• Тіл
  • 01 Қыркүйек, 2010

Көзбояушылық көпке апармайды

Республикамызда «Тіл туралы» Заңның да алғаш қабылданғанына 20 жылдан асып барады. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Біраз шаруалар атқарылды, бірақ шынтуайттап келгенде, әлі де мардымсыз. Мемлекеттік тілімізді барлық салаларға енгізудің жүрісі мимырт, қозғалысы баяу. Сонда «тіл, тіл» деп алқалы жиындарда Шахановты ғана шырылдатып қоймақпыз ба?! Ол – тіл, рух, халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрі дегенде шыбын жанын тәуекелге байлаған жан. Ал сондай адамның бастамалары мен игі істерін біздің кейбір қандастарымыз мойындағысы келмейді. Керісінше, басқа ұлт өкілдері тілімізді үйренуге құлшыныс байқатуда. Биліктегі кейбір космополиттер бұл проблеманы тек сылап-сипап қойғысы келеді, ашық қарсы да келмейді, бірақ іштей қарсылық тудыртып, өздерінің теріс пиғылдарын іске асыруда. Өйткені қазақ тілі қанат жайса, орынтақтарынан айырылып қалуы мүмкін. Себебі жейтін нанын орысша тауып жүр, бала-немерелері шетелде оқуда...

Қолымызда – «Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағ­дарламасының» жобасы. Кезінде 1999-2001 жылдары Алматы қаласының Тіл басқармасында істеп жүргенде бұдан бұрынғы бағдарламалардың жүзеге асырылуына атсалысып едім, енді, міне, тағы бір жаңа бағдарламамен «жүздесіп» отырмын. Сонда бас-аяғы 30 жыл туған тілімізді үйренеді екенбіз. Бұл не деген сұмдық! Қай ел ана тілін үйретуге арнайы бағдарлама жасап, осыншама мерзім арнап отыр? Сыртқы ел-жұрттан ұят емес пе? Ғасыр соңында мемлекеттік тіл ендіріледі деп емеурін таныттық, екінші рет тағы да емексідік, енді не жорық? Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп ұран тастады. Бірақ Елбасының бұл ұраны ескерусіз қалып, қазақ бір-бірімен әлі де толық өз ана тілінде сөйлеспей келеді. Мәселенің барлық кілтипаны – Ата Заңымызда­ғы, «Тіл туралы» Заңдағы орыс тілінің «ресми тіл түрінде мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады» дегенінде. Ең алдымен, заңымызды түзеп алайық. Содан кейін тез арада «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды қабылдауымыз қажет. Біз тұрмақ, ормандай орысы бар (120 миллион) Ресей баяғыда «Орыс тілі туралы» заңын қабылдап алған. Сондықтан егер шынымен жанымыз ашыса, ел-жұртқа күлкіге қалмайтындай, мемлекеттік бағдарламаны ең болмағанда 5 жылға қысқартып, 2015 жылы бағдарлама­ны аяқтап, еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекеттік тілдің төрімізден орын тепкенін қамтамасыз етуіміз керек. Әйтпесе, енді тағы 10 жыл бар екен ғой деп, арқасын кеңге салып, қолын бір сілтеп жүргендер жетерлік. Аталмыш бағдарламада ай­тыл­ғандай, мемлекеттік тіл – ұлт бір­лігінің негізгі факторы. Бұл – Ұлт бірлігі доктринасына сәйкес келетін мақсат. Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттік тілдің деңгейін ең құрымаса орыс тілі дәрежесіне жеткізу. Ендеше, жер-жерлерде бұдан былай көзбояушылыққа салынбай іс­қа­ғаздарының кіріс-шығыс құжаттары, ішкі құжаттар тек қана мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Парламент мә­жілістері, Үкімет отырыстары тек қазақ тілінде өткізілсін. Ал, олар тағы да жиылыстарды қазақша бастап, орысша жалғастыра беретін болса, онда және 30 жылға омалып жүретініміз хақ. Өйт­кені дүйім жұртшылық жоғарғы би­лікке қарайды. Содан кейін мемлекет­тік қызметкерлер шетелге шыққанда немесе шетелдіктерді қабылдағанда сұхбат тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Бұл тіпті халықаралық протоколмен мемлекеттер арасындағы бекітілген ақиқат норма ғой. Оның үстіне 6 халықаралық тілден (ағыл­шын, араб, француз, испан, қытай, орыс) тікелей тәржімелейтін аудар­машы-тілмаштарымыз, Құдайға шүкір, баршылық. Енді тағы бір өте салмақты түйткіл бар. Ол – «Тіл туралы» Заңның 23-бабы. Мұнда мемлекеттік тілді бірінші ретте білуге тиіс мемлекеттік қызметкерлер тізбесі беріледі деген. Осы тармақ пысықталмаған, әлі күнге дейін тізбе жоқ, мұны кейбіреулер жақсы пайдаланып әрі іштен шалып отыр. Сонымен бірге ҚазТЕСТ-тегі сұрақтар сын көтермейді, мүлдем жеңіл, бастауыш мектептің балаларына арналғандай. Кімді алдаймыз? Жалпы айтқанда, мәселенің түйіні – заң бар да, ол нормативтік-құқықтық актілермен жетілдірілмеген. Әрбір заң сауатты, бүге-шігесіне шейін жазылған актілермен құнды. Сондай-ақ Парламентке ұсынылатын әрбір заң мемлекеттік тілде дайындалуы тиіс. Парламент қоржынында мемлекеттік тілде әзірленген бір ғана «Көші-қон» заңы бар. Ал елімізде заңгерлерді даяр­лаудан бірінші орынға шығыппыз. Осылардың ішінен қазақша заң даяр­лайтын мамандар, Аллаға тәубе, толып жатыр. Енді қолға алатын мезгіл жетті ғой. Заңдарды сала-сала бойынша барлық министрліктер жа­сақтап, үйлестіруші ретінде Әділет министрлігіне өткізуі тиіс. Мұнда осынау министрлікке қарайтын (әйтеуір лицензияны солар береді) саңырауқұлақша қаптап кеткен нотариустар әлі күнге дейін тек қана орысша «сайрайды». Осы нотариустар бір тезге салынбай-ақ қойды. Жобадағы «Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты» атты үшінші мақсатта қарастырылған терминологиялық комиссия жұмы­сына әр сала мамандарынан білікті, қазақ тіліне жетік мамандар тартылып, оны Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті үйлестіргені жөн. Ма­мандық пен саланың ерекшеліктері әр алуан. Бізде «өндірісте қазақ тілі жүрмейді, терминдер бәрі орысша» деген қате пікір, тоңмойындық бар. Мысалы, медицинаның өзі жүздеген мамандықтан тұрады, соның өзі әжептәуір қазақшаланып келеді. Құдайға шүкір, Өтейбойдақ ғұламамыздың қалдырып кеткен медициналық терминдері қаншама! Соған қарағанда жай бір өндірістегі терминдер саны азғана. Бұл тарапта ең үлкен мәселенің бірі – қазақ тілінің ғылым, бизнес тілі болуы. Мемлекеттік тілде қорғалған ғылыми жұмыстар 12-ақ пайыз екен, оның өзінде көпшілігі гуманитарлық салалар бойынша. Ал ұлттық компаниялар мен банктердегі жағдай тіптен сорақы. Бұлар мемлекеттік тіл проблемасын тек қана аудармашылармен шешіп, күн көріп отыр. Бизнес тілі қазақша болмай өрге баспайтынымыз ақиқат, себебі қазір нарық заманы, ал нарықнамада бизнес бірінші орында екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Сонымен бірге министрліктерде, ұлттық компанияларда аударма бөлімдері «Мемлекеттік тілді дамыту» бөлімі, басқармасы болып қайта құрылып жатыр. Атауы мүлдем дұрыс емес. Қазақ тілі – дамыған тіл. Сөздік қоры жағынан әлемде төртінші орынға шыққан (650 мың сөз тіркесі). Сондықтан «Мемлекеттік тілді ендіру және бақылау бөлімі» деп аталуы тиіс. Аталмыш бағдарламадағы мемлекеттік тілді оқыту үдерісінде халықаралық тәжірибе ретінде ла­тыштық жүйені ендірген абзал ма дейміз. Олардың «Слово – бегом» атты бағдарламасы бойынша 60 сағат ішінде 2000 сөз үйреніп, қазақ тілін айналасы 2-ақ айда үйренуге болады екен. Басқа ұлт өкілдерінің ынтасы болса үйрене берсін, олардың жастары болашағын Қазақ мемлекетімен байланыстырғысы келсе өздері-ақ игеретіні кәміл. «Мені құртқан Көкшолақ» дегендей, өз қандастарымыз ғой жігерімізді құм қылып титықтатып отырған. Ал бұларды мәжбүрлеу керек, лауазымды қызметтерге мемлекеттік тілді жеткілікті дәрежеде меңгермей жайғастырмау қажет. Әйтпесе олар қазақтың есебінен ұялмай мансап баспалдағымен көтеріледі де, өз ана тіліне мұрындарын шүйіріп жүр. Мемлекеттік тілді игеру үдерісін ынталандыру мәселесіне келетін болсақ, басқа ұлт өкілдерін ынталандыруға болады, ал өз қандастарымызды жарылқауға болмайды. Өйткені олар шет тілдерін үйренуге қаржысын аямай жұмсайды да, өз ана тілін үйренуге келгенде неге кері тартады? Кішкентай нәрестенің тіл үйренер ортасы алдымен отбасы болса, сонан соң балабақша. Қазір отбасы­лық мемлекеттік тілді үйретушілер тәжірибесі орын тебуде. Сәби ана тілімен уызынан жарып, бесік жырымен тәрбиеленсе ғана нағыз қазақ бола алады. Ең маңыздысы – балабақшада қандастарымыз тек қана ана тілінде тәлім-тәрбие алуы тиіс, әйтпесе орыс не ағылшын тілі белең алып тұрғанда бүлдіршін сол тілдерге бейімделіп кетеді де, ана тілі жайына қалады. Оны көріп те жүрміз. Содан барып 10-12 жасқа келгенде қай тілді үйренсе де өз еркі. 10-12 жас деген – халықаралық нормада (мәселен, Жапонияда) бар құбылыс. Орыс тілі – онсыз да дамыған, көркейген тіл. Біздікіндей «теперішті» көрген жоқ, көрмейді де. Біздің күдігіміз – орыс тілінің дамуына аталмыш бағдарламада жеке бағыт берілуі туған тілімізді шетке ысырып, тасасында қалдыра ма деген ой. Әйтпесе қазекең кеңпейіл ғой, жүрегіне сан мың тіл болса да саспай сыйдыра береді... Бақытжан Тобаяқов, «Астана қалалық мемлекеттік тіл қозғалысы» Төрағасының міндетін атқарушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері

2988 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы