• Тұлға
  • 01 Қыркүйек, 2010

Алдымен өзіңді таны

Елбасы әрқашан тәрбие мен оқу-білімді егіз дүние ретінде қарастырып, тәрбие арқылы берілетін білімнің болашағы баянды болатынын назардан тыс қалдырмаған. Сондықтан «Қазақстан-2030» Стратегиясында Елбасы: «Ел келешегі жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты», – деп айрықша атап көрсетсе, биылғы жылғы Жолдауында: «Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысына, көңіл-күйлеріне байланысты», – деп, білім беру саласын дамытудың қаншалықты маңызды екендігін айқындап берді. Осы орайда саналы ғұмырының 30 жылдан астам уақытын орта білім беруді басқару және дамыту ісіне, оның ішінде ширек ғасырдан бері мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып жүрген білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, № 219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің директоры Абай Жомартұлы Ергешовпен тілші сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Шынын айтқанда, білімнің қуа­тына тең келетін өзге идеялық-рухани күш-қуат көзі жоқ. Сондықтан да күллі әлемдік жаңа идеология ең алдымен білім күшіне арқа сүйейді. Олай болса, бүгінгі білім берудің жай-күйіне тоқталып өтсеңіз. – Жаңа әлемдегі жаңа Қазақ­станның білімге негізгі басымдық беріп отырғандығы даусыз. Қазір білім берудің құрылымы мен дең­гейлері белгіленді, базасы жасалынды, мазмұны жетілдірілді, әдіс-тәсілі жақсартылды, нәтижеге жету жолдары, бағалау-өлшеу тетіктері айқындалды. Мектеп жүйе түзуші барлық тетіктері үздіксіз, үйлесімді жұмыс істеп тұрған біртұтас механизм іспетті. Бүгінгі мектепті басқару ісін демократиялық негізде құра білген, білім беруді ізгілендіру ісімен тұрақты түрде шұғылданып, оқу-тәрбие үрдісінде жаңа технологияларды батыл ендіріп, инновациялық жағдай­да жұмыс жасаушы, балалардың қызығушылығы, бейімі, қабілетіне сай білім беруді қамтамасыз етіп отырған шығармашылық орта деп қарастыруға болады. Жақында ғана өткен ха­лықаралық 51-математикалық олимпиадада Қазақстан командасының толағай табыстарға қол жеткізуі, білім бәсекесінде дүниежүзінде алып державалармен тең дәрежеде жетістіктерге жету осы сөзіміздің айқын дәлелі емес пе? – Қызылорда облысындағы ха­лықтың 95,8 пайызы – қазақтар. Балалар қазақы болмыспен өмір сүреді, қазақ мектептерінде оқиды, қазақ түйсігімен ойлайды және қазақша сөйлейді. Дәл осы өңірде әлемдік бәсекеге қабілетті қазақ мектебінің «ұлттық моделін» жасайтын уақыт жеткен сияқты. Осы жайлы не айтасыз? – ХХІ ғасыр білім беруі негізгі үш ерекшеліктен тұратынын байқауға болады. Біріншіден, адамдар алған білімдерін өмір бойы жаңғыртып, дамытып отыратындай деңгейде білім берілуі тиіс болса; екіншіден, оқушының жас, ой, мүмкіндік ерек­шеліктеріне қарай білім беріледі; үшіншіден, бүкіл білім беру жұмысы халықаралық деңгейде басқалармен қатар, қат-қабат іске асырылуы қажет. Былайша айтқанда, берілетін білім бәсекеге қабілетті, қазіргі кезеңнің талабына сай болуы керек. Осы үш талапты да қанағаттандыратын мектептер облысымызда аз емес. Мектебіміздің бастауыш сатысында «Мәдениет» бағдарламасы арқылы балаларға ұлттық саз, би, сурет, сөз өнерлерінің қыр-сыры үйретіліп, жаны таза, тәні сау, ойы ұшқыр, тілі шешен, табиғат пен қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыда танып-білудің негізі қаланды. Негізгі сатыда «Ақыл-ой» бағдарламасы бойынша бірінші кезекте қазақ тілін оқытуға басым бағыт беріледі. Төменгі сыныптардан бастап қазақ тілін оқытуға артық сағаттар бөлініп және ол жыл өткен сайын көбейтіле отырып, тіл білімінің негізгі салалары бойынша терең білім алуларына жағдай жасалады. «Абайтану», «Мұхтартану» курстары арқылы білім берудің классикалық сипаты қамтамасыз етіледі. 8 және 9-сыныптардан бастап оқушыларға болашақ мамандықтарына сәйкес жеке бағдарламалар бойынша білім беріледі. Әр сыныпты бітірушінің моделі жасалынып, онда қазақы бітім, отаншылдық, елжандылық, ең­бексүйгіштік, қайсарлық, білімділік, мәдениеттілік, т.б. айқындалады. Егер республикада қазақ мектептерінің «ұлттық моделі» жасалынып, оны айқындаудың өлшемдері белгіленген болса, біз жұмыс жүйемізді ұсынуға дайынбыз – «Ертеңін ойламаған ел азады» дейді халық даналығы. Барын бағалап, үмітін үкілеп, ұрпағына саналы білім беру жүйесін қа­лыптастыруда жергілікті жердің инфрақұрылымын жетілдіруде қан­дай істер атқарылуда? – «Жас келсе іске» деген қағида Шиелі ауданының әкімі Нұрлы­бек Машбекұлы Нәлібаевқа арналып айтылғандай. Басқарудың осы заманғы теориясы мен технологиясын жетік меңгерген, жігерлі, іскер, жаңашыл жас басшы 2008 жылдың басында Шиелі ауданына әкім болып келген күннен бастап, білім саласының барлық буындарының ин­фрақұрылымдарын жетілдіруге көп көңіл бөлді. 2009 жылдың өзінде «Жол картасы» бағдарламасы аясында 8 мектеп, 7 балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, білім мекемелерінің материал­дық-техникалық базалары біршама жа­ңартылды. Өткен екі жылда жыл сайын 1 мектеп, 1 балабақшадан жа­ңадан пайдалануға беріліп, білім мекемелеріне деген халықтың сұ­ранысы қанағаттандырылды. Биыл­ғы жылы да жаңадан 1 мектеп, 1 балабақша балаларға есіктерін айқара ашпақшы. «Балапан» бағдарламасы аясында сұранысы үлкен жерлерде балабақша құрылысын жүргізу, ескі ғимараттарды әрлеп іске қосу, мектептерден шағын орталықтар ашу, жеке балабақшалар жұмысын ұйымдастыру, мектептер­дегі даярлық сыныптарының жұмысын жақсарту арқылы мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен түгел қамту шаралары ойдағыдай жүргізілуде. Шиелі ауданы ауылшаруашылықты ауданнан өндірісті ауданға айналды. Келесі кезекте аудан басшылығы мектептерді жаратылыстану-математикалық пән­дерді тереңдетіп оқыту арқылы білім берудің сапасын жақсартуға көңіл бөлуде. Сол арқылы өндіріске қажетті мамандарды сырттан шақырмай жергілікті жастардан да­йындау мә­селелері ойластырылуда. Білім беруге бөлінетін қаржының көлемі ұлғайтылды. Физика, химия, биология кабинеттері жабдықталды. Нәтиже де көп күттірген жоқ. ҰБТ қорытындысы бойынша 2008 жылы бірде-бір «Алтын белгі» шықпаса, биылғы жылдың қорытындысымен 12 «Алтын белгі», 2 «Үздік аттестат» иегері шықты. – Оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Жаңа оқу жылында­ғы жағымды жаңалықтарға, басты ерекшеліктерге тоқтала кетсеңіз... – Сара Алпысқызы Назарбаева­ның басшылығымен жасалынып, он шақты жылдан бері республиканың барлық аймақтарында сынақтан өт­кен рухани-адамгершілік білім беруді көздейтін «Өзін-өзі тану» пәні жеке пән ретінде 1-11-сыныптарда оқы­тылмақшы. Аталған пән 4 жылдан бері біздің мектепте де сынақтан өтуде. Пәнді оқытудың мақсат-мін­деттерімен жан-жақты таныссаң, оқу-әдістемелік кешенін зерделесең, оқыту әдістемесіндегі өзгешелеліктерді ұғынсаң, бұл пәннің республика ақыл-ойының үлкен жетістігі екендігіне көзің жетеді. Ғылыми-әдістемелік ұжымның он жылдан бергі талмай ізденісінің жемісі екендігін сезінесің. Сезінесің де жаһандану жағдайында қазақ ұлтын сақтап қалудың тиімді жолы деп түсінесің. Сара Алпысқызының тек қана қарапайым қазақ әйелдерінің бірі емес, ұлтының болашағына алаңдайтын жарқын ой иесі екендігін, жан дүниесі кіршіксіз таза, рухани болмысының бай екендігін көресің. Осы кісінің бастамасын шынайы түрде қолдап, жұмыс жасау керек. Әңгімелескен Анар Дүйсенбайқызы

2597 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы