• Тұлға
  • 16 Қыркүйек, 2010

Ұлт рухының шырақшысы

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Қарашаңырақ. Қазақ түсінігіндегі қасиетті ұғым. Сондықтан бұл ұғымға қатысты аса нәзік көзқарас қалыптасқан. Әрбір әулеттің өз қарашаңырағы болады. Ал барша қазаққа ортақ шаңырақ бар ма? Бар. Ол – Қазақстан Жазушылар одағы. Қазақтың сөзін ұстаған, қаймана жұрттың қамына саналы өмірін арнаған, ұлттың үні, тілі болған ақын-жазушылардың басын қосатын осы жер – Алаш баласы үшін аса қадірлі орын. Бар қазақ көзінің ағы мен қарасындай аялап келген құтты шаңыраққа биыл 75 жыл толып отыр. Осы орайда біз Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақиық ақын Ғалым Жайлыбайды әңгімеге тарттық.

– Ең алдымен, Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойы құтты болсын! – Рахмет. Қазақстан Жазушылар одағы — қазақ руханиятының қарашаңырағы. Қазақ жұртының өмірі өлеңмен өрілген ғой. Бесіктен бейітке дейінгі аралықтағы өмірін өлеңмен өрген бірде-бір ұлт жоқ десек, ақиқаттан алшақ кетпеспіз. Өзге ел бізді сөзге тоқтаған, сөз қадірін түсінетін халық ретінде біледі. Анау Заратуштра, Анархаистен, Тоныкөктен бастау алатын ұлттық әдебиетіміз жыраулық поэзия­ның өкілдерімен жалғасып, одан Бұхар, Абайларға келіп тоғысып, Махамбеттің өршіл рухымен ұласып, Алаш арыстары­ның аяулы арманымен астасып, одан кейінгі Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбділда сияқты қазақтың киелі сөзі қонған ағаларымыз арқылы қазақ руханиятының алтын арқауы тарқамай бізге жетіп отыр.Білген, түсінген, сезінген адамға бұл үлкен жүк жүктейді. Жауапкершілігі бес батпан. Қазақ айтатын бес атанға жүк болатын міндет бұл. Сондықтан қара орман халық, қаймана жұрт, сөздің киесін бағамдайтын ел ұлт руханиятының қасиетті мекеніне аса үлкен ықыласпен қарайды. Сол себепті Қазақстан Жазушылар одағының 75 жыл­дық мерейтойын тек ақын-жазушылардың ғана емес, бар қазақтың мәртебелі мерекесі деуге толық негіз бар. Мерейтой баршамызға ортақ. – Бүгінде өзі барлық нәрсеге салыстырмалы түрде қарайтын болдық қой. Ол саясат, экономика болсын, әйтеуір ТМД шеңберіндегі елдермен өзімізді салыстырып жатамыз. Бұл әңгіме Жазушылар одағына да қатысты сияқты. Өйткені «Қазақстан Жазушылар одағы посткеңестік елдердің арасында алдыңғы қатарда келеді» деген сөзді естиміз. Осы қаншалықты рас? – Енді Қазақстан Жазушылар одағының құрылу тарихын жұрттың бәрі біледі деп ойлаймын. Қазақтың ұлттық ақыл-ойының кемеңгерлері саналатын Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин бастаған көркем әдебиетіміздің арыстары мен алпауыттары уығын қадап, босағасын берік еткен киелі шаңырақтың жүгін одан кейінгі Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер, жалпы, қазақ руханиятының белгілі тұл­ғаларының барлығы осы Жазушылар одағының жүгін көтеріп, көшін түзеген. Сол арыстарымыздың рухы осы одақта жүр деп ойлаймын. Әр кезеңде, заманда басшылық ауысатын шығар. Дегенмен елдің одаққа деген үміті мен сенімі жоғалмайды. Өйткені Жазушылар одағы қашанда елдің, жұрттың сөзін сөйлейді. Кешегі тоталитарлық кезеңнің өзінде Сафуан, Жұбан ағаларымыз осы одақта қазақтың тілі үшін отқа түскен. Қазақтың рухы, тілі, діні, тілі үшін ұлттың атынан сөз алған біздің зиялыларымыз еді. Оның бәрі осы күнге дейін аңыз болып айтылады. Осы дәстүр, елдің сеніміне әлі күнге дейін селкеу түскен жоқ. Мына сұрағың өте орынды қойылып отыр. Өйткені кешегі Кеңеспен кетіскен елдердің ешқайсысында Қазақстан Жазушылар одағы сияқты бір шаңырақтың астында ұйып отырған ұйым жоқ. Мысалы, Ресейдің Жазушылар одағы төрт-беске бөлініп кетті. Дай-дай болып, бір-бірімен айтысып жатыр. Қырғыз ағайындардың одағы жабылып қалды. Қазір олардың есігінде дәу қара құлып ілініп тұр. Басқа елдерде де осы тектес жағдай орын алған. Жалпы, шығармашылық қауымның арасында өкпе-наз күнделікті өмірде бола береді. Ондай жағдай ана кезеңде де болған. Мәселен, Одақты Әнуар Әлімжанов ағамыз басқарған кезде қаламгер қауым «Жазушылар одағын журналистке басқартқаны несі? Бір жазушы табылмады ма?» деген. Олжас басқарған кезде оған орыстілді деп қарсы шыққан. Мұндай жел сөздер әр заманда болған. Десек те, осы азаматтардың қай-қайсысы да болмасын ұлт үшін үлкен жұмыс істеді. Қысқасы, Қалдарбек Найманбаев ағамызға дейін Жазушылар одағын басқарған азаматтардың барлығы қазақтың марқасқа ұлдары еді. – Осы одақтың басына қара бұлт үйіріліп, тоз-тоз боп тарап кетудің алдында шақ қалған күндері болғанын білеміз. Осындай ауыртпалықтан қалай аман шықтыңыздар? – Рас, Жазушылар одағы үлкен қиын-қыстау кезеңді басынан өткерді. Одақ ата-бабаларымыз аманаттап кеткен, қаламгер қауымына ортақ Шығармашылық үйден, «Қаламгер» кафесінен, тағы да басқа дү­ние­лерден айырылып қалған уақыт та болды. Оны қайтару ұзақ процеске айналды. Тіпті іс сотқа дейін барып, төрелікке жүгінуге тура келді. Төрт-бес жыл табанымыздан тозып жүгірдік. Ақыры, сол дүниелердің барлығын Жазушылар одағының иелігіне қайтарып алдық. Бұл арада Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің қайраткерлігін, та­бандылығын, адалдығын айтпай кетуге болмайды. Қаламгер қауымына ортақ дүниенің барлығы осы кісінің арқасында қайта құтты орнын тапты. Қазақстан Жазушылар одағы – қазір қоғамдық ұйым. Мемлекеттен бір тиын қаражат алып отырған мекеме емес. Десек те, Жазушылар одағы өз бетінше өмір сүріп, нарық заңдарына бейімделіп, түрлі іс-шараларды өткізуге мұрындық болып келеді. Әсіресе, соңғы бірнеше жылда одақ желкенін керген кемедей бағыт-бағдарын қайта тапты. Әрине, өтпелі кезеңнен, қиын күндерден өту оңайға соққан жоқ. Бірақ одақ қазір өз арнасын қайта тапты. Одақ атқарған барлық істі тізбектеп шығудың қажеті жоқ шығар. 2001 жылы Алматыда өткен жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесі өтпелі кезеңнің өтіндегі қазақ әдебиетінің болашағын сақтап қалу жолындағы басқосу десе болғандай. Одан бергі уақытта әдебиеттің талантты бір шоғыры өмірге келді. Кейінгі үш жылда жас қаламгерлердің республикалық екі форумын өткіздік. 2007 жылы Баянауыл­да өткізген форум үлкен серпін алып кетті. Жастар әдебиетіне билік мойын бұрды. Соның нәтижесінде 30-дан аса жас қаламгердің кітаптары жарыққа шықты. Бұл әлі жалғасын тауып жатыр. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында болған форумда да үлкен істер атқарылды. Мынау нарықтық қоғамның қиын жерлері бар. Кітаптың таралымы азайды. Оқырманнан көз жазып қалдық. Еңбегі өтелмейтін бірден-бір кәсіп иесі болса, ол – қаламгер қауымы. Қаламақы мәселесі де қиындап кетті. Тіпті бұл мәселе Елбасының алдына дейін барды. Айтып-айтпай не керек, мына нарық заманы одақтың алдына бірталай мәселені кесе-көлденең қойды. Жазушылар одағы, оның төрағасы, бес саусақтың саласындай болған ұжымы осы мәселелердің оңтайлы жолын табуға ұмтылып жатыр. Әрине, кейбір істерімізде кемшілік те бар шығар. Бірақ одақ алға адымдап, заман ағымынан қалмай, көшпен бірге жүріп келе жатыр. — Енді Жазушылар одағының 75 жылдық мерейтойына қарай ойысайық. Мерейтойды өткізуді қалай жоспарлап жатырсыздар? – Нарықтық заманда өмір сүріп жатқан, жаңа бағыт алған, әдебиеттің жаңарар, жаңғырар кезінің алдында жұрттың басын жиып, келелі әңгіме өткізуді мақсат тұтып отырмыз. Айтулы датаны атап өтуге шетелдерден 50-ге тарта адам келеді. Ал Жазушылар одағының 75 жылдығы ертеңнен басталады. Бұйыртса, ертең Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығына арналған кітап көрмесі ашылады. Ал 21 қыркүйек күні Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жазушылардың кеңейтілген пленумы басталады. Салтанатты жиынға ұлтымыздың сөзін ұстаған, жұртымыздың жүгін көтерген барлық зиялы азаматты шақырып отырмыз. Ал оның ертесіне мерейтой аясында «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының 75 жылдығына арналған конференция болады. Мерейтойдың нүктесі «Riksos» қонақүйінде қойылады. Онда Қазақстан Жазушылар одағы мен «Диалог Евразия» платформасының бі­рігіп ұйымдастыруымен әйгілі түрік ойшылы, дінтанушы Ф.Гулен туралы «Сана сәулетшісі» атты жинақтың тұсаукесері өтеді. Бүгінде әдебиеттің өзінде түрлі ағыстар пайда болды. Адамзат баласы ақыл-ойдың аламанына түскен тәрізді. Жер бетіне әмірін жүргізіп отырған кей ұлттар өзін-өзі жоғалтып алмаудың, тамырынан ажырап қалмаудың қамына кірісті. Осындай аласапыран заманда біздің жұрттың жүрегінің соғысы, тамырының бүлкілі, сезімінің солқылын сезетін – әдебиет. Және олардың қалыпты болуына ықпал ететін, соны жасайтын да – әдебиет. Дәл осы кезде Жазушылар одағының иығына да артылатын жүктің салмағы арта түседі. Өйткені Қазақстандағы басқа одақтардың барлығы үнсіздікке көшті. Ақын-жазушылар ежелден жауынгер халық қой. Мынадай аласапыран тұста бізге тағы да жауынгерлік мінез танытып, ұлттық құндылықтарымызды жаһанданудың жалына байлап бермей, аман алып қалу міндеті жүктеліп отыр. Сондықтан мерейтой барысында ұлттық, мемлекеттік маңызы бар мәселелер қозғалмақ. – Қазақстанда 700 ақын-жазушы бар дейміз. Жалпы, адамның зауыттан шыққан бұйым секілді бірдей болмайтыны белгілі. Пікір алшақтығы, көзқарастар қайшылығы болады. Дегенмен қазақ зиялыларының басын біріктіретін, бір күшке айналдыратын не деп ойлайсыз? – Бұл – ұлттық рух, ұлттық намыс. Мемлекеттік маңызы бар, қазаққа қауіп төнетін сәттерде ақын-жазушының барлығы бір сапқа тұрады. Әрине, «қазаққа қауіп төнсе, барлық азамат бір саптан табылады» дейтіндер де бар шығар. Дегенмен соның алғы шебінде біздің ақын-жазушылар жүретіні анық. Өз басым жазушылардың маңызды дүниелерге келгенде барлық көзқарас алшақтығын тастап, бірауызды болғанын талай көрдім. Мәселен, осы одақтың өзін бөлу туралы әңгімелер болған шақта жазушылардың 100 пайызына жуығы Жазушылар одағын сақтап қалу жағына шықты. Бұл да – ақын-жазушылардың біріге алатынына бір дәлел. – Ақын-жазушыға тағылатын бір айып бар. Ол – ақын-жазушылар сұраншақ деген. Осы әңгіме қайдан шығып жүр? Жалпы, ұлт зиялысының екі иығы салбырап, біреудің алдында алақан жайып отырғанын елестетудің өзі қиын ғой... – Адамда тұлғалық қасиет деген болады. Әдебиетте бір толқын екінші толқынды тәрбиелейді. Олар күнде лекция оқып отырмаса да, өздерінің жүріс-тұрысы, іс-қимылы, сөз саптауы арқылы екінші бір толқынға ықпал етеді. Қаламгер өзінің артында іргелі ел тұрғанын сезіну керек. Елден биікпін деп ойлаған қаламгер шатасады. Үлкен қателіктерге ұрынуы мүм­кін. Мұны неге айтып отырмын, осындай ұғымдарды түсінбеген кей қаламгерлер ұяттан аттап тұрып, сұраншақтыққа барады. Жауырды жаба тоқитын ештеңесі жоқ, нарықтың қыспағына шыдамаған кейбір қаламгерлердің алақан жайған кездері болды. Сосын олар аз емес. Осындай көріністі көріп, бір өлең жазып едім. ... Ұлтым қайғы кешкенде, жұртым қайғы, Сарыуайым сағаты сыртылдайды. Ақындары алақан жайған елдің, Қатындары қол бастар ұл тумайды,– деп. Бұл өлең Бекболат Тілеуханның аузымен Парламентте де айтылды. Шын мәнінде, қазақ зиялысы алақан жаймауы керек. Ал билік зиялысын ондай жағдайға жібермеуі қажет. Бұл арада тағы бір нәрсені айту керек. 700 жазушының барлығы сұраншақ дей алмайсыз. Соның арасынан 7 жазушы алақан жайса, оның кесірі қалғанына да тиіп жатады. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген әңгіме ғой. – Ал әдебиетке публицистика араласып кетті дегенмен келісесіз бе? – Көсемсөз деген – жауынгер жанр. Ал әдебиет – палитрасы бай, образға оранған теңеулерден тұратын көркем дүние. Дегенмен осы көркем дүниеге көсемсөздің араласқаны жасырын емес. Әсіресе, кейінгі жылдарда бұл құбылыстың белең алғаны байқалады. Өз басым көркем әдебиет көркемдігін сақтау керек деп ойлаймын. Бірақ көркем дүниенің де, көсемсөздің де міндеті – елдің, жұрттың, халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтау. Осы тұрғыдан алғанда екеуіне де жүктелген жүк ауыр. Лайым, соны өз деңгейінде атқаруға жазсын. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Ержан БАЙТІЛЕС

2234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы