• Руханият
  • 05 Тамыз, 2010

Мемлекеттік құрылымдар: дәстүр сабақтастығы

Мемлекеттік құқық жүйесінің әлемдік тарихындағы ежелгі заңдар тізбегінде қайсыбір әріптесіміз жазғандай, Вавилонның «Хамурапи заңы», көне Римнің «12 кестесі», Үндінің «Ману заңы», сол сияқты Қытайдың «Лао-цзы» заңы жиі ауызға алынады. Осы сияқты әр елдің түпкі қиянынан бастау алатын өзінің ұлттық, ғұрыптық ереже, тәртіптері, заңдары бар, әрине. Бұлардың қатарында көшпенді тайпалардың ертеден келе жатқан әдеттік салт-дәстүрлері, ғұрыптары да бар. Қазіргі тілмен айтқанда, олар мыңдаған шақырым аумақты өз уысында ұстаған жаһангер бабаларымыздың әскери-демократиялық қоғамына ұстын болған номадистік кодекстер іспетті. Мәселен, Шыңғысханның «Ясасы» мен Кубань жеріндегі көшпелілердің «Кодекс Куманикус» сияқты заңдары. Олар әдеби нақыл сөздер сияқты көрінгенімен, өз тарапынан көшпенділердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін құнды мәліметтерге бай. Ал енді осыдан келіп туындайтын заңды сауал: сол мирасымыздың бүгінмен жымдасуы һәм астарласуы қалай? Дәстүр сабақтастығы үзілмеді ме?

Бірінші толғам: Үштік жүйенің түп-тұқияны ХV-ХVІІІ ғасырларда көршілес Ресей, Қытай, Жоңғар және түстіктегі мемлекеттермен ықтимал соғыс жағдайларына дайын тұру мақсатында жаңадан қайта құрылған әскери тәртіп-жүйелері орнықты. Ол тәртіп, ескі ондық, жүздік, мыңдық, түмендік, нояндық тәсілдермен құрылған құрылым еді. Онымен қоса жергілікті билеу дәстүрлері көшпенділік әдетпен Ислам миссионерлері арқылы дендеп кірген шариғат жүйесіне негіздеп басқару тәртіптері және заңдарын қабылдап жатты. Атап айтар болсақ, бұлар – Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» еді. Әрине, бұл орайда айтпай кетуге болмайтын бір жайт, ертедегі әдеттік негіздегі жүйе мен жаңадан келген шариғаттық негіздегі жүйелердің өзара айырмашылықтары аз болды. Салыстырып қарасақ, қазіргі заманымыздағы дүние­жүзі елдерінің көптеген мемлекеттерінде қолданылып отырған Конституциялардың негізі мен заң органдары да сол бір көне бабалық құрылымдардың өзегінде жатқан үштік жүйеге негізделген. Мәселен, олардың негізінде – заң билігі, атқарушы билік және сот билігі жүйесі қалыптасқан. Ол тек қана бір Қазақстан Республика­сында, болмаса бір АҚШ-та ғана емес дү­ниежүзінің көптеген елдеріндегі мемлекет­тік құрылыс ұстыны. Осы аталған үштік жүйенің үшеуі де өзара тығыз байланыста болған жағдайда ғана мемлекеттің құрылымы әбден берік болады. Осындай үштік жүйемен құрылған англо-саксондық сот жүйесін ұстанатын елдердің мемлекеттік құрылымы да осындай. Бұл АҚШ-тағы қазіргі демократияның кепілдемесі сынды. Рас, «оларда осындай мемлекеттік құрылыс ежелден болған ба?» деген де сауалдар туындауы мүмкін. Фактіге сүйенсек, ондай құрылым Еуропада тек қана қайта өрлеу дәуірінде қалыптаса бастаған. Сонымен, «оның негізін қайдан алған?» деген де мәселеге келіп тірелдік. Ерте, көне және орта ғасырлар дәуіріне дейін, ол ұстынның тіпті шығыс пен жалпы Азияның қайта өрлеуі, яғни гүлденіп, дамыған дәуіріне дәлме-дәл келгендігі сөзсіз. Оған айғақ ертедегі арийліктер өркениеті, сақтар дәуірі, ғұндар дәуірі, түркілер өркениеті, Шыңғысхан дәуірі, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда дәуірлері. Осы аталған және бәлкім тағы да аталмай қалған мемлекеттердің отырықшы емес, керісінше прогресшіл көшпенді типтегі мемлекеттер болғандықтан, өздеріндегі басқару жүйелерін де өз бойларындағы қандары тәрізді ала жүрген. Яғни, қай жаққа көшіп барса да өз салт-дәстүріндей, әдет-ғұрыптарындай аталмыш құрылымды бұлжытпастан берік ұстанған. Соның салдарынан барып Аттила бастаған ғұндармен Римге, қазіргі Балқан түбегіндегі мемлекеттер орналасқан жерлерге, одан шаңырағы шайқалған Рим империясының батыс және шығыс бөліктеріне тарала бастаған. Оның құрамында қазіргі замандағы Еуропаның барлық дерлік мемлекеттері болған десек артық айтқандық емес. Соның ішінде қазіргі Ұлыбритания мен Ирландия мемлекеттері мемлекеттік құрылыс жүйесінің англо-саксондық типін пайдалана бастаса, Италия, Испания, Румыния, Франция және Германия мемлекеттері болса мемлекеттік құрылыс жүйесінің роман-германдық типін пайдалана бастаған. Демек, жоғарыда көрсеткен мемлекеттік құрылыс жүйесінің АҚШ-та пайдаланылып отырған түрі англо-саксондық болып табылады. Ал, өзіміз өмір сүріп отырған Отанымыз – Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылыс жүйесінің негізі Кеңестер империясына дейінгі патшалы Ресей империясының нормативті құқықты актілермен бірге кірген. Ол болса, өз кезегінде 1812 жылы болған орыс-француз соғысы кезінде Франция императоры Наполеон Бонапартпен келген еді. Былайша айтқанда, біздегі қолданылып келе жатқан мемлекеттік құрылыс жүйесі мен сот жүргізу тәсілдерінің түгелі роман-германдық болып табылады. Ал, ертедегі өз ата-бабаларымыздың сүрген дәуіріндегі әдет-ғұрып, салт-дәстүр нормаларына келер болсақ, оның көрінісі төмендегідей: 1. Заң билігі, көшпенділерде әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері негізінде көшпенділік әдетке айналған, кейінірек Исламды қабылдауымызбен сол әдет нормаларына қоса шариғат жүйе-ғұрыптары ене бастаған. Оның бәрі мәжіліс түрінде шешілетін. 2. Атқарушы билік – хақан, хандар олар өз кезегінде ауыспалы. 3. Сот билігі – би, оның мерзімі мәңгілік. Билер аты айтып тұрғандай, қысқаша ғана тиянақтай айтсақ, даланың әдет-ғұрпына сай салт-дәстүрімен еларалық, руаралық даулы мәселелерді шешетін. Осы үш биліктің үшеуі – өзара тығыз байланыста тепе-теңдігі бұзылмайтын дәстүрлі салт еді. Билік ету дегендегі аты айтып тұрғандай, билердің рөлі, Елбасы – хандардан ешбір төмен саналмай, керісінше үштік жүйенің тепе-теңдігі өте қатты ұсталғанға саяды. Осының салдарынан әділеттілік жоғарғы дәрежеде қорғалып, бұзылмастан сақталып келген. Екінші толғам: Сот рәмізін қалай қабылдап жүрміз? Қазіргі кездегі біздің Республикамыз – Қазақстан соты рәмізі, яғни айрықтық белгісі ретінде көптеген билердің ішінен тек қана үшеуінің ғана бейнесі келтірілген. Олар: Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би. Алғашқысында оның тура мағынасы қандай еді? Ал, қазір кім, қалай қабылдайды? Оның мағынасы, ілгеріде атағанымдай, мемлекеттік құрылымның үштік жүйесі еді. Ол болса, өз кезегінде ата-бабаларымыз салт-дәстүр ретінде ұстанған әдет-ғұрыптары-тын. Осындай үштік билік өзара тепе-теңдік, яғни әділдікті болдыру мақсатындағы институттар еді. Ал, қазіргі кездегі көпшіліктің түсінігіне келер болсақ, сол аталған үш бидің өзін шыққан тектеріне қарай қазақтың үш жүзін білдіреді-міс, яғни дәстүрлі көшпелі дала билігі мен құқықтық-заңгерлік ұғымнан рушылдық пен жүзшілдікке балап, «ескішілдікке» апарып тастамақшы. Оның дәлелі, Төле би – Ұлы жүздің Дулатынан, Қазыбек би – Орта жүздегі Арғыннан, ал Әйтеке би – Кіші жүздің Әлімінен. Яғни, сот жүйесінің осындай рәмізіне қарап жоғарғы жақтарда қызметтер атқаратын парламентшілер мен шенеуніктерден бас­тап мектептердегі оқушыларға дейін «үш би – үш жүздің айдары, тұлғасы, жұлдызы» деп қабылдауда. Орыстанған, тегін білмес тексіздерге түсіндіруге келгенде, трайбалистерді осындай мемлекеттік рәмізіміздің шектен тыс шабыттандырып жібермесіне кім кепіл? Оның дәлелі, трайбалистердің «қазақта ауызбірлік жоқ», «қазақта ұйымшылдық жоқ», «үш жүз болып, ру-ру болып бөлініп жатыр» дейді. «Ұлттық идеология керек» дейміз. Ал, өзіміздің айтып жүргеніміз «Төле би – Ұлы жүздікі, Қазыбек би – Орта жүздікі, ал Әйтеке би – Кіші жүздікі» деген сыңаржақ пікір. Бұған «рушылдық пен жүзшілдікке бөліп жатырсыңдар» деп екіншіміз ақыл айтқан болып қақпайлаймыз. Ұлттық рухымызды түсіріп жатқандардың бірі де осындай қателіктерден. Негізінде, сот жүйесіне герб-тотем ретінде үш бидің емес, үштік билік жүйесінің символы ретінде егер де адамдардың суреттеріне соншалықты құштар болып тұрсақ, онда тереңірек қарасақ болмас па еді? Мысалы, жоғарыда айтып өткен заң билігі рәмізіне ең әуелі сол билер дәуірінен алар болсақ, қазіргі Конституциямыздай бір ауыздан қабылданып отырған а) ұлы дала төсіндегі ұлы түркі ата-бабаларымыздың қолданылған адаттық (әдеттік) нормалары ретінде қолданылған Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, одан бұрынғы Мөде хан ескерткіштерінің тасқа қашалған өшпес сөздерінен, болмаса кейінгі Шыңғысхан «Ясасы» кітабынан алынған ұлағатты сөздерді, ә) болмаса сол әз-Тәуке ханымыздың «Жеті жарғы» кітабындағы сөздерінен бір-екі ауыз сөз, б) тіпті болмаса қасиетті Құранымыздың, болмаса қазіргі Конституциямыздың мұқабасының суретін пайдаланса өте орынды болар еді. Екіншіден, атқарушы билік белгісі ретінде – сол әдет пе, я шариғат па, солардың барлығының нормаларын бұлжытпай орындаушысы ретінде, сол замандағы ханның, хақанның суретін келтірсе болар еді. Үшіншіден, сот билігі белгісі ретінде сол дәуірдегі көптеген қазақ, алаш, түркі, сақ билерінің біреуінің ғана суретін келтірсе өте дұрыс болмас па еді? Сонда ғана қазақ ұлтының психологиясына кері әсері болмас еді. Яғни, үштік билік дегеніміз – үш жүздің билігі ретінде қаралмауы керек. Оның себебі, Алматы қаласына, соңғы елу жылдан астам уақыт бойы респуб­лика астанасы болуына байланысты, республикамыздың түкпір-түкпірінен осы қалаға «оқуға» деп, «қызмет бабымен» деп бүкіл жұрт ағылуда. Әрқайсысы Қа­зақстанның әржерінен, әрқайсысының жадында өз туған ауылы еді. Өз елінде жүргенде ешкімге де рушылдық пен жат жерден келдің деген бөтенсіту жоққа тән. Ал, Алматы сияқты, сол кездердегі астанаға келгенде, әркім өзін жалғызсырата сезінеді. Содан да жақын ағайын-туыс, жекжат-жұрағат керек. Әркімнің оқу оқыған жылдарында жерлестері, яғни бір облыстан шыққандары пайда болады. Бірдей маман иелері оқу бітіріп, қызметке кіріскеннен кейін өзін жалғызсыратпау үшін ЖОО-да бірге оқығандарының арасынан ауылдас­тарын тартуға тырысады. Ондайды қазіргі тұрпайы жаргонмен «трайбализм ауруы» деп те атайды. Ондай ауру Алматының алдында республикамыздың астаналары болған Орынбор мен Қызылорда қалаларында болған ба екен? Болса, қаншалықты? Ал, Алматы қаласында бұрын астана ретінде болса, енді мегополис ретінде тіптен де өршіп кеткен. Ал, еліміздің жаңа ордасын да мұндай тағдыр күтіп тұр ма? Яғни, «сот рәмізін, тотем-таңбасын ауыстыру қажет» деген ой туындайды мұндайда. Үш жүзден «танытатын» үш бидің орнына жоғарыда атағанымдай, басқа таңбаны дереу енгізу шарт. Әйтпесе, қисық ауыздан шыққан қыңыр әңгіме үштік билік жүйемізге зиянын трайбализм ауруы арқылы тигізбесіне кім кепілдік бере алады? Үшінші толғам: Тамырымызды ұмытпайық Сөз басында айтқанымыздай, ортағасырлардағы және жаңа дәуірдегі жаугершілік кезеңдерде елдік құрылымға бір жаңғырту керек болды. Мұны әуелі Тәуке хан жүзеге асырды деуге болады. Ол шет-шегі жоқ сансыз соғыстардан әбден қалжыраған қазақ халқын бір ауызды қылып жұмылдыру үшін әскери реформалар жүргізген. Онда, бұрынғы соқпақ та естен шықпады. Сөйтіп, көшпелілердің әскери жүйелері қайта қалыптасып құрыла бастаған болатын. Оған көшпелі елдің тарихи қалыптасқан болмысынан шығулары да сеп болған десек қателеспейміз. Отырықшы елдерге қарағанда, көшпелі елдің әрбір азаматы әрқашан да дайын сарбаз еді. Кез-келген уақытта «аттан» естісе, атқа қонатын. Яғни, көшпелі елдің дайын тұрған сарбаздарын қайтадан жасақтап құрудың өзі де артық еді. Болмаса, зияны болмаса пайдасы шамалы еді. Тіптен, қазіргі көзқараспен қарасақ, үш взводтың – бір ротаны, екі ротадан – бір батальонды құрағандары секілді. Ал, сол еуропаланған армиялар құрамаларын қайдан алған екен? Әкімшілік басқару жүйесін өзіміздің, яғни көшпелі сақтар, түркілер қағанаттарының, Шыңғысханнан бастап Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда және т.б., әскери жүйелер негіздерінде алынған жоқ па? Ол шақта сапырылыстырудың өзі шамадан тыс артық еді. Әр ауыл – кемінде бір ондық, әр ата – бір жүздік, әр ру – бес мыңдық, тіптен кейбір рулар бір түменге дейін аламан шығарып отырған жоқ па еді? Басқарушы-қолбасылары да лауазымдарымен соған лайық – онбасы, жүзбасы, мыңбасы, түмен, ноян және т.т. болатын. Енді осыншама қисапсыз жиналған қолды жалпылай басқаруға келгенде ұлы даланың кодексіне жүгініп, әдет нормаларына сай – берік үштік одақ, яғни жүздіктер құрулары қажет болған. Ол қазақ хандығының қанатының астына бұрынғы Моғолстан, Қоқан хандығы, Сібір хандығы қол астындағы елдерді өзіне қаратып алған соң туындаған өзекті мәселе еді. Ол, яғни бөлу емес, керісінше топтастыра отырып, ортақ жауларына қарсы шабуға ынталандыру мақсатында жаңа тактикасы мен стратегиясы еді. Аңыз іспеттес ауызекі әңгімелерді өзімізше қорытсақ, Ұлы жүз аталу себебі – көші-қондары қиыр оңтүстік пен шығыс жақта, яғни еншісін ерте алып кеткен қазақтың үлкен баласы. Орта жүз – бүкіл Сарыарқа мен Сібірді, ата қоныс Алтайдан Бетпақ пен Ұлытау өңіріне дейін жайлаған ортаншысы. Ал, кіші жүзге келер болсақ – Алтын Ордадан мұра болып қалған Сарай мен Ақ Ордадан мұра болып қалған сол Сарайшық қаласы маңынан Қырымның қырқасына дейін көшіп жүретін, яғни Қазақтың шаңырағын аманатындай қорғайтын кенже баласы болып шығып тұрған жоқ па? Сонда, біз несіне руымызды, жүзімізді атаудан соншалықты үркеміз. «Рушыл, ескішіл, жікшіл деген атауларға ұрынып қаламыз» деп несіне қорқамыз? Қорықса, сол жең ұшынан жекжатын тартқан трайбалистер қорықсын. Таныс-туыстары арқылы биік орынтақтарға қонжиғандар қорықсын. Ал, енді тағы да бір дерт – ол, сол тектілігімізді жоғалту қасіреті келе жатқан жоқ па? Қазір, Аллаға шүкір көбіміз шыққан руымызды, тегімізді білеміз. Ал, алдағы күні, болашақта ше? Келешек ұрпақ білсе, тек қана шыққан, туып-өскен Отанын – ауылын, ауданын, облысын ғана білетін ғана дәрежеге жететін шығармыз.

4842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы