• Тұлға
  • 26 Тамыз, 2010

«Ұлтымның ұлылығын ұлықтаймын»

Көлік жүргізу бүгінде екінің бірінің кәсібіне айналды. Ауылдық жерді қайдам, қалада таяқ тастам жердің өзіне шаруаң тірелсе жаяу жүргің келмейді. Сондықтан қаладағы жүргізушілер даярлайтын курстарға жазылып жатқан адамдар арасында 18 жастағы студент пен 60 жастағы қарт болса да таңдануға болмайды. Бірақ сол ақы төлеп оқытатын қысқа курстардың бәрі бірдей терең де сапалы білім береді дегенге де күмәніміз жоқ емес. Жасыратыны жоқ, қалада күніне ірілі-ұсақты жол апаты кездесіп тұрады. Оның себебі неліктен деп сауал тастаудың өзі әбестік болар еді. Неге десеңіз, рульдегі мас адамның жөні бір бөлек, кейде өрімдей жап-жас қыз-жігіттер отырады. Мәселе олардың жасында да емес, алған дәріс-білімінде.

Адамды тұрмыс билеген бүгінгі заманда, шындығына келсек, курсқа жазылушылардың көпшілігі оның қысқа мерзімділігі мен төленетін ақысының төмендігіне баса назар аударады. Бұл, біздіңше, өте жаңсақ пікір. Олай дейтініміз – біріншіден, санаулы ғана айлар ішінде бүкіл жол ережелерін миға құйып алу мүмкін емес, екіншіден, адам өмірі ақшамен өлшенбейді. Ақтөбе қаласында да жүргізу­шілер даярлайтын курстар жеткі­лікті. Біз солардың бірі – «Марат» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің оқу орталығының директоры Бауыржан Ғинаятұлы Нұрмановқа жолыққан едік. Бауыржан Ғинаят­ұлы – еңбекқор азамат. Баукеңнің атын атасы «немерем Бауыржан Момышұлындай батыр болсын» деп қойыпты. Баукең – бейбіт өмірдің нағыз ері. Өз ісіне өте жетік, қолға алған кәсібін бүге-шігесіне дейін талдап біледі. Ол – ұлтжанды, туған тіл­дің үлкен жанашыры. Сол азаматпен ой бөліскен едік... – Бауыржан Ғинаятұлы, сіз басқа­ратын осы оқу орны қашан құрылды? – «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше...» дейді ғой, алдымен өзім жайлы қысқаша мағлұмат берейін. Туып-өсіп, кіндік қаным тамған жер – көршілес Батыс Қазақ­стан облысының Жымпиты ауданына қарасты Бұлдырты ауылы. Жас шағында адам әрнәрсені армандайды ғой. Ауылдан шыққан қарасирақ көп балалардың бірі мен де, әсіресе, мектеп бітіретін жылдары көк жүзін шарлайтын ұшқыш болғым келді. Жатсам да, тұрсам да осы бір қиял ойымнан кетпеді. Ақыры үй-ішінің рұқсатымен анау-мынау емес, көршілес Ресейге қарасты Куйбышев қаласындағы (қазіргі Самара) С.Королев атында­ғы авиациялық институтқа бардым. Бағым жанып оқуға түсіп, оны инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Еңбек жолымды осы Ақтөбе қаласындағы №406 авиажөндеу зауытында бастадым. Кеңес дәуірі кезінде гүрілдеп тұрғанымен кейіннен ол зауыт жабылып қалды. Сонан соң құрылыс техникумында, №5 училищеде жастарға дәріс оқыдым. Ал бүгінгі басқарып отырған «Марат» ЖШС-ін 1999 жылы аштым. – Он жылдан астам уақыт та болып қалыпты, біраз тәжірибе де жинақтаған шығарсыздар? Алғашқы кезде қиын­шылықтар да болған шығар... – Не нәрсе де қай кезде іргетасы мықты болса, құламайды ғой. Біз алғашқы күннен-ақ осындай ұстаныммен жұмыс жасадық. Бірақ техникалық базамыз бүкіл мүмкіндігімізді, ойда жүрген жос­парларымызды түгелдей дерлік іске асыруға қолайлы болмады. Оның үстіне 1999 жылы біз қаладағы №38 мектептің санаулы кабинеттерін ғана иелендік. Сол себепті шағын ауқым­дағы жұмыстармен шектелдік. Осылайша оқу орны мен бөлмелердің жағ­дайы техникалық жағынан алғанда, жоғарыда айтқанымдай, қанатымызды кеңге жайдырмады. Бірақ мен сол кездегі мектеп әкімшілігіне әлі күнге дейін алғысым шексіз. Өйткені олар біздің аяғымыздан тік тұрып кетуімізге толық жағдай жасады. – Қаншама қиындыққа табанды­лық­пен төтеп бердіңіздер. Соның арқасында бүгінгідей жетістіктерге жет­тіңіздер. Ғимараттарыңыз да заман талабына сай жабдықталған... – Оныңыз әсірелеу болар. Мен өз басым «болдым», «толдым» дегенге қарсы адаммын. Себебі мынау өмірде, шынайы айтсақ, олай болуы мүмкін емес қой. Бәрін жасап, бәрін қатырып қойдық десек, онда атқарып отырған қызметің де қызықсыз болар еді. Менің ойымша, біз ертеңге үмітпен қарауымыз керек. Міне, сонда ғана болашаққа деген ұмтылысың арта түседі.

Шүкір, бұл ғимаратқа біз 2007 жылы келдік. Жалпы көлемі 800 шаршы метр алаңның барлығын да тиімді пайдалануға тырыстық. Өзіңіз де көріп тұрған боларсыз, төменгі қабатты қоспағанда, үш қабатты мекемеде 13 оқу кабинеті жұмыс жасайды. Төменгі қабатта зертхана орналасқан. Қалған қабаттарда жол жүру ережелері, компьютерлік кластар, күрделі құрылыс, мұнайшылар, құрылысшылар, аса қауіпті машиналарды жүргізу бөлмелері мен лекциялық залдар бар. – Сіз сөз арасында мұнайшылар, құрылысшылар, аса қауіпті машиналарды жүргізу сияқты мамандықтарға кеңінен тоқтала кетсеңіз... – Мұныңыз – орынды сұрақ. Шындығында, көп­шілік мұнайшы, құрылысшы деген мамандықтардың қыр-сырын түсіне бермейді. Біз сол мамандық иелерін ұйым мен мекемелерден өтініш қабылдап, оқытып, даярлаймыз. Осы жерде айта кетуге де болады: «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» АҚ – біздің негізгі базамыз. Біз курсанттарды осы үлкен ұйымнан, Жаңажолдан, басқа да мұнай саласында жасайтын ұжымдардан толықтырамыз. Жаңалық ретінде оқырмандарды хабардар ете кетейік, қажет жағдайда біз мұнайшылардың жұмыс орындарына барып та сабақ береміз. Ал енді сіз айтқандай, біз тек жеңіл көліктерді ғана емес, ірі өндірістік кәсіпорындар мен мекемелер болған соң жүк машиналарын жүргізуді де жан-жақты үйретеміз. Ал олардың ішінде мұнай, бензин, оттегі, қышқыл (кислота) тасымалдайтын көлік түрлері аса қауіпті көліктер түріне жатады. Сондықтан оларды жүргізу, тиісті сақтық шаралары өз алдына бөлек оқытылады. – Оқу ақысы, мерзімі, сабақтардың жүргізілу кестесі, емтихандар өтініш білдіріп, жазылған курсанттарды қанағаттандыра ма? – Толығымен қанағаттандырады деп айтуға болады. Курстың мерзімі – жеңіл көліктерді жүргізушілер үшін 3 ай, ал жүк көліктеріне – 5 ай. Біз бұл мерзімде егер әр сабаққа белсенді қатысып жүргендер болса, жол жүру ережелерінен толық мағлұмат береміз деп айта аламын. Қазір 8 топта (әр топта – 20-25 адам) сабақ жүр­гізілуде. Оқу ақысы – жеңіл көлікті жүргізушілер үшін 30-35 мың теңге, жүк машинасына – 45 мың теңге. Жол жүру ережелері бойынша бұрынғыдай емес, оқулықтар, кітаптар, көрнекі құралдар қазір жеткілікті. Өзіміз де бастама көтеріп, жинақтар шығаруды қолға алдық. Қазақстан Республикасы бойынша заң ортақ болғандықтан сол жинақтарды бізден немесе қаладағы кітап дүкендерінен оқуға тілек білдірген курсанттардың өздері сатып алады. Қандай да бір өзгерістер болса, ол әр жылдың басында хабарланып, оқулықтарға енгізіледі. Курсанттардан сынақ алу ең алдымен бізде өтеді. Тиісті сауалдарға мүдірмей, дұрыс жауап берген кур­санттарға куәлік береміз. Бұл бірден көлік руліне отыруға жолдама емес. Негізгі емтиханды қалалық жол по­лициясында құрылған арнаулы комиссия қабыл­дайды. Сынақтан өте алмағандарға тиісті мерзім беріледі. – Оқылатын сабақтардың сапасы, мазмұны жағынан не айта аласыз? – Біздің оқу орталығының құрылып, жұмыс жасай бастағанына он жылдан астам уақыт өтті. О бастан-ақ сайдың тасындай жиналған ұжым осы мерзімде шыңдалып, тәжірибе жинақтады. Оның үстіне біз үнемі облыстық білім беру департаментімен байланыс­ты үзген емеспіз. Оқытушыларымыз осы департамент қызметкерлерінен түрлі нұсқаулар, әдістемелік пікір-кеңестер алып келеді. Оның үстіне Ақтөбе қалалық әкімдігі, облыстық жол полициясы біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмайды, қолұшын беріп көмектеседі. Ерсілі-қарсылы көліктер сапырылысқан қалада жол жүру ережелерін қатаң сақтамаса болмайды. Ол үшін ережені бес саусақтай білу керек. Міне, біздер осы жағына баса көңіл бөлеміз. Өйткені әр жол оқиға­сында адам өмірі тұрады ғой. Мен әріптестеріме үнемі «әр курсантқа тиянақты білім беріңіздер, қатаң қадаға­лаңыздар» деген талапты қатаң қоямын. Өйткені онжылдық тәжірибесі бар біздің мекеме өзгелерге үлгі болуы керек. 2009 жылдың қыркүйек айының соңына таман ұжымда «Жүргізушілерді сапалы дайындау – жол қозғалысы қауіпсіздігінің алғы шарты» айдарымен семинар өткіздік. Оған облыстық жол полициясының бастығы С.Ержановтың өзі қатысып, сөз сөйледі. Осы сала қызметкерлері, серіктестіктегі дәріс оқып жүрген инженер-механик, техник-механиктер өз ойларын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Бұған қоса «Көлік жүргізу шеберлігі» атты кеш өткіздік. Бұған оқытушылармен бірге курсанттар да қатысты. Олар автодромға барып, өзара сайысқа түсті. Бұл аудиториядағы теориялық білімін тәжірибемен ұштастырудың ең бір қолайлы сәті десе де болады. Алдағы уақытта теорияны тәжірибеге айналдыру сияқты күрделі жұмыстар күтіп тұр. Автодромның қызметін одан әрі жетілдіре түсеміз. Оған қоса оқу-тәжірибе жүргізетін арнайы полигон ашамыз ба деген ойымыз да бар. Курсанттарға жүргізушілік мамандығын үйретуге байланысты қазірдің өзінде 9 жеңіл және бір жүк көлігі бар. Техниканы пайдалану тиімділігін жақсарту үшін техникалық қызмет көрсететін орталық та қажет. Оған да орын дайындалып, тиісті құрал-жабдықтар жинастырылып, маман-кадрлар іріктелуде. – Бауыржан Ғинаятұлы, оқу орталығының 10 жылдық мерекесі қандай деңгейде аталып өтті? – Шағын ғана десем, үйлесетін сияқты. Өйткені бұл мерейтойды өз саламыз бойынша ғана атап өттік. Ал осы онжылдық мерекеге орайластырып өткі­зілген шаралар жеткілікті. Ең алдымен, біз өз ар­дагерлеріміздің мұң-мұқтажына құлақ астық. ІІ топ­тағы мүгедек Н.И.Мельниченконың және еңбек ардагері А.Ф.Толкачеваның пәтерлерін жөндеп бердік. Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Қ.Жазықовтың туғанына 90 жыл толуына орай өтетін мерекеге демеуші ретінде 50 мың теңге аудардық. Ұжым қызметкерлері балаларының күшімен концерт ұйымдастырдық. Сон­дай-ақ Ұлы Жеңістің 65 жылдық тойына байланыс­ты автожарыс ұйымдастырып, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова ауылында болып келдік. Біз осылайша халық үшін қан төккен ерлерімізге тағзым еттік. Бұл біздің оларға деген құрметіміздің бір бөлігі ғана деп есептеймін. Орталықтың құрылып, қызмет көрсете бастағанына 10 жыл толу мерекесі тұсында біздің азын-аулақ атқарған жұмысымыз да атаусыз қалмады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директорының міндетін атқарушы Ж.Сейітмағамбетовтен, осы акционерлік қоғамның Еңбек ресурстары департаментінің директоры Ван Хайцзюньнен, облыстық білім беру департаментінің бастығы А.Құдайбергеновтен «Алғыс хаттар» алсақ, облыстық жол полициясының бастығы С.Ержанов «Мақтау қағазымен» марапаттады. Оған қоса өзіміз төске тағатын белгілер, қаламдар шығардық. – Жүрегіңіз қазақ деп соққан ұлтжанды азамат екеніңізді естіп жатамыз. Ендеше, сіз басқарып отырған ұжым мемлекеттік тілге қаншалық ден қойып отыр? – Ғимараттың сыртындағы оқу орталығының атауынан бастап, қабаттарды аралап көргеніңізде қазақ тіліне деген құрметті аңғарған боларсыз. Мен мұны мақтанышпен айта аламын. Еліміздің Әнұраны, Туы, Елтаңбасы көрнекі жерден орын алған. Кабинеттердің, жеке қызметкерлердің бөлмелерінің есігінің сыртында кабинеттің немесе азаматтың тегі, аты-жөні қазақша жазылған. Бізде қазір жүргізушілер курсында оқып жатқан азаматтар мен азаматшалардың 70-80 пайызы – өз ұлтымыздың өкілдері. Сондықтан біздер сабақты олардың өтініштері бойынша (қай тілді қалайды) өткіземіз. Мемлекеттік тілдегі оқулықтар, көрнекі құралдар жеткілікті. Компьютерлік сыныптағы тех­никалық құрал-жабдықтардың бағдарламалары екі тілде сайрап тұр. Тіпті ең қажет деген материалдарды интернеттен алуға да мүмкіндігіміз бар. «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, өзім серіктестік жетекшісі ретінде бүгінде сирек орындалатын халық әндерін жаңғыртуды ойластырып жүрмін. Сәтін салса, биыл күзге қарай Ақтөбедегі Достық үйінде халық әндері кешін ұйымдастырмақ ойым бар. Әрине, оны уақыт көрсете жатар. Мен қай кезде болмасын, қандай ортада болмасын, ұлтымның ұлылығын ұлықтаймын. Бұл барлық қазақ болып дүниеге келген азаматтардың бойында болуы керек қасиет деп есептеймін. – Әңгімеңізге рахмет!

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақтөбе

2165 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы