• Тұлға
  • 26 Тамыз, 2010

Біздің Конституциямыз – өміріміздің арқауы

Көрнекті қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартайұлы есімінің егемендік тарихымен астасып кеткендігі анық. Соңғы онжылдықтарда – еліміздің басынан кешкен бетбұрысты сәттерінің бәрінде құқықтық саладағы іс басында болған санаулы кісілердің бірі һәм алымдысы да – осы тұлға. Иә, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оның Қазақстанның мемлекеттігін қалыптастыруда, егемендігімізді тұғырлы етуде, тәуелсіздігіміздің құқықтық кешенін жасауда атқарған рөліне баға жетпейді. Ол – «ҚР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның, «ҚР Президенті лауазымын тағайындау туралы» Заңның, «ҚР азаматтығы туралы», «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы», «Тіл туралы» Заңдарды жасауға және қабылдануына тікелей қатысқан ғалым. Сұлтан аға қазір де ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, заңтану саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауда, «заңгерлердің ұстазы» атануда. Біз Конституция күні қарсаңында айтулы қайраткермен жүздесіп, тарих белесінде әлі де мәнін жоймаған оқиғалар хақында сұхбаттасқан едік.

– Сұлтан Сартайұлы, тәуелсіз елдің алғашқы құқықтық қадамда­рының бүгінгі құқықтық жүйеге негіз болғаны белгілі. Онда да ол әрекеттердің арғы жағында келелі істер бар және де бұл тараптағы бергі іс-қимылдар өз уақытында аса маңызды, елдігімізді тұғырландыруға бағытталған ак­циялар еді. «Конституция» мен тәуелсіздік идеялары қалай ұш­тастырылды? Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ... – Қазан төңкерісінен осы күнге дейінгі тарихымызда біз бес Конс­титуция қабылдадық. Оның ішінде үш Конституция – 1924 жылғы Қазақ Автономиялы Кеңестік Со­циалистік Республикасының Конституциясы, 1937 жылғы, 1978 жылғы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Конс­ти­туция­лары – тоталитарлық Одақ жүйе­сінде қабылданған болатын. Сон­­дықтан бұл Конституцияларда, республикамыздың КСР Одағының құрамында социалистік бодандықта жүрген кезде қабылданғандықтан тәуел­сіздік туралы сөз болуы мүмкін емес еді. Тәуелсіздік алған төрт жыл­дың ішінде өз еркімізбен, өз қа­лауымызбен көптеген талқылаудан, пікіралысудан соң барып 1993 жылғы және 1995 жылғы халықаралық аренада өз жолымен өркендеуге бағыт алған тәуелсіз мемлекетіміздің Конс­титуцияларын қабылдадық. Ал бұларда тәуелсіздік идеясы кеңінен көрініс тапты деуге болады. – Сіздіңше, Қазақстан Респуб­лика­сының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация түбегейлі дер­бестенуімізге қарлығаштың қа­натымен су сепкендей болса да септесе алды ма? Тәуелсіздік идея­сының бір тамыры осында да жатқан сияқты, қалай ойлайсыз? – Айтулы күндердің тілімен сөйлер болсақ, 1990 жылдың қазан айының 25-інде «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мем­лекеттік егемендігі туралы» Дек­ларация қабылданды. Бұл құжатта республикамыздың ешкімге кіріптар емес мемлекеттік егемендігі, дүние жағдайымызды еске ала отырып, біздің егеменді мемлекетіміз басқа Республикалармен Егеменді Республикалар Одағына тек ерікті түрде бірігетіні көрсетілді. Сондай-ақ онда қажет болған жағдайда ол Одақтан өз еркімен шығу құқымызды сақ­тап қалатынымызды дүниежүзінің есіне салдық. Яғни сол арқылы Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттігін сақтай отырып, қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың да оларға тән мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және олардың қадір-қасиетін нығайту мемлекетіміздің аса маңызды міндеттерінің бірі деп жарияладық. – Президенттік басқару жү­йесінің негіздері де сол кезде қаланбап па еді? – Рас, 90-шы жылдардың басы еліміз үшін аса бір белесті кезең болды. Бұрынғы Одақта Президенттік басқару жүйесін алдымен КСРО, одан кейін барып Әзірбайжан, Өзбек­стан Республикалары қабылдады. Әлі есімде, Жоғарғы Кеңестің Төралқасы мәжілісінде Президенттік басқару жүйесі туралы Нұрсұлтан Әбішұлы­на ұсыныс жасадым. Бұл мәселеге қатысты арнайы тапсырма алғаннан кейін Президенттік басқару жүйесі туралы заңның жобасын жасап, оны баспасөз беттеріне жарияладық. Ол өз кезегінде бір айдай уақыт талқыға түсті. Ақырында, 1990 жылғы 24 сәуірде осы заңды қабылдамақ та болдық. Заңның жобасы жөнінде Жоғарғы Кеңесте баяндама жасау маған тапсырылған еді. Сол күні таңертең, сағат тоғыз жарым шамасында мәселені талқыламас бұрын Нұрсұлтан Әбішұлынан «Маған жолықсын» деген хабар жетті. Сәлден кейін жолықтық. Өткен күні түнгі сағат үште Мәскеуден Орталық Комитеттің кадрлар жөніндегі басшысы Разумовский хабарласыпты, Горбачев Президенттік басқару жүйесі туралы күн тәртібіндегі мәселені алып тастауын өтініпті. Қалай десе де, бірінші рет ел тарихында Президенттік басқару жүйесін енгізуді орнатайық деп тұрмыз, қатты толқыдым. Баяндамадан соң жан-жақтан сұрақтар қаптады. Бәрінің де айтатыны жаттап алғандай: «Одақта 15 Президент болуы керек, бұл өзі қайда алып барады, бекітуге болмайды, күн тәртібінен алып тастайық» деді. Сол кездегі біздің мақсатымыз қазақ елі де демократиялық үрдіске емін-еркін енсін деген ой еді ғой. Алайда біз көп дауыс алып, ел болып Президенттік басқару жүйесін қабылдадық. – Осы және тағы да басқа айтулы заң жобаларының басында сіздің жүргеніңізді білеміз. Бірақ бұлардың бәрінен де маңызы мен ауқымы жағынан айрықша қабылданған заң болды. Ол – Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң еді. Қалай десе де, біздің ресми түрде мойындалған егемендік тарихымыз сол заңмен тікелей байланысты емес пе? – Сөзіңіздің жаны бар. Бас-аяғы бір жылдың ішінде, яғни 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы республикалар өздерін «тәуелсіз мемлекетпіз» деп бүкіл дүниежүзіне өз декларацияларын, заңдарын жариялай бастады. Әдет­тегінше, бұл мәселені шешуде кешігіп жатқан біздер болдық. Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның жобасын – мен, Еркеш Нұрпейісов және Талғат Данақов үшеуміз жасап, 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына тапсырдық. Бірақ бұл құжаттың жобасы көпке дейін жатқан жерінде жата берді. Кейбіреулер «біздің бұл заң болмаса да тәуелсізбіз ғой, осы заңның енді қажеті бар ма» деген ойларға да барды. 1991 жылдың 9 желтоқсанын­да Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мәжілісінде Манаш Қозыбаев және мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдау қажет екендігі туралы мәселе көтердік. Бұл мәселе депутаттардың ойында жүрген болса керек. Өйткені бұл ұсынысты Жоғарғы Кеңес Президиумының мүшелері бірауыздан қолдай кетті, мен тағы да баяндамашы болып бекітілдім. Содан не керек, 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңе­сінің мінбесіне кеудемді кернеген үлкен ұлттық-патриоттық сезіммен шығып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі, Конституциялық заңның жобасы туралы баяндама жасауға кірістім. Байқаймын, залда отырған депутаттар тоталитарлық жүйеге қарата айтқан зілді ойларымды басым көбі қолдағанмен, әр жерде күбір-күбір сөйлеп, менің айыптау сөздерімді қолдамайтындар бар екені де сезіліп қалды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бірнеше сағатқа созылған талқылаудан соң Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды 1991 жылы 16 желтоқсанда, кешкі сағат алтыдан он төрт минут өткенде басым көпшілік – 270 дауыспен қабылдады, 12 депутат қарсы болды. Мен осы кезге дейін бұл депутаттардың кімге, неге қарсы болғандығын түсіне алмай-ақ келемін. Дегенмен бәрі ойдағыдай жүріп сала берді. Сағат алтыдан қырық төрт минут өткенде Түрік мемлекеті, былайша айтқанда, отыз минуттан соң бізді тәуелсіз мемлекет деп таныды. Мұндай жағдай бұрын-соңды әлемдік дипломатияның тарихында болмаған. – Ал алғашқы, өз қолымыз өз аузымызға жеткен шақтағы төл Конституциямызға деген халықтың ықыласы қалай еді? – 1993 жылғы Конституцияның жобасын жасайтын комиссияның құрамына республикаға белгілі оқы­мыстылар, мемлекет қайрат­керлері, көптеген белгілі депутаттар кірді. Өйткені Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің барлығымыз қарапайым еңбекшіден бастап жо­ғары билікке ие адамға дейін Конституция бойынша өмір сүріп жұмыс істейтін өзіміздің тәуелсіз, егеменді, демократиялық мемлекетімізді құра­тын боламыз. Сондықтан да болар, осы үлкен құқықтық құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысып, олар 18 мыңнан астам ұсыныстар, ескертпелер жасады, ал республика баспасөзінде 500-ден астам үлкенді-кішілі мақалалар жарияланып, теледидар, радио бағдарламаларында талқыланды. Өйткені бүкіл республика халқы бұл Конституцияның мемлекет басқару формасын, оның мемлекеттік органдарын, тәуелсіз мемлекеттің негізгі атрибуттарын белгілеуде, азаматтардың демократиялық құқықтары мен бос­тандықтарын бекітудегі рөлін жақсы түсінді. Сондықтан да бүкіл респуб­лика халқы, әсіресе, қазақ халқы Конституция жобасындағы күрделі мәселелерге қатты көңіл бөлді. – Өз кезегінде оның қоғамға әкел­ген жаңалығы не еді? – 1993 жылғы Конституция мем­лекеттің өкімет билігі, заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу прин­ципіне негізделгенін көрсетті. Ең әуелі бұл Конституция мемлекетті халқымыздың ресми өкілі екендігін жариялай отырып, «Қазақстан халқы» мемлекеттік өкімет билігінің бір­ден-бір қайнар көзі екендігін бекітті. Сонымен қатар бұл Конституция­ның ең үлкен жеңісінің әрі үлкен табысының бірі мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жариялап, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі деп жариялауы болды. Бұдан бөлек, сол жолғы Конституция елімізді Президенттік басқару формасын орнатып, Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекет басшысы екендігін және республиканың атқа­ру­шы мемлекет билігінің біртұтас жүйесін басқаратынын бекітті. Бұл Конституциядағы барлық демо­кра­тиялық қағидаларды еске алсақ, оны біздің тарихымыздағы, керек десеңіз, бүкіл дүниежүзіндегі ең демократияшыл Конституциялардың бірі болды десек, қателеспеген болар едік. – Бұған қатысты шетелдіктер не деді? Олардың пікірлерін тыңдап көрдіңіз бе? Қанша дегенмен «сырт көз – сыншы» емес пе? Ал мынау субъективті пікір іспеттес. – Тағы да қайталап айтамын, бұрынғы Конституциялармен салыс­тыр­ғанда 1993 жылғы Конс­титуция ең демократияшыл құжат болып шықты. Мен оны бір ай бойы АҚШ-та насихаттадым. Жұртқа таратып беру үшін менің қолымда кітапша етіп жасалған Конституцияның ағылшынша мәтіні бар болатын. АҚШ-тың сегіз штатында болдым, сенаторлармен, конгресмендермен, ғылыми топ өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен және кең жұртшылықпен кездесулер өткіздім. Америка сенаторлары бұл Конституцияны сол кезеңнің ең демократияшыл құжаты екендігін мойындады. Тіпті кейбіреулері біздің Конституция бірқатар мәселелер бойынша АҚШ Конституциясынан әлдеқайда демократияшыл деген пікір білдірді. – Жалпы, реттік саны бойынша бесінші, ал ұлттық маңызы бойынша екінші Конституцияның қоғамдағы резонансын қалай бағалаған болар едіңіз? Біздің бүгінде айтулы датаға айналдырған межелі күніміз де сонмен тікелей байланысты ғой. – 1995 жылы 30 тамызда тәуел­сіз Қазақстан Республикасы өзі­нің тәуелсіз жағдайындағы екін­ші Конституциясын Республикалық бү­кілхалықтық референдум арқылы қабылдады. Ресми хабарларға қа­рағанда, осы Конституцияны қа­былдауға 7 212 773 адам дауыс берген, яғни референдумға қатысқан азаматтардың 83,14 пайызы осы Конституцияны мақұлдаған. Егер дауыс беретін тізімге тіркелген азаматтардың 90,58 пайызы ре­фе­рендумға қатысқанын еске алсақ, бұл Конституцияны жалпы хал­қымыздың қолдағанын көреміз. – Кезекті заңнамалық құжаттың өмірге келуіне түрткі болған жағдайларды тізіп бере аласыз ба? – 1995 жылғы Конституцияның өмірге келгеніне себеп болған жағдайлар: біріншіден, Президенттік басқару формасын онан әрі қарай жетілдіру; екіншіден, сот жүйесіне күрделі өзгерістер енгізу; үшіншіден, мемлекеттік меншік жүйесіне ен­гізілетін өзгерістер; төртіншіден, же­кеменшік объектілерінің көлемін молайту талаптары болса; бесіншіден, Қазақстан Республикасының жоғары заң шығару органын, оның формасын және құрылымын өзгерту мәселелері болды. 1995 жылғы Конституция жа­лаң жерде туған жоқ. Ол 1993 жылғы Конституцияның көптеген демократиялық принциптерін мұ­рагерлікпен жалғастырды. Бұл Конституцияда біздің қоғамымыздың бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға көшуіне байланысты болып жатқан өзгерістер молырақ енгізілген. – Сіз сонау Кеңес кезінің өзінде, яғни тіл мәселесін ұлтымыздың пай­дасына шешуге себеп болған айтулы заңның қабылдану үрдісіне қатысқан жансыз. Бұл қалай болып еді? Бәрі бір-бірімен байланысты жағдайлар болғандықтан оған да тоқтала кеткен жөн тәрізді. – Бәрін айт та, бірін айт, 1989 жылы «Тіл туралы» Заңды қабылдау сәті әлі күнге есімде. Жұмыс тобының төрағасы ретінде «Тіл туралы» Заң­ның жобасы жөнінде Жоғарғы Кеңестің Президиумында сөз сөйледім. Бірақ сол кездегі депутаттар тобы кеңестік көзқараспен, үйреніп қалған үрдіспен қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жарата қоймады. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: «Қазақ халқы – күні кеше азып-тозып келген талай жұртты бауырына басқан ел, полигон зардабын көрген халық, оның үс­тіне өздерінің ұлттық мәдениеті мен тілінен, салт-дәстүрінен әбден айырылып бара жатқандарын білесіңдер ме?» Содан соң барып әлгі дауласып тұрған депутаттардың беттері қайтып қалды. Бұл кез әлі де тоталитарлық жүйенің сағы сына қоймаған, бірақ буыны босай бастаған кезі-тұғын. Сөйтіп, көпшілік дауыспен біз тұң­ғыш рет қазақ тілі – мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдадық. – Тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесі кейбір күштер тарапынан талай сынға алынды. Тіпті мемлекеттік тіл дәрежесіне орыс тілін көтеруге де қаншама талпыныс болды. 1993-1995 жылдардағы Конституцияларды қабылдау барысында да тілге қатысты қатты айтыс-тартыс болды деп естиміз. – Иә, ең үлкен мәселелердің бірі, тәуелсіз мемлекеттің қажетті атрибуттарының негізі – мемлекеттік тіл. Жаңа айтқанымдай, 1989 жылы қазақ тілін мемлекеттік тіл деп бүкіл әлемге жарияладық, осыған байланысты бағдарлама қабылдадық. Бірақ тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Конс­титуциясын қабылдау дайындығына байланысты орыс халқының кейбір өкілдері қалай болған күнде де қазақ тілімен қатар орыс тілін мемлекеттік тіл етіп жариялауға көп әрекет жасады. Мен ол кезде Парламентте, Парламенттен тыс жерде де сөйлеген сөздерімде тәуелсіз қазақ ұлттық мемлекетінің мемлекеттік тілі тек қана қазақ тілі болуы керек екендігін даусыз мәселе ретінде дәлелдеп жүр­дім. Біріншіден, республиканы қалай атасаңыз да республикаға негіз, арқау болып отырған халық – ол қазақ халқы; екіншіден, орыс тілі – бөгде тәуелсіз мемлекеттің тілі, бөтен елдің тілін қанша зорлағанмен оны біздің республикамыздың мемлекеттік тілі деп қазақ тілімен қатар жариялауға ұлттық ар-намысымыз жібермейді; үшіншіден, орыс тілі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін республикалардың ешқайсысында да мемлекеттік тіл деп мойындалмаған; төртіншіден, КСРО күйрегенге дейінгі тоталитарлық жүйенің кезінде де орыс тілі не Одақта, не республикаларда ресми түрде мемлекеттік тіл деп жарияланбаған болатын; бесіншіден, тәуелсіз ұлттық мемлекет жағдайында, көп ұлттар өкілдерінің біздің республикада мекендеуіне байланысты орыс тілін олардан жеке-дара бөліп алып, оған артықшылық жағ­дай жасауды заңдылық та, әділеттік те көтермейді. Сондықтан Консти­туцияда тек қана қазақ тілінің мемлекеттік тіл деп жариялануы ел талабы екеніне мен кәміл сендім. Өйткені бұл талап халқымыз Ресейдің құрсауында болған екі жарым ғасырдан артық уақыттан бері күтіп жүрген тарихи әділеттілік еді. – Жаңа Нұрсұлтан Әбішұлының тіл мәселесіндегі табанды ұстанымын айтып қалдыңыз. Ал бірнеше қайтара қабылданған Конституциялардың қа­былдануында және де олардың тұғырлану үдерісінде Елбасының орны қандай? – Егемен еліміздің Конституциясын қабылдауда Нұрсұлтан Әбішұлының рөлі өте зор болды. Ол кісі алыстағыны болжай білетін көреген әрі білгір басшы, саясатшы ретінде тәуелсіздік тұсындағы бірінші және екінші Конституцияны қабылдауға үлкен үлес қосты. Президентіміз елді Ата Заң аясында нық сеніммен бастап келеді. Конституцияны халықтың ішінен шыққан арнайы өкілдер да­йындайды. Ал енді бұл құжаттың дұрыс-бұрысын үйлестіруші ретінде Президенттің өзі қарап отырды. – Қаншама жылдан бері «қазір­гі Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек» деген пікірлер айтылып келеді. Сіз бұған қатысты не дейсіз? – Маған «Жаңа Конституция қабылдана ма, болашақта қолда­ныстағы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме» деген сауалдар жиі қойылып жүр. Айта кетейін, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді өмір ағымының өзі талап етеді. Өмір бір орнында тұрмайды ғой. Егерде уақыт қажет етсе, тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз. – Бүгінгі Қазақстан таңдаған даму жолына қатысты не айтарыңыз бар? Қазақстан өзінің тәуелсіз мемлекет екенін жариялағаннан бері тәуелсіз дамуының кейбір қорытындыларын бүгін де шығаруға болады. – Мен көптеген шетелдерде болдым. Әрбір сапарымда сол мемлекеттердің Қазақстанмен са­лыстырғанда айырмашылығын бай­қағым келді. Олардың бәрі өз жолымен дамыған ғой. Біздің республикамыз тәуелсіздікке ие болған шақтан өміріміздің әр саласында табысты реформалар өткізді. Біз әлем танымастай өзгердік. Бүгін Қазақстан әлем таныған ел болды, ол бүгін әлем қоғамында кім екенімізді көрсете алатын мемлекет болды. Биылғы жыл Қазақстанды әлемге халықаралық қоғам ретінде танытты. Қазақстанның ЕҚЫҰ қоғамдастығына төрағалық етуі, сөз жоқ үлкен жетістік, біздің республикамыздың алға қарай дамуының айқын айғағы. Біздің еліміз – осымен бірге жалпыадам­дық нормалар міндетін мойнына алып, қалыпты экономикалық, ізгілікті, әлеуметтік, демократиялық мемлекеттер қатарында дамудың жолын ұстанып, әділетті заңдарының үстемдігін мойындап, оларды риясыз орындауға бағдар тұтқан ел. – Сұхбатыңызға рахмет! Сұхбаттасқан Абылай МАМЫРАЙХАН

3784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы