшадағы «Кішкентайлар тобы» екен. Үш-төрт жасар бүлдіршіндер отырған бұл бөлмеде екі тәрбиеші бар. Бірі Галя Жұмабекова екіншісі дәл сол күні ғана жұмысқа кірісіп жатқан Салтанат Бейсекенова. Мен кірген тұста балалар қағаздан ойылған дөңгелектерден аққала жасап, мәре-сәре. Дайындық тобына қайта оралып, келесі сабағымызға дайындалдық. Мүсіндеу сабағы. Аты айтып отырғандай-ақ, бұл сабақтың барысында балалар сазбалшықтан әртүрлі мүсіндер жасайды. Бірақ мен ойлағандай тәрбиешілер ананы жаса, мынаны жаса деп айта салмайды екен. Сабақ басталған соң Гүлбаршын апай балаларға ертегі айтып берді. Ертегі десе зейін қоя тыңдайтын балалар ұстаздарының бүгінгі ертегісіне ықыласпен ден қойды. Үй жануарлары жайында айтылған ертегіден соң тәрбиеші ертегі кейіпкерлерін сазбалшықтан жасауға тапсырма берді. Балалар алдарына қойылған сиыр, қой, жылқы, тауық, мысық, ит сынды жануарлардың мүсіндеріне қарап отырып, оларды өз шама-шарқыларынша бейнелеуге тырысты. Балалар қызу жұмыс үстінде. – Балаларға мұнан басқа қандай дүниелер жасатасыздар? – дедім танысып алайын деген ниетпен. Ол кісі бір құшақ папканы алдыма жайып тастады. Ішінде балалардың желімдеген дүиелері мен әртүрлі тақырыптарға салған суреттері бар. Желімделініп жасалған тұмаршалар, оюлар, сәукеле, бас киім, киіз үй сынды бейнелер мен балалардың балғын қиялынан қағаз бетіне түскен қазақтың дарқан даласы мен ағып жатқан өзені, жаз-жайлауы, т.б. Балалар жұмыстарын аяқтады. Енді олардың жасаған әртүрлі мүсіндерін өздерінің есімдері жазылған белгілі орынға апарып тіздік. Қолдарын мұқият жуған балалар бірден далаға шығуға дайындалды. Ақ ұлпа қардың үстінде мәз-мейрам боп ойнап жүрген балалардың жүзіне қарап, өзің де сонау балалық шаққа бір саяхаттап қайтады екенсің. Біз де дөңнен сырғанақ жасап, қол-аяғымыздың жаурағанына қарамастан шанамызбен зулайтынбыз-ай келіп. Менің тәтті ойымды осы топтағы Айдана есімді қыз бұзып жіберді. – Апай, мен сізге тақпақ айтып берейін бе? – дейді. Қаперімде не дерімді де білмей: – Әрине айта ғой, – дедім. Ол: Қар борайды, Ақ мамыққа орайды. Мұз болады қатады, Жып-жылтыр боп жатады. Аралайды бақшаны, Үзілмейді жақсы әні. Гүлденеді бақшалар, Жаусын, жаусын ақшақар, – деп менің жүзімнен көз алмай қарап тұр. – Ой жарайсың, – дегенім сол еді, «Апай, мен де айтайыншы. Апай, мен айтамын» деген дауыстар жан-жағымнан жамырай естілді. Бірнешеуінің өлеңдерін естіп, бөлмемізге қайта кірдік. Балалардың өздеріне үйреншікті болып кеткендіктен олар бірден жуына сала ас ішуге дайындалды. Қазақшаға ағып тұр Бір қызығы осы топтың өзінде жеті бірдей өзге ұлт өкілдерінің балалары тәрбиеленеді. Топтағы қыздар апайларына көмектесіп, ыдыс-аяқ тасып жүргенде мен Демян есімді орыс баласын сөзге тарттым. – Демян, сенің фамилияң кім? – Корпушин. – Неше жастасың? – Бесте. – Сен қайда тұрасың? – Қазақстанда. – Қазақ тілін қайдан үйрендің? – Достарымнан, апайларымнан. Соны байқап қалған Коля да жүгіріп келіп, «Апай, мен сізге өлең айтып берейін бе?» деді, – Қазақша ма? – Иә. – Ал, Қазақстанның Әнұранын білесің бе? – Әрине, білемін. Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы... Арт жақта отырған Демян да делебесі қозды ма, әлде өзіндей Коляның маған Әнұран айтқанына балалық қызғанышпен қарады ма ол да тұра сап Әнұранға қосылып кетті. Ал бұл топтағы Даяна есімді қыз менің жақын құрбымдай болып алды. Ол тіпті өз анасының өзбек екеніне де мән берместен «Менің әкем де, анам да қазақ» дейді. Мұнан басқа Екатерина, Малика, Ілияс сынды орыс, ұйғыр балалары бар. Түскі тамақты балалармен отырып біз де іштік. Тамақтанып болған балалар демалуға дайындалды. Түскі 13.00 шамаларында ұйқыға бет қойған балалар екі сағатқа жуық демалады. Бұл аралықта тәрбиешілер не істейді? Балалар ұйқыға кеткен соң Гүлбаршын апай қағаз қаламын қолына алып, әлденелерді жазуға кірісіп кетті. Жанына барып сөзге тарттым. – Апай, мүмкін сәл демалып аларсыз? – Бізге демалу қайда? Балалар ұйықтап жатқан кезде жоспарларымды жазып алмасам, олар тұрғанда ешнәрсе жаза алмаймын ғой, – деді. – Сонда сіздер де жоспар жасайсыздар ма? – деп білмеген кейіп таныттым. – Әрине, жылдың басында жылдық жоспар жасап, бекітіп аламыз. Жылдық жоспардың ішінен айлық жоспар, онан соң апталық жоспар құрамыз. Көбіне ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып жүргіземіз. Мысалы, ою туралы айтар болсақ, қазақ халқының бүкіл заттарының бәрінде ою-өрнектің кездесетінін айтамыз. Оларға киіз үйдің сыртында да, ішінде де, ұлттық киімдерімізде де, тіпті ыдыс-аяғымызда да оюлар кездесетінін және олардың өзге халықтарда жоқ екенін айтып, өз елінің патриоты болуға тәрбиелейміз, – деп мені бұрынғы жоспарларымен таныстырды. Бір қуанарлығы құжаттардың бәрі тек қазақ тілінің көркем де әдемі сөздерімен толтырылған. – Бұл балабақша таза қазақ балабақшасы болғандықтан өзге ұлттың ұландары да қазақша жақсы меңгеріп шығуда. Өткен жылы бізден түлеп ұшқан екі орыс қызы тәп-тәуір қазақша меңгеріп еді, ата-анасы тапсырмаларынан қиналамыз деп орыс мектебіне беріпті, – деді. Әңгімеге беріліп кеткен екенбіз, балалардың алды ұйқысынан оянып та жатты. Олардың біреуі сурет салып, біреуі жазу жазып, бірі мультфильм көріп, тіпті екі-үш қыз бірінің шашын бірі тарап, бірі бояндырып, бірі тамақ беріп ойнап жүр. Тіпті мені де орталарына қосып алып, шашымды тарап, бояндыруға кірісті. Жан-жағымнан қоршап алған қыздар мені өз қиялдарынша әдеміледі. Осылайша балалармен бала болып, олармен қызу араласып кеткенім соншалық жұмыс аяғының таяп қалғанын да аңғармай қалыппын. Ата-аналардың балаларын алып кетуге келіп жатқандарын көргенде ғана қиял әлемінен өз әлеміме қайта оралғандай болдым. Балабақшадағы әдемі күн осылай аяқталды. Бақшаға бала сыймай жатыр Балабақшаның қайта жасақталып, құрылғанына осы жылдың сәуір айында төрт жыл толады. 75 балаға арналған балабақша шаңырағының астында бүгінде үш топта 88 бала тәрбиеленуде. Осы үш топта бес тәрбиеші қызмет атқарады. Балабақша тәрбиешілері мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу барысында «Балбөбек» мемлекеттік бағдарламасымен жұмыс істейді. Әр оқу жылына арналған міндеттерге орай, педагогтар балаларды ұлттық тәрбиеге баулуға назар аударып отыр. Бір мысал. Күнделікті сабақ, ойын барысында ою-өрнектердің түрлерін кеңінен пайдаланады. Ағашты жастайынан күтіп, баптамасаң ертең оның жапырақ жайып, көктеп кетуі неғайбыл. Бала да сол сияқты. Сондықтан бала бойына эстетикалық, адамгершілік, Отанды, туған жерді сүю тәрбиелерін салт-дәстүрмен, тіл өнерімен сабақтастыра жүргізгенде ғана істің нәтижелі болатынын балабақшадағы тәрбиеші қауым естеріне ұстап-ақ келеді. Балабақшада шешуін күтіп тұрған мәселелер де бар. Балабақша меңгерушісі Сақыпжамал Әбдірәсілқызымен әңгіме барысында мұны анық аңғардық. Осы аядай ұяда 75 баланың орнына қысылып, қымтырылып 88 бала жайғасқан болса, оның артында әлі де балабақшаға орналаса алмай жүрген 200-ге жуық бала кезекте тұр. 88 баланың бірі сол Өжеттен келсе, бірі сонау Ұлжан, Шаңырақ, Әйгерім сынды ықшамаудандардан келеді екен. Себебі, бұл бүкіл Алатау ауданындағы жалғыз қазақ балабақшасы. Ал қазақы аудан болып қалыптасып жатқан бұл ауданға (оның үстіне ең үлкен аудан) жалғыз балабақшаның аздық ететіні анық. Оның үстіне сонау 1947 жылы салынған бұл мекеменің қазіргі жағдайына ешкім мән беріп отырмаған сыңайлы. Жартылай мемлекеттік, жартылай өзін-өзі қамтамасыз ететін мекеме болғандықтан балабақшаның сырты мен ішкі безендіруін қызметкерлер шама-шарықтарынша өздері қалыпқа келтірген. Иә, мардымсыз жалақы алатын мекеме басшысы мен тәрбиешілердің бұл ісін ерлікке балауға болар. Жағымды жаңалық Алатау ауданындағы балабақша проблемасын алға тартып, Алматы қалалық білім басқармасының бас маманы Людмила Төрешқызына жолыққанымызда жақында ғана осы ауданға қарасты Шаңырақ ықшамауданында жаңа қазақ балабақшасы ашылады деген қуанышты хабар естідік. Мұнан басқа Құлагер, Мамыр, Жетісу-3 ықшамаудандары қазақ балабақшаларымен қамтамасыз етілмек. Осы басқарма мәліметтеріне сүйенсек қала бойынша 159 балабақша болса, соның 38-і қазақ, 54-і орыс, ал қалған 67-сі аралас мектепке дейінгі тәрбие беретін орындар. Бұларда 35020 бала тәрбиеленіп жатса, әлі кезек күтіп 24500 бала тұр. Осыған байланысты 2009 жылы Дархан, Ұлжан, Шаңырақ-2, Жұмысшы поселкесі және Думанда 1160 орындық 5 балабақшаның құрылысы басталмақ. Бұлардың бәрі қазақ балабақшасы болады деп көзделуде. Әлбетте, олардың қазақша болуы заманның, уақыттың талабы. Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ anar_ka@ok.kz

21210 рет

көрсетілді

224

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы