• Тұлға
  • 22 Қыркүйек, 2010

Әдебиеттің өз жолы бар

Тұрсынәлі Рыскелдиев, жазушы, ҚХР мемлекеттік «Тұлпар» әдебиет сыйлығының иегері:

– Сіз Қытайда туып-өстіңіз. Еліміз тәуелсіздік ала салысымен атажұртқа оралдыңыз. Яғни екі орта, екі мәдениеттің куәгерісіз. Бұл жағдай сіздің әдебиет әлеміндегі қолтаңбаңызға әсер етті ме? – Мен жас кезімде нағашы атамның қолында өстім. Ол кісі Семей медресесінде оқыған, Ислам дінінен мол сауаты бар, он саусағынан өнер тамған шебер адам еді. Іледегі атақты бай Нүптебектің былғары зауы­тын салып, соны талай жыл іске қосыпты. Жарықтық тілді-жақты, әңгімені сарынды, әсерлі айтатын. Қазақтың ұшан-теңіз ауыз әдебиетінен сол кісінің арқасын­да сусындадым. «Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс» дегендей, нағашы әжем де ертегіші кісі еді...Мектепте оқып жүргенде де сөз өнерінен құржаяу қалмадым. Дегенмен 10-сыныптағы бір оқиға әлі есімнен кетпейді. Бір күні кешкі сабақ кезінде алгебра сабағының тапсырмаларын орындап отырғанымызды көрген Сүлеймен деген ұстазымыз: «Жаратылыстық ғылымнан ғалымдар жаңалық жаратып болған. Енді сендерге не қалды дейсің?! Ал әдебиетті мықты білсеңдер, ақын-жазушы боласыңдар, тарихта аттарың қалады, ал, кәнеки, қыздарға арнап өлең жазыңдар», – деп сөзінің соңын әзілге сабақтады. Ол көктем мезгілі болатын. Терезеден қарасам, екі қыз киімдеріне гүл қадап, көше бойлап барады екен. Аяқастынан шабытым келіп, «Гүліңіз» деген үш шумақ өлең жаздым. Сүлеймен мұғалім өлеңімді бүкіл сыныптастарымның алдында оқытып, жатып кеп мақтады. Ол өлең кешікпей «Іле газетінде» жарияланды. Университетке түс­кен жылы «Иесіз оқушы» деген әңгімем «Шұғыла» журналында жарық көрді. Сөйтіп, жазба әдебиеттің табалдырығынан да аттадым. Мен Шыңжаң университетінің қытай тілі мен әдебиеті факультетін тәмамда­дым. Алғашқы жылы оқыту сапасы жақсы болғанымен, кейін Қытайда саяси науқан жиілеп, қоғамдық өзгерістер аласапыран күйге түсті. «Оңшыл ұлтшылдыққа қарсы тұру», «Стиль түзеу», «Зор секіру», «Жерлік әдіспен болат қорыту», «Үш қызыл туды биік көтеру», «Халық коммунасын құру» сияқтылар қытай әдебиетіне де, зиялы қауымға да өлшеусіз апат ала келді. Сөйтіп, көркем әдебиет саясаттың жетегінде кетті. Дегенмен тағы бір ұстазымның: «Қазір көркем әдебиетті саясат билеп кетті. Желдің ығымен кеткен шығарма ұзақ жасай алмайды. Махаббат пен табиғат қана мәңгілік. Шынайы өміршең шығарма содан туады» деген сөзі маған көп медеу болды. Сол сөздердің әсері де болар, қайда жүрсем де жазғандарым саясаттың жетегіне ермеді. – Жазушының ұстанымы, жасам­паздық сапары жолындағы талғамы қалай болу керек деп ойлайсыз? – Студент кезімде бір шетел жазушы­сының өзіне қойған шарттарын оқыған едім. Сонда айтылған көп шарттардың біра­зын орындасам да, «Мүмкін болса үйленбеу» дегенімен үзілді-кесілді келіспедім. Ұлты­мыздың мінезі, салт-дәстүрі ондайға жібер­мейді. Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасады. Ал сол қаламгердің «жазушылыққа» қойған шартарының ішінде «патша мен халық арасында қайшылық туғанда, халық жағында тұру» дегенін, әсіресе, көркем шығармаларым арқылы орындауға тырыстым. Қытайдағы «Мәдениет зор төңкерісі» тұсында зынданда, түрмеде жатып, «Та­мызық» атты мысалдар топтамамдағы «Бәбісек», «Алжыған аюдың ауыр күрсінуі», «Құдықтағы бақаның арманы», «Қапастағы тотықұс туралы аңыз», «Сасық қоңыздың мансапты болуы» сынды мысалдардың сюжетін құрдым. Бұл мысалдар сол кезде жарияланса басым сөзсіз оққа байланар еді. Қызыл қорғаушылар үй тінткенде әйелім оларды бесіктегі баланың астына жасырыпты. Жалпы, жазушы болудың көптеген шарттарына өз тарапымнан мыналарды қосқым келеді: Бірінші, өмірдің қараңғы, қалтарыс жағына көп үңіліп, ащы шындықты жазуға батыл болу. Екіншіден, кейбір топтар­дың, жіктердің, рулық тартыстардың дау-шарына кимелеп кетпеу, рушыл болмай, ұлтшыл болу. Үшінші, жеткен жетістікке, нәтижеге қанағаттанбау, өмір бойы іздену. Төртіншіден, жазушы гуманист болу керек. – Қазір көркем әдебиет туралы әртүрлі пікір бар. Біреу мақтағанды біреу жақтамайды. Сіз не дейсіз? – Көркем шығарма туралы пікір, таным, көзқарастың ұқсамауын екі жақтан қарастыруға болады. Бірінші, ниет, пиғылға қатысты. Белгілі бір көркем шығарманың нашар әлде мықты жазылғанын біліп, тани тұра, жақынына басып, жауласқанына азуын басудан қасақана теріс баға беріледі. Екінші, сыншының сауатсыздығынан дән мен топан араласып былығады. Оның бер жағында жазушының да, оқырманның да әдебиеттану ғылымынан сауаттысы-сауатсызы болады. Кейбір жазушылар өзі дүниеге әкелген туындысының әдебиеттің қай жанрына жататынын да білмейді. Өзінің күнделіктері мен біреумен болған дау-шарын, кеткен кегін «Ғұмырнамалық роман» деп жазып жүрген қаламгерлер де жоқ емес... – Әдебиеттегі ұлттық бояу деп нені айтуға болады? – Көркем шығармадағы ұлттық бояу, түптеп келгенде, қазақ халық ауыз әде­биетінен бастау алады. Шығармаға ұлттық бояу беруде таптаурын болған дүниелерді талғамсыз тықпалай берудің де қажеті шамалы. Әлем әдебиеті таяздан тереңге қарай бет алып, үздіксіз жаңарып, түлеп, құлпырып отырады. Біздің ұлттық әдебиетіміз де солай болу керек. Дүниеде қалпын өзгертпей, қатып-семіп қалатын ештеңе жоқ. Тағы бір нәрсе, шығарма жазуда көркемдіктің әлемдік жетістіктерін қаперден шығармаған абзал. Дәстүрге артық беріліп, айналамызға көз жүгіртпеу де сыңарезулік болар еді... Жаңа бір биік деңгейге табан тіреу үшін бұрынғы мен бүгінгінің арасынан соны да аумақты өріс ашқан жөн. – Өзіңіз айтқан осы соны соқпақпен жазылған шығармаларыңыз бар ма? – Оны менен сұрағаннан гөрі шы­ғармаларымды немесе сыншылардың жаз­ған мақалаларын оқып көрсең, толық жауап берер еді. Бұрын Қытайда жарық көрген, кейін атажұртқа келген соң оқырманмен бет көріскен көптомдығымның І томында­ғы «Жоңғар жолаушылары», «Тәтті алма», «Көшірілген жүрек», «Сары даланың сағымы», «Қара көлдің балықтары» сияқты хикаяттарым мен «Ұлы көш» трилогиямды мүмкін қазіргі психологиялық проза ағымына жатқызған дұрыс болар. – Жасыратыны жоқ. Қазір көптеген қаламгерлеріміз ғұмырнамалық роман жазуға, енді біреулері тапсырыспен кітап жазуға бейімделіп кетсе, кейбіреулері деректі проза деп прототипі анық кісілердің өмірінен шығарма жазады. Сіздің туындыларыңыздың қатарында ондай дүниелер бар ма? – Мен ғұмырнамалық роман да, тапсырыспен көркем шығарма да жазып көрген адам емеспін. Бірақ шығармаларымда, оның ішінде «Ұлы көште» ақын Таңжарық – белді кейіпкерлерімнің бірі. Оның өмір сүрген ортасы, тарихы, мінез-құлқы, бет-бейнесі маған әбден таныс. Өйткені Таңжарықпен рулас, жерлеспін әрі таңжарықтанушылар­дың бастамасы болғанмын. Ол туралы пьеса, кино, сценарий де жазғанмын. Таңжарық – «Ұлы көштегі» басты кейіпкер Ақтоты­ның алғашқы махаббаты. Таңжарықтың жас кезінде бір қызға ғашық болғаны, оған арнап «Анар-Сәуле» деген дастан жазғаны шындық. Ал Ақтоты – менің қиялымнан туған кейіпкер. Романға ақынның өмір тарихын, басынан кешкендерін қаз-қалпын­да көшіре салмадым. Шығармаға қажетті түйіндерін таңдап алып, сюжет желісінен, композициялық тұтастықтан ауытқып кетпеуді ұстандым. Меніңше, роман тарихи деректердің үйіндісіне айналып кетуден барынша сақтанған жөн. «Ұлы көш» романында ойдан құрастырылған оқиға басым орында. Әрине, тарихи шындықты да ұмытпадым. – Шығармашылығыңызда қандай жаңа­лықтар бар? – Оқырмандарыммен жүздесіп, шығар­машылығым туралы үлкен есеп беретін уақыт келген секілді. Соны ескеріп, жа­қында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 6 қазан күні Әдебиет үйінде шығармашылық кешім өтеді. Әңгімелескен Мәдина Кегенбаева

2283 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы