• Тіл
  • 16 Наурыз, 2018

БЕСҚОНАҚ, ОТАМАЛЫ, ҚҰС ҚАНАТЫ

Наурыз айы – халықтық күнтізбедегі жылдың бас айы, көктемнің бірінші айы, ал қолданыстағы күнтізбе бойын­ша жылдың үшінші айы. Наурыз айының басында күн жылып, қыс бойы жатқан жолдас қардың көбесін сөгетін алтын күрек жел еседі. Қар кеткен жерлерде көк шыға бастайды. Қар астынан қылтиып бәйшешек шығады. Жыл құстарының ішінде көктемнің хабаршысындай болып алдымен келетін сарбауыр көкала торғайды түстік жақтарда наурызек, ­наурыз торғай деп атайды. ­Наурыз айындағы «елжіреген» күннің көзі халықтың көңілін көтеріп, бір серпілтеді. «Сөзтанымның» кезекті шығарылы­мында наурыз мерекесіне қатысты, жалпы наурыз айының ерекшеліктеріне қатысты ұлттық салт-дәстүрлерімізді, жосын-жоралғыларымызды таныстыру мақсатында тың материалдарды «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дəстүрлi жүйесi» атты энциклопедиясынан (жетекшісі – Нұрсан Әлімбай) ұсынуды жөн көрдік.

Наурыз – ерте заманда отырықшы иран тілдес халықтарда қалыптасқан, егіншілік ғұрыптарымен байланысты мейрам. ­Наурыз мейрамы күн мен түннің теңелуіне негізделген, яғни қыс қайтып көктемнің келуі, табиғаттың тірілуімен шендестіріліп, егін егу науқанының басталуы үлкен мейрам болған. Уақыт өте келе Наурыз мұсылман түркі елдерінің «Ұлыстың ұлы күні» деген мағынада төл мерекесіне айналды. Көне заманнан бері Наурызды күн мен түннің теңелген уақытында, яғни жаңаша наурыздың 22-сінде (ескіше наурыздың 9-ы) жыл басы ретінде тойлап келе жатқан айтулы мейрамы. Жыл он екі айдың бас айындағы бұл мейрамды қазақ жұртшылығы байырғы замандардан бері Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Бағзы бір замандардан дейтініміз, Наурыз мейрамымен байланысты айтылатын аңыз-әпсаналар, мақал-мәтелдер, бата-тілектер, наным-сенімдер, салт, ырым-жоралғылар ел ішінде аз кездеспейді. Мұндай тілдік және тілдік емес деректердің аса мол болуы Наурыз мейрамының әлеуметтік-мәдени маңызының аса зор болғанын, тарихилығын көрсетеді. Амалдар наурыз айынан басталады. Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндерi аралығында болатын жауынды-шашынды, суық, әрi лайсаң мезгiл бесқонақтан қатты сақтанып отырған. Самарқанның көк тасы жiбитiн күн деп Наурыз айының 22-ін айтады. Бұл күні Шығыс күнтiзбесi шығыста күн жылып, жер жiбiп, ашық, шуақты мезгiлдер бас­талады. Жаңа айдың туатынына дейінгі бір-екі күн мен «кеміген» айдың аспаннан екі күндік жоқ болып кету мерзімін қазақ өліара дейді. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. Наурыз айының соңғы күндерiнде жыл құстары да ұшып келе бастайды, аралас қарлы жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құс қанаты деп атап амалға жатқызған. Отамалы. Наурыз айының алғаш­қы жартысында өтетін 5-7 күнге жал­ғасатын боранды суық болатын амал атауы. Ертеректе Көкшетау өңірінде наурыз айының атын амал атауымен отамалы деп атаған. Өзара іргелес ұғым болғандықтан халық тілінде кейде амалдың атымен айдың аты немесе айдың атымен амалдың аты атала береді. Наурыз айының әсіресе алғашқы он күні халық тілінде түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз; ая мейіз алты күн, қырына алса қатты күн деп сипатталады. Қар күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанмен, артынша-ақ алай-түлей қар борап аласапыран болып кетеді. Наурыз айының 10-15-терінде өтетін бұл амалды халықтық метеорологияда отамалы деп атайды. «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген отамалының серті бар дейді есепшілер. Сарышұнақ інінен шығатын күн. ­Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің ­бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқаған. Жаңа күннің жарығы мен жылуы қытымыр қысты ығыстырып, жер бетін жылылық жайлап көк қаулайды. Күн өткен сайын Күн белдеуі (күннің жүретін жолы) жоғарылай түседі. Есепшілер наурыздың келгенін күн мен түннің теңелгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқайды. Қазақтың Батыс өлкесінде Наурыздың 14-інде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамайды, күн жылы болса, ұзағырақтау жерге шығады. Ал тасбақа болса, күн мен түн теңелгенде інінен аузына шөп тістеп шығады. Шөптің аты мәриям шөп деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген сенім бар. Егіншілер дән себетін егістік жерін баптап, тоған, арық-атыздарын тазалайды, атыздағы көтермелерін топырақ үйіп жаңартады. Саятшылар құс салмайды, аңшылар аңға шықпайды. Тағы бір ерекшелік ­этнограф ғалым Мәшһүр Жүсіптің Бұхар жұртынан келтірген дерегінде күн мен түн теңелгенде, балық аунап түседі. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін осы құбылыстан байқайтын көрінеді. ­Жиырма тоғыз жасында Бұхарай шәрифте болған Мәшһүр Жүсіп өзі байқаған жайын: «Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп жазады. Тайқазан. Дәмге үлкен мән беріп, кие, қасиетін ерекше бағалап қадірлеуге байланысты халықтық түсінік бойынша әр ел (ру) арасында бір тайқазан болған. Мереке, мейрамдардан тыс уақыттарда да қандай да бір ерекше оқиғалар кезінде қазан, тайқазандар жосын-жоралғылық қызмет атқарғаны белгілі. Қазанның наурыз мерекесі кезінде де жосын-жоралғылық мәні арта түседі. Яғни ілкіде әр үй өзінің 7 түрлі тағам қосып, пісіріп әкелген көжелерін ел игілігі, құт-берекесі саналатын қазанға құятын. Қазаннан қайтадан таратылып, жиналған халық болып бір мезгілде ішіп-жеп, түрлі шараны атап өтетін. Ол береке-бірліктің, татулықтың нышаны болып саналатын ғұрыпқа байланысты атқарылатын. Осы дәстүр бойынша бір ауылдың, туысқандардың әкеліп қосқан ортақ дәмінен әзірленген көжесінің тағы бір атауы ретінде көпкөже деп те аталған болса керек. Наурыздама. Әдетте, ел ішіндегі аса бай, дәулетті адамдардың наурызды той қылып өткізуін наурыздама дейді. Наурыздама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарай бастайды. Арқа еліндегі дәулетті Тәтидің наурыздама тойын өткізген деп, арғынның атақты биі Едігені жүз кісісімен күткендігі жөнінде Мәшһүр Жүсіп жазбаларында мынадай дерек бар: Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейін наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?! – деп, сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті. Тәти мырза алдырған түлкілерінің ішінде бір қара түлкісі бар, наурыздаманың үстінен келіп қалыпты. Қара түлкі алдырып келгеніне бір қуанып, «Наурыздама қылдырамын!» деп, Едігенің келгеніне қуанып: «Бұл ­наурыздама Баяудікі болды. Мен ұрғашы наурыздамасына ортақтаспаймын!» деп, басы Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз, онан кейінгісіне: біріне ат, жүз кісіден бір кісіні құр қойған жоқ. Ең аяқ атшыларға бір-бір матадан үлестіріп: – Міне – менің наурызым! – деп, сый қылыпты. Міне, сондай жақсы күнде тасып кетіп алған дуа ұрпағынан Шорман шығып, Мұса шығып, байлық, беклік таласа қоса шығып, жалпақ Сүйіндікке құт ауыл, ұйытқы ауыл болып тұр. Бұл күндегі пәленшекем, түгеншекемнің пейіліне қарағанда, тағалы торы тай ұстап тұра алмайтұғын пейіл бар. Атасына, бабасына тиген осы екен. Оңған, ілгері басқан біреуді: «Шіркін атасына, бабасына дуа тиген тұқым ғой!» дейді. Халықтың ­Наурыз мейрамындағы салт-ғұрыптардың бір алуаны табиғатпен «тіл табысу», оны қасиеттеу мағынасында ­болса, енді бір алуаны адамдар арасындағы этикалық-моральдық қатынастарды реттеу, нормаларын нығайту, жолға қою мақсатына бағытталады. Жүректе//көңілде өткен күннен дақ, реніш, өкпе-қалдықтың қалмауы, бұларды дер кезінде жүректен//көңілден кетірмесе, аяғы араздыққа, дау-жанжалға, қатыгездік пен қастандыққа апарып соқтырады. Сондықтан ­Наурыз мейрамында кешірім сұрау өткізілген. Мұның өзі жүректі таза ұстау, кір шалдырмаудың халық ұғымында соншалықты маңызды екенін көрсетеді. К ө р і с у – Ұлыстың ұлы күні атқары­лар салт­тың бірі. Этикет бойынша жасы кішілер алдымен үлкен шаңыраққа барып жасы үлкенмен көріседі. Үлкен адамның ұсынған қолын қос қолдап, сыртынан аялап алып, төс қағыстырып амандасады. Әйелдер құшақ жайып амандасады. Ұлыстың Ұлы күнгі көрісу салты халық мұрасында өлеңмен дәлме-дәл өрнектелген: Ұлыс күні кәрі-жас, Құшақтасып көріскен, Жаңа ағытқан қозыдай, Жамырасып өріскен, Шалдар бата беріскен. Қазақ елінің батыс өлкесінде Маң­ғыстау, Атырау жағында бір үйдегі жандар Ұлыс күнгі таң ата ұйқыдан тұра салысымен бірін-бірі құшақтап көрісетін болған. Ал алыстағы ағайын, жегжат-жұратымен Наурыз айының ішінде, я болмаса келесі Наурызға қалдырмай, «Көріспесең – жат, бармасаң – ұят» деп көрісуді қатаң ұстанған. Наурызда ақсақал­дар бата беріп ізгі тілектерін айтады. Наурызтөл. Наурыз мейрамы қар­саңында туған, ерекше қастерленетін төл атауы. Ол көбінесе қозыға қатысты айтылады. Көшпелі ортада ертеде ерте көктемде алғашқы туған ұрғашы қозылардың арасынан түсі келіскен, енесі өсімтал деп саналатын біреуі көгенбасы деп таңдалған. Түптөркіні мал басының көбеюіне байланысты туған бұл жорада наурызтөлдерге таңдау түседі. Өйткені қазақ жерінің табиғи-климаттық ерекшелігіне байланысты көп өңірлерде малдың жаппай төлдеуі күн мен түн теңескен, аяздың беті қайтқан шаққа тұспа-тұс келеді. Қазақы ортада наурызтөлді ерекше күтіп қастерлейді, бөгдеге сатуға, тарту етуге жол берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызық, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді. Кейбір өңірлерде наурызтөлді көгенбасы ретінде таңдамаса да оны ерекше қастерлеген.

Наурыз көже неге жеті түрлі дәмнен жасалады?

Ұлыстың ұлы күнгі Қыдыр түні қара қазанның түбі бос болмасын деп, май тамызып, үйдегі ыдыстарға ағарған (сүт, айран, уыз, т.б.) құйып қояды. Қайсыбір ыдысқа бидай, арпа, сұлы толтырып, бақырға бұлақ суын толтырады. Бұл жоралғы жыл бойы молшылық болсын деген тілеуді аңғартады. Наурыз көже – наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңырақта міндетті түрде қазан толы наурыз көже әзірленеді. Дәстүр бойынша наурыз көже қыстан арнайы сақталған соғым еті, оған бидай, тары, арпа дақылдары қосылады. Наурыз көже кем дегенде жеті дәмнен жасалады. Су, тұзды да дәмге қосады. Наурыз көже құрамы жеті түрлі дәмнен артық та болуы мүмкін. Бірақ дәм тақ сан түрінде болады. Өйткені наурыз «береке, бірлік» идеясын білдіреді де, тақ бөлінбейтін сан деп ұғынылады. Қыстан қалған, наурызға деп қап түбінде сақталған соғым еті қыстың дәмі деп ұғынылса, ал ең соңында наурыз көжеге қосылатын ағарған (айран, қатық, құрт) келер жаздың дәмі деп ұғынылады. Жасы үлкен ауыл, ел, әулет, әулет қарияларының кейбірінің аты Наурыз, Наурызбай болса, келіндер жағы эвфемизммен көпкөже, тілеукөже деп атайды.

Сөз төркіні

ҚЫДЫР АТА

Қыдыр ата – халықтың байырғы мифологиялық танымында адамға ырыс, құт дарытатын, көксеген тілегін орындайтын, қысылып-қиналғанда дем беретін, қауіп-қатерден құтқаратын әулие. Халық түсінігінде Қыдыр ата елеусіз жанның, қарт адамның, мүсәпір жанның, арып-ашқан жолаушының кейпінде көрінуі мүмкін. Сондықтан оның кім екенін ешкім бірден біле бермейді.

Қыдыр ата шырақ жаққан ­жерге келеді деп, Ұлыстың ұлы күні ­Наурызда жұп шырақ жағады. Ондағысы – Бақ қонып, Қыдырдың назары ­дарысын деген ­пайымдаудан болуы ықтимал. Ұлыстың ұлы күні ­Наурызда ақсақалдар қол жайып ­былай деп бата берген: Асың, асың, асыңа, берекет берсін басыңа. Бөденедей жорғалап, Қырғауылдай қарғалап, Қыдыр келсін қасыңа. Осы тұрған боз үйге, Қыдыр ата дарысын! Бәйбішесі бұл үйдің, Он екі құрсақ көтеріп, Ұлға көзі жарысын! Қыдыр қияласын, барша шаңыраққа, Бақ құсы ұяласын! Әумин. Ел ішіне таралған аңыздардың бірінде Қыдыр ата төрт түліктің берекесін беруші бейнеде де көрінеді. Аңызда былай дейді: «Ертеде жыртық үйлі бір кемпір-шалдың үйіне қонған Қыдыр ата «ертең күнбатыстан күншы­ғысқа қарай қалың мал шұбап өтеді. Сол малдарға шамаларың келгенше ен салып алыңдар. Ен салған малдың бәрі сендердікі болады, ал ен салынбаған мал айдалаға кете береді» деген екен деседі. Енді бір аңызда Қыдыр ата егіншіге Диқан баба бейнесінде ұшырасатын көрінеді. Жаз жауынды болмай, құрғақшылыққа ұшыраған егін жөнді шықпаған диқанның қырманы тым қораш болып, үйелменінің жылдық азығына жетпейтіндіктен көңілсіз күйде отырса керек. Сол кезде сонау жерден келе жатқан ақсақалды, ақ таяқты бір қарт кетіп бара жатып, Қырман қызылды болсын, Қыдыр дарысын деп, таяғымен бір нұқып қалады. Сонда егінші «қырманның түбі көрініп жатқанда, несіне дарысын» дейді. Әлден кейін қараса, қырманы қызылға толып, мол астықтың астында қалыпты. Қырмандағы қызылды әлгі егінші ауылдастарымен бөлісіп, ауыл аймағы аштықтан аман қалыпты. Содан бері егіншілер жерге дән сепкенде «Менің қолым емес, Қыдыр бабаның (Диқан атаның) қолы» дейді. Күн мен түннің теңелуі. ­Наурыз мейрамындағы орталық ұғым. Шаруа бағын ұзақты күнді далада өткізетін малшы, егінші қауым күннің қаншалықты ұзарғанын, түннің соншалықты қысқарғанын шамалап біліп отыратын шоқы, төбе, адыр, өзен, бұлақ, т.б. табиғи белгілері болады. Күннің қай тұстан шығып қай тұстан батқанына қарап, күндізгі уақыттың қаншалықты ұзарғанын пайымдай алады. Олай болмаса қарбаласы көп шаруашылықтың қырын табу оңайға түспейді. Малшы өрісін, қонысын дәл уағында жаңартып отырады. Малды суыққа не ыстыққа ұрындырмас үшін күн райының алдамшы ­амалына алданып қалмауды ойлайды. Егіншіде күннің өткінші амалына алданып қалмай, жылдағы дағдысы бойынша не ерте, не кеш емес, дәл уақытында жерін баптап, дәнін себеді. Түнде Көк күмбезіндегі жұлдызды, ал күндіз табиғи белгілердің уақыт межесі етіп алады. Көк күмбезіндегі Үш Арқар – Таразы, Үркер, Сұлу Сары жұлдыздары бір түзудің ­бойына келіп түзілген кезіне қарап, күн мен түннің теңелгенін біледі. Осы аталған жұлдыздардың көкжиекке жақындауын межелей отырып, жаздың шығуына неше күн қалғанын да есептеп біледі. Қыр елінің, сахара адамдарының күн мен түннің қай уақта теңесетінін, қай кезден бастап күннің ұзарып, түннің қысқаратынын қадым заманнан білгендігіне еш шүбә келтіруге болмайды. Ұзарған күннің көзі, түн қараңғысының қысқарып, орнын жарыққа беруі, жер бетінің жылып, көктің қаулап шығуы жасарудың, жаңғырудың белгісіндей көрінеді. Жер мұздың, қардың құрсауынан арылып бусанады. Жер дүниені елжірететін де, бусандыратын да тіке түскен күн сәулесі. Күннің қызуы өтіп бара жатқан шақта Көк жүзін сары ­бауыр, қара барқын бұлт басып найзағай ­ойнап, күн күркіреп, жаңбыр төгеді. Сусаған, кеберсіген жер-дүние шөлін басып, жер беті одан сайын түрлене түседі. Наурыздағы Ұлыстың ұлы күнінде кұл мен күнге бас бостандығын беріп, аза­маттық құқығын қайтару салты негізінде қоғамды ізгілікке бастау идеясы іспетті деуге болады. Сондай-ақ ұжымдасу арқылы жол бойына ағаш егу, көпір салып, өткел жасау – ізгілікке үндеу идеясының бір көрінісі. Бұлақтың көзін ашу, көкті жұлмау, таптамау, өсіп тұрған ағашты беталды кеспеу, ысырап жасамау, ұшқан құс, жүгірген аңды қырып-жоюдан сақтау табиғатты аялау идеясының қазіргіше айтқанда экологиялық көзқарастың бірден-бір көрінісі. Олардың Киесі мен Иесінің болатыны, сұраусыз болмайтынын ел ақсақалдары үнемі еске салып жас буынды сақтандырып отырған. Наурыз мейрамында қауымдасып, бұлақтың көзін ашады, ағаш егеді, арық тазалайды. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп, тоған бойына, бұлақ басына ағаш егеді. Көпір салады, бұзылған көпірді, жолды жөндейді. Сөйтіп, табиғатқа да, қоғамға да пайдалы іс атқарылады. Адамдар үй-ішін, қора-қопсысын тазартады. Жылы аймақтарда жерді ертеректе омашпен (ағаш соқамен) жыртып, дән егеді. Адамдар жаңа киімдерін киіп, көрші-қолаң, ағайын-туысты жаңа жылмен құттықтайды. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын деп, бір-біріне түзу тілек, ақ ниетін білдіреді. Жасыңа жас қосылды, жасың құтты болсын деген тілек айтады. Өйткені қазақта туған күн тойлау деген болмаған. Көрмесең – жат, көріспесең – ұят деп, ағайын-туыс бір-бірімен амандасып, көрісіп жатады. Құлға да бір күн бостандық деп, құл құрықтан, күң сырықтан құтылады. Ер-азаматтар қос қолдасып амандасып, төс қағыстырса, әйелдер жағы құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады, арнайы даярланған дастарқаннан дәм ауыз ­тиюге, бірін-бірі жеті дәмнен әзірленген ­наурыз көже ішуге шақырады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған. Адамдар бір-біріне деген ренішін кешеді, өкпе-қалдықтарынан тазарады, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен.

Сіз білесіз бе?

ҰЙҚЫАШАР

Наурыз дастарқанына жасы үлкен қариялар «Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын» деп, наурыз батасын береді. Ұлыс күні әйелдердің Ұзынсарыға деп, сақтаған қысқы соғымның шекесі асылады, бүйендегі, қарындағы сарымайды бастайды. Ұзынсары деп, әдетте әйелдер «наурыз айындағы ұзарған күнді» айтады. Ауқатты, бай адамдар ауыл-аймақты шақырып, Ұлыстың ұлы күніне арнап той өткізеді. Оны наурыздама деп атайды. Діни наным-сенім бойынша аруақтарға арнап құран оқытылады, жеті нан таратылады. Бұл күндері әр жерге үлкен от жағылып, отқа май құйылады. Наурыз таңын қарсы алмаққа жиналған қыздар жағы уыз дәмді «Ұйқыашар» дайындайды. «Ұйқыашар» дайындап, өздеріне құрмет көрсеткен жас жігіттер сақина, сырға, білезік сияқты әшекей бұйымдарды сыйға таратады. Ол жігіттің «жаман» ойын сезген сезімтал қыздар, әрине, «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады.

Бетті дайындаған Айгүл Әмірбекова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты

5718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы