• Тіл
  • 15 Қаңтар, 2009

Ауданыңның аты қазақ тарихынан хабар берсін

немесе Панфилов атын — Орбұлаққа, Ұйғыр атауын — Шарынға, Еңбекшіқазақ атауын — Есікке ауыстыру керек «Ана тілі» ұлт апталығы «Бас даңғылдар. Олардың аты кімдерге лайық?» (№46 (935) Қарашаның 13-і — 19-ы 2008 жыл) деген атпен акция ұйымдастырған болатын. Осы мәселе төңірегінде редакциямызға «Ана тілі» газетінің оқырмандары тарапынан әр алуан хаттар келіп түсіп жатыр. Алматының іргесіндегі Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарынан келген сондай үшбу хаттардың басым бөлігінде өздері тұратын елді мекендердегі бас даңғылдарының ғана емес, ауданның атын өзгерту жөнінде ұсыныстар жиі айтылыпты. Тіпті сол хаттарда «Тіл жанашыры болып келе жатқан басылым бұл мәселені көтеруде жалтақтық танытпаса екен» деген уәждерін де тілге тиек етіпті. Елбасымыздың өзі жер-су аттары тарихи атауын алуына мұрындық болып жүр. Ендеше, оқырмандар ойлағандай мұнда жалтақтық танытатындай саясат жоқ. Керісінше, әрбір қазақтың жүрегіндегі бұл мәселе айтылуға тиіс деп білеміз. Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық санамызда серпіліс болып, 5 облыстың, 13 қаланың, 53 ауданның, 7 қалалық ауданның, 43 темір жол стансасы мен бекеттерінің атаулары өзгертіліп, 6 облыстың, 12 қаланың, 14 ауданның, 76 темір жол стансасы мен бекеттерінің, 30-дан аса елді мекен атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланды. Ендігі кезек оқырмандар сұрап отырған шекара аймақтарына келіп тұр. Шекаралы аумақ біздің ұлттық болмысымызды көрсетіп тұрмағы ләзім. Шетелден келген қонақтарға жер атаулары қазақ тарихынан мағлұмат беріп тұруы керек. Ел іргесіне ат шалдыртқан азамат бір кездегі батыр қолбасшы Панфиловты емес, жоңғарларды түре қуған Орбұлақ шайқасын еске алса, осы бір жерді біздің ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғағанына насихат болар еді. Онан кейінгі Ұйғыр ауданына келгенде аудан аты бұл қасиетті мекенде әлемнің екі-ақ жерінде бар Шарын каньонын еске түсірсе, қандай ғаламат? Еңбекшіқазақ ауданында біздің ата-бабаларымыз атам заманнан тұрып келе жатқанынан хабар беретін хан обалары неге атаусыз жатыр? Әлемге қазақтың бренді болған Алтын адам осы ауданның аумағында табылмап па еді? Бұл жайлар — тек ауданның ғана емес, қазақ тарихының болмысынан хабар беретін атаулар. Сондықтан да бірқатар зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық... Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы: Қазақтың жері екені сезілуі тиіс — Осы аудандардың тарихи атауын алу жөнінде талай басшылармен пікірлес болдым. Барлығы дерлік аудан атын өзгертуге құлықты. Тек оның жағдайын жасай алмай келеді. Өткен жылдары Панфилов ауданының атын Орбұлақ ауданы деп өзгерту жөнінде әрбір ауыл жиналыс өткізді. Сол жиналысқа қатысқан қазақ, орыс, ұйғыры бар — барлығы ризашылығын білдіріп, қолын қойды. Биыл Президентіміз Тәуелсіздік күні жасаған баяндамасында Аңырақай мен Орбұлақ шайқасының тарихи мән-мағынасына кеңірек тоқталды. Бұл шайқастар біздің бірлігіміздің, тұтастығымыздың жеңісі екенін баса айтты. Ендеше, аудан атын өзгерту кезек күттірмес мәселе деп білемін. Себебі, Панфилов атында Алматыда көше, парк, Талғарда ескерткіш бар. Ал, Орбұлақ атауын өзге жерге қоя алмайсыз. Қазіргі Ұйғыр ауданы — бұрынғы Ақсу, Шарын болыстарының орны. Әр ұлтқа «ұйғырдың ауданы, орыстың ауданы, кәрістің ауданы» деп ерекшелеп жер атауын беруге болмайды. Бұл — Кеңес өкіметі кезіндегі «бөліп ал да, билей бер» саясатымен жасалған шаруа. Менің пікірімше, саяси жағынан шекаралы аумақта мұндай атау болмауы тиіс. Мұнда Ілеге құятын Шарын өзені бар. Мыңдаған жылдар бойы түзелген керемет Шарын керіші бар. Ол керіштегі үңгірлер, жарлар қазақ жерінің әдемілігін паш етіп тұр. Еңбекшіқазақ атауына айтарым, өзге аудандарды «еңбекші емес қазақ» деп атай алмайсыз ғой. Бұл — Алтын адам табылған аудан. Мұхтар Әуезов жазған «Қараш, Қараш оқиғасындай» керемет шығарманы туғызған мекен. Бұл ауданды Түрген немесе Есік деп атау керек. Атау әр қазақтың жүрегіне 700-ге жуық хан обалары бар тарихи орын екенін білдіріп тұруы керек. Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, «Жас Өркен» ЖШС-ның төрағасы, жазушы: Жер-су аттарын берерде тарихи атауларға жүгінейік — Ішкі сеніміміз өзгергелі жер аттары тұрмақ адам аттары да өзгеріп жатыр. Бір кездердегі Мэлс, Марлен, Коммунар, Совхозбек деген аттарды қазір ешкім балаларына қоймайды. Бұл ұлттық мінезімізге, салт-дәстүрімізге қатысты пиғылдың дұрысталып келе жатқанын көрсетеді. Бұл орайда ел, жер, су, облыс, аудан аттарын өзгертуден қашпауымыз керек. Бізде үлкен облыстың аттары өзгертуге байланысты сауалнамалар жүргізілді, халық арасынан пікірлер жиналды, зиялы қауым өкілдерінің ұсыныстары айтылды. Мұнан халықтың қарсы емес екені байқалады. Тіпті бір шаңырақтың астында отырғандықтан, көзі ашық, көңілі ояу өзге ұлттар да қарсы емес. Тек насихат мәселесін қолға алу қажет. Панфилов ауданының аты жөнінде жергілікті мәслихаттың шешімі бар. Халық арасында қоғамдық пікір қалыптасқан. Қазақ тұтастығын сақтап қалу мақсатында шайқас болған жер. Қазір Панфилов деген атауға қазақ даласы мұқтаж емес. Бұл сөзімнен Панфиловтың ерлігіне шек келтірмеймін. Панфилов онсыз да атаусыз қалмайды. Ал ұлттық патриотизмді арттыратын Орбұлақ атауы ұмыт болып кетуі мүмкін. Бұған биліктегілер түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Ал ұйғыр мен қазақ — бауыр ел. Бауырласып, құдаласып, қазан-ошағы араласып жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын елді дүрліктірген ұлтараздықты туғызатын жайларды жекелеген фактілер деп білемін. Ауданның аты талқыға салынуы қажет. Тарихи атауына мән беріп немесе ауданның әдемілігін көрсететін Шарын деген атауға тоқтауымыз қажет. Тіпті болмаса, осы ауданға қатысы бар күллі қазаққа танымал тұлғаның атын беруге болады. Еңбекшіқазақ ауданынан сондай олқылықты көріп отырған жоқпын. Бірақ бұл атау орақ пен балғаны еске түсіріп тұрады. Дау туғызбайтын тарихи атауға жүгіну керек. Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, «Ұлан» газетінің бас редакторы, ақын: Кеңестік идеологиядан арылатын кез келді — Ұйғыр ұлтымен жеке бас араздығым жоқ. Бірақ, осыдан біраз жыл бұрын Ұйғыр ауданындағы Сүмбе ауылына жолым түсті. Сол сапарда мені «мемлекет кімдікі, Конституция кімдікі?» деген сауал мазалады. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Ресми тіл — орыс тілі. Ол ауданда аталған қағида сақталмайды. Ешбір мемлекет мұндай еркіндік бермейді. Тіпті басқа елдерде ұлтқа атау берген аудан жоқ. Түркияда «қазақ ауылы» деген кішкентай ғана ауыл бар. Ол ауыл Түркияның заңына бағынады. Мұнда менің айтпағым бұлай үйдің ішіне үй тігуге болмайды. «Жас Алаш» газетінде қызмет істеп жүргенімде Панфилов ауданын толық аралағанмын. Қазақы аудан. Орбұлақ деген атау сұранып тұр. Ал Еңбекшіқазақ ауданында біраз жер-су аттары ауысты. Енді Кеңестік идеологияны насихаттайтын атаудан арылатын кез келді деп ойлаймын. Базархан Жақыбаев, Панфилов ауданының құрметті азаматы, компазитор, ақын: — Панфилов атымен аталатын ауылдар, көшерлер жеткілікті. 1643 жылы Орбұлақта бабаларымыз 20 мыңға жетпейтін қолмен жоңғарлардың 50 мың әскерін қырған. 1993 жылы 350 жылдығы аталып өтті. Сол кезде де аудан аты жөнінде мәселе көтерілген еді. Ұйғыр мен Еңбекшіқазақ аудандарының атауы Кеңес өкіметінен қалған. Бұлай атайтындай ол аудан жеке автономия емес. Сондықтан, мұндай атаулардан арылып, тарихи атын қоюымыз қажет. *осы қалай? Аталған аудан аттарын қалай өзгертуге болады? Молдияр Серікбаев, геолог: — Жер атауын өзгерткен кезде алдымен тарихи атына мән берген жөн. Тарихтан алшақ кетіп, ойдан жасанды ат бере салуға болмайды. Қазіргі Панфилов ауданының атын Орбұлақ деп өзгерту жөнінде ой қозғалып жүр. Мен осы пікірге қосыламын. Себебі, Орбұлақта болған шайқас мәңгілікке ұрпақ санасында қалуы керек. Ал Ұйғыр ауданының атауын талқыға салуымыз керек. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінде Шарын атауы кездеседі. Бірақ бұл — өзеннің аты. Меніңше, 1910 жылдан бері Кетпен жотасы аталып кеткен Ұзынқара жотасы аудан атына сұранып тұр. Себебі, Ұзынқара қазіргі Ұйғыр ауданын бойлап созылып жатқан тау. Еңбекшіқазақ ауданы жөнінде нақты атау айта алмаймын. Есік пен Шелек өзендеріне қатысты ат беру керек шығар. Түйін сөз Біз әңгімеге тартқан азаматтардың ойы осындай. Сіздің де алып қосарыңыз бар шығар. «Келісіп пішілген тонның келтелігі» болмайды. Панфилов атын — Орбұлаққа, Ұйғыр атауын — Шарынға, Еңбекшіқазақ атауын — Есікке ауыстыру халықтың иелігінде. Ендеше, түйін сөзді жазу сіздердің құзыретіңізде. Қанат ӘБІЛҚАЙЫР hair-han@ mail.ru 8 705 133 25 25

6728 рет

көрсетілді

352

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы