• Тұлға
  • 10 Қыркүйек, 2010

Шалқар дарын иесі – Жұмекен

Жұмекен Нәжімеденов қысқа өмірінің ішінде асқақ ақындығымен өз үнін естірте көзге түсіп, өшпейтін көркем туындылар қалдырды. Жұмекен Нәжімеденов – тұлғалы талант. Қазақ поэзиясы жөнінде сөз қозғала қалса, Жұмекенді ауызға алмай өту мүмкін емес. Ол сонау алпысыншы жылдардың өзінде-ақ жұрт назарына өзінің ақындық ерекшелігімен ілінді. Әбділда Тәжібаев Нәжімеденовтің тырнақалды туындылары туралы бірден: “Жұмекен, сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін жас, Жұмекен – жұртшылығымызды қатты үміттендіретін ақын” деген болатын.

Ж.Нәжімеденовтің ақын ретіндегі жемісті еңбек еткен кезі – алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдар, яғни қазақ поэзиясының философиялық тұрғыдан тереңдеп, көркемдік жағынан әрлене түскен кезеңі. Қазақ поэзиясына ақын өз үлесін осы тұста қосты және ол қазақтың сөз өнерін өркендету жолында қаламы қолынан түскенше еңбек етті. Жұмекен поэзиясы сан қырлы. Ақын поэзиясы бірден қалыптаса қалған жоқ. Өмірді шынайы бейнелеу жолында талай ізденіс соқпақтарынан өтті. Жігерлі талпыныс, бойға біткен табиғи талантты еңбекқорлықпен баптай білушілік оны майталман лирик дәрежесіне көтерді. Шығармашылық болмысындағы ерекшелік пен асқан шеберлігімен Ж.Нәжімеденов қазақ әдебиетінен өзіндік лайықты орнын алды. Ақынның лирикалық қаһарманы – үлкен интеллект. Ол ұсақ-түйек төңірегінде, отбасы, ошақ қасында қалып қоймайды. Оның басты көтеретін мәселесі – адамгершілік, ар алдындағы борыш, ізгі қасиеттер үшін күрес, күллі өмірдегі адам ар-ожданына кереғарлықтардың бәріне қарсы майдан ашу, халықтық проблемалар, бүкіл планеталық мәселелер. Лирикалық қаһарманның ойлайтыны жеке бастың қамы емес, халық мүд­десі. Айнала етектен тартқан ескілік, мансапқорлық, көрсоқырлық, аярлық, опасыздық, қаныпезерлік тынышын алып, түн ұйқысын төрт бөледі. “Өлең – сирена”, – дейді Қадыр Мырзалиев. Жұмекен ақынның әр өлеңі – ақын сезімінің сиренасы. Оның лирикалық кейіпкері әлем алдында, адамзат баласы алдында үлкен жауапкершілік сезінеді. Ж.Нәжімеденовтің азаматтық үні “Жүрегімде бір тамшы қан болса егер” деп басталатын өлеңінде-ақ анық естіледі. Ақын ойлары кесек айтылған бұл өлең – кеудеден қайнап шыққан көңілдің ақ жамбысындай үлкен толғанысты туынды. Лирикалық кейіпкер өзін денені аралайтын бір тамшы қанға балап, сол қан сияқты туған жердің тамыр-тамырын аралайтындығын айтады. Адам қансыз өмір сүре алмайтын болса, ел де адамсыз өмір кешуі мүмкін емес деген ой айта келіп: Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке, Бүкіл дүние тұрып қалар секілді, – деп тұжырымдайды. Ақынның осы шағын өлеңі ақынның бүкіл поэзиясының лейтмотиві деп есептеу керек. Ақын – заман перзенті, сондықтан заман үнімен үндесе, заман ағымымен бірге болуы керек. Заманның әр сәт сайын қояр сауалына жауап беру – әр қаламгердің азаматтық борышы. Жұмекен мұны терең сезінеді. Оның кез келген өлеңінен өмірге деген ерекше құштарлықты көретініміз осыдан. “Жүрегімде бір тамшы қан болса егер” деген өлеңімен үндесіп жататын “Соқ, сағат” атты топтама жырлардың мәні де ерекше терең. Ақын уақыт, заман, өмір туралы ой-сезімдерін бес өлеңге топ­тастырады. Ақын заманның құбылмалы міне­зін дөп басып, дәл бағалайды. ХХ ға­сыр – аласапыран төңкерістер, қаһар­лы қақтығыстар, өсулер мен өшулер, жарылыстар мен жаңғырықтар, ке­реғарлықтар қаптаған, адам ойын талқандап, адам жүрегін тебіренткен ғасыр. Шиеленістер туындап, жаңа­лықтар ашылып, самғаулар мен шарықтаулар болып жатқан ғасырда ақын жайбарақаттық жасай алмады. Ол өзі де: “Тағы бір ғажайып түн өтті – тек қана үлгірдім құмартып”, – деп зулап бара жатқан заман екпініне, уа­қыт жүрдектігіне ілесу қиын екендігін айтады. Лирикалық кейіпкер адал азамат атынан сөйлеген. Асығу, заман, қоғам көшіне ілесу, тіпті одан оза жүру ақынға ғана емес, ең бастысы, планета алдындағы жауапкершілігін сезінген адамға қажет. Жұмекен поэзияның дәстүрлі төрт тақырыбында да (әлеуметтік, махаббат, табиғат, көңіл күй) қалам тербегені белгілі. Жұмекен Нәжімеденов қазақ ли­рикасын тақырыптық жағынан байытты, оның мазмұнын тереңдетті, пішінін жетілдірді, жанрлық жаңа белестерге биіктетті. Ол стиль жағынан да ешкімге ұқ­самаса, оның лирикалық кейіпкері де өзгеше болмыс-бітімімен дараланған. Нәжімеденов алпысыншы-сексенін­ші жылдардағы қазақ ли­ри­касының шындықты терең фи­лософиялық тол­ғаныстармен бейнелеу тәжірибесін молықтыра, байыта түсті. Қазақ поэзиясының қадым заманнан бері қалыптасқан эпикалық дәстүрін жаңа сатыға көтере дамытып, алпысыншы-сексенінші жылдарда оның дастан, поэма секілді кең көлемді жанр­лық түрлерін байытып, оларға мазмұн жағынан да, пішін жағынан да айта қалғандай жаңалық қосты. Ақынның бұл жанрда қозғаған түбірлі тақырыптарының көпшілігі әдебиетімізде бұрыннан көркем жинақталып, әр дәуірдің әртүрлі идеологиясына сәйкес идеялық шешімін тауып келді. Нәжімеденов эпикасының нұсқалылығы, міне, дәл осыларға табиғи түрде өз бояуын қосып, сол фонда өз сипатын ерекшелендіруінде жатыр. Бұл тағы да ақынның ой-толғамдарының даралығына, көркемдеу құралдарының жаңалығына саяды. Бұл қасиет Жұмекен дастандарының композициялық құрылымы мен сюжет желісінен бастап, шындықты шынайылау, образдарды мінездеу мен мүсіндеу секілді суреткерлік әрекеттерінің бәрінен анық танылады. Ж.Нәжімеденовтің дастандары түрлі-түрлі: кең диапозонды толғау түрінен лирикалық поэмаға, одан үлкен эпикалық полотноға ұласып жататын кесек-кесек туындылар бар. Ақын, әсіресе, лирикалық дас­тан жазудың шебері. Оның шеберлігі публицистикалық және философия­лық поэмаларынан айқын көрінеді. Қаламгер лирикалық дастандарында көкірегінде туындап, шешімін ізде­ген проблемалық жайларды ұтымды қозғайды, оқырмандарға сол проблемалар төңірегінде ұлан-ғайыр ой салады. Олардың көңілін жаңа, тың құбылыстарға аударып, солар­дың бұрын-соңды мәлім болмаған құпияларына барлау жасайды. Ақын қозғаған проблемаларын қоршаған болмысымыздағы көптеген шынайы фактілермен дәлелдейді. Мұндай дас­тандарда заман, болмыс, тағдыр бейнелері жасалған. Ақын шалқар шабытқа бөленіп, ой мен сезім ұштасқан көркем де айшықты суреттеулер мен философиялық толғаныстар арқылы оқушыға эстетикалық нәр береді, болашаққа жігерлендіреді, жүректерге үміт отын жағады. Ж.Нәжімеденовтің поэмалары – қазақ әдебиетіндегі дастаншылдық дәстүрді ілгері дамытқан, жаңалығы мол, мазмұны терең, пішіні сұлу сырлы мұра – қымбат қазына. Сонымен Жұмекен Нәжімеденов – қазақ әдебиетінде поэзиясымен де, прозасымен де қомақты орынға ие болды. Ол – қазақ әдебиетіне ұшан-теңіз жаңалығымен келіп, оны шалқар байлыққа кенелткен ойшыл суреткер, қазақ әдебиетінің алтын тінді сөзінің зергері, ХХ ғасыр әдебиетінің көрнекті өкілі, шығармалары ХХІ ғасыр оқырмандарының санасын әспеттейтін туындыларының өшпес өміршеңдігімен көрінетін ойшыл-философ. Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы – әрқашанда үлкен марапатқа ие болуға лайық шығармашылық. Оның нәзік лирикасы, балладалары, дастандары өзіндік ерекше­ліктерімен, нұсқалылығымен, озық қасиеттерімен өз замандастарынан қара үзіп, әлі күнге дейін алдыңғы саптан көрінуде. Оның өлеңдері мен дастандарының әрбіреуі – болмысы бөлек, үлгілі туындылар. Ақынның «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен поэмалар жинағын «Атамұра» корпорациясының Мемле­кеттік сыйлыққа ұсынуы – өте орынды. Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республи­касының 2010 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі республикалық комис­сия­сының хабарламасында ақынның осы жинағы да бірнеше жазушылар­дың қатарында халық талқысына салуға жолданыпты. Бұл Жұмекен шығармашылығын зерттеп, бірнеше дүркін монография жариялаған мені үлкен қуанышқа бөледі. Жұмекен поэзиясы бұл сыйлыққа әбден лайық екеніне әрбір қазақ куә. Қадыр Жүсіп, жұмекентанушы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры

7384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы