- Ақпарат
- 23 Қараша, 2017
Сананың ашықтығы Ассамблеяның ІІІ Халықаралық медиафорумы өтті
Даму қарқыны күн өткен сайын жеделдей түскен ұшқыр заман бұқаралық ақпарат құралдарының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Негізгі басымдық – парадигмалар өзгеруі жағдайында БАҚ-тың тұрақты дамуы. Пікірлер сан алуандығы мен адал бәсекелестік бұқаралық ақпарат құралдарының басты ұстанымы болуы тиіс. Бұл ең алдымен, жетістікке жетудің жолы. Рухани жаңғыру ашық сана және ізгі оймен қатар жүреді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сананың ашықтығы» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ халықаралық медиа-форумының жалпы отырысы өтті. Форумға ҚХА Төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов және Германия, Латвия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар мен ақпарат саласының мамандары, этномәдени бірлестіктер және БАҚ өкілдері қатысты. Форумның мақсаты – қоғамның рухани жаңғыруы және сананың ашықтығын қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайтудағы БАҚ-тың рөлі, сондай-ақ көпұлтты қоғам жағдайында бұқаралық медиа мәдениетін дамыту және кәсіби этика мәселелерін талқылау. Халықаралық басқосуды ҚХА Төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай құттықтау сөзімен ашты: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандық қоғам үшін бағдарламалық құжатқа айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген қоғамдық сананы жаңғырту бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Біз әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде әлемде болып жатқан үрдістерден тыс қалмай, жаңа технологиялық дәуір алып келген өзгерістерге дайын, озық тәжірибе мен үздік жетістіктерді қабылдауға ашық болуға тиіспіз. Бұл табысқа жетудің кілті. Биыл өткен Еуразиялық медиафорум, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, сондай-ақ Қазақстандық медиа-альянстың құрылуы журналистер қауымының барған сайын бірігуге бет алғанын көрсетеді. Қазақстан халқы ассамблеясының құрамындағы мәдени бірлестіктер де бұл үдерістен тыс қалмай, біртұтастық пен теңдік идеясы негізінде белсенді үлес қосуда. Телеарналар, газет-журналдар мен әлеуметтік желілер – жалпы ақпарат саласының өзара ұйысуы, ықпалдасуы қажет. Бұл ретте Ассамблея қызметі үлгі бола алады, – деді ол. Форум барысында отандық және шетелдік сарапшылар БАҚ жұмысына байланысты тақырыптар төңірегінде шеберлік сыныптары мен TEDx форматындағы конференциялар өткізді. Германиядан келген философия докторы, мәдениетаралық коммуникациялар, әлеуметтік психология саласындағы халықаралық сарапшы Константин Шамбер қазақ мәдениетін әлемге таныстыру, ондағы мемлекет пен БАҚ-тың рөлі тақырыбын талқыға салса, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨУ-нің доценті, журналист Айгүл Мүкей бұқаралық медиа саласындағы тұлғаның қалыптасуы мәселесін қозғады. Латвиядағы Холокост және гетто музейінің басқарма төрағасы және PR-директоры Владимир Решетов жаһанданудың этникалық топтарға ықпалы туралы айтты. Сондай-ақ форумда әлемдік бұқаралық медиа үрдістері, БАҚ-ты дамытудың қазақстандық тәжірибесі, журналистердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері де қозғалды. Неміс журналисі К.Шамбер қазақстандық мәдениетті насихаттауда шетелдік тәжірибені қолдану жөнінде жақсы ойлар айтты. Алматыда туған Константин қазақ мәдениетін бір кісідей біледі. Оның айтуынша, қазіргі кезде дамыған елдер мәдениетті коммерциялауға көшкен. Мәдениет те өнім, тауар. Мәдениетті мемлекет емес, шығармашылық адамдары жасайды. Ал оны дамытуда қоғам, мемлекет және бизнес деген үштағанның рөлі зор. «Еуропада Қазақстанның рухани-мәдени қазынасы, көрнекті жерлері туралы ақпарат жетіспейді» деді К.Шамбер. Әлеуетіміз бар, бірақ оны жеткізе алмай отырмыз. Сондай-ақ неміс журналисі аудиторияның жас ерекшелігін ескеру, ағылшын тілімен шектелмей, басқа тілдерде де ақпарат беруді ұсынды.
Дина ИМАМБАЕВА
22999 рет
көрсетілді1607
пікір