• Тұлға
  • 01 Қыркүйек, 2010

Елім деп соққан жүрегі

Қаламдас, пікірлес іні, ағайын-дос туралы ой өрбіту, бір жағынан, оңай, өйткені өмірдің көп бөлігін үзеңгі қағыстырып, иық теңестіре өткізгеннен кейін сыралғы болып, тонның ішкі бауындай біте қайнасып кететінің бар, екінші жағынан, қиын, қай қияға салсаң да тайсалмай төтелейтін тарландардың сегіз қырынан бір сырды суыртпақтай тартып, оқырманның алдына жайып салу безбен аңдыған Самарқан сарты сынды сұңғыла болмақты меңземей ме?! Он ойланып, тоғыз толғанған түйіннің салмағы таразыға тартқанда кезекті кейіпкеріңнің шынайы болмыс-бітімінен һәм дүнияуи дидарынан батпандап кем соғып жататыны қаламгер шеберлігінің кемшінінен емес, қаһарман хақындағы біліп, сезініп, түйсінгендеріңнің ақ қағаз бетіне әмсе мысқалдап түсетіндігінде ғой. Сондықтан тіліме тиек болғалы отырған қаламдас дос-інімнің салиқалы санаткер ретіндегі бейнесін солдырмай, бояу-бітімін оңдырмай сомдай алсам, тоқмейіл майталманның күйін кешер едім.

Бір ескертіп қойғым келетіні – бұл айтылғандардың даңқ пен дақпыртқа еш қатысы жоқ. Мұның екеуі де соңғы кезде сәнге айналған «пиар» дегенге саяды ғой. От тілді, орақ ауызды ақын Қайнекей Жармағамбетовше айтсақ, «толыспаған Толс­тойлар» әрдайым думан-дүрмекке құм­был келеді. Ауа үрлеген сабынның көпір­шігіндей даңғаза даңқтың ашыған қамыр­дай көпсуі қалай тез болса, өшіп-өнуі де көзді ашып-жұмғанша. Бірақ қызыл­ды-жасылды елес қуған пендені бір сәттік қызығы мен шыжығынан айырып көріңізші... Алқынған ыстық демін қақ желкеңнің түбінен сол сәтте-ақ сезінбесең, маған кел! Елге, қоғамға, жамиғатқа сіңірген ең­бегін бұлдамай, жарнамаламай, кеуде соғып, төс қақпай, кері тартқанды бері тартып, сүбелі сөзін, құйқалы пікірін тегеурінді тұтқаларды шеңгелдеген тарпаң тұлғаларға арнамай, миллет шаруасын күйттеп, ұлт қамын жеген айдынды азаматтарымыз ат төбеліндей болса да, Аллаға шүкір, бар ғой, бар. «Домбыра күмбірін теңгенің сыңғыры» көмген заманда «тәубе, тәубе» демеске амал жоқ. Баспасөзді, бұқаралық ақпарат құрал­дарын ежелден «төртінші билік» деп атайды, бұл өзі шындыққа бір табан жақын тұжырым, небір көкейтесті де өткір материалдар жарық көре салысымен жайлы орынтағымен «қимай» қоштасқан талай шынжыр балақ, шұбар төстердің, шүйжелкелердің есімдерін журналистика тарихшылары жіпке тізгендей етіп айтып береді. Орыстілді баспасөздегі сондай-ақ мұның тағы бір баламасы «цепные псы демократии» деген тіркес, біздің кей басылымдар мұны «демократияның арқандау­лы, байлаулы сырттандары» деп тәржіме­леп жүр. Меніңше, бұл – сөзбе-сөз аударма. Мағыналық тұрғыдан «демократия­ның сайыпқыран сақшылары» десек, жарасар еді. Себебі кезінде Мердок, Шпрингер, Хертц сияқты ақпарат алпауыттарын, бүгінде О.Уйнфри мен В.Познер сынды көгілдір экран еркелерін дуалы ауыздар осы теңеуге телуге құмар. Айтқандай-ақ, дүйім елді аузына қаратқан, мемлекет басшылары жүздесуге құмар болып, министрлер тік тұрған талантты да текті кісілерді азуын айға білесе де қайдағы бір құйрығы қайқы сырттанға қалай ғана теңестірерсің. Біздің көсемсөзшілеріміз бен зерттеушілеріміз бұл ұғымды «төртінші билік» пен бұқара­лық ақпарат құралдарының баламасы ретін­де қолданып келе жатса да, құлаққа түрпідей тиетін солақай тәржімені оңтайлы баламамен алмастырғанымыз абзал. Журналис­тік әдеп, этикет, міне, осыны талап етеді. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демейтін бе еді халық даналығы. Сексенінші жылдардың соңындағы Гор­бачевтің «жылымығынан» бас­тау алған пікір мен ой алуандығы Қазақстан баспасө­зінде өзіндік қырынан көрінгені қаламгер қауымға жақсы мәлім. Өйткені егемендік­тің ұлттық рәміздер, валюта, дипломатия сияқты атрибут-белгілерін мемлекеттік деңгейде тұжырымдап, қабылдаған еліміз сыртқы шекараны айқындағанымен, саяси және экономикалық мүдделерін қас қақпай қорғағанымен, ақпараттық кеңістікте «те­мір қорған» орната алмады. Себебі интернет, электронды пошта, спутниктік теледидар жағдайында бұл мүлдем ақылға сыймайтын шаруа, оның үстіне қашықтықты елемейтін радиотолқын атаулыға қайтып тосқауыл қоярсың? Тәй-тәй басып, бұғанасы беки қоймаған ақпараттық тәуелсіздігімізге егемендіктің алғашқы жылдары кәдімгідей-ақ қатер төнген еді. Бұл, әсіресе, Солженицынның «Ресей көсегесін қайтсек көгертеміз?» атты туындысы жа­рық көрген, белгілі «қырғи» Жириновский күшіне мініп, Қазақстанға аптасына бір соқтықпаса ішкен асы бойына сіңбейтін 90-жылдардың алғашқы жартысына тән ахуал-тын. Міне, осы кезең еліміздің ақпараттық кеңістігінің сайыпқыран сақшылары Марат Барманқұловтың, Ғаділбек Шаяхметов­тің, Аяған Сандыбай мен Ахас Тажутов­тың, Бигелді Ғабдуллиннің, Жәнібек Сүлеев­тің «журналистік жауынгерлік қабілетіне» өзіндік бір сын болды. Бұл сыннан олар мүдірмей өтті, қабырғалы қарсыластың қамал артынан зулатқан улы жебелерін тойтара білді деп нық айта аламыз бүгінде. Байқап отырған шығарсыздар, аталған тізімге енген қаламгерлердің барлығы – орыстілді журналистер. Шығармаларымды негізінен орыс тілінде жазуыма орай мен бұл әріптестерімнің туындыларымен жақсы таныспын. Айтулы оқиға немесе тұғырлы тұлға туралы сөз бола қалғанда орынды-орынсыз «тізім» құруға әуестігіміз бар. Және ондай тізімдерге ілігу үлкен мәртебе, абырой саналады. Осы үрдісті бұзбай менің де түзіліс жасағанымды оқырмандарым кешірер деп ойлаймын. Белгілі көсемсөзші, тәуелсіз еліміздің ақпараттық стратегиясын түзушілердің бірі, Журналистика академиясының академигі, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Аяған Сандыбай бауырымыз бұл тізімнің басынан ойып тұрып орын алған. Реті келіп тұрғанда, мен орыс тілінде жазатын азулы қазақ жігіттерінің қарасы оннан аспайтынын атап өткім келеді. Бірақ олардың әрқайсысы «сен тұр, мен атайын» дейтін ақмылтықтар екені – жамиғатқа белгілі жайт. Мүмкіндікті пайдаланып, сөз орайы келгенде, орыстілді қазақ журналистикасы туралы үндемей кетуге болмас. Ол біздің рухани әлеміміздің, ақпараттық ин­фрақұрылымымыздың елеулі бір бө­лігіне айналды бүгінде. Алайда қалың қазақ оқырманы шығармаларын орыс тілінде жазған Баубек Бұлқышев пен Әнуар Әлімжановтан басқа жазушы-публицистердің есімдерін біле бермейді. Бұған кім кінәлі екендігін дәл қазір тап басып айта алмаймын. Мәселен, көрнекті журналист әрі ғалым, ұлттық теледидар теориясы мен практикасының негізін қалаған филология ғылымдарының докторы, профессор Марат Барманқұлов тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Казахстанская правда» газеті бас редакторының бірінші орынбасары бола жүріп, көне түркі және қазақ тарихына қатысты қызықты еңбектер жазды. Марат Кәрібайұлының бұл туындылары ойлы оқырмандар мен білікті мамандар тарапынан биік бағасын алды. Бірақ олар әлі күнге дейін қазақ тіліне аударылған жоқ. Қазір бәріміз жабыла жамандайтын Кеңес кезеңінде қаламгерлердің шоқтығы биік шығармалары әлем халықтарының тілдеріне жоспарлы түрде тәржімеленіп тұратын. Осы бір үлгілі үрдістің тым тез ұмытылғаны жанға батады. Тілі басқа, тілегі – бір, түрі басқа, жүрегі – бір жүздеген ұлт мекендеген еліміздің негізгі қарым-қатынас тілі орыс тілі болып қалып отырғаны ақиқат. Екі тілді еркін меңгергенімен, шығармаларын орыс тілінде жазатын журналист бауырларымыз осындай ақпараттық ахуал жағдайында өзіндік бір «мәдени көпір» рөлін атқарып келе жатқанын атап өтуіміз керек. Бұдан 5-6 жыл бұрын бір басылым бетінде бұрқ ете қалған айтыста орыстілді қаламгерлеріміз­ге «мәңгүрт» деген «атақ» тағылған болатын. Осынау түйткілді мәселе төңірегінде мен өз ойымды кәсіби ортада мәлімдеген болатынмын, бүгін де қайталап айтамын: олар, кейбір керауыздар айтқандай, «іштен шыққан шұбар жылан» емес, қайта ұлттық ақпараттық кеңістігіміздің сайыпқыран сақшылары, тіліміз бен діліміздің туын жоғары көтеріп келе жатқан салиқалы сөз сарбаздары. Баспасөз тарихшысы әрі Журналистика академиясы сияқты танымал қоғамдық ұйымның басшысы ретінде ақпарат нарығына жүргізген талдау нәтижелері аузыма осы сөздерді салып отыр. Менің қаламдас інім Аяған Сандыбай – орыстілді журналистік ортада танымал тұлға. Оның шығармашылық келбетін кескіндеуге қадам жасауымның бір себебі – мен оның аяқ алысын сонау жетпісінші жылдардың басында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің шәкірті кезінен бері қадағалап келемін. Сол кездің өзінде қалыптасып қалған автордың жүрек лүпілін жеткізуге ұмтылған тырнақалды очерктері мен суреттемелерінің, мақалаларының кең ауқымды публицистикалық толғауларға ұласқаны көз алдымда. Аяғанның қаламгер ретіндегі кемелденген шағы еліміздің тә­уелсіз даму кезеңімен тұспа-тұс келді. Бе­делді ақпараттық орган – Қазақ телеграф агенттігінің (ҚазТАГ) бас редакторлығынан Үкімет кеңсесінің жауапты қызметкеріне, одан кейін Баспасөз және бұқара­лық ақпарат министрінің орынбасары дәрежесіне дейін өсті, «Қазақстан» ұлт­тық телерадиокомпаниясы басшыларының бірі болды. «Қоғамның биік адамгершілік мақ­саттарына, ақиқат пен әділдікке қызмет ете жүріп, Аяған Сандыбай өзін азамат ретінде, патриот ретінде көрсете білді», – деп жазған болатын кезінде Қазақстанның халық жазушысы Иван Щеголихин. Бұл – әсіре мақтау, асыра дәріптеу емес. Алдымда Аяғанның «Фолиант» бас­пасынан жарық көрген «Жүректі қайтып жұбатам...» («Чем порадовать сердце...») атты публицистикалық туындылары топтастырылған кітабы жатыр. Атының өзі-ақ айтып тұрғандай, жинақ заманымыздың көкейтесті проблемаларына арналған. Төлеген ақын жазғандай, «сыздаған бүкіл жараның аузында» болған журналистің жұдырықтай жүрегін бұлқындырған тіл мен діл, ұлттық мәдениет, экономика, баспасөз түйткілдері біздің де санамызға салмақ салады. Осы орайда Аяғанның «Тіл – Отанға жеткізер жол» («Язык до Родины доведет») атты толғақты туындысына тоқталмай өте алмаймыз. Қазақ қоғамында әзірге шешімі табылмай тұрған проблемалардың бірі – тіл мәселесі. Меніңше, заман өзгеріп, ұрпақ ауысқаннан кейін бұл түйткілдің түйіні тарқатылмақ. Мәселен, өткен ғасырдың 50-60-жылдарында тілі орысша шыққан қазақтардың үш буыны әлі де ат үстінде. Алайда соңғы 6-7 жылда оқу орындары­ның қазақ бөлімдерінің студенттері білім алушылардың 70 пайызынан аса жығылып келеді. Сондай-ақ орыс бөліміндегі ба­лалардың 80 пайыздайын қазақтар құ­райды, олардың барлығы дерлік қазақша білетінін, дәрісті ұғатынын атап өтуіміз керек. Қазір алдағы онжылдыққа арналған тіл бағдарламасы ұсынылып жатыр. Оның түрлі тетіктерін ұтымды пайдаланып, демо­графиялық ахуалдың өзгерістеріне орайластыра білсек, көп іс тындырамыз. Ол үшін жұртшылық болып жұмылуымыз керек. Осынау келелі тірліктен бұқаралық ақпарат құралдары сияқты қуатты тәр­биелік әрі насихаттық қару тыс қалмауы тиіс. Бірақ кейде орыстілді баспасөздің бұра тартатынын несіне жасырамыз. «Нақ осы тіл проблемасы, атап айтқанда мемлекеттік тіл дамуына деген қамқорлықтың шынайы-шыншылдығы жалпыұлттық баспасөзге жік салып тұрған жолайрық сызығына айнал­ды. Орыстілді және қазақтілді БАҚ пікір­лері екіұдай», – дей келіп, автор ортақ мәмілеге, тоғысқан пікірге келуге шақырады. Мем­лекеттік тілдің қолданылу аясын ай­қындайтын «Тіл туралы» Заң мен өзге де нормативтік-құқықтық актілер мемлекет мекемелеріне ешқандай міндет жүктемей отырғандығын атап көрсеткен автор «Дип­ломатиялық қызмет туралы» низамды тілге тиек етеді. Оқырман қауымға осы заңнан «дипломатиялық қызметке кірген адам мемлекеттік тілді білуге тиіс» делінген 9-бап­тың алынып тасталғандығы туралы құлаққағыс қылған журналист «мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талапты күшейту керектігіне» баса аударғаны бекер емес. Өйткені қызметшілердің осы санатының 90 пайыздайы – қазақтар. Дуалы ауыз Гер-ағаң, Герольд Бельгер ақсақалды айтамын, өзінің «Соңғы қазақтың жазбалары» («Записки последнего казаха») атты кітабында «қазақтар өз тілінен басқаның бәрін үйреніп алуға құмбыл» деген Аяған Сандыбайдың өткір тұжырымының ақиқаттығына көзіміз күн сайын айқын жетіп келеді» деп жазған болатын. Қалай болғанда да, Ұлы Әмірші –Уақыттың дегеніне бағынамыз да. «Сын түзелмей – мін түзелмейді» дейді халық даналығы. Еліміздің бұқаралық ақ­парат құралдарын басқаруда кемшіліктер жоқ емес, бар. Бұл мәселеге Елбасының өзі назар аударып, «ақпараттық кеңістігімізді барынша қорғауымыз керек» деген болатын жуырда. Расында да, соңғы кездері елімізде шетелдік басылымдар дәурені жүріп тұр. Бұл жөнінде Аяған «республикамызда «Известия-Казахстан», «Комсомольская правда-Казахстан», «Труд-Казахстан», «Интерфакс-Казахстан», «Аргументы и факты-Казахстан», «Интерфакс-Казахстан» сияқты жемісті медиажобалар жүзеге асырылуда... Ресейдің Москва мен Санкт-Петербург сияқты бас қалаларында 10 мыңнан астам қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Осы ағайындарымызға арнап жоғарыдағыдай жобаларды неге ұсынбасқа? «Егемен Қазақстан-Өзбекстан», «Жас Алаш-Қырғызстан» медиажобаларын неге өрістетпейміз?» деп жазады «Шығыс та жоқ, Батыс та...» («Нет Востока и Запада нет...») атты туындысында. Көңілге қонатын ұсыныс емес пе? Өзге мемлекеттің идеологиялық экспансиясына «еруліге – қарулы» жауап қайтарар сәт келсе, нақ осы бизнес-идея, пиар-ұсыныстың күні туады деп ойлаймын. Өмірін өнегелі істермен өрнектей білген менің шәкіртім әрі іні-досым Аяған Сандыбай кемеліне келіп толысқан шағында тұр. Оның шығар шыңдары, алар асулары әлі алда. Заңғар биіктерді алқынбай бағындыра бер деймін қаламдас-әріптесіме. Сағымбай Қозыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының президенті

5403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы