• Тіл
  • 15 Қаңтар, 2009

Қазақша түсінетін төбет

Нұрқанат Исенбаевтың ауласында қора қорып, байлаулы тұрған төбеті қазақша түсінеді. Амандасып, қолын созған Нұрқанатқа есті иті алдыңғы аяғын көтеріп, амандасып жатыр. Кәдімгідей «жат» десе, жатады, «отыр» десе, шоқиып отыра қалады. Ұрысқанда мұңаяды, жылы сөзбен еркелетсе, ебедейсіз денесімен ербеңдеп, құйрығын бұлғап шыға келеді. Қандай да бір затты лақтырып жіберіп, «алып кел» десе болды, бұйрықты бұлжытпай орындап, қорбаңдаған денесіне қарамай, әбжіл қозғалатын итке ішім жыли бастады. Әкесі төбет, енесі алабай қазақы ит әлі бір жасқа толмаса да, Бөрібасар дегендей-ақ оның қасқыр алардай тегеуріні, өгіздей бітімі таңдай қақтырады. Бір жағынан, төбеттің неміс овчаркасынан артық болмаса, кем түспейтін естілігі, екінші жағынан, кейбір қазақтардың өзі ұмыта бастаған қазақ тілін тәп-тәуір түсінетіндігі елітіп-ақ әкетті. Айтмұханбет Бейсембековтың «Бірі – қалжың, бірі – шын» атты кітабының «Қағынған хабарландыру» бөліміндегі «Қазақша сөйлемейтін жас тоқалымды қазақша түсінетін итке айырбастаймын» деген әзілі есіме түсіп кетіп, еріксіз езу тарттым. Жолай жолыққан шала қазақ ана тілінде бірдеңе сұрай қалсаңыз, «түсінбедім» деп басын шайқап, орысша міңгірлеп жауап қатады емес пе? Сонда олардың қазақ тілін көкейіне тоқып алардай төрт аяқты мақұлық ит құрлы қасиеті болмағаны ма? Ақыры қазақ тілін үйренуде өзге ұлт өкілдерін үлгі етуге құмармыз ғой. Ендеше, үлгі етуді осы иттерден-ақ басталық. Өйткені қазақша сөйлемек түгіл, ана тілінде бір ауыз сөз түсінбейтін бауырларымыз қаншама?! «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» демей ме?! Тәуелсіздік алғанымызға 18 жыл болыпты. Иттердің «қазақша үруі», өзге ұлт өкілдерінің қазақша сайрап жүруі былай тұрсын, аюдың өзі «қазақша ән салатындай» уақыт өтіпті-ау. Иесінен иті озған мына заманда қазақ тілін үйренуге не кедергі бар? Айтпақшы, өзге ұлт өкілдерінің құшағында ұялмай-қызармай кетіп бара жататын қазақ қыздарының лайка тұқымдас иттен де үйренері бар екен. Лайка иті өзі тұқымдас ит болмаса, басқа иттермен шағылыспайтын көрінеді. Осы текті иттің тұқымы Айға адамдардан да алғашқы болып ұшып айды аспанға бір-ақ шығарған жоқ па еді?! Қазақтан сөз артылған ба? «Ит – жеті қазынаның бірі», «Бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді», «Итті иесімен қинасын», «Ит – адамның құлағы», «Ит семірсе, иесін қабады», «Ит асырасаң сырттаннан, қой бермейді қорадан», «Ит қаппас деме, ат теппес деме», «Ит сегіз тауып, елден аспайды, ешкі егіз тауып, қойдан аспайды» деген секілді нақыл сөздерді қазекең баяғыда-ақ айтып тастаған-ды. Сондай-ақ, «Мал иесіне тартады» дейді қазақ. Өмір бойы ауылдағы қазақтың түсіне кіріп шықпаған зәулім үйде тұрып, жеңіл-желпі жұмыс істеген орыстың кемпір-шалдары қыруар еңбек сіңіріп тастағандай алшаң басып жүр. Бірақ, олар көп қабатты ғимараттардың балкондарына, баспалдақтарына иттерін сарытып-сасытқанды өздерінше «мәдениет» санайтын сықпытты. Өркениетті елдерде иті тастаған қиды қалдырмай иесі дорбасына салып алады екен. Ал белгілі ақын Светқали Нұржанотың пәтеріндегі иттерден қасқырдың майын есік жақтауларына жағып құтылғаны туралы «Ана тілі» газеті жазған болатын. Қит ете қалса, арызданғыш-шағымданғыш шовинист кемпірлер қоршаған ортаға, қоғамдық ортаға келтірген зияны үшін, ең құрығанда, салық төлесін! Оған да құлықсыз болса, саудыраған кәрі сүйегін итіне сүйреткен олар қазақша үйреніп, қазақтың жұтқан ауасын, басып жүрген жерін, қоныс берген кең қолтық елін сыйласын! Ол үшін көп білімнің де, асқан ақылдың да, маңдайдан тер бұршақтатар еңбектің де қажеті шамалы. Жылдар бойына жырға айналған қазақ тілінің аужайы иттей мүшкіл халге түсіп, әбден ит сілікпесі шықты. Жоғары жақтан итке сүйек тастағандай «садақадан» дәмете бермей, қазақ тіліне тиесілі сыбағаны қасқырша жұлып алатын күн туар ма екен, шіркін?! Арман ӘУБӘКІР

4729 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы