• Тұлға
  • 29 Қыркүйек, 2010

Биіктегі сұлулық

Біз жазушы Нұрғали Ораздың «Даладан қалаға келгендер», «Қазығұрт оқиғалары», «Аяқталмаған ертегі», «Биіктегі сұлулық» атты кітаптарын оқып, оның жазу өнеріне қызыққан едік. Оның көркем тілі, астарлы ой иірімдері оқырманды өзіне бірден баурап ала жөнелді. «Әпкем, жездем және мен» деген әңгімесі өте қызықты жазылған. «...Кенет жүрегім лүпілдеп, қазір Қызылдалаға жеткенде бір қуанышқа кенелердей көңілім алабұртып кетеді. – «Өй, Жәкіш, келетініңді неге айтпадың?» - деп жездем алдымнан күлімдеп шыға келердей болады...»

Оқиға әпкесі мен жездесінің және Жәкіштің арасында өрбиді. Өмір дегенің таусылмайтын жұмбақ екенін Жәкіштің ойы арқылы жеткізеді. «... Бейуақытта жүрген бұл кім өзі? Жездем ғой. Иә, сол. Соның өзі. Ауыз үйдің шамы жанды. Терезеден қиғаштап жарық түсті. Түнгі дала тым-тырыс. Айналаға қою тыныштық ұйып қалған». Психологиялық драма. Досбол мен әпке­сі. Екі түрлі мінез. Бір шаңырақ астындағы адамдардың тіршілігі. Ойлау жүйелері, өмірге деген көзқарастары бір-біріне еш сәйкес келмейді. Өмір – толқын. Өмір – дауыл деген осы. Жазушы Нұрғали Ораздың «Оңаша арал», «Күнімайдың күндері-ай», «Жо­лай­рықта», «Қызыл іңір», «Көрші үйдің қызы», «Қоңыр шәлі», «Теріс ағаш», «Түндегі же­тім тамшылар», «Ақ тырналардың ұясы» атты әңгімелерін қызыға, құмарта, жалықпай оқи­сың. Олардан үлгі-өнеге аласың. Өмірде өзің байқамайтын тылсым сәттерді сезінесің. Гәп – адамдардың ұлттық психологиясында. Біз өзіміздің ұлттық мінезімізді терең тү­сінбей, басқаға үлгі бола алмаймыз. Нұрға­ли­дың ерекшелігі, оқиғаны өмірдің дәл өзі­нен ойып алады. Соны әсерлеп оқырманға жеткізеді. Қазақ жазушыларынан мұндай тәсіл Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Д.Исабеков, О.Бө­кеев шығармаларында кездеседі. Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов сезіммен арбауда алдына жан салмайды. – Мысал мен повестің бас-аяғының жинақылығын ұнатамын. Рас, көркемділігі келіскен, жақсы роман болса, онда рахаттанып оқимын. Повесть – маған лайықты жанр әрі маған жағады! – деп Шыңғыс Айтматов жасы елуге келген кезінде Сұлтан Оразалыға сұхбат берген екен... «Даладан қалаға келгендер» атты повестің авторы, жазушы Нұрғали Ораз да 50 жасқа жетіпті. Киелі Қазығұрт тауының етегіндегі шағын ауылда жазушы Нұрғали Ораз өмірге келеді. Бұл 1960 жыл болатын. Бала кезінен құймақұлақ болып өскен Нұрғали киелі Қазығұрт туралы аңыздарды естіп ержетті. Қорқыт туар кезінде Қазығұртты бұлт торлап, Қараспанды су алған. Қара жерді құм алған. Ол туарда ел қорқып, Туғаннан соң қуанған! – деген көнеден қалған осы сөзді Нұрғали көкірегіне сақтап өсті. Мен өзім тауда туып, Тасында өстім! – деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, ол тауда туып, оның тасында өсті. Нұрғали – текті жігіт. Ұзын бойлы, мінезі салмақты, әр сөзін ойланып барып айтады. У-шудан бойын аулақ ұстайды. Кербез. Анда-санда жымиып күліп қояды. *** 1991 жыл. «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты жазушы Оралхан Бөкеев Шымкентке келді. Жанында газет қызметкері Нұрғали Ораз бар еді. Біздің үйде қонақ болды. Тұтқабай Иманбеков пен Сайлау Пернебаев бар. Ол кезде Нұрғали жас жігіт болатын. Әңгімелері «Қазақ әдебиетінде» көп жарияланды. Өте сыпайы жігіт. Теледидарда Мәскеуде төңкеріс болғанын айтты. – Горбачевті қамап қойыпты! –деді Сайлау аға. – Осы облысты гүлдендірген Асанбай Асқаровты түрмеге қаматқан сол еді. Әй, өмір-ай. Алма-кезек дүние осы! –деді О.Бөкеев. Бөкеев. Ол – сөзге шешен кісі. Өзі бір ерекше жаратылған жазушы болатын. Басын жоғары көтеріп, тәкаппарланып отырады. Өзін сыйлата білетін адам еді. – «Қазақ әдебиетінде» екі мықты жазушы қызмет атқарады. Бірақ екеуі де жас. Нағыз талантты жігіттер. Біреуі – мынау алдарыңда отырған Нұрғали. Ал екіншісі – Жүсіпбек Қорғасбеков! – деді О.Бөкеев. Жап-жас Нұрғали ұялып қалды. Шетте оқшау отырды. «Қасқыр ұлыған түн» атты әңгімесімен ел аузына аңыз болған Оралхан ағаның аузынан Нұрғали мен Жүсіпбектің есімдері қатар аталды. – Нұрғалидың әңгімелері мен повестерін оқыған сайын оған өзім қызығып отырамын. Жазушыны Алла Тағаланың өзі тудырады. Шолохов, Айтматов, Әуезов, Аймауытов жас кездерінен-ақ белгілі болған! – деді Оралхан. Нұрғалиға қызыға қарап отырдым. Көзіне көзілдірік киген, қыр мұрынды, сұңғақ бойлы, өте мәдениетті жігіт. Асықпай, өте баяу әрі мәнерлеп сөйлейді. Көп тыңдайды. Мақтангершілік, атаққұмарлық, дарақы күлкі оған мүлде жат. Сөз өнерінің жеңіл емес екенін ол түсініп отырған сияқты болды. Алатаудай айбатты, өр мінезді, өткір жанарлы Оралхан Бөкеевтің әр сөзін ол мұқият тыңдап отырды. Ұлы суреткер әрі ойшыл жазушы Оралханмен бірге жүрген Нұрғалиға риза болдым. – Созақ ауданының басшысы Досыбай Шерімқұлов шақырған екен. Жолға шығайық! – деді Тұтқабай аға. Меймандарды жолға шығарып салдық. – Жазуды тастама. 1976 жылы «Жұлдыз» журналына «Дүрбелең» атты повесіңді шығарып беріп едім. Ол кезде студент болатынсың. Қазір үш баланың әкесі болыпсың, – деп Оралхан аға күлді. Басқа ешнәрсе айтпады. Заман ағынына ілесе алмай, бала-шағаның жағдайын күйттеп кеткенімді сол жолы түсінгендей болдым. Ал Нұрғали, Жүсіпбек әдеби ортада жүріп, тым биіктей түсті. Зауытбек Тұрысбековтен кейін облыс әкімі болып Халық Абдуллаев тағайындалды. Облыс әкімінің орынбасары – Дархан Мыңбай. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып Нұрғали Ораз жаңа қызметке келді. Дархан – журналист, Нұрғали – жазушы. Оңтүстікке жаңа бір толқын келді. Жасы әлі қырыққа жете қоймаған белгілі жазушы Нұрғали қарашаңырақтың тұтқасын ұстады. Бұл жаңалық болатын. Бірде Нұрғалиға барып, орнымен құттықтадым. Жылы жүзбен қарсы алды. – Әлі аяқталмаған дүниелерім бар еді. Туған жерге келіп соны жазбақпын әрі елге қызмет жасамақпын! – деді ол. Есімі республикаға белгілі жазушы. Кітаптары шет тіліне аударыла бастаған оның беделі зор болған. Ауыз толтырып айтуға болады. Жарық жұлдыздың сәулесі түсті. Бірде алдына шақырып: – Сәке! Сіздің шығармашылығыңыз туралы Асхан Майлыбаева жазады. Осы бір ойға келдім! – деді Нұрғали. – Текті тектілігін жасайды екен-ау! – де­ген ойға келдім. Алғысымды айтып, бөлме­сінен шығып кеттім... *** Жазушының «Даладан қалаға келгендер» атты повесін оқып шықтым. Суреткерлік шеберлікпен жазған. Жанат, Дәмегүл, Манат бейнелері арқылы қазіргі замандағы жастардың басынан кешкен түйткіл күнкөрістерін шым-шымдап тереңнен талғап жеткізеді. Даладан қалаға жеткен қазақ жастарының қазіргі таңдағы тіршіліктері баяндалады. Даланың кең пейілді, дархан жастарының қаладағы күнкөрісі айтылады. Қазақта «Адам көркімен емес, мінезімен сұлу» деген мәтел бар. Былай қарасаң, жай айтыла салатын жадағай сөз сияқты. Астарына қарап үңілсең, терең ой бар. Оны айтып отырғаным, жазушының «Күнсұлу» атты әңгімесін оқып шыққаннан соң ол қызды кітаптағы Шәкірдің өзінен қызғанғандай боласың. Қыздың бет пернесін былай суреттейді: «...Ол туғанда ата-анасы дүниеге күндей сұлу қыз келді деп ойлаған-ау. Атын Күнсұлу қойыпты. Қалқан құлақ, қоңқақ мұрын, қисық көз, дүрдік ерін, еркек тұлғалы шомбал еді...» – деп жазады. Аты сұлу, өзі басқаша қыз ауылда бойжетеді. Бірде оны Шәкір деген жігітке тұрмысқа шығады екен деген сөз тарайды. Ол болмайды. Жігіт көрші ауылдың қызын алып қашып келеді. Күнсұлу туралы әңгімелер гуілдеп, кейін басылады. Күнсұлу да тұрмысқа шығып, нәресте сүйіп, ана болғысы келеді. Ұрпақ өсіруді, жар сүюді армандайды. Бірақ ажарсыз көркі оның алдағы арманына зор кедергі жасайды. Ол бәрін талақ етіп, еңбекпен араласып кетеді. Қолынан келгенше адам баласына жақсылық жасаумен айналысады. Содан өз бақытын табады. «Күнсұлу» атты әңгіме оқырманды бей-жай қалдырмайды. Оның сұлулығы адам­гершілігінде еді. Әңгімені оқып отырып, Күнсұлуды ойлайсыз. Ондай жанның өмірде сирек кездесетінін түсінесің. *** Нұрғали Ораз – психолог жазушы. Адам қай кезде болса да өзінің туған елінің тарихын, өмір сүрген замандастарын, қоғамын, сол арқылы азамат тарихын толығырақ түсінеді. Оқырман ретінде ұзақ жылдардан бері Нұрғалидың «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен «Қазақ әдебиетінде» жарияланған әңгіме, повестерін қызығып оқимын. Оның жазу өнері ұнайды. Таза әрі әсерлі етіп жазады. Шығарманың ой желісі, ою-өрнегі, образ жасау жүйесі кеңінен толғандырады. Нұрғали – қазақ әдебиетінің тарихын терең білетін ойлы жазушы. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарған жылдары сонау Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің көзін көрген Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев сияқты алдыңғы толқын ағаларының сөзін тыңдап өсті. Жас кезінен Алматыдағы үлкен әдебиеттің ортасында жүрді. Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев Жазушылар одағын басқарып тұрған кездері өткен қаламгерлердің съездеріне қатысты. З.Қабдолов, Ә.Нұрпейісов, О.Бөкеев, М.Мағауин, С.Мұратбеков сияқты жазушы­лардың мінбелерде сөйлеген сөзі Нұрғалиға өз әсерлерін тигізді. Бүгінгі суреткер әлемде орын алған жаңалықтардан хабардар болу керек. Осы орайда жазушы шығармаларының өз халқының сүйіспеншілігіне бөленуі оның мазмұны мен әсерлілігінде еді. Біреулер қазір: – Жазушылар, ақындар көбейіп кетті! – деп даурығады. Бұл дұрыс емес. Әр адам өзінше талант иесі. Өзі біледі, ол суретші бола ма, әлде композитор бола ма? – Қазір демократия. Сөз бостандығы бар. Осы кезеңде Нұрғали Ораз сияқты қазақтың дара туған талантты жазушылары жаңа туындыларымен елді қуантса, ол біз үшін мәртебе еді. Әр заманның өз жазушысы болады. Қазіргі кезеңдегі ірі жазушы – осы Н.Ораз... Кітап – өмірде жарыса жүретін асыл қазына. Ол – сарқылмайтын бұлақ. Осындай халық оқитын шығарма жазған Нұрғали – халықтың төл жазушысы. Оның жалындап тұрған шағы. Балалық шағы Қазығұрт тауында өткен ол туып-өскен киелі тауды мәңгілік аузынан тастамайды. «Қазығұрт оқиғалары» деген кітап жазды. Бұл жазушының туған жерге деген сарқылмас сағынышы ғой. Ұлы ойшылдар өздерінің кіндігінің қаны тамған жерін жырлайды. Ілияс Жансүгіров «Жетісу суреттері», Оралхан Бөкеев «Мұзтау», Мұқағали Мақатаев «Қарасаз», ал Нұрғали Ораз «Қазығұрт оқиғаларын» жазды... Бұл кітаптар ұрпақтан-ұрпаққа қалады. Нұрғали – өресі биік жазушы. Ол ұлттық тұрғыда ойлап жазады. Арман-қиял пенденің көгінде ұшып жүрміз. Нұрғали – ірі тұлға. Ол – жас кезінен алдыңғы толқын ағаларын сыйлап өскен ұрпақтың өкілі. Қазақтың атақты жазушысы Оралхан Бөкеевті Алматыдан арнайы шақырып, туған жері Қазығұртты аралатты. Екеуі де тауда өскен. Бірі – Алтайдың өркеш-өркеш биік шыңында, екіншісі – киелі Қазығұртта. Қазығұртты қыран мекендейді. Ол жүз жас жасайды екен. Ол жасты Нұрғалиға да тілеймін... Қазақ әдебиетінің көгінде талмай ұша бер... Серік Жанәбіл, жазушы

6083 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы