• Тарих
  • 01 Қыркүйек, 2010

Қилы кезең және қайраткер 1929-1934 жылдары РКП(б) Қазақ өлкелік партия комитетінің II хатшысы болған Ізмұхан Мұқашұлы Құрамысов туралы сыр

Әдетте еліміз бен халқымыздың тарихы туралы айтқанда, нұрлы өткенімізді ғана айтып немесе бүгінгімізді марапаттап, азалы кешегімізді ұмыт қалдыруға болмайды. Өйткені бұл екі кезең бір-бірімен сабақтасып өріліп жатқан қоғамымыз бен ондағы адамдар өмірінен құрылғандықтан, жекелей қарастырылмайды. Олай болса, туған республикамыздың өткендегі ескі тарихы да, бүгінгі жаңа тарихы да қазақ қайраткерлерінің өмірімен тығыз байланысты. Қазір заманымыз өзгеріп, Ұлы Қазан төңкерісі деп аталып келген төңкеріске, оның нәтижесінде қол жеткен жетістіктерімізге топырақ шаша бастадық. Алайда оған біржақты ғана баға беріп, соның нәтижесінде қолымыз жеткен жеміс-жеңістерімізді ұмытуға хақымыз жоқ.

Тағдырдың жазмышы мен озмышы отызыншы жылдарға сәйкес келген қайсыбір тұлғаларымызды алсақ, олар­дың өмі­рінде айқыш-ұйқыш жолдар көрінеді. Қазақ­тың атадан балаға мирас болған әдет-ғұ­рып, салттары мен дәстүрлері, Қазан төң­керісі орнатқан жаңа тәртіптермен Үркер мен Айдай «тоғысып» шартпа-шұрт бол­ған сол замандардың ақтаңдақ беттері тек арада сексен жыл уақыт өткенде ғана аз-аздап анықталуда. Бұл орайда Кеңес үкі­метін орнату жолында омырауын оққа тос­қан, келер ұрпақ болашағы мен бақыты үшін шыбын жандарын қиып, қандарын төккен аяулы ағаларымыз бен апаларымыздың өшпес есімдерін есте сақтау міндет. Сондай жандардың бірі – белгілі қоғам қайраткері Ізмұхан Мұқашұлы Құрамысов. Ол Ақтөбе губерниясы, Ақбұлақ уезі, Тұзтөбе болысы, Томарөткел ауылында 1896 жылы дүниеге келген, ал 1910 жылы орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін қаражат тапшы­лығынан оқи алмады. Сөйтіп жүріп, 1916 жылдың қыркүйегінде Ізмұхан көптеген өз қатарластары секілді Орынборға тыл жұмысына алынды. «Басқа түссе баспақ­шылсың» демекші, қасапханадағы ауыр еңбек бір сәт тыныс алуға мұрша бермейтін. Сонда да болса ол білімін көтеруін тоқтат­пады. Айлық табысының аздығына қарамас­тан алымды жігіт Орынборда шығатын төрт газетті түгелдей жаздырып алды. «Бірақ бұл оқу, кейін ойлап отырсам, бей-берекет бірдеңе болған екен, – деп жазды Құрамысов кейіннен өмірінің бұл кезеңі туралы, – қолымызға түскенді оқи беріппіз». Жас жұмысшы үшін өмірдің өзі ең бас­ты ұстаз болды. Бұл кезде оның саясатқа ынтасы ауа бастайды. Олай болуы заңды да еді. 1917 жылдың оқиғалары әркімнен іс-қимылды талап етті. Қазақ төңкерісінен соң, Ізмұханның санасына «большевиктер», «партия», «Ленин» деген сөздер берік орнықты. Жалғыз Ізмұхан ғана емес, бүкіл қазақ даласы бұл кезде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды шын жүректен қабылдаған еді. Әрине, ол кезеңнің қиыншылығы да аз емес болатын. Ел экономикасы дағдарыс құшағында, аштық, жалаңаштық және бар. Алайда бұл кедергінің бәрін жою үшін жаңа өмір орнату ісі қызу жүріп жатты. Оның қайнаған ортасында Ізмұхан Құрамысов та жүрді. Өз ауылына қайтып оралған ол кедей жастарын топтастырып, мәдени-ағарту үйірмелерін ұйымдастырды. Өздері пьеса жазып, бай-болыстарды сынайды. Өзгелерге жетекші бола жүріп, Ізмұханның өзі де шыңдалады. Көп ұзамай ол Тұзтөбе болыстық атқару комитетінің хатшысы, одан соң төрағасы болып сайланады. Ол енді жаңа өмір орнатудың мәнін толық түсінетін азамат дәрежесіне жеткен-ді. Алған білімі мен жинаған тәжірибесі оны биікке көтеріп, абыройға бөледі. 1921 жылы большевиктер партиясына қабылданды. Мұндай сенім оны жаңа істерге жігерлендіре түседі. Ал күтіп тұрған іс өте көп еді. Сол жылдың күзінде жас коммунист Ақбұлақ уездік атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Көп кешікпей ол партия жұмысына жоғарылатылып, Ақтөбе губерниялық партия комитетінің нұсқаушысы, содан соң ұйымдық-партиялық бөлім меңгерушісінің орынбасары болады. 1924 жылдың мамыр айында Ізмұхан Құрамысовтың өміріндегі елеулі кезең басталады. Ол қазақстандық IV партия конференциясында РКП(б) облыстық комитетінің хатшысы болып сайланады. Конференция оған ауыл кедейлерінің бұқаралық Жарлы одағын ұйымдастыру комитетін басқаруды тапсырды. І.Құра­мысов бұған қоса РКП(б) Орталық Ко­митетінің нұсқауымен обкомның жанынан құрылған Қазақстан партия ұйымына Жетісу және Сырдария облыстарын қосу мәселелерімен айналысатын ұйымдастыру бюросына да жетекшілік етеді. Қазақ жерлерін советтік республика шеңберінде топтастыру ісінің аяқталуы республика коммунистерінің алдына жаңа күрделі міндеттер қойды. Бұл міндеттерді Қазақстан өлкелік V партия конференциясы нақтылап берді. Конференция республика коммунистерін осы заманғы өнеркәсіпті құруға бағыттап, ауыл шаруашылығын, мәдениетті дамыту мәселелерін айқындады. Конференциядан кейінгі пленумда І.М.Құрамысов өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. 1932 жылдың 17 қыркүйегінде Ор­та­лық комитеттің «Ауыл шаруашылығы және соның ішінде Қазақстандағы мал шаруашылығы туралы» тарихи қаулысы жарық көрді. Онда Қазақстанның партия ұйымдары үшін нақты бағдарлама белгіленген еді. Осы қаулы қабылданған тұста БК(б)П ОК-нің республикадағы ұйымдастырушылық-партиялық жұмыс­тың жағдайын тексеруге бағытталған ұйымдық мәжілісі жүріп жатқан болатын. Онда Қазөлкекомның бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннің және бірқатар облыстық және аудандық парткомдар басшыларының баяндамалары тыңдалды. Мәжілісте ауыл шаруашылығындағы жағ­дайдың нашарлығы атап өтілді. Орталық комитеттегілердің пікірінше: «Мұның басты себебі – жер-жерлерде партиялық және бұқаралық жұмыстардың нашар жүргізілетінінен. Партия ұйымдарында әкімгершілік жұмыстардың басымдылық алып кетуінде». Осы аралықта Қазақстандағы ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде белгіленген шаралардың орындалуын тезірек қамтамасыз ету үшін Орталық Комитет «Қазақстанның партия ұйымын тәжірибелі партиялық мамандармен кү­шейту керек» деп шешті. Еліміздің осынау орасан зор аймағын басқару үшін жан-жақты қабілетті, шаруашылық мәселелерін терең түсіне алатын, шығармашылықпен ойлай білетін басшы, еңбеккерлерді біріктіріп, алға қойылған міндеттерді табысты орындауға бағыттай алатын бұ­қараның партиялық көсемі қажет еді. Таңдау БК(б)П Орал обкомының екінші хатшысы Л.И.Мирзоянға түсті. Оны Қазақ өл­келік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне өсіру оған БК(б)П ОК-нің және И.В.Сталиннің жеке өзінің артқан сенімі болатын. Бұл Левон Исаевичті жігерлендірді. Мұндай биік лауазымға тағайындауды Левон Мирзоян күтпеген де болуы мүмкін. Бірақ өз тағдырының тосын бұрылыстарына әбден дағдыланған ол жаңа қызметті партия ісіне шын берілген күрескерге тән дайындықпен қабыл алды. Левон Мирзоян республиканы, оның экономикасын, адамдарын, оның тарихы мен мүмкіндіктерін мұқият оқып, зерттеді. Қалаларды, селолар мен ауылдарды аралады, жұмысшылармен және ұжымшаршылармен кездесіп, әңгімелесті. Республика өте ауыр жағдайды басынан кешіп жатқан: ұжымшарлар мен кеңшарлардағы егіс жұмыстары, әсіресе, мал шаруашылығы құлдыраған жағдайда болатын. Мұнда ұжымдастыру қазақтардың көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық тұрмысын бірден отырықшылдыққа көшірумен қатар жүргізілді. Өкінішке орай, Қазақ өлкелік партия комитеті, оның хатшылары Ф.И.Голощекин мен І.М.Құрамысов ұжымшар құрылысын қалайда тезірек аяқтау үшін асыра сілтеулерге жол беріп алды. Көптеген көшпелі және жартылай көшпелі әрі патриархалдық-феодалдық қатынастар басым мал шаруашылығы аудандарында кооперативтік алғашқы түрі – жерді бірігіп өңдеу серіктестік­терін құрудың орнына күшпен ауыл шаруашылығы артельдерін құруға асықты. Ұлы қазақ даласын мұз лебімен қарыған трагедия жалғасып жатты. 1933 жылы халық өте қатты ашықты: азық-түлік көмегі жетімсіз болды. Бұл ұжымшаршылар еді, ал «жекешелер» болса, олардың жағдайы мүлде аянышты... Ана байғұстар үйіне бір уыс дән болса да, әкелуге тырысты. Бірақ «Үш бас дән туралы» заң бойынша сотқа тартылды, тіпті кей жағдайларда қорқынышты шулы қол шапалақтаулармен ату жазасына да кесілді. 1933 жылдың 10-16 маусымында БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің кеңейтілген VI пленумы болды. Бұл – Л.И.Мирзоянның басшылығымен болған бірінші пленум еді. Онда «Ауыл мен мал шаруашылығын дамыту туралы» басты баяндаманы республика Халық Комиссарлар Кеңесінің (Совнаркомының) төрағасы Ораз Исаев жасады. Ол «бұрынғы басшылықтың» өкілі ретінде пленумның алдында ашаршылық пен жұт қасіреттерінің себеп-салдарлары мен оған басты кінәлілер туралы айтып, есеп беруге тиіс болатын. Шындығына келсек, дәл осындай есеппен «ашаршылықтың басты прорабы» – Голощекиннің өзі сөйлеуі, қатал үкімге ұшырауы керек еді. Ораз Исаев пленумда жан-жақтан жауған соққының бәрін – бұрынғы басшылыққа деген наразылық пен қарсылықты да, Голощекиннің «оң қолы» ретінде өзінің атына айтылған сынды да жалғыз өзі қабылдап алды. Пленумға қатысушылар өздерінің сөздерінде ұжымдастырудың шапшаң қарқынына жетеміз деп орынсыз асығушылыққа, асыра сілтеушілікке, көзбояушылыққа жол берген Ф.И.Голощекин мен І.М.Құрамысовтың, олардың төңі­регіндегі бұрынғы басшылықтың жұмыс әдісін қатты сынға алып, бұған қатысты көптеген келеңсіз фактілерді көпшілікке жасырмай айтты...

Голощекин геноциді: кім кінәлі? ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің аштық жылынан кейін өткен пленумының стенограммасынан үзінді Бесінші мәжіліс (1933 жыл. Шілденің 12-сі. Кешкі мәжіліс) Голюдов (мәжіліс төрағасы): Сөз Исаев жолдасқа беріледі. Исаев: Былтыр, 1932 жылы тамыз айында, Қазақстандағы кемшіліктер, оның негізгі себептері туралы Орталық Комитетке үлкен хат жаздым. Бұл хат кемінде бір жыл кешігіп жазылса да негізінен дұрыс болды дей аламын. Хатта мен колхоздастырудың қарқыны, әдісі, ұлы орыс шовинистігі туралы, ұлт саясатын бұрмалаушылық жайлы айттым. Орталық Комитетке жазған хатымда тағы да қыркүйектің 17-сіндегі қаулыға деген өз көзқарасымды баяндадым. Онда бұл қаулыға Голощекин, Құрамысовтың көзқарастарынан өзгеше баға беріп, бюроның Құлымбетов, Сәдуақасов сияқты мүшелерінің де пікірлерін көрсеттім. Мұның бәрін айтқанда кінәмді кемітіп, кешірім сұрамақ емеспін… Исаев (мәжіліс төрағасы): Сөз Сәдуақасов жолдасқа беріледі. Сәдуақасов: Орталық Комитеттің қыркүйектің 17-сіндегі қаулысының тарихи мәні өте зор болатын. Ол саясаттық қателерімізді бетке айтқан еді. Өздеріңізге мәлім, сол қаулының да өңі айналдырылды, ол да бұрмаланды. Меніңше, бұрынғы басшылық оны әдейі өзіне тиімді етіп түсіндіруге тырысты. Бірсыпыра документтер, ішінара жекелеп көрсетсек, Құрамысұлы Ізмұхан жолдастың баяндамасы бұған толық айғақ бола алады. Мәселен, ол өзінің баяндамасында: «Өлкелік комитеттің ұстаған жолын ақтап, қорғап әрекеттенуімнің қажеті жоқ, өйткені оны Орталық Комитеттің өзі де дұрыстап отыр», – деді. Осыдан кейін, Құрамысұлы жолдас: «Мақтауға келгенде Орталық Комитеттің сараң екендігі өздеріңізге мәлім ғой», – деп тағы бір ескертіп қойды. Сонымен не керек, өлкелік комитеттің теріс, қате жолына тоқтау салған қаулыны бұрынғы басшылық «бұл – біздің ұстаған бағытымызды қуаттаған шара» деп қалың бұқараға да, партия ұйымына теріс түсіндірді… …Құрамысұлы мен Голюдов жол­дас­тар басшылықты ауыстыру жөнінде­гі Орталық Комитет қаулысын өздерін­ше ұғындыруға тырысты. Бұл жолдастар бұрынғы басшылықтың қателерін әбден саралап, толық ашып айтқан емес… …Қазіргі әңгіменің түйінді жері сол, жолдастардың қателерін тілмен емес, нағыз іспен толық мойындауында. «Қатеңді мойындадың ба десеңіздер, мен өзім әбден мойындадым деймін. Ораз да мойындады деймін. Ал Құрамысұлы мен Голюдов мойындады» деп айта алмаймын. Бұл жолдастар жіберген қателерін тереңірек, істеген ағаттықтарын түбінен қопара отырып мойындауы керек, асылы, шынайы сөзі керек. Олай етпеген күнде өлкелік комитеттің, Мирзоян жолдастың берекелі жұмыс істеуі қиын болып шығады. Мұны осы жерде жасырмай айтуды парызым деп санаймын… Жетінші мәжіліс (1933 жыл. Шілденің 13-і. Кешкі мәжіліс) Гусев (мәжіліс төрағасы): Сөз Құра­мысов жолдасқа беріледі. Құрамысов: Жолдастар! Мен Исаұлы Ораз жолдастың баяндамасында бола алғаным жоқ; сонда да оның стенограммасымен танысып шықтым. Енді өзімнің айтып өтуім міндетті болған мәселелерге тоқталмақшымын. …Мен өзгесінің бәрін былай қойғанда, ескі басшылықтың ұстаған жолын көпке әйгілеп, түсіндіруші, ерекше бір айғайшы болдым. Бұл мәселелерді мен өзге жұрттың бәрінен көп те, белсендірек те, жиірек те, қателесіп те қойып отырдым (жұрт күледі). Мұны ашып айту борышым деп білемін. Мұнымен қатар мынадай жайға да тоқталып өтуім керек: мен өзім істеген істің бәрін тексеріп, барлап қарағанымда қателерімнің бәрі де өлкелік партия комитетінің бұрынғы басшылығының ұстаған жолынан туып отырған екен. …Менің қателерім неден туды? Алдымен мен Голощекин жолдас­ты қателеспейтін, жаңылыспайтын ке­меңгер адам деп білдім, кейде жеке мәселелерде терістік бадыра­йып тұрғанда бюроның өзге мүшелері секілді өз көзқарасымды мықтап ұстап, соған тиянақты болуға жарай алмадым… Бюроның өзге мүшелері де менің қателерімді көре тұра, бұл жаңсақтық­тар туралы ешнәрсе деген емес. Сонымен ол қателерім бұрынғы басшылықтың қателерінен туып отырған қателер болды. Мұнда логика бары анық. …Мал шаруашылығы, колхоздастыру, отырықшыландыру, мәдени құры­лыс мәселелерінің қай-қайсысындағы қателеріміз болса да, солардың ішінде ерекше жері қайсы? Менің ойымша, біз ұлтшыл элементтермен өте белсенді түрде күресіп отырдық, бірақ ұлы орыс ұлтшылдығына қарсы күресуіміз көрер көзге тіптен жеткіліксіз болды. Рас, мұнымен күреспедік деп айта алмаймын, өйткені ұлы орысшылдықтың өзі басты қауіп қой, бірақ күрескенде оған сойылды баса, батыра сілтегеніміз жоқ. Бұл қателіктерім үшін мықтап сынап, бет-беделіме қарамай ұрысуларыңызға әбден болады, көңілі қалады екен, өкпелейді екен деп қаймығудың керегі жоқ… …Қазақстанның қазіргі күйіне мен де жауаптымын: Қазақстан малының кеміп, жекелеп айтқанда, көшпелі, жартылай көшпелі қазақ шаруаларының қолындағы малының азайып кеткен­дігіне толық жауапты адамдардың бірі – менмін. Бірақ өз басымды күйттеу үшін апатқа килікпей болмайды деген секілді тап жауының теориясына мен ешқашан берілгенім, ергенім жоқ. Біздегі орасан зор қиыншылықтарға біз кінәліміз, ол қиыншылықтарға біздің қателеріміз себеп болды. …Енді мына мәселеге келейік. «Бізден Орталық Комитет дұрыс хабар ала алмады» деген жолдастардың сөзінің жаны бар деп білемін. Бұған дәлелім – жаңа басшылық Москваға мән-жайдың бәрін түгел ашып айтып бергеннен кейін Орталық Комитет Қазақстанға мықтап болыса бастады. Ол жерге дұрыс хабар ертерек жетсе, Голощекинді де, бізді де ертерек орнынан алар ма еді, қайтер еді. Бұл жерде бір нәрсе айқын. Олар сонда қарайласып, көмекті әлдеқашан ертерек бастаған болар еді. Кінәнің көптігінің өзі де осы арадан кеп шығады, былайша айтқанда, бұрын істеп қойған қате онан сайын тереңдей берді. Ораз жолдас болмаса Орталық Комитетке мән-жайды түгел ашып айтуға Голощекиннің де, өзге жолдастардың да ерлігі жетпеген болып шықты. Менің бұдан шығаратын қорытындым мынау: өлкелік партия комитетінің бұрынғы басшысы Орталық Комитеттің қыркүйектің 17-сіндегі қаулысын жүзеге асыруға жарай алмады. Ол документ өлкелік комитеттің жолының дұрыс еместігін нұқып көрсеткен қаулы еді. Бірақ біз сондағы көрсетілген қателердің бетін ашпай, бүркеп, қымтап қойдық. Демек, өлкелік комитеттің бұрынғы аппараты Орталық Комитеттің жоғарыдағы қаулысын жүзеге асыруға келгенде көз­бояушылыққа жол берді. Өз басымнан кеткен кемшіліктердің көбін осы сөйлеген сөзімде айттым ғой деп ойлаймын, ал одан да көбін, денін өзара сын ретінде өзге жолдастардың көмегімен ашып, табармыз деп білемін. Реті келген соң ескерте кетейін, жоғары­да айтып өттім ғой, ол қателер негізі­нен алғанда иә бұрынғы басшылық­тың жолынан туған, иә теориялық білім деңгейімнің жеткіліксіздігінен бол­ған деген тұжырым жасағым келеді. Жолдастар, менің қазіргі ірі қатем­нің бірі – мен өз кемшілігімді, бұрынғы басшылықтың кемшіліктерін көрсетіп, жұрт алдында әлі күнге дейін ашық мойындамадым. Рас, мен бұл жайында жиналыстарда, атап айтқанда, осы Ал­матыдағы кейбір басқосуларда ішінара айтқаным бар. Бірақ салақтықтың салдарынан солардың ешқайсысы баспа­сөз жүзінде шыққан жоқ, өзге партия ұйымдарының құлағына шалынған жоқ. Сондықтан осы жағын ерекше ескерту­ді қажет деп тауып отырмын. Өйткені «Құрамысұлы риза емес екен» деген әртүрлі сыбыстардың қайта қозуына мұндай нәрсенің өзі жол беруі мүмкін. Мен мынадай жайды ашып айтып өтуді өзімнің борышым деп білемін: жаңа басшылығымыз, оның ішінде Мирзоян жолдас Қазақстанның қазіргі хал-жағдайын өте тез көре білді; бұрынғы басшылық қателерінің неден кеткенін тез аңғарды, олқылықты жоюға, әлгі кемшіліктерді іс жүзінде түзетуге тез кірісті. Осының нәтижесінде Орталық партия комитетіне дұрыс хабар жетті, соның арқасында Орталық Комитет жақсы жәрдем де көрсетті, бұл жәрдем ақтық жәрдем емес, тұңғыш көрсетілген жәрдем. Әрине, әлі де істелмеген іс көп, әзіргі істер ілгергі істердің алды ғана. Мирзоян: Дұрыс айтасың. Құрамысов: Менің ойымша, алда әлі де талай қиын міндеттер бар. Ол қиыншылықтарды жою үшін Мирзоян жолдас бастаған жаңа басшылықтың төңірегіне жиналып, соған мықтап ұйысуымыз керек. Білекті сыбанып тастап, сөзбен емес, нағыз іспен осы басшылыққа мықтап көмектесуге тиіс­піз. Мен өзім осыған түгелімен то­лық бекініп, белімді бекем буындым. Алдымызда тұрған қауіп қандай? Алдымызда тұрған қауіп асыра сынап жіберу, жеке адамдарға тіл тигізу, абыройын төгіп, беделін түсіру емес, алдымызда тұрған қауіп ­– өзара сынның мәнісін, маңызын кешіріп, оны өтімсіз, тоғышарлық мылжыңға айналдырып жіберу қаупі. Шымкент қаласындағы партия белсенділерінің жиналысында осы жайт анық байқалды. Өзара сын өткір болсын, көздеген жерге тиетін тура болсын, ешкімнің бет-бедеріне қарамасын. Мен өзім сондай сынды жақтаймын (қол шапалақтау). Сегізінші мәжіліс (1933 жыл. Шілденің 14-і. Таңертеңгілік мәжіліс) Гусев (мәжіліс төрағасы): Сөз Құлымбетов жолдасқа беріледі. Құлымбетов: Жолдастар! Мен 1926 жылы Қызылордада болған ІІІ пленумнан соңғы өлкелік комитеттің екінші тарихи пленумы осы пленум деп айта аламын. ІІІ пленум Қазақстан ұйымын жегідей жеп, кері сүйреген жікшіл, оңшыл, солшыл уклондармен күресудегі ірі, маңызды саясаттық іс болса, қазіргі VI пленумда ауыл шаруашылығы, ауылдың жай-күйі, бұған бұрынғы басшылықтың істеген қателері көп сөз болып отыр. Бұл – өте дұрыс әңгіме. Өйткені ол кемшіліктердің бетін ашпасақ, олардан қорытынды шығармасақ, қатенің өзін түзей алмаймыз, ол олқылықтардың зардабын жоя алмаймыз. Мен де өлкелік комитет бюросының мүшесімін. Мен де Голюдов пен Құ­рамысұлы секілді қызметшімін. Бірақ: «Арбакештің атындай» болдым, не бұйырса соны ғана істедім. Айып­тың бәрі Голощекин мен Исаевта. Бізде кінә жоқ», – дей алмаймын. Ашы­ғын айта­йын, Голюдов және оны жақ­тау­шылардың: «Біз бала емеспіз, қатені істеп кеткен – басқалар. Біз айтқанды орындаушы ғана болдық», – деуінің өзі – адалдыққа сыймайтын сөз. Менің ойымша, баяндама жасаған Ораз жолдас та, жарыссөзде сөйлеген басқа жолдастар да, олардың ішінде Пинхасик, Сәдуақасұлы, Сегізбайұлы және бас­қалары қателерді, олардың себеп­терін саясаттық жағынан дұрыс талдап берді. ...Саясатта бәріне де дер кезінде үлгеріп тұру керек. Әйтпесе жырық астаудың басында қаларың даусыз нәрсе. Ал оның басында қалғанша, өз басыңды жарғаның игі деп білемін. Ізмұхан Құрамысұлы жолдас бұл бағытта қатені көп жібергендігін, қатені дәл өзіндей көп істеген қазақ коммунисі жоқ екендігін айтты. Оның бұл сөзі – рас сөз. Осы жағынан алып қарағанда ол Голощекиннен кейінгі екінші адам болды. Өйткені ауылда жолсыздық болып жатыр деген сыбыс естілсе, аудан ұйымдарынан осы туралы бір хабар келсе Голощекин алдымен Ізмұханмен ақылдасатын. Көбінесе сол екеуі бір-бірінің көңілін жұбатып: «Мұның бәрі де байдың қылығы, кейбіреулердің ісі», – деп қоя салатын. Елден түскен ондай хабарлардың бірде-біреуіне ешқандай мән бермейтін. Ізмұхан бұл жөніндегі айыбын дұрыс мойындады. Өзінің жауаптылығы ешкімнен кем еместігін, қайта Ораздан анағұрлым көп екендігін айтты. Ораз және басқа жолдастар Голощекиннің пікіріне қосылмаған уақытта Ізмұхан ылғи бірінші хатшы жағына қарай жығыла кететін еді. Ол сонда: «Мұның өзі сендердің қиыншылықтан қаймыққандарың, бұл Кеңес мекемелеріне ұлтшылдардың ықпалы жүре бастағандығының салдары», – деп жеңістік бермейтін. Алайда Ізмұхан жолдастың еңбегі сол, ол кеш те болса өз қателерін мойындауға мықтап тырысып көрді. Осы пленумдағы Голюдов жолдастың сөйлеген сөзіне тоқтала кетейін. Ол өзін саясат басындағы адам емес сияқты етіп көрсетіп, Голощекиннің қалқасына тығыла берді. Бұл дұрыс емес. Олай дейтінім, өлкелік комитеттің хатшысы Голюдовтың жауапкершілігі, елді азық-түлік, ке­рек-жарақ заттармен қамтамасыз ету жөніндегі жауап­тылығы өлкелік ко­митеттің өзге хатшыларынікінен, мә­селен, Ізмұханның және басқалардың міндетінен бір де кем емес. Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз екеуміз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. Пленумнан кейін обком хатшыларының арнаулы мәжілісін шақырайық, сонда олардың ауылдың қамын жемей отырғандарын айтайық дедік. Әрине, бұл бағытта Шығыс Қазақстан обкомы там-тұмдап, Батыс Қазақстан обкомы ептеп жұ­мыс жүргізгені болмаса, басқалары ауылдың халін оңдау қамын ойламай отыр дедік. Осының бәрін обком хатшыларының өздеріне әдейілеп ескертейік деп қолқа салдық. Амал не, мұндай мәжілістің шақырылу қажеттігіне Голощекиннің көзін жеткізу өте қиын болды. Ақыры оның бізге айтқан сөзі мынадай болды: «Маған не қыл дейсіңдер. Көшпенділік – бұл елдің ежелгі тұрмыс-салты. Мұны бір мәжілісте сөз еткенмен, оны тоқтата аласыңдар ма?» дегені ғой оның. Қайдағы ежелгі салт десеңізші? Қазақ малын айдап, дүние-мүлкін артып алып, көшіп жүрсе бір сәрі. Ал енді тамақтан тарығып, аштықтан азып-тозып, қала-қаланы, теміржол станцияларын, базар-базарды кернеп тентіреп жүрсе, ол ежелгі тұрмыс-салт емес, қиыншылықтан ғой. Ежелгі тұрмыс-салтымен мұның үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық. Бірақ амал нешік, сонда да Голощекиннің оң тізесін басып отырған Ізмұхан жолдас та бұл мәселені нағыз большевикше қоя алмады, Голощекинге осының мәнісін жақсылап түсіндіре білмеді. Бұл мәселе тіпті болмағаннан кейін осының бәрін Орталық Комитетке жеткізетіндігімізді аңғарттық. Ақырында мәселе бюроға келіп тіреліп, онда сөз болған жай нағыз саясаттық тұрғыдан күн тәртібіне қойылды. Обком хатшыларының ішінде Беккердің өзі болып бұл мәселемен айналыспағанын, ауылдың халін оңдауға енжар қарағанын мойындады... Атау көрсеткіші С.Т.Голюдов – ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы. А.Н.Гусев – ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы. О.Ж.Исаев – Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы. І.М.Құрамысов – ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы. Ұ.Ж.Құлымбетов – Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары. («Социалды Қазақстан», 1933, 12-14 шілде). ...Бұл кезеңдегі осынау маңызды істегі өз қателіктерінің ауырлығын Ізмұхан Құрамысов толық мойындады. Бұдан кейінгі жылдары І.М.Құрамысов ВКП(б) Батыс Қазақстан облыстық комитетіне басшылық етті, рес­публика жеңіл өнеркәсіп халық комиссарларының бірінші орынбасары, Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары болды. Өлкелік партия конференцияларына, Қазақстан Компартиясының І съезіне делегат болды, ВКП(б) ХVI съезіне, ХV, ХVI Бүкілодақтық партия конференцияларына қатысты. Қуғындалған. 1937 жылғы қазанда тұтқындалған. 1938 жылы ақпанда ату жазасына кесілген. 1957 жылы шілдеде ақталған. Иә, шынында да, Ізмұхан Құра­мысов секілді ірі тұлғалы мемлекет қайраткерлерінің не айыбы бар десеңізші! Осыны ойлайсың, ойлайсың да қапа боласың! Ізмұхан Құрамысовтың және сол заманның коммунистерінің көпші­лігінің трагедиясы мынада: олар өздерінің парасаттылығына, ішкі дүние­сінің соншалықты зиялылығына, қағидашылдығы мен адалдығына қарамастан, олар тоталитарлық дикта­тураның орнатылуына қарсылық көр­сете алмады. Ал бұл бой бермеген үстемшілдік кейін бүкіл елімізді ауыр зардаптарға душар етті. Құрамысов рес­публика партия ұйымы басшылары­ның бірі болғандықтан, ол партиялық тәртіпке бағынуға, бүкіл партиялық аппарат айналысқан мәселелермен жұмыс істеуге және өмір сүруге тиісті болды. Тілеу Көлбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

7083 рет

көрсетілді

94

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы