• Тұлға
  • 29 Қыркүйек, 2010

Қазақтың хас батыры

d0bcd0bed0bcd18bd188d183d0bbd18b

Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының есімін халқы ерекше қадірлейді. Бауыржан аты ауызға алынғанда ерлік пен өрлік үлгісі көз алдымызға келеді. Кешегі Ұлы Отан соғысы деген атпен тарихта қалған қанды қырғынды ешкім де ұмыта алмас. 1941 жыл. Жаудың ел астанасы – Мәскеуге ентелеп келіп қалған кезі. Осы сәтте қазақтың құрыштай берік ұланы қол бастап, таңғажайып ерлік көрсетті. Одан есімі төрткүл дүниені шарлап кетті.

Бауыржанның ерлігі ту­ралы басқа­лар тамса­на жаз­ды. Оған куә – А.Бектің «Во­ло­калам тас жолы», А.Кривицкийдің «Москва тү­біндегі тосқауыл» атты кі­таптар. Даңқты қолбасшылар К.Галицкий, И.Чистяковтар өз естеліктерінде оның өрлігіне, ерлігіне, қолбасшылық талан­тына айрықша тоқталды. Оны айтасыз, Куба елінің басшысы Ф.Кастро үшін де ол сүйікті кейіпкерге айналды. Биыл қазақтың қайсар ұлының туғанына 100 жыл толды. Мерейтой шаралары еліміздің жер-жерлерінде өтті. Әлі де өтіп жатыр. Таяуда ғана Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқын әлемге танытқан ержүрек қолбасшы, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы Жамбыл облысында қалың көпшіліктің қатысуымен ай­рықша тойланды. Ұлтын, қазағын ардақ тұтқан Батыр Баукең туған елімен бірге мәңгі жасай береді.

«ҰРПАҚ АТАР СЕКСЕН МЕН ЖҮЗДІГІМДІ, ТАРИХТЫҢ ТЕРЕҢІНЕН СӨЗ КЕЛГЕНДЕ!»

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚҰТТЫҚТАУЫ Ардақты әлеумет! Баршаңызды қазақ халқының біртуар батыр ұлы, қаһарман қолбасшы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Б.Момышұлы — өшпес ерлігімен, аза­мат­тық дара қалпымен, ұлтжандылы­ғымен, намыстылығымен халқымыздың орынды мақтанышына айналған ұлы тұлға. Оның есімі ерлік пен өрліктің символы ретінде халқымыздың жүрегінде мәңгі ұялап қалды. Осыдан 20 жыл бұрын менің тікелей араласуыммен тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген болатын. Біз жас ұрпаққа батыр Бауыржанның кесек тұлғасын үлгі етіп, оның өнегелі өмірін ұлттық-патриоттық тәрбиенің өзегі ретінде насихаттап отыруға тиіспіз. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемле­кет­тігімізді нығайту ісінде батыр мұрасының тағылымы ерекше мол екені сөзсіз. Бүгінде елімізде оның есімін ұлықтау мақсатында ауқымды істер атқарылуда. Астанамызда Бауыржан Момышұлы атын­дағы жаңа саябақ ашылды. Елорданың ең үлкен даңғылдарының біріне батырдың есімі беріліп, еңселі ескерткіші орнатылды. Қаһарман қаламгердің 30 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Осындай тағылымдық игі шаралар жалғасын таба береді деп сенемін. Батырдың рухы баршаңызды қолдап жүрсін! Той тойға ұлассын, ағайын! Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астана. Ақорда

Елін сүйген ер

Қазақтың даңқты перзенті, Кеңес Одағының Батыры, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған Жамбыл облысында өткен мерейтойы халқымыздың рухын тағы бір асқақтатып, рухани дүниесін серпілтіп тастады. Баукеңнің рухымен бірнеше ұрпақ тәрбиеленді, бұл үрдіс халқымызда одан әрі жалғасуда. Соның бір айғағы тәлімі мен тағылымы мол, ата жолын ардақтаған осы ме­рейтой салтанаты дер едік. Ұлымызды ұлықтайтын, ұрпаққа өнеге болатын қыруар іс-шаралар атқарылды. Тараз қаласының қақ ортасында қасқайып тұрған Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталған мерейтой «Баласағұн» мәдениет сарайында жалғасты. Мұнда қаһарман қаламгердің «Өнер» баспасынан шыққан 30 томдық шығармалар жинағы мен «Қаһарман Бауыржан Момышұлы» атты фотоальбомның тұсаукесер рәсімі болды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген рухани қазынаға көзайым болған қонақтарға сөз берді. Батырдың ұлы Бақытжан мен келіні Зейнеп және бір топ ресми өкілдер құттықтау лебіздерін жеткізді. Сөз ора­йында айта кетелік, осы мерейтойға дайындық барысында батырдың жауынгерлік өмір жолы мен әдеби мұрасын кеңінен зерттеу мақсатында облыста «Бауыржантану» ғылыми орталығы құрылған еді. Осы ғылыми орталық Баукең жөнінде бұрын жарияланбаған тың деректер жинап, осы отыз томға енгізуге ерлікке пара-пар еңбек етті. Сөйтіп, халқымыздың рухани қазынасы осындай құнды мұрамен тағы да толыға түсті.

Ал, облыс әкімі Қанат Бозымбаев­тың құттықтау сөзімен ашылған «Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі» тақырыбында халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференцияда Баукең ту­ралы ой-толғамдар, тың деректер, ба­йыпты зерттеулер мен естеліктер айтылды. Кешегі күні Бауыржанмен замандас болған, көзін көрген, тәрбиесін алған қазақтың небір марғасқа ұлдарынан жиналған жұртшылықтың күткен әңгімесі көп еді. Солай болды да. Қазақ халқында батыр да, қаламгер де көп, бірақ Бауыржан Момышұлының бірегей тұлғасы батыр­лығымен, қолбасшылық талантымен ғана емес, соғыс тақырыбына жазылған қазақ әде­биетінің негізін қалауымен де даралана түседі. Конференцияға төрағалық еткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры К.Нәрібаев бірінші кезекте сөзді майдангер-жазушы Әзілхан Нұршайықовқа берді. Сол сол-ақ екен, «Батыр туралы толғау» ағылды дейсің. «Баукең – алдымен ақын» деген Әзілхан аға батырдың майданда жүріп жазған «Ана тіліңді ардақта» деген өлеңін оқып берді. Сұрапыл соғыста қан кешіп жүріп, туған елінің, ана тілінің тағдырын ойлап, әлі күнге маңызын жоймаған осындай өлең жазған, сол кезде Қазақстан Үкіметінің басшысына қазақ тілінің жай-күйіне алаңдап хат жазуын тағы бір ой елегінен өткізгенде елін, жерін сүюдің тамаша үлгісі осындай-ақ болар деп ойлайсың. «Бүгін ертеңгісін Таразға барлай көз салдым, – деп сөзін жалғастырды Ә.Нұршайықов. – Бәйдібек пен М.Х.Дулати бабаларымыздың ескерткішін көрдім, мергендігімен танымал батыр Ыбырайым Сүлейменовтің есіміндегі көшені бойлай жүрдім. «Баукеңнің есіміне берілген көше қайда екен?» деген сауал мені мазалай берді. Кездескен тұрғындардан сұрастырдым. Батыр есімінде байталдың жалындай бұрылыс бар екенін білдім. Әлемді мойындатқан қазақ ұлына орталық көшелердің бірі беріл­се жарасымды емес пе?» деп басшылық­тың «құлағына алтын сырға» іліп қойды. Мұнан кейін Батырдың ұлы Бақытжанның әке тағылымын зерделеген үш кітабы мен келіні Зейнептің «Шуақты күндер» шығармасын асылдың сынығына бағалады. Жазушы «Ақиқат пен аңыз» кітабы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғанын Баукеңнің қайталанбас қаһар­мандық тұлғасымен сабақтады. Бұдан кейін сөз алған даңқты қол­басшының үзеңгілес інісі, Бауыржанның болмысын «Ноқтаға басы сыймаған» пьесасымен сомдаған жазушы Ш.Мұртаза Баукеңнің әскери біліктілігіне тоқталды. Баяндамашылар «Бауыржантану» орталы­ғының директоры, филология ғылым­дарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, Қырғыз елінің өкілі, Ш.Айтматов атындағы университет қызметкері Г.Оразова, ҚР Тарих және этнология институтының директоры, профессор Б.Аяған, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогикалық факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Х.Мұхамедқалиев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Б.Хасанұлы, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы тө­рағасының орынбасары Б.Смағұлов батыр Баукеңнің ғұмырымен сабақталған тарих ғылымының тамырына қан жүгіртіп, келелі ой қозғады. Бұл күні көрермендер Бауыржан Мо­мышұлының таспаға жазылған өз дауысын естіп, слайд арқылы сан түрлі суреттері мен «Ел басына күн туса...» фильмінен үзінді көрді. Сондай-ақ залдан орын алған «Ба­уыржан – алты Алаштың ар-намысы» атты кітап көрмесімен танысты. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің Бау­кеңді бейнелеген қолөнер туындылары көз тартып, өнер көкжиегінде тербеткендей әсер берді. Конференцияның секциялық бөлімі Тараз педагогикалық институтында өтті. Онда 200-ге жуық ғылыми баяндама оқылды. Облыс орталығында бұрын хал­қы­мыздың біртуар ұлы Бауыржан Мо­мыш­ұлының ерлік пен өрліктің белгісіндей ескерткіші елдің мақтанышы болып келсе, енді мерейтой салтанатында «Б.Момышұлы атындағы Жеңіс саябағында» батырға арналған монумент ашылды. Саябақ хас батырдың есімін алғаннан кейін бұрынғы реңкі өзгертілді, гүлмен көмкерілген, субұрқақтарымен әсем­денген көркі көз тартады. Саябақта жа­сақталған монументтің ашылу салтанатында облыс әкімі Қанат Бозымбаев, Рес­публика Парламенті Сенатының депутаты Өмірбек Байгелди, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова гүл шоқтарын қойды. – Батыр Бауыржан – елжандылықтың символы. Ұрпаққа берер тәлімі мол, көркем шығармалардың авторы. Алыс-жақын елдерге даңқы жеткен ер, — деді салтанатты жиынның беташар сөзін айту мәртебесіне ие болған соғыс ардагері, полиция полковнигі Жұманәлі Фазылбаев. — Батырдың ерлікке, тағылымға толы ғибратты өмір жолы әр уақытта да ұрпаққа өнеге. Батырға деген құрметтен Ресей елі де шет қалған жоқ. Биыл Бауыржан Момышұлының Мәскеу үшін шайқаста қол бастап, жауға арыстандай атылған осы қала түбіндегі Крюково селосындағы бір мектепке есімі беріліп, ескерткіш-бюст орнатылды. Ал Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында соғыс дүмпуі Мәскеуге естіліп тұрған Дубосеково селосында генерал Панфилов пен полковник Бауыржан Момышұлының ескерткіштері ашылғаны белгілі. Мәскеуден жарық көрген «Легендарный Батыр» кітабы да Баукеңнің мерейтойының мерейін өсіре түсті. ТАЛАНТТАР ЖҮЛДЕ АЛҒАН КҮН Баукең тойы ән мен жыр тойына айналды. Мерейтойға орай ұйым­дастырылған республикалық дең­гей­дегі екі бірдей жыр мүшәйрасы мен пат­риот­тық әндер конкурсы осы күні мәреге жетіп, облыстық драма театрында өткізілген ма­рапаттау рәсімінде ақындар батыр Баукеңді ұлық­таған өлеңдерін оқып, жүлде алған әндер шырқалды. Облыс әкімдігі Тілдерді дамыту бас­қар­ма­сының жас ақындар арасында ұйымдас­тырған «Мен Бауыржанды жыр­лаймын!» республикалық жыр мү­шәйрасына еліміз облыстарынан 18-35 жас аралығындағы 22 жас ақын қатысып, бақтарын сынаған болатын. Олар мү­шәйра шартына сәйкес, өз өлеңдерінде қазақтың хас батыры, жауынгер-жазу­шы Бауыржан Момышұлының қайта­ланбас өр тұлғасын, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаһармандық ерлігі мен қайсар қолбасшылық қасиеттерін, сондай-ақ жазушылық бейнесін жан-жақты ашып көрсетуі тиіс-ті. Мүшәйраға жолданған поэзиялық шығармалар Қазақстанның ха­лық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза-Әлі баста­ған қазылар алқасының сүзгі-сұрыптауы­нан өтіп, нәтижесінде үздік туындыларымен жарқ етіп көрініп, жыр әлеміне өткір тілді, тың ойлы жауһар жырларымен келіп қосылған жаңа есімдер анықталды. Бас жүлде солардың бірі, жерлесіміз Ақтолқын Күлекееваға бұйырды. І орын жүлдесін атыраулық Әлия Дәулетбаева олжалады. Ал астаналық Ди­нара Мәлікова – екінші, ақтөбелік Балтабек Нұр­ғалиев пен қарағандылық Дәуренбек Бұланбаев үшінші жүлделерге ие болды. Бас­қа да бірқатар жас ақындар түрлі аталымдар бойынша қомақты ақшалай сыйлықтар алды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған республикалық «Ақ бата» жабық жыр бәйгесінің де (ұйымдастырушысы – облыс әкімдігінің мәдениет басқармасы) қорытындысы осы күні жария етілді. Бұл жыр мүшәйрасының бас жүлдесіне ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Маралтай Ыбыраев ие болды. Ал бірінші жүлде талантты ақын Ерлан Жүніске бұйырды. Екеуі де жерлесіміз. Алайда олар жыр бәйгесіне бұл жолы Алматы қаласы­ның атынан қатысыпты. Екінші орын жүлделері Толыбай Абылаев (Қызылорда облысы, Арал ауданынан) пен Ақылбек Шаяхметовке (Қостанай қаласынан), үшінші орын жүлделері Баймаханбет Ахмет (Тараз) пен Рәпілбек Ниязбековке (Алматы) берілді. Ал төрт ынталандыру сыйлығына жерлестеріміз, ақындар Қуандық Шолақ, Дулат Шалқарбаев, Қайыпназар Шотбасов, сондай-ақ алматылық Мұса Жанәділов ие болды. Жыр жарысында озған ақындардың бұл тобы да тиісінше қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналып ұйым­дастырылған «Елдің ері – Бауыржан!» атты республикалық жаңа патриоттық әндердің жабық конкурсы өткізілуімен байланысты ән қоржынымыз жаңа туындылармен толықтырылғанын да атап өткен жөн. Оның да қорытындысы осы кеште шығарылды. Конкурс қоржынына барлығы 19 ән түскен. Оның біреуі шартқа сай келмеуінен бәйгеге жіберілмеген. Конкурстың бас жүлдесіне белгілі композитор Жоламан Тұрсынбаевтың «Батыр баба – Бауыржан» әні лайық деп табылыпты. Ал алматылық Сәбит Сиқымбеков бірінші, астаналық Қарасай Шайжанов пен Дүйсенхан Сыздық екінші, астаналық Шолпан Қорғанбекова мен алматылық Шәмшия Ахметова үшінші орындарды иеленіпті. «Үздік музыка өңдеуші», «Үздік орындаушы» аталымдары бойынша сыйлықтар да иелерін тапты. Жеңімпаз және жүлдегер ақындар мен саз­герлерді марапаттауға арналған, ән мен жыр қатар өрілген көркем кешке жергілікті ат­қа­рушы органдар мен басқарма басшыла­ры, әдебиет пен өнер салаларының, зиялы қауым­ның өкілдері, өнер жанашырлары қатысты. Жиналған қауым бұдан соң Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған республикалық драмалық шығармалар кон­курсынан ең үздік шыққан пьеса қойы­лымының премьерасын тамашалады. Ұлтына ұран болған ұл Мерейтойдың екінші күні Жуалыда ерекше сән-салтанатпен өтті. Тәңіртау тебіренді. Теріс өзені атқақтай ақты сол күні. Күн де нұрын мейірлене төкті. Еліміздің шартарабынан ағылған жұрт­тың мың бұлақ пен мұзбалақтар мекені, жер жаннаты – Жуалыға алғашқы қадамдары үлкен жолдың бойындағы батыр ескерткішіне гүл қойып, тағзым етуімен басталып жатты. Мың тарам жолдар Б.Момышұлының мұражайы басында түйісті. Осында хас батырдың ескерт­кіш-бюстінің ашылуы рәсімінің куәсі болды. Ескерткішті ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен облыс әкімі Қанат Бозымбаев ашты. Бұдан кейін жиналған қауым жаңғырту, жаңарту жұ­мыстары жүр­гізілген мұражайдың ішін аралап көріп, онда қойылған жаңа экспонаттармен танысып, Бауыржан батырдың өмірі мен қызметі, шығармашылығы жөнінде көп жайларға қанықты. Б.Момышұлы – ұлтын сүйген нағыз ұлтжанды азамат. Ол орысша оқып, ұдайы орыстардың ортасында жүрсе де: «Егер кімде-кім өз ұлтын сүймесе, ана тілін біліп, салт-дәстүрлерін қадірлемесе, ол – барып тұрған опасыз, сатқын» деген еш уақытта маңызы көнермейтін жалынды сөз айтып кетті. 1941-1945 жылдардағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған адам көп. Алайда Б.Момышұлы сияқты ерліктің, азаматтықтың, адалдықтың туы болып аты аңызға айналғандар өте сирек. Мұражай, міне, осы жөнінде көп сыр толғайды. Бұдан әрі той саябақтағы ашық сахна басында жалғасты. Батыр тойын облыс әкімі Қанат Бозымбаев құттықтау сөз сөйлеп ашты. Қанат Алдабергенұлы айналасында мың бұлағы бар Көлбастаудан түлеп ұшқан жаужүрек батыр Бауыржан Момышұлының взвод командирінен дивизия командиріне дейін көтерілген сардар, қазақ әскери әдебиетінің негізін салған қаламгер екенін, қызмет жолында темір тәртіптің тізгінін қолына берік ұстап, артында айрықша із қалдырғанын, басқа да адамгершілік қырларын кестелі тілмен әсерлі жеткізді. Облыс басшысы Баукеңнің мерейтойы аясында елімізде, облыста атқарылған жұмыстарға да жан-жақты тоқталып: — Бүгінде Б.Момышұлының есімін мәңгі есте қалдыру және ерлік жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында елімізде көп игі іс тындырылды. Бас қаламыз Астананың 10 жылдық мерекесі қарсаңында Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа саябақ ашылып, батырдың ескерткіші орнатылды. Ал Мәскеу қаласы маңындағы атақты Дубосеково, Крюково селоларында Б.Момышұлының ескерткіш-бюсттері қойылды. Биыл Мәскеудегі бір мектепке есімі берілді. Күні кеше алғаш рет 30 томдық кітаптары жарық көрді. Момышұлының жүзжылдық мерейтойының бұлайша кең көлемде аталып жатқаны тәуелсіз Қазақстандағы ерекше оқиға деп ойлаймын. Баукең табиғи болмысына дақ түсірмей өткен, «№1 Бауыржан» болып халықтың жадында сақталған. Қасиеті — қымбат, сипаты — сирек, жүз жылда бір рет келетін қайсар тұлға. Өйткені ол Батыр болып туды, Батыр болып соғысты, Батыр болып өмір сүрді, мына дүниеден де Батыр болып өтті, – деді облыс басшысы. Бұдан соң құттықтау сөздің кезегі Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедке беріліп, ол Бауыржан Момышұлының әлемнің төрт мұхитын, бес құрлығын түгел шарпып, миллиардтан астам адам, 70-тен астам ел жұмылдырылған екінші жаһандық соғыс тарих сахнасына шығарған, бұрынғыдай ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен емес, ақылмен, парасатпен, әскери соғыс өнерінің стратегиясымен, техникасымен, жаңа технологиямен соғыс іс-қимылдарын жүргізетін жаңа тұрпатты қолбасшылардың ең жарық жұлдызы да Баукең болғанын, оның даңқы алып империя – Кеңестер Одағынан асып, мұхиттың арғы-бергі жағына, дүниенің төрт бұрышына тарағанын, оның ерлігін қарапайым солдаттар ғана емес, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгер­ген Ұлы Отан соғысының ардагер қолбасшылары түгелдей таңғала, тамсана жазғанын айрықша атап өтті. Содан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед сөзін былайша жалғастырды: Жаһандық соғысқа қатысқан жауынгерлер мен қолбасшылар еңбегі Кеңес Одағы тарапынан кем бағаланған жоқ. Олардың алды бір, екі, үш, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Өкінішке орай, бұл қатарда Бауыржан Момышұлы болған жоқ... Осылайша аяулы Баукең көзі тірісінде Кеңес Одағының Батырының «Алтын Жұлдызын» кеудесіне жарқыратып таға алмай, дүниеден өтті. Заман алмасты, басшылар ауысты. Ел тілегі қабыл болып, 1989 жылдың маусымында Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің тізгінін әлі елуге де толмаған Нұрсұлтан Назарбаев ұстады. Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқына сіңірген мың сан ерлігін реті келгенде әлі талай жазармыз, бірақ соның біреуін дәл бүгін айтпасақ, ақиқат-сөздің атасы өлері анық. Ол былай болған еді. Қазақстанның жас басшысы сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачевке Бауыржан Момышұлына қырық бес жыл бойы жасалған әділетсіздікті ашына жеткізді. Ол әлдеқашан көмескі тартқан ескі тарихты қайта тірілтпеуді, егер Б.Момышұлына Батыр атағы берілсе, өзге республикалардан мұндай өтініштердің қардай борайтынын айтып, келісім бермейді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: – Менің халқым – мың өліп, мың ті­рілген халық. Әлі де кездесер қиындықтың кез келгенін жеңетініне сенімім кәміл. Ал арқамызға қырық бес жыл аяздай батқан дәл мына әділетсіздікке былай төзу мүмкін емес. Бауыржандай ұлтына ұран болған ұлды тудырған менің халқым ер намысын жоғары қойған. Ендеше, Бауыржандай ердің намысы мен үшін бәрінен биік, – деп табандылық танытқан. М.Горбачев бұл өтінішке келесі Жеңіс күніне қарай қайта оралу жөнінде қайыра ұсыныс жасайды. Келер Жеңіс күніне дейін қызыл империя тағдыры қалай болатынын жобалаған, қашанда қиядағыны көріп, қияндағыны болжай алатын Қазақстанның кемеңгер басшысы «Мен елге Жарлықпен қайтуға тас-түйін дайындықпен келдім» деп қай­сар мінез танытады. Міне, осылайша 1990 жылдың 12 желтоқсанында қазақтың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Нұрсұлтан Әбішұлының қайтпас қай­­сарлығы, табанды позициясының арқасында 45 жыл бойы қазақ халқының арқасына аяздай батқан осы бір әділетсіздік жөнделіп, Бауыржан ағамыз дүниеден өткен кезде өзі таға алмай кеткен «Алтын Жұлдыз» қазақ халқының кеудесінде жарқырады. Елбасымыздың осы бір ерлікке бергісіз еңбегіне елі риза болды. Н.Ә.Назарбаев Батырды құрметтеу арқылы елімізді әлемге танытты, бүгінде Қазақстанды Еуропаның төріне шығарып отыр. Қазақстан — 56 ел қатысатын ЕҚЫҰ төрағасы. Келер жылы Ислам конференциясы ұйымының, одан әрі Шанхай ынтымақтастық ұйымының, түркі мемлекеттерінің төрағасы қызметтеріне кіріседі. Ендеше, мұның бәрі — Бауыржан ағамыз армандаған тәуелсіздіктің жемісі. Сол тәуелсіздіктің ең биік тұғырында отырған Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың қазақ халқына сыйлаған жеңісі... Алқалы топтың алдында қазақтың батыр ұлы туралы ойын осылай толғаған М.Құл-Мұхаммед Елбасының мерейтойға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді. Мерейтой салтанатында келесі болып сөз алған сенатор Өмірбек Байгелди Парламент Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың, ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі Қайрат Айтбай Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың құттықтау хаттарын тапсырып, тілек-лебіздерін жеткізді. Белгілі айтыс ақыны Айнұр Тұрсынбаева арнау жыр айтып, облыстық драма театрының әртістері, әнші, бишілердің қатысуындағы батыр өмірінің түрлі кезеңдері, балалық, жастық шағы, соғыстағы ерлігі бейнеленген театрландырылған қойылым көрермендер назарына ұсынылды. Ашық сахналық алаңдағы мерекелік іс-шаралар Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжанов бастаған опера және эстрада жұлдыздарының, жергілікті өнерпаздардың ән, күйіне, биіне ұласты. Б.Момышұлының 100 жылдығына орай өткізілген республикалық конкурста жүлде алған патриоттық әндердің тұсауы да осында кесілді. Жуалы жері осы тұстан әуелей көтерілген әсем ән мен тәтті күй құндағында тербелді. Сол күні Бауыржан Момышұлы атындағы ипподромда бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу тәрізді ат спорты ойындары өткізілді. Бұдан кейін саябақтағы киіз үйлер ауылында Батыр рухына арналып, үлкен ас берілді. Той тағылымымен құнды. Осынау мерекелік іс-шараның, одан қалды, Баукеңнің ескерткіші мен мемориалдық мұражайы жас ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, ерлікке баулуға қызмет етері анық. Айналасын аспантаулар қоршаған мұзбалақтар мекенінде Бауыржаннан кейін де Халық қаһарманы Б.Ертаев бастаған 8 генерал шыққан екен. Бұл да – Баукеңнің үлгісі, тағылымы. Тойға келгендер қаһарман қазақ халқы барда әлі талай Бауыржандар туады десіп тарасты. Батырдың мерейтойы шын мәнінде еңсе көтерген ерлік пен елдікті ұлықтаған мереке болды. «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың тереңінен сөз келгенде!» – деп Баукең ұрпағына зор сенім артыпты. Ұрпақ ұлысын ұмытпайды. Осы мерейтой да – соның айқын дәлелі. Өйткені ол – қазақтың Бауыржаны! Ғалым ҚАСАБАЙ, Самат ИБРАИМ Жамбыл облысы

15944 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы