• Тіл
  • 15 Қаңтар, 2009

«Ана тілі» – ақиқаттың ақ мылтығы»

Өткен жұма күні «Ана тілі» газетінің ұжымы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дайындық факультетінің студенттерімен кездесу өткізді. Кездесуде алғаш сөз алған бас редактордың бірінші орынбасары Ержан Байтілес туған тілді ту етіп келе жатқан ұлт газетінің арғы бергі тарихынан қысқаша әңгімелей келіп, тәуелсіздіктің алғашқы лебін алып келген басылымда қызмет еткен газеттің тұңғыш бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлынан бастап, «Ана тілінен» түлеп ұшқан азаматтардың есімдері қазіргі қазақ қоғамы үшін етене таныс екенін, олардың бәрі қазақтың жоғын жоқтап жүрген тұлғаларға айналғанын атап өтті. Сонау тоқырау жылдарының өзінде 110 мың таралыммен шыққан «Ана тілінің» қазақ ұлты барда жасай беретінін айта келіп, жастардың ой бөлісуге шақырғандарына алғыс білдірді. Кездесу «Ана тілі» көтеріп жүрген тіл, дін, діл жайында сұрақ-жауапқа құрылғандықтан осы мәселелер төңірегінде сауалдар көп болды. «Біз де «Ана тілімен» мұңдаспыз. Әсіресе құжат жағы тіптен қиын. Қай есікке барсаңыз да қаптаған қағазбастылық. Осы мәселе сіздің газетте қаншалықты сөз етіледі?»,– деп басталған сұрақтан көп нәрсені аңғаруға болады. Аталған білім ордасының дайындық факультетіне түсетіндердің көбі шеттен келген қандас бауырларымыз. Осы даулы мәселенің себебін тіл бөлімінің меңгерушісі Нұрперзент Домбай құжаттарды мемлекеттік тілге көшіру туралы қаулы қабылданғанмен бұл процестің баяу жүзеге асып жатқанынан деп түсіндірді. Сөз арасында: «Ана тілін білмейтін қазақтар өз ұлтының дамуына үлес қоса ала ма?» деген тосын сауал тасталды. Бұл сауалға Ержан Бәйтілес: «Шындығында осы сауал көптеген жандардың көкейінде жүргеніне күмән жоқ. Алайда өзге тілде сөйлейтін қазақтың бәрі өзге мүддені көздейді деген сөз емес қой. Мәселен, Сенат төрағасы ҚасымЖомарт Тоқаев ана тілін халықтың көз алдында жүріп үйренді десе болады. Қазір ол қазақ тілінде кітап жазып жүр. Біз мұны ана тіліне мұрын шүйіріп жүрген шенді-шекпенді шенеуніктер үшін ұлтжандылықтың титтей де болса жарқын үлгісі дер едік. Сондықтан ат төбеліндей аз ғана қазақты өзге тілді, қазақ тілді деп ала тайдай алаламау керек. Дәл қазіргі сәтте бізге керегі өз-өзімізді өзекке теуіп, өз елінде өгейдің күйін кешіртіп қою емес, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұлт мүддесі үшін жұмылған жұдырықтай болу қажет»,– деп ұтымды жауап қайырды. «Дүниежүзінің әр түкпірінде тарыдай шашылған қазақ халқының ортақ тілі болғанмен, ортақ әліпбиі жоқ. Осы мәселе сіздің газетте қаншалықты қаузалып жүр?»,– деген сұраққа бас редактордың орынбасары Дархан Бейсенбекұлы: «Әліпби мәселесіне қатысты қазір зиялы қауым арасында 3 топ бар. Оның бірі латын әліпбиіне көшсек дейтіндер, олар компьютерді пайдалануда әліпбиіміз бір қалыпқа, бір ізділікке түсер еді десе, екінші бір топ Ахметтер қолданған төте жазуға көшуді қолдайтындар. Ал енді үшінші топ қазіргі қолданып жүрген кириллицада қалуымызды қалайды. Олар ұзақ жылдар бойы жасалған ұлттық құндылықтарымыздың тайға таңба басқандай етіп осы қаріптермен қағазға түскенін, сақталғанын да алға тартады. Осылардың арасынан қазіргі кезде бізге тиімдісі кириллица болып отыр»,– деді. «Бар қазақ-бір қазақ» болып басымызды біріктіріп, бағытымызды белгілеуде «Ана тілінің» атқарар рөлі айрықша. Қасиетті ана тіліміздің атын иеленген осы газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?» деген сауалға соңғы кезде «Ана тілі» газетінде айтарлықтай жағымды жаңалықтар болғанын, желтоқсан айында газет А2 форматпен 40 бет болып оқырманына жол тартқаны айтылды. Кездесуді ұйымдастырған қандас бауырларымыздың арасында шабыттана өлең оқып, әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төккендері болды. Әсіресе «Ахау, керімге» басқан Мейір Базарбайұлы тыңдарманды ұйытып тастады. Кеш соңында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Төреғали Қаратаев «Ана тілінің» ұжымына, әдемі де әсерлі кешті ұйымдастырған факультеттің басшылығына алғыс айта келіп: «Ана тілінде» «ақпараттың ақ мылтығы» деген ерекше тіркес қолданып жүр. Ұлттық ұғыммен алсақ, қара мылтық – қара хабар әкелетін қару, ал ақ мылтық – әділеттілік үшін, ақиқат үшін айқасатын мылтық. Сондықтан ұлтының ұлылығын ұлықтап жүрген ұлт газеті «Ана тілі» әрдайым ақиқаттың ақ мылтығы болсын!» деген ағалық лебізін білдірді. Кеш бойы көп ашыла қоймаған, қонақтың қас-қабағына қарап, ізет сақтап үйренген қандастарымыз бір мезет «Қара жорға» биі қойылғанда қонақкәде ретінде бірге билеуге шақырды. Кеш соңы көтеріңкі көңіл – күймен тәмамдалды. Д. Серікқызы

3265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы