• Тіл
  • 18 Тамыз, 2010

Таразда ұлтты күшейтудің тетігі талқыланды

Елбасының: «Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болу мүмкін емес... Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл», – деген ғибратты сөздері әрбір көзі қарақты азаматтың көкейінде жатталары сөзсіз. Біз де өзгелердей іргесі мықты, әлеуеті күшті өркениетті ел боламыз десек, тіліміздің өрісі мықты, қадамы құтты болуына барша халқымыз болып, ортақ тілеулестік білдіруге тиіспіз.

Құдіреті күшті тіл – ұлт болып жаратылған әрбір халықтың бойтұмары іспетті. Табиғаттың тынысынан қуат алған ол ұрпағымен мәңгі жасауға құқылы. Бірақ тілдің де ұлтымен бірге күлетін де, күңіренетін де кездері болады. Ғасырдан-ғасырға халқымен бірге тағдыр тауқыметін де көретін – осы қастерлі тіл. Тамыры мықты тіл аумалы-төкпелі заманда ұлтын алға сүйреп алып шығады, не болмаса, әлсіздіктің әлегінен ұлтымен бірге жойылып кетеді екен. Бірнеше мың жылдық жылнама беттерінен қоғам тілін тартып алып, ұлтын жетім еткен нәубет­ті кезеңдерден белгілі. Біздің жайсаң тіліміздің маңдайына ұлттың басынан кешкен қилы кезеңін де, отаршылдық пен бодандықты да халқымен қосыла көруді жазды. Артында өлмейтұғын мұра қалдырған жер бетіндегі халықтардың тағдырын, өмір жолын біз олардың артында қалған дүниелер арқылы оқып, біліп, естіп жүрміз. Әр ұлттың ғалымдары өз тілін терең зерттеп, зерделеген, ұрпағының ұлағатына жарату үшін жоғалтпай жеткізген. Елордамызда ашық талқылаудан өт­кен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы алдағы онжылдықта мемлекеттік тілді алға апаратын құжатқа айналып отыр. Бұл – қазақ тілінің келешегі мен ұлт болашағы үшін жасалып отырған ірі шара деп білуіміз қажет. Жобаны жұртшылық арасында кеңінен түсіндіріп-талқылау және БАҚ арқылы таныстыру-насихаттау міндеттерін мақсат тұтқан облыс әкімдігі ұйымдастырған қоғамдық тыңдауға бүгінде тіл тізгінін қолына қайта алған белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Б.Омаров бастаған беделді топ мүшелері ат басын жыр алыбы Жамбыл өңіріне бұрып, алқалы жиынға қатысты. Толғауы тоқсан киелі тілдің кемел келешегі мен баянды болашағына арналған қоғамдық тыңдауды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары М.Төлепберген жиналған жұртты облыстағы мемлекеттік тілдің жалпы ахуалымен қысқаша таныстырып өтіп, 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында облысымызда да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған кешенді жұмыстар мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға, оның ішінде, ең алдымен, қазақ тілінің қоғамды біріктіруші міндетімен тіке­лей байланыстырылып жүргізілгендігін және осындай сындарлы саясат пен байыпты бағыттың негізінде қазіргі күні өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс шеңбері кеңейіп, мәртебесін көтеру жолында көптеген шаралардың жүзеге асырылғандығын мәлімдеді. Жиналғандар алдында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жұмаханұлы Омаров баяндамасын: «Тарихы терең Таразда тарихы бай тіліміздің жайын талқыға салып отырғанымыз тегін емес. Мемлекеттік тіліміз де қарт Тараз секілді бастауын әріден алады. Тараз секілді тіліміз де сан рет құлап тұрды, тағдырдың теперіштерінен өтті. Талай рет таразыға түсті. Еліміз тәуелсіздік алған соң, тіліміз де Тараз секілді түлеп, түрлене бастады. Жамбыл облысы – қазақтың сөзін алысқа жеткізген тегеурінді Тұрардың, тіл үшін табандылықпен тартысқан ұлт қаһарманы Бауыржанның, көмейіне бозторғай ұя салған дүлдүл Кененнің, қазақтың ой-санасының алтын дәптеріне әр сөзін шегелеп тұрып түсіретін Шерханның, коғам қайраткері Арғынбай Бекбосын­ның, талантты прозаиктер Әлдихан Қалдыбаевтың, Несіпбек Дәутайұлы­ның, Көсемәлі Сәттібайұлының, айтулы ақын Жақсылық Сәтібековтің, ақын Шырын Мамасерікова мен Айша Көпжасаровалардың атамекені. Мұн­дай мекенде тіл тұраламайды, түрленеді, тұсалмайды, тұғырланады. Сондықтан біз Бағдарламаны бірлесіп талқылау үшін Сіздердің араларыңызға келдік», − деген жүрекжарды сөздермен бастап, сөзінің соңында: «Талқылайтынымыз − тілдің тағдыры. «Тіл − ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сананың өзегі» деген Бауыржан атамыздың кіндік қаны тамған өлкеден терең талқы, орамды ой, ұтымды ұсыныс күтеміз», − деді. Төрағаның бай мазмұнды баяндамасын зал ұйып тыңдап, жылы қабылдады. Бұдан кейінгі әңгіме жайы тіл тағ­дырына бей-жай қарай алмайтын зиялы қауымның, тіл жанашырларының Бағдарлама жобасын қызу талқылауына ұласты. Қоғам қайраткері, жазушы-драматург Арғынбай Бекбосын бүгінгі басқосудың ұлт тағдырына, мем­лекеттігіміздің келешектегі келбетіне тікелей байланысты, өмірлік өте маңызды мәселені қозғап отырғандығына назар аударды. Ана тіліміздің бүгінгі деңгейге жетуіне кешегі күні тіл тағдыры үшін күрескен ұлтжанды азаматтарымыздың негіз салғандығы жөнінде өзі кешкен өткен күндердің өшпес оқиғаларына тоқтала келіп, жаңа бағдарлама жобасын қолдайтындығын және қандай тамаша бағдарлама болса да оның заңдық негізі нық болуы керектігін атап өтті. Қарулы Күштерде мыңдаған жастар әскери міндетті борыштарын өтейтіндіктен, Жобадағы «жауапты мемлекеттік органдар» қатарына еліміздің Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерін де қосу қажеттігін, Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді насихаттау және үйретудегі рөлі мен жауапкершілігін күшейтуді, сондай-ақ Жобадағы «Мемлекеттік тілдің жағымды бейнесін қалыптастыру» деген сөйлемдегі «жағымды» деген сөзді «тартымды» деген сөзбен алмастыруды, одан да басқа бірқатар ішінара өзгерістер енгізуді ұсынды. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлба­рақ мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде қолданылуын талап етудің заңдық негізін күшейту қажеттігін, сондай-ақ бағдарламаға жеке адамдар үшін Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жанынан ағылшын, орыс тілдерін тегін үйрететін курстарды ұйымдастыруды енгізу жайлы ұсыныс айтты. Ал өңірге белгілі саясаттанушы, тіл маманы Әл­мұқан Исақ бағдарламаны іске асыру мерзімі қысқартуды және Тіл комитетінің құзыретін күшейту үшін Тіл Агенттігі етіп құруды ұсынды. Бүгіндегі «қазақ мектебі сапалы білім бере алмайды» деген кертартпа ұғымды жоққа шығарудың айқын үлгісі ретінде оқушылары «үштік» деген баға алмайтын, республикадағы үздік 100 мектептің алдыңғы ондығынан орын алған «жеңімпаздар» мектебінің бірі − Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназияның директоры Айша Ниязбекова жобаға мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілден бірнеше сатылы тест тапсыру талабын енгізуді, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміт Найманова ономастика мәселелерін нақтылау үшін арнайы Заң қабылдануын ұсынса, «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі, баста­уыш сыныптың қазақ тілі пәнінің мұға­лімі, дүнген қызы Фариза Муса-Aхунова облыс тұрғындарын бағдарлама жобасын қол­дауға шақырып, мемлекеттік тілде сөйлеу әр­бір қазақстандық отбасы, әрбір азамат үшін қалыпты жағдайға, табиғи қажетті­лікке айналса деген тілек білдірсе, ал Тараз қаласындағы №8 мектеп-гимназияның мұғалімі, украин ұлтының өрімдей өкілі Наталья Штомпель өзінің ана тілімен қатар, дархан да кеңпейіл, ел мен жердің иесі − қазақ халқының тілін меңгергенін, өткен жылғы облыстық «Абай оқулары» байқауында жеңімпаз атанғанын ерекше мақтан ететінін жеткізіп: «Қазақ тілі – Ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың тілі. Оны білу − әрбір қазақстандық үшін зор мәртебе. Меніңше, барша Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді өз ана тіліндей білетін деңгейге жету үшін оларға қазақ тілін үйренуді міндеттеу де қажет деп ойлаймын», – деген пікірін ашық айтты. Облыстық Мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Жаңабай Мил­лионов жалпы Мемлекеттік тілді оқыту орталығы ендігі жерде шын мәнінде облыстағы ведомствоаралық, салааралық мемлекеттік тілді оқыту мен үйретудің оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік жұмыстарын үйлестіретін, оқу бағдарламаларын ұсынатын мамандан­дырылған орталық ретінде өзін танытуы керектігін, бұл тұрғыда қайсыбір мекемелер мен кәсіпорындар жанында өз беттерінше бірыңғай жүйеге келтірілмеген, оқу және ғылыми әдістемелік жағы­нан негізделмеген бағдарламалар­мен мемлекеттік тілді бытыраңқы түрде оқытып, үйрету мәселесіне шектеу қоюды ұсынып, бұл тұрғыда жаңа Жобада қамтылған талаптар көңілінен шыққандығын жеткізді. Астана қаласындағы «Руханият» орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Ербол Тілешов талқылауға ұсынылып отырған жобаның осындай белсенді талқылаулар арқылы жетілдірілетіндігін және нақты іс жүзінде жүзеге асыру шаралары барысында көп мәселелер қайта қаралатынын айтып, жобада қамтылған мемлекеттік тілді оқытып-үйрету ісінің ерекшеліктеріне ғылыми талдау жасап, болшағына жан-жақты тоқталды. «Егемен Қазақстан» газетінің об­лыстағы меншікті тілшісі, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының бағдарлама жобасына негіз етілген бірқатар шетелдер заңдарына тоқтала келе, әсіресе, француздардың тілді байыту, тілді пайдалану, тіл тазалығын қорғау секілді бір емес, бірнеше заң қабылдауы бізге де жұғысты болса деген пікірі де көпшілік тарапынан қолдау тапты. Басқосуда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік жергілікті жерлерде «Тіл инспекциясын» құру мен алыстан елін аңсап келген оралман ағайындарға жобадағы «орыс тілін» үйрету деген жолдарға қоса «қазақ тілін» үйрету механизмін қарастыру қажеттігі жөнінде ойын ашық айтты. Осылайша облыс әкімдігінде өткен «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» тақы­рыбындағы қоғамдық тыңдау барысында жаңа Бағдарлама жобасы жөнінде жиналғандар тарапынан айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар нақтылы да ашық әрі толымды шықты. Жиынды Тіл комитетінің төрағасы Б.Омаров қорытып, тіл жанашырларына Жобаны талқылауға белсенді атсалысқандары үшін ризашылығын жеткізіп, жиында ортаға салынған әр алуан ой-пікірлер мен ұсыныстардың құндылығын, олардың барлығы да бағдарламаға жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу кезінде міндетті түрде ескерілетінін атап айтты. Бұдан соң мәртебелі мейман түрлі деңгейдегі қазақ және орыс тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізіп, олардың қойған сұрақтарына жауап берді. Жамбылдықтар бұл басқосудан бағдарламаның жаңа жобасы – туған тіліміздің бағын ашып, өрісін кеңейтер, тұрлауы берік, бағыты баянды құжат болғай деген үлкен үмітпен және зор сеніммен тарқасты. Өйткені Тіл – ұлт мұрасы, ұрпақтың байлығы, халықтың қазынасы екендігін терең ойласақ, бүгінгі таңда көпұлтты елімізде тұтастықтың кепілі болып отырған қазақ тілі – ұйысқан бірліктің де, тату тірліктің де, ырыс алды – ынтымақтың да темір қазықтай тірегі болары сөзсіз. Қырғызәлі ТІЛЕУОВ, Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының бастығы

4100 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы