• Тарих
  • 01 Қыркүйек, 2010

Бауыржанның аяқталмаған туындысы

Өзінің майдандас серігі Мәлік Ғабдуллиннің жазған хаты әсер етті ме, әлде Б.Момышұлының бұрыннан ойлап жүрген ойы болды ма, ол «Москва үшін шайқастың» екінші кітабын жазуды қолға алып, біраз еңбек жасайды. Кітап аяқталмаған. Бұл кітап «Москва үшін шайқастың» екінші кітабы ма? Әлде автор кітапты басқаша жазуды ұйғарды ма? Әлде романның алғашқы нұсқасы ма, ол жағы белгісіз. Қай жылы жазылғаны да белгісіз. «Москва үшін шайқас» романындағы кейіпкерлерге қоса жаңа кейіпкер ретінде Құрманбек Сағындықовтың соғысқа келуімен басталады.

Автор бұл нұсқада да өзі бас кейіпкер бола тұра, уақиғаны 1942 жылғы полк командирі кезеңінен қамтиды. Осыған қарағанда, «Мос­ква үшін шайқастың» жалғасы деген ойға қаламыз. Уақиға желісі үшінші жақтан айтылып, шығарманың бас кейіпкері – Бекболат. Бекболат – Б. Момышұлының өзі. Бұл шығарма жарыққа шыққан жоқ. 1942 жылдың басында Алматыдан бір топ қазақстандық жастар соғысқа аттанды. Олар тура Мәскеу түбінен шегінген жауды қуып бара жатқан әскер бөлімшелерінің қарамағына келіп қосылады. Олардың арасында түрлі мамандық иелерімен қатар өнер адамдары да бар болатын. Опера театрының директоры, тағы сол сияқты Бәукеңнің соғысқа дейінгі досы Құрманбек Сағындықовтар осы топпен Мәскеу түбіндегі соғысқа келеді. Оларды бөлімшелерге бөліп жатқан тұста Құрманбек Сағын­дықов пен операның директоры Құрмаш Бауыржан Момышұлы басқарған полкке сұранады. Ол кезде Бәукеңнің атағы шығып қалған кез. Ал Құрманбекпен соғысқа дейін дос-жаран болғандықтан хат арқылы байланысып тұрған. Әсілі, сол жазысқан хаттардың пайдасы тиген болуы керек, Қ.Сағындықовты Б.Момышұлының полкіне жібереді де, ал операның директорын басқа дивизияға жібереді. Досы Құрманбекті көрген Бәукең қатты қуанып, оны ешқайда жібермей, үш-төрт күн ауыл-елдің жаңалықтарын естіп, әбден мауқын басады. Сөйтіп, Қ.Сағындықов­ты алғы шепке, соғысқа емес, тылдағы шаруашылықты басқаратын қызметке тағайындайды. Алғы шепке жіберсе, қаңғыған бір оқтан майып болады ма деп, досына аяушылық білдірген Бәукең осындай әрекетке барады. Әрине, Бәукеңнің бұл әрекеті еш кеткен жоқ. Қ.Сағындықов соғыстан аман-есен елге оралды. 1942 жылы соғыста ерлік көрсеткен бір топ қазақстандық жауынгерлерді елге демалысқа аттандырады. Бұл топты дивизия командирінің ұсынысымен Б.Момышұлы басқарып баруға тиіс болатын. Бірақ Бәукең бұл топты басқарып бармайды. Басқалардың қарсылығына қарамастан өзінің орнына Қ.Сағындықовты жібереді. Сөйтіп, Қ.Сағындықов елде біраз уақыт демалып қайтқаннан кейін, Бәукең оны Мәскеудегі бір әскери газетке редакторлық қызметке ауыстырады. Елге келіп бір-екі ай демалған Қ.Сағындықов соғысқа қайта оралғаннан кейін Мәскеудегі қызметіне кетеді. Соғыс аяқталғаннан соң да ол сол басылымда біраз уақыт қызмет істейді. Ал операның директорымен 9-дивизияны басқарып жүргенінде ойда-жоқта кездеседі. Атқосшысы екеуі бөлімшелерді аралап келе жатып, орман арасында үсті-басы алба-жұлба, өзі аш, қасындағы ыдысына өлген аттың тұяғын пышақпен жонып майдалап салып, қайнатып отырған бір адамды көзі шалып, ат басын солай қарай бұрады. Келсе, әскери адам екен. Әскер тәртібімен тұрып, ізет те білдіре алмайды. Бар болғаны бұларды көре салып, қолындағы ыдысын бауырына басып: «Бермеймін, бермеймін», – деп міңгірлей береді. Бәукең жағдайды бірден түсінеді. Былдырлаған тілінен қазақ екенін аңғарып, ала кетуді ұйғарады. Атқа мінгестірейін десе, оның өздігінен отыруға шамасы келмейді. Атқосшысы екеуі екі жақтан әлгі жауынгерді атқа мінгізіп, штабқа алып келіп, есін жинағанша штаб маңында ұстайды. Есін жинағаннан кейін жа­уынгер Бәукеңе өзі келіп, Алматыдан соғысқа Құрманбек Сағындықовпен бірге келгенін, Бәукеңнің полкіне сұранғанын, Қ.Сағындықовты жіберіп, мұны жібермей қойғаны­ның барлығын түгелдей баяндап айтып береді. Енді өз полкіне бармай, осы Б.Момышұлының қарамағында қал­ғысы келетіндігін мәлімдейді. Бірақ Бәукең оны қарамағына алып қалмады. Өз полкіне аман-есен қайтарады. Армия штабындағы мәжіліске қатысып, өз штабына келе жатып, ұзын жолға түсе бергенде госпитальдан шыққан бір жауынгер қолын көтеріп, ала кетуін сұранады. Ойында ештеңе жоқ Бәукең әлгі жауынгерді вилисінің артына отырғызып алып жүре береді. Жолда өз ойымен әлектеніп келе жатқан Бәукең әлгі жауынгерді мүлдем ұмытып, дивизияның штабына жеткен кезде ғана жауынгерді көріп есіне алады. Өйткені жа­уынгер өзі түсетін жерден өтіп кетсе де үндемей отыра берген. Ол Б.Момышұлын танып, не де болса штабқа жеткеннен кейін сөйлесемін деп отыра береді. Штабқа келгеннен кейін Бәукеңнің «Сен неге өзіңнің бөлімшеңе баратын жолдан түсіп қалмадың?» дегеніне ол: «Мен әдейі істедім» дейді. «Мен енді өз бөлімшеме бармаймын. Мен сізден бұрын да өтінгенмін, есіңізге алыңыз» дейді. Сөйтсе, бұл сол баяғы орманда аштан кезіп жүр­ген жауынгер болып шығады. Б.Момышұлының болмайды дегеніне қасарысып тұрып алады. Ақыры, Бәукеңнің орынбасары полковник Шляпин оны жасырын түрде алып қалып, штаб маңынан жұмыс береді. Бәукең бұл жағдайды білсе де білмегенсіп жүре береді. Автор бұдан басқа екінші кітапта өзінің отбасы мен басқа да танитын жақын-туыстары туралы мағлұмат бере келіп, арасында сол кезде қазақ зиялылары мен ел басқарған басшылар туралы да айта кетеді. Негізінен, автор екінші кітапты М.Ғабдуллиннің ұсынысын қабылдап әрі «Москва үшін шайқас» романына кірмей қалған тұстарын енгізгені көрініп-ақ тұр. Алайда автор «Москва үшін шайқас» романында өзін кейіпкер ретінде Б.Момышұлы деп айқын көрсетсе, екінші кітапта өзінің аты-жөнін Бекболат Талғаров деп жасыра көрсеткен. Шығарманы қалай жазамын десе де, автордың өз құқығы. Әйтсе де, бұл шығарма «Москва үшін шайқастың» жалғасы ма, әлде басқа бағытта жазғысы келді ме, ол жағы белгісіз күйде қалып отыр. Б.Момышұлы мен М.Ғабдул­лин­нің арасындағы жазылған хат­тар легі бізге біраз нәрсені аң­ғарт­қандай. Жазылған хаттардан Бәукең мен Мәлік арасындағы бай­ланыстың тым жақын екендігін аңғарғандаймыз. Кей жерде ағалы-інілі, кейде қатар замандастар се­кілді, кей жерде жақын туыстар секілді пікірлесіп, өз ойларын қандай жағдайларда болмасын ор­таға салып отырғандарын байқау қиын емес. Мұхамеджан Кәтімхан, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері

4020 рет

көрсетілді

58

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы