• Тарих
  • 18 Тамыз, 2010

"Өздерің білер Нартаймын"

Қазақтың халық поэзиясындағы суырыпсалма, төкпе ақындық пен композиторлық, орындаушылық (әншілік, жыршылық) өнердің үздік шебері Нартай Бекежановтың (1890–1954) шығармашылығы – ұлттық рухани құндылықтар қатарындағы қазынамыз. Нартайдың өзіне дейінгі қазақ поэзиясындағы ақындық дәстүрге тән белгілерді қолдануы мен шығармашылығындағы қоғамдық-әлеуметтік мазмұнды игерген жаңашылдығы, өзіндік стилі – дәстүрлі жалғастықтың көрінісі.

Нартай Бекежанов – қазақтың халық поэзиясының тарихында өзіндік дара шығармашылық ерекшелігімен мәңгілік ақындық екінші өмірін жасап кеткен үлкен тұлға. Оның шығармашылығы – қазақтың халық поэзиясы тарихындағы суырыпсалма, төкпе (импровизаторлық) ақындық, әншілік, жыршылық, композиторлық қасиеттерді толық, тұтастай сіңірген қыры мол сан салалы мұра. Осыған байланысты қазақтың халық поэзиясындағы Ж.Жабаев, Н.Байғанин, К.Әзірбаев, А.Тәжібаева, Н.Баймұратов, Р.Мәзхожаев және жазба поэзиядағы А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов, М.Әлімбаев, т.б. аға буын ақындар Нартайдың ақындық өнері мен азаматтық тұлғасы туралы жақсы пікірлер жазды. Сонымен бірге Қазақстанның барлық атыраптарындағы ақын-жыраулар да Нартайды ұстаз тұтып, оның суырыпсалма, төкпе ақындықты, орындаушылық (әншілік, жыршылық), композиторлықты тұтас меңгерген дәстүрін жалғастырды. Мысалы, қазақ поэзиясының алыбы ұлы Жамбыл: О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай, Сөзің тәтті, дәмді екен шекер балдай. Жүректі сілкіндіріп бір ояттың, Сарғайып Күншығыстан атқан таңдай», – деп, Нартай жырларының эстетикалық қуатына баға берген. Халық ақыны Айманкүл Тәжібаева Нар­тайдың халықтық, қоғамдық өнерін жоғары бағалаған: Нареке, жұртым сүйген нарым едің, Жасыңнан жыр суына қанып едің. Атанып ақындардың ағасындай, Тайқымай талай топты жарып едің. ...Төккендей үннен інжу, тілден маржан, Керегін келелі елдің тауып едің. Өзімен тұстас халық ақындарының арасында осындай жоғары бағаға ие болған Нартайдың импровизаторлық шеберлігін­дегі сөздердің қуаттылығы, поэтикалық ажары жазба әдебиеттегі ақындарға да қатты әсер еткен. 30-40-жылдары қазақтың жазба ақындары­ның халық поэзиясының әсерін көп қабылдауына ауызша ақындық дәстүрдегі мазмұнды тіл өрнектерінің айрықша әсер еткені сөзсіз. Мысалы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Асқар Тоқмағамбетов: «Нартай – суырыпсалма жүйрік, оның әні мен жыры ағытылып, түйдектеліп, шумақталып жатады. Нартай тек өлеңнің ұйқасын ғана қумайды. Сөздің салмағына көп зер салады. Ол – үдей шабатын ақын», – деп, ақындық шеберлік сырларын көрсетеді. Нартайдың қуатты ақындық шебер­лігінің шеңберін кеңейтіп, бүкіл халықтық-әлеуметтік, қоғамдық деңгейге көтерілген кезі – кеңестік дәуір. Ұлт саясатының идеологиялық мазмұны Нар­тайды 30-40-жылдары Жамбыл секілді халық таланттарымен бірге биік сатыға көтерді. Бұл туралы академик А.Жұбанов: «Отызыншы жылдардан бастап, біздің мәдениетіміз өсіп, республиканың жер-жерлерінің қатынастары күшейе бастағанда Нартайдың әні де, өлеңі де кең өріс алды. Бұрынғы тек «Сыр бойының Нартайы» енді «бүкілқазақстандық» ақын болып кетті», – деп көрсетті. * * * Нартай Бекежанов 1890 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы 1990 жылдан бері өз атындағы ауылда туылған. Әке қамқорлығынан ерте айырылған бала Нартайдың рухани қам­қоршысы, тәрбиешісі, анасы Бақтыгүл мен ағасы Мансұр болады. Нартайдың анасы Бақтыгүл ақынжанды, шешен тілді, парасатты жан болыпты. Ауыл арасындағы қысқа көлемді түре не қайым айтыстарда өткір тілді жырларымен Сыр өлкесінің атақты ақыны Бұдабайдың жақсы бағасың алады. Бақтыгүл Нар­тайды өлең ұйқастарына жаттықтыруда әуелі тұрмыс-салт өлеңдерін жаттатып, сол өлеңдердің пішініне сәйкес өлеңдер шығартуға жаттықтырады. Мысалы, Нар­тай «Наурыз жырларының» үлгілеріне еліктеп, мынадай өлеңдер шығарған: Қара ешкінің мүйізі, Ербегей де сербегей. Осы үйге келген пәлекет, Өзен суды өрлегей. Менің атым Нартай, Дастарқан толсын сары май. Таң мезгілі болғанда, Жастығының астынан Төсегінің басынан Бақ-дәулет келіп дарығай. 9 жастан бастап ауыл молдасынан үш қыс оқығаннан кейін ән-күй, жырға құмар Нартайдың ескі оқуға ынтасы болмайды. Сондықтан анасы Бақтыгүл баласының ән-жырға құмар ынтызар көңіліне орай өзі қатысып жүрген ауыл арасындағы айтыстарға қатыстырады. Осылайша Нартай 13 жасынан бастап ақын атанады. Ол тағдырдың жетімдік пен жоқшылыққа құрылған қиындығына мойымай, қой соңында жүріп аспандағы құстармен тілдесерліктей асқақтата ән шырқап жүреді. Нартайдың ақындық өнерге шыңдап бет бұруында ағасы Мансұрдың көп ықпалы болады. Мансұр Бекежанов (1875-1933) – арабша сауатты, Шығыс сюжетіндегі қисса-хикаяттарды («Сұлтан Махмұд Газнауи», «Әмір Темір Көреген», «Мұңды қыз», «Алтын балық», т.б.) көп білген ақын. Соларға еліктеп, өзі де дас­тандар шығарып, айтыстарға қатысқан («Мансұр мен Дәменің айтысы»). Сыр өлкесіндегі Қыпшақ Бұдабай, Балқы Базар жырау, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, т.б. шайырлардың шығармаларын жаттап, ақындық мұраларды ел арасына таратып отырған. Ағасының ақындық, ұстаздық ұлағатынан үлгі алған Нартай кейін былай дейді: Өз ағам ақын Мансұр өлеңге тең, Ол үшін өлеңнен жоқ өнер бөтен. Үш жүздің небір айдын шалқарында, Мамырлап қаздай қалқып жүрген екен. Қағаз бен қаламды ол елден алды, Су ішті не көлдерден белден арғы. ...Сен тарт, – деп домбыраны ұсынған соң, Айқайлап бердім халқыма мен хабарды. Ағасының ақындық талантына табынған бала Нартай ол үйреткен жырларды сырнайға қосып жырлай бастайды. Нартайдың ақындық қабілетін таныған ағасы Мансұр оған арнаулы тақырып­тар беріп жырлатады, өлеңдеріне баға бе­ріп, сынап, кемшіліктерін түзеп отыра­ды. Нартай 1903-1913 жылдар арасында күнкөріс қамымен жалшылықта жү­реді. Шиеліге келіп жүргенде темір­жол жұмысшыларының ауыр өмірінен езілген халықтың қанаушылықтағы тағы бір сырын таниды. Жалшылықта жүрсе де Нартай әншілік, ақындық өнерге машықтанудан қол үзбейді. 15 жасқа келгенде Нартай қазақ даласына аты мәлім арқалы ақын, әнші Тайжан Қалмағамбетовке кездесіп, содан үлгі алады. Осы кездесудің алғашқы әсері туралы кейін Нартай былай деп еске алады: «...Мен Тайжанға шаршы базардың ортасында кездестім. Құлашын сермей тартқан сырнайға шырқаған әнін қосып тұрған Тайжан маған ерекше әсер берді. Оның желкілдеген әсем мұрты көкке қарай зымыраған қыранның қанатын, саңқылдаған даусы ескектеген желді елестетті. Мұндай ғажап әнді тыңдаған шақта өзімді туған елдің әсем табиғатына шомғандай сездім». Сырнайға, домбыраға қосылып ән шырқап, қобыз, сыбызғы да тартатын Тайжан талапты жас Нартайға өзінің ақындық, әншілік өнеріндегі барлық қасиеттерді үйретеді. Ақындық дәстүрге тән үлкеннен кішіге сыйлар аманатындай ғажайып өнерін сыйлаған Тайжан: Аралап Сыр бойында серуен еттім, Ән шырқап жырдан талай көш жөнелттім. Арқадан Сыр еліне ескерткіш деп, Әнімді мен Нартайға тастап кеттім, – депті. Осы Тайжан тәлімін алған Нартай ақындық, әншілік өнердің кең даңғыл жолына түсудегі ізденіс жолдарын одан әрі жалғастырады. Өз кезінің белгілі ақыны атанған ағасы Мансұрдың, шешесі Бақтыгүлдің тікелей ұстаздық әсерімен қазақ даласындағы ақын-жырау, шайырлардың шығармаларымен кеңінен танысып, солардан үлгі алады. Ақындық жолда жүргенде Нар­тай Абай, Шөже, Әбубәкір Кердері, Майлықожа, Мәделі, Құлыншақ, Құлан, Мұса, Құлтума, Орынбай, Ақмолда, Мәшһүр Жүсіп, т.б. ақындық шеберліктерінен үйреніп, кейін өзін солардың ізін жалғастырушы ретінде жырлайды: Бағамды көрсететін өлеңменен, Не пайда «Мен пәленмін!» дегенменен. Ілгергі өтіп кеткен ақындарша, Істейін бір қызмет төбемменен. Аталған ақындар қазақ әдебиетінің тарихындағы ауызша суырыпсалма, төкпе ақындық пен Шығыс әдебиетінің жазба әде­би дәстүрлерін де дамытқан еді. Сондықтан Нартай да өзі тәлім алған ақындық ортаның дәстүрімен өзінің туып-өскен ортасынан, халықтың ауыз әдебиеті мұраларынан және қазақ даласындағы ақындық мектептерден үлгі алды. Нартайдың ақындыққа қоса сирек кездесетін әсем дауысты әншілігі, композиторлығы – табиғаттың берген айрықша сыйы еді. Бұндай дарын иелерінің өнерін шыңдап, жетілдіре беруінің жалғыз жолы ел аралау болды. Нартай да домбырасын, гармоның арқалап, ел арасында «әнші Нартай», «ақын Нартай» атанды. Демек, Нар­тай әнші ақындар мектебінің дәстүрінде қалыптасады. Жас ақын Нартайдың ел аралап, халық­тың еңсесін езіп отырған қиыншылықтар­дың шынайы сипаттарын терең сезіммен тануы – оның шығармаларының да әлеумет­тік үнін өткірлей түсті. Алғашқы ақындық шығармаларынан бастап-ақ озбырлардың, алдаушы дүмше молдалардың халыққа жат бейнелерін, іс-әрекеттерін әшкерелейді. Отаршылдық бұлты торлаған заманда еңбекшілердің ортасындағы ақыны, әнші-жыршысы болған Нартай – қазақтың халық ақындарының ішінде Ресей патшасының тақтан түсуіне қуана тұңғыш жыр («О, сүйінші, сүйінші!») арнады. Одан кейінгі қазақ даласындағы саяси-әлеуметтік, мәдениет жаңалықтары, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік, елдік шежіресі – бәрі де Нартай жырларының алтын арқауы болды. 1934-1935 жылдары Нартай өзі тұра­тын «Үлгілі» колхозының шаруашылығы мен Шиелі ауданындағы мәдени-ағарту жұмыстарына белсене араласады. Аудандағы жетім балалар үйі мен мектептердегі талантты балаларды тауып алып, іріктеп, мектеп оқушыларының концерттерін ұйымдастырады. 1934 жылы маусымда Алматыда өткен көркемөнерпаздардың өлкелік тұңғыш слетінде Нартай ақындық дәстүрдің жәңа бір мектебінен өткендей әсер алады. Қазақ поэзиясының алыбы, ұлы Жамбыл, әнші-ақындар Жаяу Мұса, Иса Байзақов, тікелей ұстазы Тайжан Қалмағамбетов, ақын Қазанғап Байболов, т.б. әнші, күйші өнерпаздарды көрген Нартай ақындық өнеріне жаңаша серпін, жауапкершілік жүгін арқалағандай болды. Ол осы слет сахнасында жүйрік ақындардың алдында бірінші рет импровизаторлық талантын сынға салып, «Замананың бұлбұлымын» (1934) деген толғау өлеңін шығарды. 1936 жылы мамыр айында Кеңес Одағының астанасы Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне халық ақындары Жамбыл, Кенен, Айманкүл, Орынбай, Өмірзақтармен бірге Нартай да барды. 1936 жылғы КСРО Конституциясының қабылдануы өзге ақындар секілді Нар­тай шығармашылығында да жырланды. Ел ішіндегі («Ұлы Совет сайладық» өлеңі) насихаттық мазмұнды сайлау жүйесіндегі бұқаралық мәдени-көпшілік жұмыстары Нартайдың халық ортасында жиі болуына себепкер болды. Бұл туралы өзі былай деп жазады: «... Мен ... Шиелі ауданы, «Үлгілі» колхозындамын. ҚССР Ұлы Советінің сайлау науқанынан осы уаққа дейін колхоздарға шығып, мәдениет аттанысында жүрмін». 1937 жылы Шиелі аудандық мәдениет бригадасының мүшесі боп жүргенде, облыстық концерт-эстрада бюросына ша­қырылады. Сөйтіп, Қызылорда облысы ғана емес, республика өміріндегі үлкен жаңалық боп саналатын халық ақыны Нартай Бекежанов бастаған облыстық ансамбль дүниеге келді. Нартайдың топтық өнер шеберлерін басқарып, халыққа мәдени қызмет жасауы – ежелгі ақындық дәстүрдің бүгінгі заманға ұштасқан, жаңғырған көрінісі еді. Нартай басқарған ансамбль халықтық өнердің бір арнада тоғысқан тұтасқан тұлғасын бейнелейді. Себебі ол басқарған концерттік үгіт бригадасының құрамында тек қана халық арасындағы импровизатор ақындар, эпик жыршылар мен термешілер, әншілер мен күйшілер, бишілер болды. Бұл – ақындық өнердің халықтық мәдениетпен біртұтас екендігін дәлелдейтін құбылыс. Нартайдың туысқан халықтарға кең танылуы 1939 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысып өнер көрсетуінен басталды. Көрменің концертінде Кенен Әзірбаев «Жаңа заң» әнін орындаса, Нартай «Отаным» атты өлеңін өзіндік әуенді әнімен сырнайға қосыла импровизаторлық шеберлікпен орындайды. Мысалы: Шаттығым – Отанымның мерекесі, Жандыға сая берген көлеңкесі. Халқыма, колхозыма ырыс берген, Күн сайын жұлдызданған берекесі... Нартайдың осы көрмедегі орындау шеберлігі туралы «Правда» газетінің 1939 жылғы 28 тамыздағы нөмірінде В.Горо­динский деген автордың «Народное творчество Казахстана» деген мақаласында айрықша үздік баға берілді: «... бесспорно самым интересным было выступление акына Бекежанова Нартая. Он исполнил большую песню (вернее, целую песенную сюиту) «Праздник Родины», аккомпанируя себе не на традиционном инструменте акынов – домбре, а на гармонике (так называемого восточного или азиатского строя). Бекежанов действительно пленил москвичей тонким мастерством и продуманностью исполнения. Здесь нет и следов какой-либо внешней виртуозности. Пение Бекежанова отличается редкостным благородством манеры, настоящей артистичностью. Сам голос Бекежанова очень приятен по тембру, интонация безукоризненно точны. Аудитория с напряженным вниманием прислушивалась к пению Бекежанова. Можно сказать, что мелодия песни и голос певца служили переводчиками текста, и произошло то, что бывает доступно только выдающимся художникам, – публика поняла все, что хотел сказать певец». Нартай ақын осы 1939 жылы Мәскеудегі көрмеге барғанда Лениннің Мавзолейін көріп, «Ленинге», «Қызыл Москва» деген өлеңдерін шығарады. 1939 жылы қараша айында Алматыда өткен Қазақстандағы халық ақындарының республикалық тұңғыш слетінде, 1943 жылы өткізілген республикалық бірінші ресми айтыста халық поэзиясының алып тұлғалары Жамбыл, Кенен, Нұрпейіс, Нұрлыбек, Дос­кей, Орынбай, Қазанғап, Қалқа секілді жүйрік ақындармен бірге Нартай да төкпе ақындық өнердің үлкен сынағына түсті. Жыр алыбы Жамбылдың слеттің, айтыстың ашылуында айтқан «Үндеу» (1939), «Ақындарға арнау» (1943) деген толғауларында бүкіл халық ақындарының көш бастаушыларының қатарында Нартай да аталады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл бастаған халық ақындары майдан мен тылдың тығыз бірлігін нығайтатын үгітшілік-насихатшылық жұмыстардың ұйымдастырушылары болды. Мысалы, Доскей Әлімбаев Қарағандыдағы шахтерлермен бірге қайла ұстап, солардың алдында үнемі жырлады, Нұрпейіс Байғанин Ақтөбедегі ауылдарды аралап, майданға жылы киім, қаражат жинады. Нартай да Ұлы Отан соғысы жылдарында соғыстың алғашқы күндерінен бастап Жеңіс сағатына дейін ат үстінен түспей, әйгілі гармонымен қосыла өрілген асқақ әнді жырларымен жүдеген көңілдерді жұбатып, жауға арналған кек жалынан лаулата түсті. Өзі 30-жылдардың аяғына таман ұйымдастырылған «Нартай ансамблі» атанған атақты концерттік-үгіт бригадасымен кең-байтақ республикамызды, туысқан Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан республикаларын аралап, тылдағы халқының патриоттық, оптимистік сенімдерін күшейтуге, халықтың майданға көмек ұйымдастыру жұмыстарына елеулі дәрежеде септігін тигізді. Осылайша қазақ халық поэзиясының алғы сапында келе жатқан Нартай 1945 жылы Семейде ұлы ақын, хакім Абайдың туғанына 100 жыл толуына арналған республикалық тойға қатысып, Абай ақындығының азаматтық, гуманистік, көркемдік сырларын бұрынғыдан да жақсы танып қайтады, арнау өлең («Абай») шығарады. 1949 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші онкүндігінің алғашқы сахнасын Қазақстан үкіметінің шешімі бойынша Нартай ақын ашты. Осы онкүндіктің ашылуынан бастап, «Правда» газетінің бетіне әйгілі қара сырнайымен суреті жарияланған Нартай онкүндік күндеріндегі әдеби кештерде халық поэзиясындағы импровизаторлық ақындық пен әншілік-орындаушылық, композиторлық қасиеттері біріккен өнерінің құдіретін қайталанбас ғажайып шеберліктің деңгейінде көрсетті. Нартайдың қазақ әдебиетінің өзге өкілдерімен бірге Мәскеу жұртшылығының алдында импровизациямен жырлауы туралы одақтық, республикалық баспасөз беттеріндегі онкүндік туралы жарияланған материалдарда үнемі аталып тұрды. Онкүндік күндерде маршал С.М.Бу­денный жазушылар К.Симонов, В.Ви­шневский, Л.Леонов, Н.Тихонов, Л.Соболев, С.Маршак, М.Шагинян, Н.Грибачев, А.Сафронов, т.б. мемлекет және әдебиет, өнер қайраткерлерінің, астана жұртшылығының алдарында Нартайдың ақындық, әншілік, жыршылық өнері айқын танылды. Нартайдың ақындық өмірінің тағы бір белесі – оның дүниежүзіндегі баянды бейбітшілік жолындағы жыршыға айналуы. Ол Алматыда өткен Бейбітшілікті сақтаушылардың 1951 жылғы 20 қыр­күйектегі, 1954 жылғы 19 қыркүйектегі кеңестерінде бейбітшілік туралы жырмен жар салды: Астанам – бейбітшілік босағасы, Бір тілек, бір мақсатта дос арасы. Соғысты болдырмаймыз бірлікпенен Соғысты кім ойласа – елдің қасы. Бейбітшілік – халықтың сүйген досы, Қорғаушы сол досына ұлы күні. Дүниеден құрысын соғысшылар, Жер жүзінде халықтың тілегі осы. Нартай ақын 1954 жылы 17 желтоқсан күні ауыр науқастан 64 жасында қайтыс болды. «Литературная газетаның» 1954 жылғы 24 желтоқсанда санында А.Сурков, К.Симонов және М.Әуезов, С.Мұқанов, т.б. бір топ қазақ ақын-жызушылары қол қойған қазанамада қазіргі заманның талантты жыршысының әдебиет пен мәдениеттегі орнына қайғыра отырып, үлкен баға берілді. Нартай шығармашылығы төкпе ақын­­дық, орындаушылық (әншілік, жыр­шылық), композиторлық қасиеттердің тұ­тастануынан тұратындықтан, оның импровизациялық өнеріне тән ежелден келе жатқан дәстүрлі белгілер мен өзіндік стиль, мәнері туралы айтуға тура келеді. Себебі Нартай шығармашылығындағы бірнеше өнер қосындыларының ең басты жетекшісі – төкпе (импровизатор) ақындығы. Импровизация өнеріндегі негізгі ерекшелік – ақынның жырлары тек көтермелеп, ықыластана тыңдайтын көпшіліктің алдында ғана дүниеге келеді. Бұл туралы Нартайдың өзі кезінде былай деген екен: «Менің ақындығым сол көпшілікті сүйеді. Қолыма сырнайды алғанда, біреу өзіме тиіп сөйлесе, айтқан сөзім күшті болып шығады». Сонымен қатар ауыздан бұрқырап шығатын жыр тасқынының ағытылуына импровизациялық өнердің көмекші құралы – қазақтың жыраулық поэзиясында қобызбен, ақындық поэзияда домбырамен, кейіннен сырнаймен (гармонь) қосыла жырлау. Яғни Нартай шығармашылығының алтын өзегі – төкпе (импровизация) ақындық өнеріндегі бүкіл шығармаларының ән әуеніне, мелодияға, сырнай сазына бөлініп тұратындығы. Ақындық шабыт процесінің орындаушылық өнер арқылы жүзеге асуы ақынның, біріншіден, өзіне тән ақындық өнерін танытса, екіншіден, дүниежүзілік сөз өнері тарихы мен қазақ поэзиясы мен өнері тарихындағы орындаушылық дәстүрдің заңды жалғасын аңғартады. Импровизация процесінде өлеңді сөзді барынша мол қамтып үлгіру жағына құрылған Нартай шығармалары көбіне орындаушылыққа бағына, бірде таза ән, бірде терме секілді, бірде ән мен терменің қосыла өрілген сипатында жасалды. Шығармаларының жанрлық болмысына қарай ән саздары біресе толғау, біресе термелеген нақылды, дидактикалық әуенді түрде салмақты ырғақпен жырланады. Кейбір шығармаларының әуезді сазды болмысы сызылған әнге жақындап кетеді де, кең қайырымды сазбен аяқталады. Кейбір шығармаларының басы желдірмеленіп өзі және өмір туралы тақпақталып басталады да, аяғы ән қайырымы мен өрілген түйінді ойлармен қорытындыланады. Демек, Нартайдың импровизаторлық өнері – ән әуеніне, мақамға сүйене шығарылатын дәстүрдің жалғасы. Бірақ бұл жалғастық тек қайталау емес, Нартай стилінің дара болмысын да айқындайды. Барлық уақытта да дәстүрді жалғастыру жеке тұлғалардың немесе топтардың дара қасиеттерін көрсететіні мәлім. Бұл – сөз өнерінің тарихындағы мәңгілік шындық. Академик З.Қабдолов: «Өмірде де, өнерде де талай жаңалық болған, болып жатыр һәм бола бермек. Бірақ жаңалық – дәстүрді жалғастыра алса ғана жаңалық», – дейді. Біздіңше, Нартайдың жаңалығы, даралығы – ақындық дәстүрге ән мен жырдың қосыла өрілген лирикалық сезім иірімдерін, көңіл шалқуының тасқындауы қуатын әкеліп, тыңдаушы атаулыны жайма-шуақ қалыпта емес, үнемі романтикалық өршіл сезім дауылымен тебірендіретіні. Нар­тай ақындығының алтын арқауы, әшекейлі өрнегі – ән мен жырдың импровизация құдіретімен қосыла өріліп туатыны. Яғни, ақын Ә. Тәжібаев айтқандай, Нартай: Ә дегенде түйсініп ап қабағын, Ащы айқаймен ашып тұнған тамағын. Найзағайдай қара түнді қақ жарған, Жалтылдатып алатын көз жанарын. Содан кейін жауар бұлтша төнетін, Төңірегін ол тінти қарап көретін. Суып беті сұрғылт тартып алған соң Борандата, бұрқырата төгетін. Нартайдың сырнайға қосылып импровизациямен жыр шығару сәтінде өзі үшін кең тыныс, сөз мәнділігін арттыруға сүйемел ететін қасиеттер болғаны байқалады. Ал ылғи импровизация жағдайында туатын шығармаларының барлығы да орындаушылық (әншілік-жыршылық) өнеріне тәуелді болған. Осыған байланысты толғау-терме өлеңдері, арнаулары, мадақтаулары, хат-өлеңдері, сатиралық өлеңдері, дастан-хикаялары, айтыстары – бәрі де тек Нартайлық ән сазымен, мақаммен орындалған. Бұдан, әрине, Нартайдың дәстүрді қолдануы мен өзіндік стиль ерекшелігі танылады. Қазақ даласындағы «Әкімгерей сазы», «Қарасай сазы», «Бітеген сазы», «Науаш сазы», « Пұсырман сазы», «Барлыбай сазы», «Тоғыс сазы», «Сабыр сазы», «Жұмабек сазы», «Байсалбай сазы», т.б. дәстүрлі өнер түрлерімен бірге Нартайдың туып-өскен Сыр бойы жеріндегі ақын-жыраулардың «Ешнияз сал сазы», «Жиенбай жырау мақамы», «Молдахмет сазы», «Мұзарап әуені», «Тасбергеннің маңырамасы», «Көшеней мақамы», т.б. музыкалық орындаушылық дәстүрдің мектебі бар еді. Нартайдың ақындық, әншілік таланты әуелде Біржан, Үкілі Ыбырай, Тайжан дәстүрлерінде дамығанмен, кейіннен Сыр өлкесіндегі осы жыршылық, әншілік дәстүр табиғатына бейімделе қалыптасқан. Ал Нартайдың композиторлық, әнші-жыршылық қасиеттерінің қалыптасуында осы термешілік-жыршылық дәстүр қатты әсер еткен. Осының әсерінен бе екен, Біржан, Үкілі Ыбырай, Тайжан, т.б. әнші-ақындардың әндеріндей емес, Нартайдың ән-өлеңдері мен өзге шығармаларының араларында бір-біріне ұқсамайтын даралық сақтала бермейді. Яғни ол тектес сарыны мақаммен көптеген шығармаларын орындай беретін жыршылық-орындаушылықты қолданды. Сыр бойындағы ақындар өнеріндегі термешілік, жыршылық әуез-саздық дәстүрдің көршілес түрікпен, қарақалпақ, өзбек халықтарымен туыстық байланысы бар. Сыр өлкесіндегі ақын-жыраулардың орындаушылық өнеріндегі сан құбылып, иіріліп қайтарылатын әуезді саздардың түпкі бастау негізі ежелгі түркілер дәуірінен сақталған. Осыған байланысты академик Р.Бердібаев: «...түр­кі халықтарының ежелгі туыстығын әй­гілейтін жәдігерлер сөздік және саздық фольклорымызда мол сақталғандығын көреміз... Сонау шығыстағы алтайлықтар мен Орта Азиядағы түрікменнің кейбір әуендік ерекшеліктері Сыр бойының терме ырғақтарына ұқсас шығуы осыны дәлелдейді», – дейді. Шиелі ауданындағы №156 Нартай Бекежанов атындағы мектептің мұғалімі, еңбек, Ұлы Отан соғысының ардагері, ақынның жерлесі Байжанов Сәрсенбек, осы ауданның Алғабас ауылындағы №205 мектеп директорының орынбасары, Нартайдың мақам-әуенін ұмыттырмай, өмір бойы орындап жүрген белгілі әнші Әбуов Әбілаш, Нартайдың концерттік бригадасында болған қызылордалық ән­ші-жыршылар Б.Жүсіпов, А.Тұяқбаевтар Нартай шығармаларының барлығы да импровизациямен шығарылғанын, импровизация көзіндегі ақынның ерекше шабытты шағын айтады. Мысалы, С. Байжанов: «Нәкең айтыс өлең, термелер айтарда гармонын тартып, тамағын кенеп, мекіреніп біраз отыратын. Содан кейін барып жырды ағызып жөнелетін. Қызып айтып отырғанда сыңқылдатып айтып отырған Нәкең бе, сырнай ма (гармонь ба), ажырату қиын еді. Төгіп жыр айтып отырғанда сөздері өте анық, ұйқасымдылығы ұнамды болып естілетін. Өйткені төгіп жыр айтып отырғанда гармонының даусын қатты, дарылдатып шығара бермейтін. Анда-санда әннің қайырмасы кезінде ғана қосатын да, басқа уақытта жай ғана демеп отыратын», – дейді. Нартай ақынның өнері – қайталануы сирек ғажап құбылыс. Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Тайжан тәлімдері мен өзі мекен еткен жердегі әншілік-импровизаторлық дәстүрлерін, сонымен қатар халық поэзия­сының ауызша төкпе ақындық және шайырлық жазба әдебиет дәстүрлерін тұтас­тай меңгерген Нартайдың ел таныған елеулі тұлғаға айналуы заңды еді. Ақындық талантының қайнар көздері Қазақстанның бірнеше аймақтарының дәстүрімен қа­лып­тасқан оның шығармаларында белгілі шумақ пен қайырмаға және төкпелеп айтылатын түйдекті терме жырға құрылған әуез-сазды музыкалық оралымы берік қалыптасты. Біз Нартайды ұлттық музыка өнерінің тарихына кіргізіп, оның әндерін («Нартайдың әні», 1-2 түрлері, «Ленин Мавзолейінде», «Алтын көкем», «Толқын», «Бауырласқа», «Ахау, жалған», «Агигай», «Бейбітшілік», «Соңғы терме», т.б.) атап айтқанымызбен, Нартайды қазақ фольклортану, әдебиеттану, өнертану ғылымдарының бүгінгі жетістіктері тұрғысынан – өзіндік мақамы, сазы бар орындаушы – жыршы, әнші ақын түрінде бағалаймыз. Ол халық ауыз әдебиетінің эпик жырларын («Айтоты», «Гаухар-Жаухар»), ақын-жыраулардың толғауларын (Балқы Базар, Әбубәкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы), шайырлық жазба әдебиет өкілдерінің дас­тандары мен нақыл термелерін (Шәді, Тұрмағамбет, Мансұр, т.б.) орындағанда импровизация құдіретімен музыка мен жыр қосындысынан туған жыршылық өнер жолын да қалыптастырды. Туған халқын, Қазақстанын сүйген ақын Нартай «Еске алатын табылар» деген өлеңінде: Мені де еске алатын табылар жан, Егер де табылмаса қалар маржан. Артымда өлең, әнім өлмей қалса, Мен де бір жан болармын бағы жанған, – деп толғанған екен. Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан игі дәстүрлерінің арқасында өзінің өнерпаздық тұлғасын шынайылықпен танытқан халықтың дарынды өнерпазы Нартай өмірінің ақырына дейін әйгілі гармонымен өрілген отты жырларын тоқтатқан жоқ. Асқақ әнді жырларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан халық махаббатына орай Нартай Бекежанов есімін мәңгі сақтап отыру үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан бірқатар игі жұмыстар жүзеге асып келеді. Қазақстанның Үкіметі тарапынан Кеңес заманында Нартайдың еңбегіне лайықты бағалаулар жасалды. Нартай 1937 жылы СССР Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. 1939 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. «Құрмет белгісі» орденімен, Ұлы Отан соғысы жылдарында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, үш рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құр­мет грамотасымен марапатталды. Қазір ақынның туған ауылы, ондағы орта мектеп, Қызылорда қаласындағы, Шиелі ауданы орталығындағы көшелер, Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры Нартай Бекежанов есімімен аталады. 1980 жылы наурыз айында ақынның – 90, 1990 жылы 100 жылдық мерейтойлары атап өтілді. Лирикалық-дидактикалық өлеңдері, айтыстары, дастандары топтастырылған жыр жинақтары («Домбыра сазы», 1950; «Өлеңдері мен айтыстары», 1956; «Өсиет», 1982; «Аманат», 1990) жарық көрді. Нартай ақын атындағы ауылда оған арналған мұражай бар және мүсін ескерткіш орнатылған. Нартай бейнесі көркем шығармаларға да арқау болып, ол туралы қазақ әдебиеті­­нің көрнекті өкілдері – А.Тоқмағамбетов «Нар­тай толғауын», Ә.Тәжібаев «Нартай» және «Нартайлар» деген екі поэма, «Батыр мен ақын» атты пьеса, «Есімдегілер» пове­сінде бір бөлім; жазушылар О.Сәрсен­баев «Шамшырақ» романының, О.Боды­қов «Бұлбұл», журналист М.Рүстемов «Нар­тай», А.Достияров «Өздерің білер Нар­таймын» атты деректі хикаяттар жазды. Қазіргі қазақ әдебиетінің алдыңғы толқын және қазіргі өкілдерінің бәрі де Нартай өнерін құрметтеумен келеді. Көптеген ақындар Нартай туралы арнау өлеңдер де жазды. Нартай – ақындық өнерінен әншілігін айырып айтуға болмайтын тұлға. Ол – 50-ге тарта әндік әуен-сөз шығарған композитор. Қазіргі кезде айтыскер ақындық, термеші-жыршы орындаушылық өнерлер­ге кең өріс ашылып отырған кезде «Нартай сазымен» орындаушылар мектебі ізіндегі өнерпаздар шоғыры айрықша көз тартады. Мысалы, Балқашбай Жүсіпов, Ақмырза Тұяқбаев, Арзулла Молжігітов, Әбілаш Әбуов, Мұхаметжан Рүстемов, Ния­тулла Раманқұлов, Серік Өтеуов сынды қызылордалық өнерпаздар – Нартайдың импровизаторлық ақындық әрі әнші-термешілік, жыршылық, композитор­лық қасиеттерді қоса меңгерген дәстүрлі өнегесін жалғастырушылар болды. Бұ­лардың Нартай дәстүрін жалғастырған өнер мектебі қазіргі жас толқын өнерпаздар арқылы дамуда. Сондықтан артында осындай өшпейтін дәстүр ізін қалдырған Нартай Бекежановтың ақындық мұрасы – қазақ сөз өнері тарихындағы өміршең өнер қасиетін танытатын қымбат қазына. Демек, ауызша ақындық поэзияның көрнекті тұлғасы Нартай Бекежанов дәс­тү­ріндегі қазіргі халық ақындары да тәуелсіз­дік жолындағы өркендеудің жаңа асуларын игеріп жатқан қазақ халқының ұлы тарих керуеніндегі мәңгілік өмірін асқақ шабытпен үздіксіз жырлай береді. Бұл – ғасырлардан өтіп, бүгінгі күнге жеткен халықтық ғажайып өнердің қазіргі жарқын ғана емес, сонымен қатар жарқын болашағы.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор; Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Қазақ және әлем әдебиеті» журналының бас редакторы

10149 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы