• Әдебиет
  • 15 Қаңтар, 2009

ТҮРК ЖҰРТЫН ЕЛЕҢДЕТКЕН ЕҢБЕК

turk-tarihОсыдан екі жыл бұрын «Қайнар» баспасынан журналист-жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының «Арғы түрктер ақиқаты ізімен» атты ғылыми-зерттеу кітабы жарық көрген болатын. Америка құрлығына өткен түпкі түрктердің тарихын зерделеп, тың деректер ұсынған бұл туынды туралы Түркияның Ыстамбұлда шығатын беделді басылымы — «Түрк дүниесі тарихы» жұрналының 2008 жылғы қазан айындағы санында рецензия жарияланғаны жөнінде оқырмандарды бұдан бұрын құлағдар еткенбіз («Ана тілі», 20 қараша, 2008 жыл). Түрк дүниесінің назарын аударған осы ғылыми-танымдық еңбек туралы рецензияны қазақшаға аударып ұсынып отырмыз.   Арғы түрктер ақиқаты ізімен

Жарылқап Бейсенбайұлы Алматы: «Қайнар» баспасы, 2006. 336 бет Доцент. Доктор Мариям Хакім Кеңестер Одағы құлағаннан кейін, тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстандағы ғалымдар мен жазушылар, тілшілер арасында алдымен Қазақстанды, кейін Орталық Азияны, қала берді, бүкіл түрк жағрапиясы мен тарихын қайта зерттеу үрдісі кең көлемде өріс алды. Бұл зерттеушілердің мақсаты – Кеңестер Одағында түрк халықтары жайлы бұрмаланып жазылып келген тарихты қайта қарап, негізгі шындықты ашып, дәлелдеп беру еді. Ғасырлар бойы бір-бірімен соғысып, бірінің қол астына бірі өтіп келген славян мен түрк халықтары арасындағы жауабы күрделі тарихи сұрақтарға және көне түрктер туралы мәліметтерге сіз Қазақстанда зерттеліп жатқан жаңа тарихи мәліметтерден жауап таба аласыз. Қырғи-қабақ соғыстың қызып тұрған кезі. Кеңестер Одағында тұрып жатқан түрк халықтары славяндарды «үлкен аға» деп мойындап, өздерін өркениетке жетелеген славяндар, оның ішінде орыстар дегенді тарихи шындық деп түсінетін. Алайда дәл осы уақытта Қазақстандағы бір қазақ ғалымының еңбегі жарыққа шығуы жұрттың барлығын селт еткізді. Бұл 1975 жылы жарыққа шыққан Олжас Сүлейменовтың «АЗиЯ» атты кітабы еді. Бұл кітаптың түрк тіліндегі нұсқасы 1992 жылы Ыстамбұлда «Түрк әлемін зерттеу қоры» тарапынан басылып жарыққа шықты. Оның артынша Қазақстанда 1994 жылы Тұрсын Жұртбаевтың «Дулыға», 2000 жылы Қойшығара Салғариннің «Түрік әлемі» атты еңбектері жарық көрді. Бұл екі ғалымның еңбектері сіз бен бізді бұрынғы көне түрктер жайлы тарихи оқиғаларға тереңірек үңіліп, жаңаша көзқараспен қарауға жетелейді. Қазақтар тарих сахнасында 15-16-ғасырларда пайда болды деген пікірлерге қарсы шыға отырып, қазақ ғалымдары өздерінің тарихын сіз бен біз ойлағаннан әлдеқайда арырақта жатқанын археологиялық, этнографиялық, лингвистикалық зерттеулер арқылы дәлелдеу үстінде. Осылайша олар Кеңестер одағы тұсында жазылған түрк халықтары туралы тарихтың мүлде қате екендігін көрсетіп отыр. Қазақ ғалымдары сонымен қатар өздерінің арғы тарихын ғана зерттеп қоймай, бүкіл түрктердің арғы ата тегі прототүркілер жайлы ізденіп, еңбектер жазуда. «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» атты кітап авторы Ж.Бейсенбайұлының зерттеуіне қарағанда, түрк тайпаларының тарихы ж.с.д. 45 000 жылдықтан басталады. Ол әлемдік генетика ғылымындағы кейінгі жылдарда дүниеге келген соңғы жаңалықтарды назарға ала отырып, ж.с.д. 45 000–10 000 жылдар аралығында Беринг бұғазы арқылы Солтүстік Америка құрлығына өткендердің түрк тектес екендігін алға тартады. Бұған дейінгі біраз лингвистикалық зерттеулерде, Америкаға өткен сол жұрттардың тілдері түрк тілдеріне ұқсас екендігі айтылып жүргенімен, ол көбіне мойындала бермейтін. Түрк халықтарының тарихы үш мың жылдың төңірегінен аспайды деп есептеп келген Еуропа тарихшыларының пікірлеріне қазақ зерттеушілері осылайша жауап қайтарады. Кітап авторының дәйектеуінше, түрк тектес жұрттар бұдан 50 000 жылдай бұрын батысы Жерорта теңізі мен шығысы Шығыс Азия, оңтүстігі Қап тауының оңтүстігі мен солтүстігі Сібір тайгаларына дейінгі жерлерді мекендеген. Жарылқап Бейсенбайұлы өз еңбегінде арғы түрктер, прототүрктер жайында айтуға үмтылған. Ол зерттеуінің бірінші бөлімін жалпы түрктер мекендеген аймақтарды сипаттап түсіндіруден бастайды. Жай ғана түсіндіріп қана қоймай, көптеген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері, әлем ғалымдарының ДНК мәліметтеріне қатысты кейінгі жылдарда жүргізген зерттеулер қорытындыларын көлденең тарта отырып дәлелдейді. Екінші бөлімін Орталық Азия, оның ішінде Алтай аймағын мекендеген тайпалардан қалған археологиялық қазба жәдігерлерінің зерттелуі нәтижесіне арнайды. Үшінші бөлімінде «Үндіеуропалық кезеңге дейін Иран мен Түркістанда кімдер тұрып еді?» деген сұраққа жауап іздейді. Әрине, бұл жерде ол ең алғашқы түрктер мен прототүрктер мекендеген аймақтың батысын айтып отыр. Бұл тақырыпта жазушы «шумерлердің» арғы тегіне де қатысты сұрақтарға жауап іздейді. Прототүрктер жайында мәліметтер толық әрі анық болуы үшін соңғы заманауи технологиялармен Шумер, Аккад, Ассирия және Урарту дәуірінен табылған бұйымдарды, жәдігерлерді қайта тексеру керектігін айтады. Журналист-жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы осы төңіректегі зерттеулермен Түркиядағы ғалымдар да айналысқанын айта отырып, Зеки Велиди Тоған, Абдулқадыр Инан, Муххарем Ергин, Фуад Копрұлы, Зия Гөкалптар жайлы сөз етеді. Осы жоғарыда аты аталған түрік ғалымдарының сол кездегі еңбектеріне кеңестік режимнің қолдау білдіре қоймағандығын да жасырмайды. Біз түрік тілінде Скит (Skit) деп айтып жүргенімізді Кеңес тарихында Скиф немесе Сақ (Skif veya Sak) деп айтылатындығын түсіндіре келіп, олардың мағыналарының бір екендігін, арғы тектерінің прототүрктер екендігін пайымдайды. Кітабының 213-ші бетінде сақтардың сөйлеген тілі туралы: «Еуроцентршіл ғалымдар сақ-скифтерді түгелдей парсы тілді болды деп қалыптауға бейіл. Алайда кейінгі жылдарда жүргізілген қайта пайымдаулар бұл тұжырымның түбінде шикілік бар екенін дәлелдей бастады. Сақ-скиф тілдерінен қалды делінетін лексикалық мысалдардың көпшілігін түрк тілдері арқылы да ұғындыруға болады» деген пікірін айтады. «Арғы түріктер...» еңбегінің 4-ші тарауынан Көнешұңқыр мен Ботай мәдениетін қалыптастырушылар прототүрктер екендігіне көзіңіз жетеді. Автордың айтуына қарағанда, бұл тайпалар – көшпелілер мәдениетінің алғаш негізін салушылар. Өйткені Ботай қазбаларында ж.с.д. 3500-2400 жылдарға жататын 70000 жылқының сүйегі табылған. Бұл дегеніміз арғы түрктердің ең алғаш болып жылқыны үй жануарына айналдырғандығын көрсетеді. Жылқыны қысқы соғымға союды да алғаш рет осы Ботай түрктері бастаған. Жайық пен Ертіс арасында созылып жатқан Дешті-Қыпшақ мәдениетінің де бастауы осы Ботай мен Көнешұңқыр мәдениетінің жалғасы. Үндіеуропа мәдениетінің бір тармағы ретінде саналып келген Андрон мәдениеті ескерткіштері бойынан да автор арғы түрктерге тиесілі көптеген сипаттар табады. Сол дәуірде өмірге келген дөңгелекті арба мен жылқыны үй жануарына айналдыру тек қана Орал-Алтай халықтарына тән болғандығын көптеген ғылыми дәйектермен салғастыра отырып байыптайды. Яғни Орал-Алтай халықтары деп тұрғаны – біздің ата-бабаларымыз: сақтар, ғұндар, түркештер. Жарылқап Бейсенбайұлының пайымдауынша, Сынтасты-Арқайым, Петров, Алакөл мәдениеттері ескерткіштерінде де түрк халықтарына тән белгілер жетерлік. Жазушы сонымен қатар Иран мен Тұран арасындағы рухани байланыстардың болғандығын айта келіп, оны тек Зенд Авестаны терең зерттегенде ғана байқауға болатындығын жеткізеді (4-бөлім, 173-214-беттер). Жарылқап Бейсенбайұлының бұл тың көзқарастары мен ғылыми жорамалдары, көптеген зерттеу әдебиеттер деректерін пайдалана отырып дәлелдеулері бүкіл түрк жұрты үшін және кейінгі жастар үшін өте қажет деп ойлаймын. Еңбегінің соңғы бетінде оның былай деп жазғанын атап өткім келеді: «Ал Алтай мен Еренқабырға ендігінің шығысындағы Ішкі Азия жәзиралары әуелден-ақ күмәнсіз бағзы түрктік ұйық жұрт болатын. Ол өңірлер ж.с.д. І мыңжылдықтан ежелгі түрктердің екінші атамекеніне айнала бастады. Сол атақоныстың қақ төрінде кейіннен «Тәңірі текті қағандардың қасиетті таққа отыруынан», «Батыс пен Шығыс аймақты, төрт тарапты түгел қамтыған», «аз халықты мол қылған, шығай халықты бай қылған», бітіктастар бетіне құдіретті поэзияға толы жыр жолдарын түсірген Ұлы түрк қағанаттарының құдіретті өркениеті дәуірледі. Талай мыңжылдықтар тезінен міні мен сынын бұзбай, тарих тұңғиығына жұтылмай, үнемі түрлену, құнарлану үстінде болған киелі түрк тілі содан бері де асқақ қалпынан бір тайған жоқ. Бүгінде ол Эгей теңізінен Лена өзені алабына дейін мекендеген түрк халықтарының ана тілі, 160 миллиондай адам сөйлейтін шүйгін тілге айналып отыр». Түрік тілінен аударған Нұрат ІЛИЯС (Материал үстінен қаралып, терминдер тексерілді, сәл редакцияланды Сәлеммен, Жарылқап)

4830 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы