• Тұлға
  • 16 Қыркүйек, 2010

«Отбасы – әлеуметтік берекенің негізі»

Отбасы – шағын мемлекет. Себебі әр мемлекеттің өзіне тән сыртқы, ішкі саясаты, кірісі мен шығысы болатыны сияқты әр отбасының да дәл сондай болмыс-тіршілігі бар. Ол да өзінше басқаруды талап етеді. Сондықтан да қай уақытта болмасын отбасының құрылымына зор мән беріліп, оның іргетасының берік болуына атсалысу – әр отбасы мүшесінің міндеті. Осы турасында, яғни ата-ана мен бала арасындағы байланыс, отбасындағы бала тәрбиесі жайында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мустояпова Айнаш Төкішқызымен жүргізген сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

– Айнаш Төкішқызы, отбасы адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі емес пе? Ендеше, бүгінгі отбасының қоғамдағы орны, өзіндік үлесі қандай? – Отбасының қоғамдағы рөліне толыққанды баға беруге болмайды, өйткені мұнда негізгі адамгершілік құндылықтар, басқа адамдарға деген көзқарас, дәлірек айтсақ, адамның қоғамдағы өмір сүру қабілеттілігі мен дағдысы қалыптасады. Отбасында бала тәрбиесіне неғұрлым аз көңіл бөлінсе, оған соғұрлым қауым ішінде өмір сүруге бейімделу қиынға түсіп, ол көп жағдайда ұжымда (балабақша, мектеп және т.б.) өз орнын таба алмайды. Қоғам салауаттылығы, оның өмір сүру шеңбері отбасында қалыптасатын адами құндылықтарға байланысты болып келеді. Мысалы, көп отбасында материалдық құндылықтарға табынушылық, басқа адамдардан өзін жоғары санау сияқты құбылыстар байқалып, оның салдарынан баланың санасында тілегеніме қайтсем де қол жеткіземін деген ой пайда болатындықтан, бұндай балалар қандай ұжым құрайтындықтары айдан анық. Осыған орай қоғамдық институттарға міндет жүктейтін көп ата-аналардың қателесетіндіктері туралы айту керек. Кейбір ата-аналардың ойынша, балаға дәл сол мектеп, яғни қоғам тәрбие беруі қажет. Солай айта отырып, олар, біріншіден, бала мектепке білім алу үшін келетінін, екіншіден, уақытының көп бөлігін үйінде өткізіп, өз ата-анасын пір тұтып, тәлім-тәрбие алатындығын естерінен шығарып алады. Сонымен бірге алты жастағы баланың ой-санасы көп жағдайда қалыптасып қояды, сондықтан мұғалімдерге, қажет болғанда, оны қайта тәрбиелеуге тура келеді. Егер отбасында бала күнделікті ізгі істердің куәгері болмаса, оқушыны еңбекке баулып, басқа балаларды сыйлап, жолдастарына көмекке келуге және т.с.с. нәрселер­ге дағдыландыру арқылы мұғалімдердің көздеген мақсаттарына қол жеткізулері мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Ал, керісінше, отбасы мен қоғам бірігіп, баланың бойында негіз қалаушы құндылықтарды қалыптастыруға бар күштерін салса, көп нәрсеге қол жеткізуге болатын еді. – Осы тұста отбасылық берекені қалыптастыруда қоғам қандай міндет атқаруда? – Өз кезегінде қазақстандық отбасының жағ­дайы қоғамға байланысты болып келеді. Бүгінде қоғамның өзінде жалпы адамзаттық құндылықтар­дың басым болуы қажет екендігін айтпауға болмайды, әйтпесе бала өмірде оған ұластырылған қасиеттер мен моральдік ұстанымдардың ылғи да құрмет пен табыс әкеле бермейтіндігімен кездеседі. Соның салдарынан жан дүниесінде болатын қақ­тығыс тұлғаның қалыптасуына өз кесірін тигізіп, өмірден түңілу немесе басқа құндылықтарға бой алдыру деген құбылыстар пайда болады. Сондықтан біздің, қоғам мүшелерінің, рухани ізгіліктің тұрақты құндылықтарын насихаттап, ұстануымыз қажет, заңды сақтап, адамды оның әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайына қарамастан сыйлап, өз еліміздің патриоты болып, өз адамгершілігімізді бағалауымыз қажет. Әлеуметтік ортаның (достар, мектеп, әріптестер) рөліне дәл баға беру қиын, көп жағдайда оның әсерінен тұрақталып қалған құндылықтарға қайта баға беріліп, жасөспірімдер мен жастар сыртқы келбеттің жылтырауына көңіл бөліп, ішкі дүниелерін ұмытады, олардың бойында арсыздық және өзімшілдік мақсаттарына қол жеткізуде еш амалдан тайынбаушылық қасиеттері қалыптасады. Бұл – мәселенің бір ғана қыры. Екіншісіне келетін болсақ, қоғам, кеңірек алатын болсақ, мемлекет отбасы берекелі болуы үшін қажетті жағдай жасауға міндетті. Бұл, бірінші кезекте, әйелдерге берілетін экономикалық мүмкіншіліктер: анасының баласы тұлға ретінде қалыптасуы кезінде, ең дұрысы, 6 жасқа дейін қасында болуы. Бұл салауатты отбасының, яғни толық отбасының маңыздылығын насихаттау. Бұндай отбасында жауапкершілік әкесі мен шешесіне тең дәрежеде жүктеледі. Қазіргі қоғамда ажырасу жиі кездесетін құбылысқа айналып, әрбір үшінші-төртінші баланы анасы жалғыз тәрбиелеп отырғанда, берекелі отбасы туралы сөз қозғауға бола ма? Әке тәрбиесін, қамқорлығын көрмей өскен баланың тұлға ретінде қалыптасуына өз кесірін тигізеді. Ұл балалар ер-азамат қасиеттерін жоғалтып, қыз балалар ер адамдарға сену деген қасиеттерінен арылады. Осыған орай қоғамда өмір сүрудің жаңа ережелері қалыптасып, келешекте олар қоғамға қайтып келеді. Отбасында жауапкершілік сезімі, сене білу және қолдау көрсету, бірігіп жұмыс істеу қасиеттері қалыптасады, егер ол бұзылатын болса, біз болашақта тек отбасы, ұжым үшін ғана емес, елі үшін де жауапкершілік жүгін көтере алмайтын қоғам мүшелеріне тап боламыз. Осылайша салауатты отбасын, отбасылық құндылықтарды насихаттау – бұл мемлекеттік маңызы бар міндет. – Қай кезде де отбасының басты қазығы – бала. Оны өзіңіз де аңғарттыңыз. Ендеше, сол баланың тәрбиелі болып өсуі отбасыға тікелей байланысты. Ендеше, бүгінгі ата-ана мен бала арасындағы байланыс берекелі, шаңырағы шайқалмаған отбасын құруға мүмкіндік бере ме? – Менің ойымша, бұл жерде өзге себеп-салдарлық байланыс бар, себебі отбасы өміршеңдігінің мәнін ата-ана мен балалардың арасындағы қарым-қатынас емес, керісінше, отбасындағы бақ-берекеге байланысты қарым-қатынастар белгілейді. Бұл жерде ата-аналардың бастапқы ұстанымы, олардың берекелі, шаңырағы шайқалмаған отбасын құруға және шынайы қарым-қатынас орнатуға ұмтылысы туралы айтқан дұрыс болады. Егер ата-ананың арасында отбасының өмірін анықтайтын басты қағидаларда келісім болмай, көзқарастары әртүрлі болса, онда уа­қыт өте келе олардың арақатынасы салқындай бас­тайды. Уақыт өте келе бұл балаларға және олардың ата-анасына деген қарым-қатынасына ықпалын тигізеді (олардың біреуін немесе бірден екеуін де қабылдамау). – «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ. Ендеше, бүгінгі ата-ана өз ұрпағына толыққанды, ұлағатты тәрбие бере алып жатыр ма? – Әрине, ХХІ ғасырдағы ата-аналар балаларына толыққанды тәрбие бере алады, бірақ бұл – үлкен әрі күрделі міндет. Иә, адамның қалыптасуына ылғи да ата-анасына қатысты бола бермейтін көптеген факторлардың әсер ететіндігін (теледидар, ауладағы, мектептегі және т.б. қоршаған орта) ескеру керек, алайда бала тұлғасының іргетасын ата-анасы қалайды. Бұл жерде ата-ана өзін балаға арнауға, бала үшін өзінің армандарын құрбан етуге, әдеттерін өзгертуге қаншалықты дайын деген сұрақ туындайды. Оған қоса, біз жоғарыда айтып кеткен толық емес отбасылар мәселесі де бар. Бұл жағдайда толыққанды тәрбие беру жөнінде сөз етуге бола ма? Әрине, жиі қарым-қатынас жасалса атасының немесе ағасының болуы, тіпті болмаған жағдайда жаттықтырушының болуы көп көмек береді (мектептегі мұғалім жөнінде айтпасақ та болады, себебі біздің елімізде ер мұғалімдердің пайызы айтарлықтай көп емес). Әрине, қиындықтар көп, бірақ оларды жеңуге болады. Жетістік дегеніміз ата-ананың абыройлы, жан-жақты дамыған, ұлағатты және рухани күшті адам тәрбиелеуге ұмтылуы болып табылады. Егер ата-аналар шынында да осыған дайын болса, онда табысқа жетуге болады, бала деген илегенге көнетін саз сияқты, одан өзің қалаған адамды жасап шығаруға болады емес пе. Сіздер оған өз өзгерістерін енгізетін туа біткен қасиеттер де болады деуіңіз мүмкін. Иә, мен онымен келісемін, бірақ кез келген қасиетті баланың игілігіне жаратуға болады ғой, мысалы, қыңырлықты табандылыққа, жайбасарлықты – меңзеушілікке және бақылай білуге, құмарлықты – білуге құмарлыққа, сөзшеңдікті – қызықты әңгімелеуге айналдыруға болады. Баланың әлеміне деген шынайы қызығушылық оның бойына біткен қасиеттерді көріп, оларды дұрыс дамыта білуге мүмкіндік береді. Мұндай ата-аналар көп болған сайын болашақта қоғам анағұрлым дамыған және өнегелі адамдармен толығады деп сенемін. Сіздер айтқан мақалға келер болсақ, ол баланың отбасында алатын тәрбиенің маңыздылығын көр­сетеді. Ол отбасында үйренген құндылықтарға ұмтылатын болады, оның ақша ма, әлде иман ба, жақсылық па, әлде зұлымдық па, рахатқа ұмтылу ма, әлде дамуға ұмтылу ма, өзімшілдік пе, әлде адамсүйгіштік пе – қайсысын таңдайтыны тек отбасына ғана байланысты. – Отбасының берекесі – имандылықтан басталады дегенге қалай қарайсыз? – Әрине, бұл солай. Тіпті отбасы пайда бол­ған сәттен бастап солай деуге де болады. Егер жұ­байының бірі бастапқыдан өз есебін ойлаған болса, онда қолайсыз жағдайлар кезінде отбасы құлдырау қатеріне тап болады. Имандылық – бұл некеге тұрушылар үшін бір-біріне деген адалдық, сезімдері мен ниеттерінің адалдығы. Жұбайлардың арасындағы жымысқы қарым-қатынас отбасы берекесіздігінің себебіне айналады. Имандылықтың рөлі үлкен, сондықтан да адамдар өмірлік серігін таңдау барысында ортақ имандылық ұстанымдардың болуын басшылыққа алып, сол арқылы көптеген даулардан қашып құтылуы өте маңызды. – Отбасын сақтап қалу үшін дәстүрдің қаншалық­ты маңызы бар? – Дәстүрдің рөлін асыра бағалау қиын. Бұл – отбасы өміршеңдігінің ғасырлар бойы мақұлданып келе жатқан үлгісі. Бүгін біз отбасының дәстүрлі негізін қалаушы қағидаларынан алыстаған са­йын қиылатын некелер де соншалықты нәзік болып келеді. Иә, уақыт бір орында тұрмайды, өмір де өзгереді, бірақ ол жаман жаққа қарай өзгермеуі керек қой. Бүгінгі некенің басымдықтарын (үлкен еркіндік пен әйелдердің экономикалық тәуелсіздігінен басқа), оның беріктігін, балаларға, қарттарға деген қамқорлығын көрсетіңізші... Біздің балалар үйлеріне кіріп көріңіз, тастанды қарттарға қараңыз, бұл – отбасылық қатынастардың өзгеруінің қайғылы да сөкет зардаптары. Егер біз өмірімізді жақсартуға ұмтылсақ, отбасылық өмір де жақсара түсуі керек. – Әңгімеңізге рахмет! Отбасыңызда бірлік пен береке болсын! Сұхбаттасқан А.Қаби

24215 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы