• Ақпарат
  • 10 Ақпан, 2009

Мәсімов мәселешілдігінің сыры неде?

Атақты телепродюсер Серік Абас-шахтың «жаңалықтардың да сериалға ұқсайтын тұстары көп. Оның да өз драматургиясы, тұрақты кейіпкерлері болады» деген сөзі бар-ды.  Бұл тәмсілде қаншалықты шындық бар? Әйтеуір, бір анығы: Премьер министр Кәрім Мәсімовты «Қазақстандағы БАҚ құралдарының бүгінгі таңдағы маңдайы кере қарыс жұлдызы» деп атай беруге болатын сияқты. Неге десеңіз, бүгінгі Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі жиілігі жағынан оқиға тудырушы кесек тұлға бір өзі болып тұр. Бүкіл 2008 жылдың өнебойында шаужай ғана қимылдап, мұртынан сыланып келген сырбаз да сұлу мырза жаңа жыл мерекесінің ізінше от жанындағы жылы орынын тастап, қызу іске кірісе бастады. Әсіресе, аумағының өзі төрт Франциядай болатын байтағымыздың бірде ана тұсында, енді бірде мына тұсында жылтылдап көрінуін де көбейтті. Бәрінде де ортақ сценарий бойынша, жергілікті шонжарларды шоң желкеден қысып, қолды сермеп, қабақты түйіп, қатқыл да қатал тапсырмалар жаудыруға көшеді. Министрліктердің мінберлерінен республикалық деңгейде маңызы бар дабыралы мәлімдемелер жасап, біреулерді үрейлендіріп, екіншілерін үміттендіріп, үшіншілерін тіпті екіұдайыландырып қояды. Ара-арасында алыс-жақын шетелдер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Әрине,  халықтың қалаулысы, елдің елеулісі болып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жанға бұл жарасымды-ақ. Шындығында, елбасыдан кейінгі ел аманатын арқалаған құзырлы азамат осылай болуы да керек. Өз кезегінде дағдарыстың дабылынан далбасалап қалған алаштың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ерен істері үшін алты атасына алпыс алғыс, жеті атасына жетпіс рахмет. Бірақ бізді мазалайтыны әсте ол емес. Керісінше, таң қалдыратыны: осының алдында  ғана  ұйқылы-ояу жүргендей әсер қалдыратын кермиық бейненің  ойламаған жерден шиыршықталып өріліп, тас-түйін қайраткерлікке бой ұруына не себеп? Рас, «алма піс, аузыма түс» деп, «тауықсыз да таң атқан» ұғымымен бәйбішеңнің жанында бесбармаққа қолды молынан салып, қазы-қарта асап, сорпаңды сораптап жататын мамыражай, кеңшілік уақыт емес. Өте күрделі, сындарлы сәттерді басымыздан өткеріп жатырмыз. Американың қаржылық секторынан бастау алған әлемдік апат иірімнің мықтылығы сондай, кім-кімді де болса, ойландырмай қоймайды. Сонау көз ұшында Латвия бейнесіндегі алғашқы құрбандықтары да жоқ емес деуге болады. Әлде, мәселе басқада ма? Жасыратыны жоқ, құрылыс компанияларының құрдымға кете бастауына байланысты «қызметінен кетсін» деген айғай-шудың  да басылғаны күні кеше ғана.  Отандық саяси сарапшы Николай Кузьмин  бұл туралы: «Кәрім Мәсімовке қатысты елдегі жағдайды түзей алмаған, ахуалға шамасы келмеген адам ретінде жұмыстан кетеді деп көптеген болжамдар мен жорамалдар айтылды. Мәселен, маған оның қандай мәселелерге шамасы келмей, дәрменсіздің күйін кешіп қалғаны түсініксіз. Ондай жағдайда бүкіл дүние жүзі басшылары бірі де қалмай бәрі бірауыздан «ойбайды» салып тұрып, экономиканы ауыздықтай алмағандықтары себепті орындарынан кетуге тиісті» дейді. Мұның қандай негізде екені әркімнің өз талқысында. Бірақ әділін айту керек, мырза есіміне «елбасымен жақсы, достық  қарым-қатынастағы, еліміздегі бүткіл үлкенді-кішілі бизнесмендер армиясымен ортақ әңгіме таба алған, сондай-ақ оппозиция серкелерімен тіл табыса білетін, батыс пен шығыс елдерінде байланыстары мықты, текке дегбірі кетпейтін, сабырлы да салиқалы, жаңа заман менеджментінің адамы» деген түсініктер бекіген. Батыстық саясаттанушылардың байқауынша, кілең позитивті ұғымдар шоғырынан тұратын мұндай бренд капиталы бар тұлғаға қандай да саяси технолог таңдай қағып, бас шайқаған болар еді. Жалпы, осы таңда «Мәсімов» дегенде қатардағы көп қазақтың ойына бірден «дефляция», «антидағдарыстық бағдарламаның жүзеге асуы» «екі жылға созылатын дағдарыс», «гастарбайтерлер мен жұмыссыз құрылысшылар мәселесі» тәрізді көптеген түйіткілдер орала кетеді.  Тіпті, қазақ тіліне қатысты «Эхо Москвы» радиосы арқылы солтүстіктегі қалың орманның аузына құм құйған «уәжді ерлігінің» өзі біраз «бәрекелділерге» жүк болды.

         Ал әзірге тұңғыш блоггер премьер интернет күнделігін ашып алып өз жанкүйерлерімен сырласып, мұңдасу үстінде. «Кімге қандай көмек керек? Кімнің қандай ойы бар? Еш тартынба, тер де жаз». Ол порталдағы ұран осындай. «Тек әдептен озбасаң болғаны, шырақ!!!» Осынау демократияшылдығынан ба, яки адами ашықтығынан ба, виртуалдық әлемдегі Кәрім  Мәсімов шынайы өмірдегі иесінен де танымал болып тұр. Үкімет тарапынан жасалатын әрбір қадамды қалт жібермейтін қара бұқара болса, бұған шөп басын сындырғандай «біздің премьер көптен бері Алла тағаладан уақи, пайғамбардан аян келгендей дереу түрегеліп, білекті сыбана түрініп, істі бұрқыратып істеуге кірісіп кетті» деп әзілдейді. Кейігеннен емес, разы болғандықтан сөйдейді. Ақпарат құралдары да бұрынғыдай шетелдің танымдық жағынан құнды, практикалық жағынан пайдасыз оқиға-мәліметтеріне ауызын аша бермей, отандық тарапқа, яғни, Қазақстандық бағытқа да мөлиіп отыратан болды. Және де онысы үшін өкініп те жатқан жоқ. Қоғамға соңғы бір ай көлемінде беки бастаған бір ақиқат: Мәсімовтың мәселешілдігі кімді де болса өлтірмейді. Бір сөзбен айтқанда, «Мәсімовтың мінгені мәстек пе?» деп газетшілер де, «Мәсі киген кім?» деп теледидаршылар да «мәске» бар материялын ұйқастырып, беттері мен кесімді уақытын толтырып отыра беретін болды. Бұл жақсы ма, жаман ба? Кімге пайдалы, кімге зиянды? Егер мектеп  пен университет қабырғасынан жиған аз-маз тәжірибеміз бойынша бірауық ой түйер болсақ, әдетте сыныптастарымыз бен топтастарымыздың баға қорытатын кездері, немесе жоғары стипендия тағайындайтын сынақты маусымдарда белсенді болып кететіні бар еді. Тек бүгінгі жемісті істер тізбегі уақытша серпіннің лебі болмай, ұзағынан сүйіндіргей деп тілегіміз келеді.

            Иә, Шекспир бүгінгі дәуірде өмір сүргендей болса, «өмір дегеніміз—театр» деп емес, қайта, заманына қарай, «көп сериалды жаңалықтар бағдарламасы» деп келте қайырған болар ма еді, кім білсін?! Өйткені, ондағы жаңалық жасаушы негізгі «әмбебап әртістердің» рөлін сол баяғы Серік Абас-шах айта беретін «үкіметтегі қызметі ауысса да өздері ауыспайтын белсенді шенеуніктер мен парламенттегі кейбір «тұрақты» депутаттар ойнайды». Шіркін, Мәсімов мырза күндердің күні болғанда, бүгінгі орынтағынан кеткендей болса, осынау қанатты сөздің үдесінен шығып, қайсыбір харизматикалық саясаткерлерше танымалдығын сақтап, әрмен қарай да жаңалықтардың қыздырушы шоумені болып қала бере ме, әлде құмға төгілген судай белгісіздікке кете ме? Бұл  жағы енді, ертеңгі күннің еншісінде. Қалай дегенмен, тышқан ауламайтын мысыққа орыс шыдаса да, басқасы басқа, біздің қаймана қазақтың төзе алмайтыны бесенеден белгілі жайт. Осыдан соң ұлтымыздың тілін түсінбесе де ділін түсінетін қабырғалы басшылардың барлығына мың да бір шүкіршілік еткеннен өзге бізге не қалды?!

                                                                                       Абылайхан Қалназаров

3848 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы