• Тіл
  • 01 Қыркүйек, 2010

Тіл байлығымыз техникалық терминге де жетеді

Былтыр республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бірнеше санында «Еуразиялық экономикалық қауымдастық» дейтін материал жарық көрді («Егемен Қазақстан» газеті, №438...447, 2009). Осыған орай материалда қолданылған (XVI бөлім, 84 және 85-топтар) кейбір электротехникалық атаулар мен сөз тіркестерінің қазақша тәржімесі туралы өз ұсынысымды білдіргім келеді (Бірінші бағанада құжаттық нұсқасы, жақша ішінде орысшасы, ал екінші бағанада автордың ұсынысы мен пікірі келтірілген):

Гильза, патрон (гильза, патрон) – көзе. Көзе деп цилиндр тәрізді, кішкентай рюмка сияқты ыдысты айтады. Катушка, орауыш (катушка) – шарғы. Тігін машинасының жібін шарғыжіп деп атайды («шарық жіптің» өзгерген түрі болар). «Шарғы» дегені жіп орайтын өзегі, оны ағаштан жасайтын, екеуін қосып, ойыншық арба жасап ойнаушы едік. «Орауыш –наматыватель» ұғымын береді, мысалы, «намоточный станок – орауыш станок». Ауысымдық аспаптар (сменные приборы) – ауыстырымдық аспаптар. Шөтке (щетка) – түкшек. Орыстар щетканы ертеде жабайы шошқаның қылынан жасаған, яғни щетка «щетина – түк, қыл» сөзінің өзгерген түрі. «Зубная щетка – тіс түкшегі», «щетка одежная – киім түкшегі», «щеткалау – түкшектеу», «медно-графитовая щетка – мыс-графитті түкшек». Машиналарға қызмет көрсету (эксплуатация машин) – машиналарды жегу, машиналар жегімі. Эксплуатация (техн.) – жегу,жегім. Эксплуатационные расходы – жегімдік шығасылар. Эксплуатационные потери – жегімдік шығындар. Қуаттылық (мощность) – қуат. Әрине, «мощь – қуат» десек, «мощность – қуаттылық» болады. Бірақ мәтінде қуат деп сөйлеу ыңғайлы болғандықтан, қуат деп айту қалыптасқан. Жұмыс көлемі (рабочий объем (цилиндра)) – жұмыстың көлемі. Дөңгелекті тракторлар (колесные тракторы) – доңғалақты тракторлар. Колесо, шина – доңғалақ. Табақ тәрізді сорғылар (пластинчатые насосы) – қалақты сорғылар. Ортадан тепкіш сорғылар (центробежные насосы) – кіннен тепкіш сорғылар. Кіндік сөзі де центр мағынасында қолданып жүр. «Дік»-ті жалғау деп есептесек, түбірі «кін»-ді техникалық мәтіндерде центр мағынасында қолдануға болады деп есептеймін. Центр (техн.) – кін. Центр окружности – шеңбердің кіні. Центр тяжести – ауырлық кіні. Центральный угол – кіндік бұрыш. Жартылай өткізгіштер (полупроводники) – шала өткізгіштер. Шала өткізгіштер кедергісі диэлектриктер мен өткізгіштердің аралығында жататын материалдар тобы. Егер оларды жартылай өткізгіштер деп атаса, «проводящие на половину» деген теріс ұғым тууы мүмкін. Ось (ось) – өс. Осевые вентиляторы – өстік желдеткіштер. Координатные оси – координат өстері. Осевая линия – өстік сызық. Орағыш материал (оберточный материал) – ораулық материал. Тауар (товар) – сатымал. Сатуға арналған өнім товар деп аталатыны белгілі, ал түрікше товар – мал деп аталады екен. Осы екі сөзді қосып «сатымал» десе, товар сөзінің дәл мағынасын беретін сөз шықпай ма? Товарное производство – сатымалдық өндіріс. Себестоимость товара – сатымалдың өзіндік құны. Сезімталдық (чувствительность (техн.)) – сезгіштік. Пісіру (сварка) — пісірістіру. Сварка сөзіндегі «с» әрпі «соединительная приставка» ретінде қолданылып, екі нәрсені пісіріп, яғни балқытып біріктіру мағынасын беріп тұр, ал «пісіру – варка». Сварщик – пісірістіруші. Сварной шов – пісірістіру тігісі. Электродуговая сварка – электр-доғалық пісірістіру. Контактная сварка – түйістік (түйіскілік) пісірістіру. Электрсіз қозғалтқыштар (неэлектрические двигатели) – бейэлектрлік қозғалтқыштар. Бак (бак) – тенек, мәтей. Қымыз күбісінен қысқа, бірақ одан диаметрі үлкен ағаш ыдысты тенек, мәтей деп атайтын (диалект). Ванна (ванна) – бұлаушын. Ванна адам бұлаулану үшін немесе өндірісте қандай да болмасын бір ерітінді дайындау үшін қолданылатын ыдыс. Оны шылапшын дегендей бұлаушын деп атауға әбден болады деп ойлаймын. Солнечная ванна – күн бұлаушыны. Электролизная ванна – электролиз бұлаушыны, электролиздік бұлаушын. Интегралды сызбалар (интегральные схемы) – интегралдық сұлбалар. Түйіспе (контакт) – түйіскі, түйіс. Контактная пара – түйістік жұп. Контакт-деталь – түйіскі. Электрический контакт – электрлік түйіс. Площадь контакта – түйістік аудан. Электр алаңы (электрическое поле) – электр өрісі, электрлік өріс. Ауыспалы ток (переменный ток) – айнымалы ток. Пештер мен қарсыласу камералары (печи и камеры сопротивлений) – пештер мен кедергілер камерасы. Диэлектрлік ысырап көмегімен материалдарды термикалық өңдеу (термическая обработка материалов при помощи (методом) диэлектрических потерь) – диэлектрлік шығынды пайдаланып, материалдарды термиялық өңдеу. Пластмассаларды кедергімен пісіру (сварка пластмасс сопротивлением) – пластмассаларды ке­дергілік пісірістіру. Металдарды қарсылықпен пі­сіру (сварка металлов сопротивлением) – металдарды кедергілік пісірістіру. Түзетушілермен және түзету құралдарымен пісіру (сварка выпрямителями и выпрямительными устройствами) – түзеткіштермен және түзеткіштік құрылғылармен пісірістіру. Айнымалы резисторлар (переменные резисторы) – реттелмелі резисторлар. Бұл айнымалы ток сияқты өздігінен өзгеріп тұратын шама емес, ол кедергісі автоматтық немесе қолмен өзгертіліп отыратын аспап. Сондықтан реттелмелі деп атаған дұрыс болады. Кіріс және шығыс оптикалық байланысқан тізбектер (входы и выходы оптически связанные цепи) – кірмесі мен шықпасы оптикалық байланысқан тізбектер. Есептегіш машиналар (счетные и вычислительные машины) – есептеу машиналары, есептеуіш машиналар. Вольфрам жібі бар (с вольфрамовой нитью) – волъфрам қылды (қылсымды). Оқшауланған өткізгіштері бар сымдар мен кабельдер (провода и кабели с изолированными жилами) – оқшауланған тарамдары бар сымдар мен кәбілдер. Түйіндер мен агрегаттар (узлы и агрегаты) – құралғылар мен агрегаттар. Узлы деталей – бөлшектер құралғысы. Сборка узлов – құралғыларды жинастыру. Тарту күші (тяговая сила) – тартымдық күш. Тяга – тартым. Тягач – тартақ, тартқыш. Номиналды (номинальный) – номинал. Горизонтал, вертикал, нормал, синусоидал, тангенциал, тағы сол сияқты сөздерге «ды» немесе «дық» жалғауларын қосып айту сөз тіркестерінде өте ыңғайсыздық тудырады және мағынасы да өзгереді. Салыстырыңыз: номинальная мощность – номиналды қуат – номинал қуат; горизонтальная ось – горизонталды өс – горизонтал өс; синусоидальное напряжение – синусоидалы кернеу – синусоидал кернеу. Тізбекті аралар (цепные пилы) – шынжырлы аралар. Электр өзгерткіштер (электрические преобразователи) – электрлік түрлендіргіштер. Күш трансформаторлары (силовые трансформаторы) – күштік трансформаторлар. Идаятолла Мұхитұлы, Қазақ ұлттық техникалық университеті электротехника кафедрасының доценті

4392 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы