- Тарих
- 16 Қыркүйек, 2010
Тұранның даңқты перзенті
Қызылорда қаласында қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған, уақытында әмір де, би де, батыр да болған Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлына ескерткіш орнатылды. Жалаңтөстің аты 1611-1642 жылдары ерекше әйгілі болады. Жау қазақ еліне қарсы шапқыншылық жасағанда 50 мың жауынгермен оларға қарсы шығып, үлкен жеңіске жетеді. Дерек көздеріне қарағанда, ол 42 рет жекпе-жекке шығып, айдарынан жел ескен. Ол даңқты қолбасшы ретінде, Орта Азияны айтпағанда, Еуропаға да танымал болған.
Жалаңтөске қатысты тағы бір оқиғаны айтуға болады. 1643 жылы Жетісу өңірінде жоңғар қалмақтарымен ауыр шайқас болды. Сол кезде Cалқам Жәңгірге Жалаңтөс жиырма мың әскермен көмекке келеді. Шайқас қазақтардың жеңісімен аяқталады. Жалаңтөстің бір ерекшелігі, ол соғыс өнерінің майталманы болып қана қоймай, ғылым-білімге, сәулет өнеріне айрықша көңіл бөлген. Ол Самарқанның әмірі болған жылдары атақты Шер-Дор медресесін салдырған. «Шер-Дор» деген парсыша «жолбарысты» деген мағынаны беретін көрінеді. Бұлай болатыны, Шер-Дор медресесінің әшекейлі үлкен қақпасы болған. Қақпаның үстіңгі жағында екі жолбарыс бейнеленген. Әмірдің ұйытқы болуымен Тілдә-Кари медресесі де бой көтерген. Медресенің сырты, мұнаралар түрлі-түсті бояулармен сырланып, асыл тастармен қапталған. «Тілдә-Кәри» қазақша «алтынмен апталған» деген мағынаны береді. Баһадүр ескерткішінің құрылысына 58,7 млн. теңге қаржы жұмсалған. Сәулет туындысының биіктігі – 11,5 метр. Кешен 2 гектар аумаққа орналасқан. Ескерткіштің ашылуында облыс әкімі Болатбек Қуандықов сөз сөйледі. Ол Елбасының бастамасына орай ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтауда оң істердің жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев сөз алды. Батыр бабаның ерлік істерінен деректер келтірді. Қазақстанның қазіргі жетістіктеріне тоқталды. Елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, биылғы жылдың аяғында елу бес мемлекет басшысының Астанада бас қосатындығы – зор табыстар екендігіне назар аударды. Сөз алған «Жалаңтөс баһадүр» қоғамдық қорының төрағасы, еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев салтанатқа қатысушыларға арнап жүрекжарды лебізін білдірді. Ескерткіштің ашылуы Қорқыт Ата атындағы университетте «Жалаңтөс баһадүр» деректі фильмін тамашалауға, «Тұран топырағының даңқты перзенті – Жалаңтөс баһадүр» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға жалғасты. Конференцияға ғалымдар, халық қалаулылары, ақын-жазушылар, ардагерлер қатысты. Осында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Қыпшақтану» орталығының директоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмеков «Қазақстан тарихының проблемалары және Жалаңтөс батыр», Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған «Ұлт-азаттық қозғалыс: қазіргі Қазақстан тарихнамасына жаңаша көзқарас», Мадрид университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өтениязов «Жалаңтөс баһадүр өмір сүрген заманның проблемалары» деген тақырыптарда баяндама жасады. Конференцияда сондай-ақ ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Өтеген Күмісбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Дүкенбай Досжан, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев сөз сөйледі. Сөйтіп, Сыр бойында тағы бір еңселі ескерткіш бой көтерді. Тас тұғырдағы арғымақ мінген батыр бейнесінен өр рухтың асқақтығы байқалады. Нұркен Жандәулетұлы

2960 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *