- Тіл
- 18 Тамыз, 2010
Азаттықтың айбары
Үкімет үйінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талқылауда мемлекеттік тілдің болашағына алаңдаған тіл жанашырлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер, ғалымдар мен белгілі тіл мамандары бас қосты. Бұл бағдарлама – тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен жасалып отырған құжат. Сондықтан бұның болашағы да зор екеніне күмән жоқ. Астанада ұйымдастырылған маңызды басқосуда Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Тілдерді қолдану мен дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілдің өрісін бұдан да кеңейтіп, оның конституциялық мәртебесін бұдан да көтере түсуге мүмкіндік беретін бірнеше басым бағыттарға тоқталды. Соның бірі – мектепке дейінгі мекемелерде, яғни балабақшалардағы бүлдіршіндерге арналған осы заманғы кешенді әдістемелік жүйе жасау және соған орай қажетті оқу құралдарын шығару. Осы бағыттағы жұмыстар Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес арнайы әзірленіп жатқан «Балапан» бағдарламасымен ұштастырылып, іске асырылмақ. Бұл міндетті жүзеге асыру мақсатында біздің облысымызда да жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Балаларына қазақ тілін үйретуді ниет еткен өзге ұлт өкілдері үшін облыс орталығында есігі айқара ашылған «Айгөлек», «Росинка» балабақшаларының қатарын соңғы екі жылда «Балапан», «Балдырған» және «Снежинка», «Нұрбөбек» толықтырды. Жалпы, өңіріміздегі барлық балабақшаларда қазақ тілін тереңдете әрі жеделдете үйрету үшін жағдай жасалған. Мектепке дейінгі тәрбие мекемелері тәрбиешілерінің арасында бүлдіршіндерге тілді үйретудегі үздік әдіс-тәсілдерді анықтау мақсатында байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Орыс және өзге ұлт тілдеріндегі мектептерде қазақ тілін оқытудың жүктемесін арттырып, қазақ тілі пәнін ұлттық біріңғай тест тапсырудағы міндетті пәндердің қатарына қосу, сондай-ақ осы саладағы кадр біліктілігі мен оқулық сапасын арттыру мәселесі де бағдарламада басты бағыттардың біріне айналып отыр. Өкінішке орай, бүгінгі күні жоғары оқу орындарында екінші курстан кейін қазақ тілі пәні жүргізілмей келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында сөйлеген сөзінде «Мемлекеттік тілді ең алдымен біздің балаларымыз білулері қажет», − деген болатын. Сондықтан жоғары оқу орындарында қазақ тілін пән ретінде оқытудың жүйесін жетілдіру, түлектердің мемлекеттік тілді еркін біліп шығуына мүмкіндік туғызу бағдарламаның басты бағыттарының біріне айналып отыр. Олай болса, болашақ мамандарға қазақ тілін соңғы курсқа дейін оқыту мәселесі алдағы уақытта осы жаңа бағдарламада оң шешімін табатындығына сенім мол. Тілдерді қолдану мен дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілдің өрісін бұдан да кеңейтіп, оның конституциялық мәртебесін бұдан да көтере түсуге мүмкіндік беретін басым бағыттардың бірі − республика азаматтарының өз бетінше тіл үйренуіне қолайлы жағдай туғызу. Мемлекеттік қызметшілерді тілге үйрету үшін жыл сайын облыс бюджетінен арнайы қомақты қаражат та бөлінуде. Дегенмен тілді жетік меңгеріп, өз қызметінде пайдаланып жатқан мамандардың саны да мардымсыз. Сондықтан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінде мемлекеттік қызметшілердің аттестациядан өту кезінде «Тіл туралы» Заң сынаққа енуі керек. Басқарма мамандары жыл сайын жоспарлы түрде барлық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерде тіл заңдылығының орындалу барысын тексереді. Әрине, облысымызда мемлекеттік органдарда іс жүргізу толық мемлекеттік тілге көшірілгендіктен, талап та күшейіп отыр. Осы орайда «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдау, «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Нақты айтатын болсақ, «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», «мемлекеттік және орыс тілінде», «мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады» деген сөз тіркестері алынып тасталса, қызмет бабында атқарылатын жұмыстарға көп көмегі тиер еді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы – ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Сондықтан жаңа бағдарлама келесі онжылдықта жаңа серпіліс беретініне сенім мен үміт зор. Кемел Оспанов, СҚО Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
3080 рет
көрсетілді0
пікір