• Тұлға
  • 29 Қыркүйек, 2010

Балалар білімге, білмекке құштар

Жаздың осы бір күзге ауысар шағы – қыркүйек айын жиын-терім кезеңі деп есептейді. Әрине, бұл сөз былай қарағанда жұртшылыққа ауыл шаруашылығы жұмыстарын көз алдарына елестетуі әбден мүмкін. Әйтсе де үш ай жазғы демалыстан алтын ұя – мектептеріне оралған оқушыларды қабылдаған алғашқы қоңырау кезеңіндегі күйбең тіршілікті ешкім де бұл ұғымға жаңсақ пікір деп айта алмаса керек. Міне, тағы да бір оқу жылы басталды. Тағы бір топ жас бүлдіршін үлкен өмірге қадам басты. Білім нәрімен сусындататын мектеп атты рухани ордаға бас сұқты. Мектеп – олар үшін білім берер ана, жол сілтер дана. Мектептегі тәлім-тәрбие олардың мәңгі серігі болмақ. Сол білім ордаларының жай-күйі кімді болса да алаңдатады. Сол себепті Ақтөбе қаласы мектептерінің жаңа оқу жылына қандай дайындықпен келгендері жөнінде қалалық білім бөлімінің бастығы Айгүл Арынғазиевамен сұхбаттасып, біраз сауалдарымызға жауап алып қайтып едік.

– Айгүл Аманғазықызы, міне, жаңа оқу жылының да басталғанына бір айдай уақыт болды. Оқу жылына дайындықтарыңыз қалай? – Ақтөбе қаласындағы 65 күндізгі жалпы білім беретін мектептер жаңа оқу жылына толық дайындықпен келді. Өйткені біз жос­парлы жұмыстарды белгіленген мерзімінде жүзеге асыруды басты мақсат етіп қойдық. Жауапты басшылардан, жетекшілерден істің орындалуын сұрастырып қадағалап отырдық. Дайындық жұмыстары кешеуілдеп жатқан нысандардағы мән-жайды анықтап, оған тиісті қол ұшын беруді де ұмытпадық. Міне, осылай жұмыла жұдырық болып атқарған істің нәтижесінде шәкірттер білім беретін ордаларына дер кезінде аяқ басты. Бұған қоса бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған балабақша проблемасын шешуде де біраз жұмыстар атқардық. «Балапан» бағдарламасы бойынша №46 және №49 екі мектеп-бақшасы мектепке дейінгі ұйым болып қайта ұйымдастырылды. – Қалада жаңа мектептер пайдалануға берілді ме? Сонымен қатар әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та келеді. Білім ошақтарында қысқа дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде? – Өткен 2009 жылғы «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасының аясында Ақтөбе қаласындағы бір ғимарат толық күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Қазір мұнда № 40 орта мектеп орналастырылды. Онда 1200 оқушы білім алуда. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл Ақтөбе қаласындағы жиырмадан астам негізгі білім беретін нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса оннан астам мектептерде жылыту жүйелері ауыстырылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 205 миллионнан аса қаражат аударылды. Тамыздың орта шеніне дейін қаладағы 117 білім беру мекемелерінің басым бөлігі орталық жылыту жүйелеріне қосылды. Кейбір мектептер мен балабақшалар газбен, электр қуатымен, пешпен жылытылады. Олардың да көпшілігі қысқы жылыту кезеңдеріне дайын. – Балаларды тамақтандыру мәселесі қалай жолға қойылған? – Ақтөбе қалалық білім бөлімі тарапынан мектеп оқушыларының тамақтануына баса назар аударылады. Қала мектептері жанында 40 асхана және 21 дәмхана жұмыс жасайды. Әлеуметтік көмек және балалардың денсаулығын сақтау мақсатында 1-4-сынып оқушыларына та­мақтандыруды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 335 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаржы балаларды ыстық тамақпен қамту деңгейін ұлғайтты. 2010 жылдың 25 мамырындағы дерек бо­йынша ыстық тамақпен 41738 бала, яғни қала мектептеріндегі жалпы оқушылардың саны бойынша есептесек, 88 пайызы қамтылған. Тағы бір айта кететін жайт – қала мектептеріндегі ыстық тамақтың бағасы басқа тамақтандыру орындарымен салыстырғанда өте төмен, бар-жоғы 120 теңгені ғана құрайды. Ал биыл өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушыларды ақысыз тамақтандыру 16,6 пайызға артты. Ақиқатын айтар болсақ, Ақшат бастауыш, Белогор, №52 және №18 орта мектептерінде ас блоктары жоқ. Мұны уақыт талабына сай ескеріп, алдағы уақытта аталмыш білім ордаларында асхана немесе шағын дәмханалар ашамыз деген ойдамыз. – Оқушылардың бос уақыты тиімді өткізіле ме? – Әрине. Еліміз егемендік алып, тә­уелсіздікке қол жеткен қазіргі таңда ең алдымен ұлттық өнерге (ою-өрнек, кесте тігу) баса көңіл бөлінеді. Сондықтан қай мектепте болмасын қолданбалы өнер түрін дамытуға күш салып, сондай үйірмелерді көбірек ашып, тиісті оқытушы-мамандарды тартуды барынша жолға қоюдамыз. Дене тәрбиесі барлық мектептерде негізгі пәндердің бірі ретінде өткізілетіні белгілі. Оған қоса біздер мектеп директорларына балалар мен қыздар бос уақыттарында қазіргі кезде кең тараған футбол, волейбол, баскетбол сияқты ойын түрлеріне оқушылардың сабақтан тыс кездерінде де қатысып, шынығуына жағдай жасауды нақтылы тапсырып келеміз. Мектептердегі үйірмелерді көркем, эстететикалық, танымдық деп үш бағытқа бөлуге болады. Ал қазақша еркін күрес, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар анықталады. Оқу орындары жанындағы үйірмелердің жұмысына қанағаттанбаған немесе жеткіліксіз деп шешкен бойында қабілеті бар балалар қалалық оқушылар сарайына барып, жазылып, өз білімі мен тәжірибесін әрі қарай ұштай алады. – Заманға сай технологияны пайдалану мектептерде қаншалықты жүзеге асуда? – Бүгінгі күні қаншалықты нарық қыспағы десек те, ата-аналар балаларының ертеңіне алаңдап, олардың жан-жақты білім алуларына барлық жағдайды жасайды десем, артық айтқандық емес. Бұдан он-он бес жылдай бұрын компьютерлерді ірі мекемелер мен бизнесмен, кәсіпкерлердің кеңсесінен ғана көрсек, қазір заманымыздың ең озық техникасының бірі әр отбасында бар. Қолы жеткендері интернетке қосылып, әлем жаңалықтарынан толық хабардар болып отырады. Бұл сүйінішті. Осы орайда Ақтөбе қаласындағы мектептер 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етілген. Олардың 98 пайызы, яғни 64 мектеп интернетке қосылған. Тек Красносельская мектебінде ғана интернет желісіне қосылудың техникалық мүмкіндігі болмай тұр. Мектептерде барлығы 2589 компьютер бар. Қалада бір компьютерге 18, селоларда 16 оқушыны құрайды. Бұл жүктемені жеңілдетудің әлі де қолайлы жақтарын қарастырмақпыз. – Сіз басқарып отырған салада мемлекеттік тіл мәселесі қалай қойылған? – Өте дұрыс сауал екен. Мемлекеттік тіл қазақ тілі деп қадап айтсақ та, әлі күнге мо­йын бұрмай жүрген мекемелер баршылық. Дегенмен қазақ тілін мемлекеттік тіл, ана тіліміз ретінде сыйлап, оны төрге оздыру әр­қай­сысымыздың азаматтық борышымыз деп санаймын. Сондықтан да қалалық білім беру мекемелерінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңы мен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы басшылыққа алынады. Қазақ тілін оқытуды мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастап ерекше назарда ұстауды тапсырған Елбасы Н.Назарбаевтың сөзіне сәйкес, мемлекеттік тілдің бағы бала тіліне айналғанда ғана жанатынын түсінген біздің ұжымда да бұл бағытта атқарып келе жатқан жұмыстарымыз нәтижесіз емес. Шәкірттерге білім мен ұлттық тәрбие берудің тірегі – ана тілі дейтін болсақ, қолымыздағы осы қасиетті қарудың алмастай жарқырап қызмет етуі, ең алдымен, ұстаз-педагогтарға байланысты. Оқытудың инновациялық, ақпараттық технологияларын игерген педагог кадрлар арқасында тиімділік пен табысқа қол жеткізілуде. Бұл тұрғыдан алғанда біздің Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі де мемлекеттік тілге деген жанашырлығы мен ілтипатын айқын көрсетіп келеді. Бұл сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жыл са­йын аталмыш министрлік басшысының бұйрығымен өткізілетін қазақ тілі мен әдебиетінің үздік мұғалімдеріне материалдық көтермелеу гранттарын тағайындау конкурсын айтуға болады. Бұл сайыс, біріншіден, мұғалімдерді моральдық жағынан көтерсе, екінші жағынан, материалдық тұрғыдан да пайдалы жақтары жетерлік емес пе? Осындай байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп, ақшалай сыйлыққа қолдары жеткен педагогтар бірлеп емес, ондап саналады. Сондай үздіктердің арасынан республикалық жаңашыл мұғалімдер фестиваліне қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталған №9 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Сағырованы айтуға болады. «Жыр алыбы – Жамбыл» атты ақын­дар айтысының, Абай, Махамбет және М.Мақатаев оқуларының, Шәкәрім шы­ғармаларын жатқа айтушылар конкур­сының, «Бір ел, бір Елбасы» қалалық шығар­машылық байқауының жеңімпаздары ретінде облыстық байқауларда бас жүлделерді жеңіп алып, республикаға жолдама алды. Ұлттық бірыңғай тест өткізу кезінде қазақ тілі пәнінен білім сапасының көрсеткіші жыл сайын өсе түсуде. Мысалы, аталмыш пәннен 2008 жылы білім сапасының көрсеткіші 84,9% болса, 2009 жылы 94,1%, ал биыл 96,6% құрады. – Ал орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәніне қаншалықты көңіл бөлінеді? – Орыс мектептерінде мұғалімдерге арналған қоғамдық негіздегі қазақ тілін үйрететін үйірмелер жұмыс жасайды. Мысалы, №2 орта мектептің «Қазақ тілін оқыту үйірмесінде» өзге ұлт өкілдерінен құралған екі топ бар. Мұндағы бастауыш топта 24, дамытушы топта 4 өзге ұлт өкілдері оқиды. Ал №23 орта мектеп-лицейінде осындай үш топ жасақталған. Өткен оқу жылында осы аталмыш мектепте пікірталас курсы ашылды. Тілдер апталығында «Үкімет мемлекеттік тілдің бәсекелестікке қабілетін арттыру жобасын ұсыну керек» тақырыбында 8-10-сынып оқушылары арасында пікірсайыс өткізілді. №9 орта мектеп-гимназиясында да қазақ лигасының пікірсайыс клубы құ­рылған. Бұл екі оқу орнында да мектеп әкімшілігі мемлекеттік тілге аса зор мән беріп, орысша оқып, тіл сындырған қазақ балаларына өз ана тілінің бүгінгі таңдағы алатын орны мен беделі жөнінде кез келген басқосуда, пікірталас кештерінде айтып, жалықпай жан-жақты мағлұмат беріп келеді. Осылайша орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні бойынша білім сапасының көрсеткіші 94,6% құрады. – Шәкірттерге білім беретін ұстаздардың теориялық жағынан дәріс оқу дәрежесі мен іс-тәжірибесі сізді қанағаттандыра ма? – Қала мектептерінің оқушылары, әрине, 100% десем асыра айтқандық болар, бірақ басым бөлігінің сабақ үлгерімдері жақсы, жан-жақты білімді. Жоғарыда айтқанымдай, компьютер заманында олар солай қимылдауға тиіс те. Тіпті интернет арқылы әлемдік деңгейдегі құбылыстардан толық хабардар де­уіме болады. Мен мұны не үшін айтып отыр­мын? Демек, ұстаздарға да мұндай жағдайда көбірек оқып, ізденуге тура келеді. Өйткені өз оқушыларының қарапайым сұрақтарына жауап бере алмаса, ондай педагогтың бізге қа­жеті қанша?! Сондықтан біздер бір ғана бағытты – ол жас мұғалім бе, әлде тәжірибелі ұстаз ба, тек терең білімімен ғана бағалаймыз. – Қала мектептерінде бірыңғай киім үлгілері жөнінде соңғы кездері жиі айтылып жүр... – Жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларына бірыңғай мектеп формасын енгізу ата-аналар қауымдастығының келісімі бойынша ғана жүзеге асады. Әйтсе де қаладағы бірсыпыра мектептер өз ерекшеліктеріне қарай киім үлгілерін таңдаған. Мысалы, №21, №29 және №51 мектеп-гимназия оқушы­ларының бірыңғай үлгідегі киімдері бар. Киімді таңдап киіп, таза жүріп, сабағын жақсы оқығанға не жетсін! Бірақ әлі де болса аз қамтылған отбасылары жеткілікті. Олардың кейбіреулері – аудандардан көшіп келгендер. Үй-жайлары жоқ, саяжайларда тұрады. Отбасында ері немесе әйелі ғана жұмыс жасайды. Міне, осындай топқа кіретін балаларды да біз өзекке теппейміз. Мүмкіндігінше мектепке тартамыз. Қызметі жоғары, жағдайы жақсы ағайындардан көмек сұраймыз. Жылда дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы бізге осындай аз қамтылған отбасы балаларын мектепке тартуға жол ашты. Биыл да осы игі дәстүр жалғасып, демеушілер 1 410 129 теңгеге 55 отбасының 79 баласына оқу құралдарын, мектеп формаларын алып берді, материалдық көмек көрсетті. Бізді балалардың оқуға деген ынта-жігері қуантады. Қай-қайсысы да білімге, білмекке құштар. – Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Сағындық НИЯНҚҰЛОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі

2787 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы