• Тіл
  • 15 Қаңтар, 2009

«Аюдың» емес, «арыстанның» тiлiне арқа сүйеген абзал

Тiл тағдыры бүгiн көзi қарақты жанның бәрiн толғандыруда. Қазақ мектептерiн, колледждерiн, лицейлерiн, ЖОО-ларда қазақ тiлiндегi факультеттер т.б. ашып жатырмыз деп өзiмiздi өзiмiз алдарқатқанымызбен, туған тiлдiң өрiсi күннен-күнге тарылып бара жатқаны жасырын емес. Қазақша оқитын (орысша оқитындарды ауызға да ала алмаймыз) балалар оқу орны түгiл, аудиторияның, сыныптың қабырғасынан шыққан бойда орыс тiлiнде шүлдiрлей жөнеледi. Көшеде келе жатқан жас балалар мен қыздар түгiл ересектердiң өзi тек сол тiлде сарнайды. Бiздiңше жастардың ана тiлiн бiле тұра орыс тiлiнде сөйлеу себебi – бүгiнгi таңда орыс тiлiнiң модада («модный») екендiгiнде. Ешкiм де заманның сәнi – модадан қалғысы келмейдi. Көп адам осы сөзге жеңiл қарап, көңiл аудармайды. Мода, яғни сән дегеннiң пайдасы да залалы да керемет. Оның саналарға жасайтын әсерiн өзiнен басқа ешнәрсемен салыстыруға болмайды. Әсiресе жастар үшiн оның ықпалы сұмдық. Тiлдiң модасы да өзгелерден (киiмнiң, мүлiктiң, ойлаудың т.б.) еш кем емес, ол тiптi барынша жайылған тiлдерге де зиянын тигiзе алады. Бiр кезде орыстың дворяндары үшiн француз тiлi мода болған. Өзiн сыйлайтын бiрде-бiр ақсүйек орыс тiлiнде сөйлемеген. Орыстың тiлiн олар мұжықтың тiлi деп бағалаған. Тiптi үлкен жазушыларының өзi, орыс тiлiнде бұларды жеткiзу мүмкiн емес десе керек, не бiр қызық ойларын французша жазып жiбергенiн бiлемiз. (Мысалы, Л.Толстой «Война и мир» т.б.) Бүгiн қазақ тiлi де сол халдi кешiп отыр. Қазақ тiлi ауыл адамдарының, өмiрдiң жаңалықтарынан, жақсы қызықтарынан кемшiн қалған (өз тiлдерiмен айтқанда «ауылбайский») адамдардың тiлi деседi. Сән қуған жастар, ортасынан озық көрiнгiсi келген кәртәмiштер, тiптi кәрiлердiң өзi ойларын қазақ тiлiнде айтқысы келмейдi, «модный» тiлде айтпаса оның құны болмайтын секiлдi көредi. Көптеген, қазақ тiлiнде жақсы сөйлейтiн депутаттарымыз да қайсыбiр өткiр мәселелердi орыс тiлiнде айтып қалуға тырысады. Ал бiз қазақ тiлiн қалай модаға айналдырамыз? Мiне, тiл проблемасы бойынша күн тәртiбiнде ең алдымен осы сұрақ тұруы керек. Егер қазақ тiлiнде сөйлеу сәнге айналып, Қазақстан халқының 60 пайыздан артығы осы тiлде сақылдатып тұрса, өзгелер де сөзсiз тартылар едi. Тiптi бiзге келген шетелдiктер де оны жылдам үйренiп алар едi. Бiздiңше қазақ тiлiн модаға айналдырудың жалғыз жолы – ағылшын тiлiнiң қуатын пайдалануда. Жастар арасына: бүкiл әлем халқы, өркениеттi адамзат ағылшын тiлiнде сөйлейдi, басқалармен терезесi тең жұрттардың халықаралық қатынас тiлi – ағылшын тiлi. Сондықтан жаппай соны үйренейiк деген уағызды қатты тарату керек. Ал ендi ағылшын тiлiн насихаттаудың қазақ тiлiн көтеруге қандай қатысы бар дегенге келейiк. Бiз жаппай ағылшын тiлiн насихаттағанымызбен, тiптi барлық теле-радиоарналар оны аспандатып, сол тiлде сөйлеп, үйретiп жатқанымен шабан торылықтан арылмаған қазақ санасы оны бiрден, жаппай қабылдап кете алмайды. Бiразы үйренiп алуы мүмкiн. Бұл өздерiне бек пайдалы. Ал адамдар ойын толық жеткiзу үшiн сахнадан сырғи бастаған, сөйтiп модадан қала бастаған орыс тiлiнде емес, қазақ тiлiнде сөйлейтiн болады. Өйткенi, өзiн сыйлайтын, елiн сыйлайтын әрбiр адам «колониалдық тәуелдiлiктiң» белгiсiн ендiгi жерде қолданғысы келмейдi. Сөздi қысқаша былай тұжырғымыз келедi: қазақ тiлiн көтеру үшiн бiзге алдымен орыс тiлiнiң екпiнiн басу керек. Ал оны әлемдiк модадағы ағылшын тiлiнiң тасқынын еркiн енгiзумен ғана тоқтатуға болады. Орыс тiлiне қарсы жағымсыз пiкiрдi оны ағылшынмен салғастыра отырып қана тудыра аласың. Ал ашық қарсы шықсаң өзге емес, өз iшiмiздегi орыстiлдес дүбәралардың өзi атып тұрып қарсылық бiлдiретiнiн көрiп жүрмiз. Тек қана ағылшын тiлiнiң тасқынды күшi ғана оны тiлдiк белсендi аренадан ығыстыра алады. Бiздiңше, басқа жол жоқ. Today we needed English languages, яғни бiз бүгiн ағылшын тiлiн бiлуге мұқтажбыз (ағылшасында грамматикалық қателiк те болуы мүмкiн) деп жас-кәрiмiздiң бәрi дұрыс болсын, бұрыс болсын тiлiмiздi бұрай беруге әуестену керек. Шын мәнiнде орыс тiлiнiң ықпалында қалған Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа елдердiң бәрi қазiр ағылшын тiлiн үйренуге шұғыл көшiп жатқаны жасырын емес. Балтық бойы елдерi, Шығыс Еуропадағы жас мемлекеттер, соның iшiнде Украинаны қоса есептегенде славян тiлдес барлық елдер де қазiр орыс тiлiнде сөйлесең артта қалған жан екен деп үрке қарайды. Олар түгiл Моңғолия астанасының жастары да шетелдiктермен тек ағылшын тiлiнде ұғысатын болыпты. Бiздiңше олардың бәрi де орыс тiлiн бiреуге тәуелдiлiктiң белгiсiндей көретiн секiлдi. Өзге халықпен сөйлескiң келсе өркениеттi әлемнiң ортақ тiлi ағылшын бар, ал өз iшiмiзде өз тiлiмiзде сөйлеймiз дегендi олар саналарына әбден қалыптастырып алған. Айта кететiн жәйт, бұрын Франция, Португалия т.б. секiлдi елдердiң отары болған Азия мемлекеттерi де өздерiнiң бұрынғы қожайындарының емес, ұлтаралық қатынасқа ағылшын тiлiн алған. Бiз де сол озық әдiстi қолданғанымыз мақұл. Бұл арада мәселе «үштұғырлы» тiл дегенде емес. Ол орыс тiлiнiң экспансиясын тоқтатуды емес, одан әрi дамытуды көздейтiн бағдарлама. Бiздiң мақсат – ағылшын тiлiн қолдана отырып орыс тiлiнiң арынын басу, сайып келгенде оны жалғыз өзi еркiн жайлап, басып алған сахнасынан бiртiндеп ығыстыру. Сөйтiп, қызық ақпарат, жаңалық, ғылым мен бiлiмнiң бәрiн де ағылшын тiлiнде орыс саясатының араласынсыз интернет пен еуропалық арналардан таза қалпында еркiн алу. Ағылшын тiлiнiң гуманистiк идеяларды, жалпы адамзаттық құндылықтарды бағалауы да орыс тiлiнен анағұрлым артық. Онда орыс тiлiндегiдей нойыс сөздер, бiтпейтiн боқтық, бейпiл ауыз ожарлық, агрессия да жоқ. Ал ондай сөздер адамның санасын агрессияға, ұрыншақтыққа, қанiпезерлiкке, тiптi қанiшерлiкке баулиды. Қазiргi жастарымыздың мiнез-құлқының бұзылып бара жатқанында iшiнара сол тiлдiң де әсерi барын ұмытпауымыз керек. Ағылшын тiлiн алдыңғы қатарға шығара алсақ, негiзгi мақсатымыз – қазақ тiлiнде сөйлеуге де жаппай жол ашылар едi. Жақсыбай САМРАТ, журналист АСТАНА

3535 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы